• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Әлем 23 Сәуір, 2017

Қытай экономикасы жаңа өзгерістерге бет алды

1980 рет
көрсетілді

​90-жылдардың басында Business Week журналы «Қытай XXI ғасырдағы экономикалық алып державаға айналады» деп жазды. Ол Қытай экономикасының жылына 12-14 пайызбен қарқынды өсіп жатқан шағы болатын. Болжамдарға сәйкес, Аспан асты елінің экономикасы 2020 жылға қарай АҚШ-ты басып озып, әлем бойынша көш бастауы тиіс еді.

Расында әлемдік нарықта Қытай экономикасының басым тұстары анық байқалған. Арзан жұмыс күшінің арқасында Қытай әлемдік фабрикаға айналды. Батыс компаниялары өндірістік шығынды азайту мақсатында озық технологияларымен бөлісіп, кәсіпорындарын Қытайға жарыса көшірді. 

Соңғы отыз жылда Қытайдың экономикалық өсімін жаһандану, индустрияландыру, арзан жұмыс күші сияқты факторлар қамтамасыз етіп келді. Алайда, кейінгі бірнеше жылда экономикалық өсім баяулау үстінде. Арзан жұмыс күшіне негізделген, сапа емес, санды арттыруға бағытталған экономикалық үлгі тығырыққа тірелгендей. Қазір Қытай бұрынғыдай ең арзан өндіруші саналмайды. Еуропа мен АҚШ-та оның өнімдеріне деген сұраныс төмендей түсті. Ал елдің көптеген кәсіпорындарында өндірістік қуаттардың артылуы анық байқалады.

Мемлекеттік кәсіпорындар – Қытай экономикасын тежеуші

Кезінде мемлекеттік кәсіпорындар Қытай ұлттық экономикасының басты тірегі болды. Ал бүгінде дамудың негізгі тежегішіне айналып отыр. Мәселен, өткен жылы 102 мемлекеттік кәсіпорынның кірісі 180 млрд АҚШ доллары болса, 10 ірі жеке компанияның пайдасы 424 млрд долларға жеткен. Яғни, қазіргі таңда Қытай экономикасының негізгі қозғаушы күші – халықтың 80 пайызын жұмыспен қамтып отырған жеке бизнес.

Қытай билігі стратегиялық маңызына бола мемлекеттік кәсіпорындарды арзан несие беру арқылы қолдап келді. Олардың қаржылық көрсеткіштері көбінесе елеусіз қалып жатты. Тиімді басқару, кадрлардың бейілділігі және жалпы тұрақтылық мәселелері басты назарда болды. Мемлекеттік корпорациялардың әлсіреуіне шетелдік жобаларды инвестициялау да әсер етті. Олар көбіне экономикалық емес, саяси мүдделерді көздеп жүзеге асырылған болатын. Сондай-ақ, мемлекеттік кәсіпорындар банкротқа ұшырау қаупінен қорықпай, нәтижесі күмәнді келісімдер жасап отырған. Биліктің оларды құтқару үшін тиісті шаралар қабылдайтынына сенімді болған.

Нәтижесінде мемлекеттік корпорациялардың қарызы 2016 жылы 1,3 трлн доллардан асып түсті.

Экономикалық реформалар тәуекелді қажет етеді

Наурыз айында Қытай халық банкінің басшысы Чжоу Сяочуань қарыз көрсеткіштерінің таяу уақытта төмендеуі екіталай екенін жеткізді. Оның айтуынша, үкімет қарыздың өсуін тежеу, компанияларды қайта құру, артық өндіріс қуатын қысқарту, тиімсіз кәсіпорындарға несие беруді тоқтату шараларын жалғастырады. Ал ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян артық өндіріс қуаттарының қысқаруына байланысты миллион адамның жұмыстан шығу қаупі бар екенін ескертті.

Биліктің пайымдауынша, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау аса маңызды, алайда, экономиканы дамытуға бағытталған батыл қадамдар кезек күттірмейді.

Қытай үкіметі бірінші кезекте құрыш құю мен көмір өнеркәсібіндегі артық өндіріс қуаттарын қысқартуды көздейді. 2020 жылға қарай осы екі саладағы қысқартылған өндіріс қуаты сәйкесінше 150 млн және 800 млн тоннаға жетуі тиіс. Қытайдың Мемлекеттік кеңесі жабылған өндірістердегі адамдарды жұмыспен қамту үшін 14,5 млрд доллар бөлмек. Оларға мерзімінен бұрын зейнетке шығу, біліктілік арттыру бағдарламасынан өту немесе жеке бизнесін ашу ұсынылады.

Тиімсіз өндірістерді азайту мақсатында бір секторда жұмыс істейтін мемлекеттік кәсіпорындарды біріктіру ұйғарылды. 2016 жылы осындай 10 жоба іске асты. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – құрыш құю өндірісінің алпауыттары Baosteel мен Wuhan Iron and Steel Corporation-ды біріктіру болды. Ол екеуінен құралған China Baowu Steel Group корпорациясы аз уақыт ішінде Люксембургтің ArcelorMittal-ынан кейінгі әлемдегі ең ірі металлургия компаниясына айналды.

Шетелге инвестиция салуға шектеу қойылады

Былтыр юань бағамының 6,6 пайызға төмендеуі Қытай алтын-валюта қорының 2014 жылғы 4 трлн-нан 2,98 трлн долларға қысқаруына әкеліп соқты. Қытай билігі капиталдың сыртқа кетуіне, юань бағамына қысым түсуіне алаңдап отыр. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті компаниялардың шетелде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруына шектеу қойылмақ.

Болжам бойынша, үкімет шетелде 10 млрд доллардан астам сомаға инвестиция құюға, мемлекеттік компанияларға млрд доллардан астам қаражатқа жылжымайтын мүлік сатып алуға тыйым салады.

Қорыта айтқанда, Қытай үкіметіне реформаларды ойдағыдай іске асыру үшін белгілі бір тәуекелдерге баруға тура келеді. Әрине, бірінші кезекте ішкі және сыртқы саяси тұрақтылықты сақтау маңызды. Дегенмен, тарихқа көз жүгіртсек, қытай экономикасының үздік көрсеткіштерге қол жеткізуіне ең алдымен экономикалық реформалардың батыл жүргізілуі себеп болғанын байқаймыз.

Айдар Өрісбаев,

«Егемен Қазақстан».