• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2017

Рухани жаңғыру күретамырлары

342 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің бесігінде тербелген, Мәңгілік Елдің іргетасын қалаған, әлем­дік қоғамдастықта өзіндік дауысы бар Қазақстанның үшінші жаңғыруына қадам басқанда стратегиялық дамудың, ізгі мақсаттардың қайнар көздері мен күретамырын нақты, дәл, дөп айқындау, тереңнен тану ең бір абзал, өнегелі іс болса керек-ті. Бұл ретте ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» дейтін кең құлашты мақаласында кесек-кесек парасатты пайымдаулар, түйдек-түйдек көсем пікірлер тайға таңба басқандай келісті таңбаланған. Бұлар – өркендеуіміздің шарайнасы, кемел келешегіміздің құбыланамасы.

Задында, рухани жаңғырудың, жан жарығымен кемелденудің, «сәулелі кісі» атанудың кілті – «ұлттық кодыңды сақтай білу», «ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттың салт-дәстүрлерін алда­ғы өркендеудің берік діңі ету», дейді Елбасы. Негізінде, ұлттық сана дегені­міздің өзі – мемлекеттік сана. Ұлтт­ық-мем­лекеттік сана бар жерде тіл, дәстүр­лер, ұлы эпос­тар, тарих, ізгілік қағидат­та­ры қорғалады, жоғары деңгейге көтері­леді. Сөйтіп, өрке­ниетті елдердің сана­тын­­да көрінуге жойқын серпін берері сөзсіз. 

Жоғары ұлттық сана ақылды, арлы, ғылым-білімге ынтық, сұлу мінезді майталман маман болуға құлшындырады. Елшілдікті, мемлекетшілдікті, ізгілікті құнттап, адал қызмет жасауды мұрат етеді. Абай: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» десе, бәсекелік қабілетті де, адамшылыққа, биік санаға ие болуды да қозғап отыр. Бұл тұста ел Президентінің: «Адам баласы шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі» деген хикмет сөзін келтіруге болады. Құран Кәрімде «Адамды құт иесі қылдық» делінген. Демек, адам баласы ақыл-қайраттың, буырқанған жігердің, өнердің, білімнің, сезімнің, берекелі әрекеттің, биік сананың иесі. Рухани жаңғырудың өлшемі осылар. Ел көсегесінің көгеруіне де өлшеусіз қасиеттер қосатын, бәсеке-жарыста алға аршындап бастыратын, оздыратын осылар. Сонымен қатар, ел аузында «Халықтың ақылы – мұхит, Дананың ақылы – дария» деген даналық сөз бар. Ендеше, Елбасы тарихи тәжірибелерге, ұлттық-рухани құндылықтарға, «тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиет­тер­ге», тілге, әдебиетке, музыкаға, ұлттық рухқа, ұлттық болмысқа жүгіне отырып, жаңаша, тамаша, жарқын сипаттармен толықтыруды ерекше ескертеді.

Әрбір адамның интеллектуалдық мәде­ниетін, ұлттық санасын кемелден­діруді көздегенде уақытты үнемді, ұтымды қолдану, яғни еңбекті ғылыми тұрғыдан ұйымдастыру, қағазбастылықтан арылу, кәсіби біліктілігі жоғары таланттыны қолдап-қорғау, даңғыл жол ашу, әділетсіздік, опасыздық істерді терістеу, үйренген білімді ісіңде, сөзіңде, қимыл-әрекеттеріңде қолдану, «тіршілікке қа­жет­ті жарық сәулені сырттан алмай, өзің оған шырақшы болу, оған өз жаның­ның сәулесін түсіріп, жана білу» (Саллютий) және Елбасы көрсеткендей, білім орда­лары­ның аудиториясында толық­қан­ды сапалы білім беріп, келе­шектің тұлға­сын тәрбиелеп өсіру, гуманитарлық кафед­ра­лардың мәртебесі мен дәрежесін көтеру – басты парыз.

Елбасы қазақ әліпбиінің тарихын VІ-VІІ ғасырлардағы «Орхон-Енисей жазуларынан» бастап ой сабақ­тайды да, «латыншаға көшудің терең логикасын» бағамдаумен қатар, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын және Ұлттық аудар­ма бюросын құру мәселесін қозғайды. Әлем­нің таңдаулы, үздік, заманауи 100 оқулы­ғы­ның қазақ тілінде сөйлеуі дегені­міз олардың оқулық жазудағы шебер­лігі, әдіс-тәсілдері, әдеби-мәде­ни, тарихи-фи­ло­софиялық айғақ-дәйектемелері сөз­сіз қажет әрі төлтума оқулықтар туын­датуға мұрындық болуға тиісті.

Ұлттың, ұрпақтың патриоттық рухын жаңғыртуда «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты бағдарламалардың мәні зор. «Туған жер» дегеніміздің өзі, тұтастай айтқанда, Ұлы Дала елі, республикамыздың аумағы. Өлкетану жұмыстарын жандандыру, туған жерді түлету айрықша бір кешенді шаруа. Ел қондыру, егін шаруашылығын дамыту, ел қоныстанған соң инфрақұрылымдар жүйесін жасақтау, төрт түлік мал өсіру, байырғы елді мекендердің атауларын қал­пына келтіру, су-нуға, аң-құсқа, ор­ман-тоғайға, тау-тасқа бақылау жасау, ен байлыққа ие болу. Тағы бір айта кететін нәрсе – сөздік қорымыздағы алуан сырлы ұғым-түсініктер, халықтық символдар, сөз-образдар қайтып оралуға тиісті.

Өлкетану жұмыстарын сәтімен жүргі­зер болсақ, онда облыс орталық­тарын­дағы университеттердің оқу бағдар­лама­ларына «Өлкетану» пәнін енгізіп, сол өлкенің тарихын, табиғатын, география­сын, археологиясын, экологиясын, демо­графиясын, руханиятын, ономастикасын түбегейлі зерттеп, қопара жазу керек. Сондай-ақ, бұған «100 жаңа есім» жоба­сының өңірлік нұсқасы да енеді.

Тоқетері, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала­сында сырлы-сымбатты тіліміздің, ұлттық санамыздың, ата тарихымыздың, ата жұртымыздың, ата дәстүріміздің, төлтума мәдениетіміздің жасампаз, өркендемпаз қуаты мен құдіреті шынайылықпен сипатталған. Осыны жүзеге асыруда рухани жаңғыру күретамырларын тап басып таба білейік.