• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Сәуір, 2017

Тиімді бастамаларға жол ашық

175 рет
көрсетілді

Астанада Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтіп, онда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын негізгі міндеттер мен «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Президент Әкімшілігінің қызметкерлері мен Премьер-Министр Кеңсесінің, Парламент депутаттары, діни және жастар ұйымдарының өкілдері бас қосқан кеңесте Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жоғарыда аталған мәселелер шеңберінде баяндама жасады.

Министр өз сөзінде жаң­ғырудың жаңа кезеңіндегі мем­лекет пен діннің өзара әрекет етуінің қазақстандық үлгісін жа­сақ­тау ведомствоның алда тұрған негізгі басымдықтары­ның бірі екендігін айтты. Соны­мен қатар, бұл үлгі ұлттық дәстүр­лер­ге, заманауи талаптарға және мейі­­рімділік, адамгершілік, бей­біт­шілік қағидаларына негізделу қажеттігін тілге тиек етті.

«Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін министрлік заңна­ма­лық арнайы бастамалар әзірлеген болатын. Олардың арасында елі­міздегі дін саласының 2017-2020 жылдарға арналған мем­лекеттік Тұжырымдамасы да бар. Бұл құжат арқылы діни кертартпалық пен экстремизмге деген қоғамның иммунитетін нығайтуға бағытталған нақты шаралар ұсынылады. Сонымен қатар, тағы бір маңызды бас­тама ретінде «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнама­лық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бо­­йынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заң жо­басын әзірлеу үстіндеміз. Оның негізгі ережелерінде діни әде­биет пен діни сараптаманы өт­кізу тәжірибесін жетілдіруі қарас­тырылуда», – деді Н.Ермекбаев.

Бүгінде министрлік маман­дарының бастамасымен діни экстремизмнің алдын алу бо­йынша жұмыстар жалғасу үстінде. Атап айтқанда, дін­ді дес­труктивті мақсатта қол­дану­ды болдырмас үшін заңсыз діни материалдарды таратуды ба­қы­лау мен радикал­­ды көзқа­расты ұстанатын топ өкіл­дерімен жұмыс жүргізіліп, аза­мат­тардың діни сауаттылығы арттырылуда.

«Біз зайырлы мемлекетте өмір сүреміз. Сондықтан да, мем­лекет талаптарын сақтау – негізгі мақсатымыз. Зайырлы мем­лекет – көпконфессиялы ор­тада тұрақтылықты сақтаудың жалғыз жолы болып табылады. Қазіргі таңда мемлекет бойынша 306 арнайы теологиялық және ақпараттық топтар жұмыс істеу­де. Олардың құрамында – 3,5 мың­нан астам дінтанушылар мен діни ұйымдардың өкілдері бар. Жалпы, жүзеге асырылып отыр­ған шаралар діни сала­дағы жағ­дайды жақсартуға сеп­ті­гін тигізеді», – деді министр Н.Ермекбаев.

Алқа кеңесінде министрліктің үкі­меттік емес ұйымдармен бір­лесе отырып, азаматтық қоғам сала­сында заңнаманы жетілдіру бойын­ша жұмыстарды атқарып келе жатқаны да назардан тыс қалмады. Сол мақсатта «Ком­мерциялық емес ұйымдар қыз­меті­нің мәселелері бойынша заң­­намалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» заңды жетілдіріп, со­ның аясында үкіметтік емес ұйымдарға грант беру ереже­сін қайта қарау көзделіп жатқа­ны мәлім болды. Ондағы мақ­сат – тәртіптің ашықтығын қам­тамасыз ету.

Іс-шара барысында Парла­мент Сенатының депутаты Ж.Ер­ға­лиев, Қоғамдық Кеңестің төр­ағасы Т.Сүлейменов, Дінтану­шылар конгресінің мүшесі, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры А.Әбуов, «Қаһарман ұрпақ» ҚҚ төрағасы К.Елубаев, Рес­публикалық бірыңғай «Жас ұлан» балалар және жасөс­пірімдер ұйымының төрағасы Д.Сәдуәқасова сынды сала ма­ман­дары сөз алып, министрдің баян­дамасында айтылған мәселелерді қызу талқылады.

Жиында министрлік маман­дары осы жыл ішінде жастар ұйымдарымен диалог құру ар­қылы ұрпақтың патриот­тық тәр­биесі, әлеуметтенуі мен шы­ғар­­машылық дамуы бо­йын­ша жаңа жалпыұлттық жоба әзір­лейтіндігі айтылды. Ал ведомство басшысы бұл кон­курс­­қа азаматтарды белсенді қаты­суға шақырды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»