Сөйтіп, Сирия дағдарысын бейбіт түрде реттеудің алғышарты жасалып, Женевада өткен сирияаралық келіссөздерге жол ашылды. Ал «Астана процесі» деген атауға ие болған бұл игі шара отандық және шетелдік сарапшылар тарапынан халықаралық дипломатияда мәмілегерлік тәжірибенің озық үлгісі тұрғысынан өзінің лайықты орнын алды деп нық сеніммен айтуға болады.
Бейбітсүйгіш Қазақ елінде, сондай-ақ, алғаш рет ХХVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада үлкен табыспен өтті. Оның ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және жоғары мәртебелі шетелдік меймандар қатысты. Бір айта кетерлігі, Қазақстан Универсиада тарихында тұңғыш рет әлемдік рекорд жасап, әлемнің 57 елінен 2200-дей спортшыны қабылдады. Тікелей таратылған телехабарға әлемнің 80 елі көз тікті, көрермен аудиториясы 1 миллиард адамнан асты.
Еліміздегі демократиялық үдерістерді жетілдіру, жалпы мемлекетіміздің дамуында маңызды бетбұрыс жасау мақсатындағы қолға алынып жатқан саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық жаңғыртулар да осы жылдың іргелі жаңалықтарының бірегейі. Өз басым әуелде Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуімен танысқанымда, ежелгі философтардың бірінің: «Күте білгендерге бәрі өз уақытында келеді» деген нақыл сөзін есіме түсірдім. Демократияны сырттан «импорт» ретінде елімізге теліп жүрген әлдекімдердей емес, оның тек осынау топыраққа ұлт даналығымен астастырып, өткен буынның тәжірибесін ескере отырып тәрбиелеп, өсіруге тиіс екенімізді түйсіндім. Иә, бүгінде бұл бастама халық тарапынан қолдау тауып, оның негізінде жасалған заң Парламентте мақұлданды. Заңның заңды екенін Конституциялық Кеңес бекітіп берді. Осылайша оң-солымызды тани отырып, әлемдік өркениет көшіне ілесуге бет алғанымызды анық аңғарттық.
Бәрімізге белгілі, сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында еліміздің өндіріс мекемелерінің 40 пайызы тоқтап қалды, 52 миллиард теңгеден астам жалақы төленбеді, зейнеткерлер мен мүгедектер айлар бойы зейнетақылары мен жәрдемақыларын ала алмады. Өндірісті тығырықтан шығарудың бірден-бір жолы инвестиция тарту болса, социализм заңдарына негізделген өндіріске ол инвестиция келмеді. Сондықтан да, нарықтық экономиканы тездетіп жүзеге асыру үшін күшті саяси орталық қажет болды, сөйтіп ел тағдырына қатысты барлық жауапкершілікті Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз мойнына алды. Нәтижесінде, еліміз өзінің ширек ғасырлық даму кезеңінен абыроймен өтті. Біздің табыстарымыз бен жетістіктерімізді бүкіл әлем біледі және жоғары бағалайды. Жапондық «Toshiba» корпорациясының өкілі Акихиро Такубоның: «Егемендігін жариялағаннан бергі қысқа мерзім ішінде өзінің дамуымен, сындарлы саясатымен, жарқын болашағымен бүкіл әлемді мойындатқан бірден-бір ел – Қазақстан», деп ағынан жарылуы бекер емес.
Енді, міне, биліктің барлық тармақтары тиімді және жауапкершілікпен жұмыс жасау үшін, олардың арасында тиісті теңгермелік болу үшін Мемлекет басшысы саяси реформаларға кеңінен жол ашып берді. Осы ретте, Парламент Мәжілісінің Үкіметті құру кезіндегі рөлін кеңейтіп, Парламент пен оның палаталарының Үкіметтің және Үкімет мүшелерінің қызметін бақылау өкілеттілігі күшейтілді. Яғни, қабылданған заңның міндетті түрде орындалуын қадағалайтын тетіктер іске кірістірілетін болды. Үкіметтің де өкілеттілігі кеңейіп, анағұрлым дербес болады әрі оған үлкен жауапкершілік жүктеледі. Конституциялық Кеңестің, сот жүйесінің және прокуратураның қызметі де жетілдірілетін болады.
Жалпы алғанда, Президент өзінің қырыққа жуық өкілеттіктерін биліктің атқарушы және заң шығарушы тармақтарына беріп отыр, ал бұл – дүние жүзіндегі саяси өмірде өте сирек кездесетін құбылыс. Бұл өзгерістер Мемлекет басшысы шетте қалады дегенді білдірмейді. Біздің саяси жүйеміз, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза айтқандай, «Мықты Президент, Беделді Парламент, Есепті Үкімет» тұжырымдамасына негізделетін болады.
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
саясаттанушы