• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
04 Мамыр, 2011

Әлемдік үнқатысу алаңына айналған форум

379 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ІV Астана эко­номикалық форумы «Жана онжылдық: болашақтар мен талаптар» деген тақырып бойынша өз жұмысын бастады. Оның жұмысына әлемнің 80 елінен 3 мыңнан астам қа­ты­сушылар жиналды. Олардың арасында көрнекті саясаткерлер, ірі халықаралық корпорациялардың, орталық банк­тердің, қаржы институттарының, экономиканың нақты секторының өкілдері,   Нобель сыйлығының 6 лау­реа­ты: Роберт Манделл, Джон Нэш, Роджер Корнберг, Джеймс Миррлис, Роберт Ауманн, Финн Кидланд  және бірқатар халықаралық ұйымдардың жетекшілері бар. Бірінші кезекте өткен фо­рум­ның пленарлық отырысын жүр­гіз­ген Біріккен Ұлттар Ұйымы  Бас хатшысының орынбасары,  БҰҰ Азия және Тынық мұхит ай­мағы Экономикалық және әлеу­мет­тік комиссиясының атқарушы хатшысы Ноэлин Хейзер ханым атап өткеніндей, белең алып отыр­ған жаһандану үдерісі бүкіләлем­дік тәртіпке өзіндік ықпалын анық сездіріп отыр. Сонымен қа­тар, бұл үдеріс әлем халықтарына бірігу мүмкіндігін де ұсынады. Өйткені, қазіргі ірі проблема­лар­дың бар­лығы бір-біріне тығыз бай­ланысты сипат ала түсуде. Бұл проблемаларды ортақ келісім негізіндегі ашық үнқатысу жағ­дай­ын­да ғана шешуге болады. Осымен төртінші рет өтіп отырған Астана экономикалық форумы осы проб­лемаларды белсенді талқы­ла­й­тын ортақ алаң ретінде барған сайын бедел ала түсуде. Осы ретте Ноэлин Хейзер ха­ным осындай халықаралық бас­қо­суға өз төрін ұсынып отырған Қазақстанның екі онжылдықтың ішінде аса ірі табыстарға жеткендігіне тоқтала келе, оны «Қа­зақстан феномені» деп атады. Мұ­нан кейін ол сөз кезегін ел да­муындағы осы үдерістердің ұй­ымдастырушысы және Көш­бас­шы­сы болып отырған Қазақстан Республикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевқа ұсынды. Өз сөзін құрметті мейман­дар­ға, осы форумға қатысушы­ларға қонақжай Қазақстан жеріне бас­қан қадамдарыңыз құтты болсын айтудан бастаған Елбасы Еуразия жүрегіндегі елордамызда Астана экономикалық форумы осымен төр­тінші рет өтіп отырған­ды­ғына тоқталды. Халықаралық іргелі шараға қатысушылар қатары жыл сайын өсіп келеді. Осыдан-ақ форумға үлкен қызығушылық бар екені бәрімізге байқалып отыр. Бү­гінде әлемдік қоғамдастық жаңа ғасырдың жаңа он­жыл­ды­ғына қадам басты. Қазіргі үрдіс­тер дүние дамуының жаңа қар­са­ңында тұрғанын білдіреді. Сон­дық­тан дағдарыстан кейінгі ке­зеңде «жаңа қағидаттар қандай бо­лады, қандай жаңа тәртіп ор­найды» деген сауал баршаны тол­ғандырады. Мен мұндай ортақ қағидаттарды барлық елдердің күш-жігерімен қалыптастыруы­мыз керек деп санаймын. Сонда ғана әлемдік құрылымның жаңа жүйесі баршаның және әрқай­сы­мыздың мүддемізге сай болады. Қазақстан әлемдік қоғамдастық­тың күш-жігерін біріктіруде белсенді рөл атқаруға ұмтылып келеді. Бұл орайда, біздің тәжіри­бе­міздің мол екенін өздеріңіз жақ­сы білесіздер. Қазақстанның осы рөлін айқындауға өткен жылғы ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығы және саммиттің өтуі дәлел бола ала­ды деп санаймын, деді Елба­сы өз сөзінде. Қазақстан – қазіргі күні әлем­дегі қарқынды дамып келе жат­қан мемлекеттердің бірі. Ол бір­қатар дағдарыстарды сәтті еңсере білді. Соның ең үлкені Кеңес Ода­ғының тарауы болды. Бұл отан­дық экономиканы толық тұқыр­тып кетті. Мұнан кейін Оңтүстік-Шығыс дағдарысы, ең соңында әлем елдеріне әлі күнге дейін ауыр салмағын сездіріп отырған әлемдік дағдарыс. Осының бар­лығын Қазақстан ойдағыдай ең­серу үстінде. Осы ретте Елбасы соңғы уақыттары ел экономикасы 7 пайыздық деңгейдегі жоғары қарқынды даму арнасына шық­қан­дығын мәлімдей келе, соңғы 20 жылдың ішінде біздің мемлекетімізді құрып қана қоймай, 12 жыл­дың ішінде жаңа астананың са­лынып үлгергендігін, мұның өзі Қазақстан дамуының көрнекті көр­сеткіші әрі болашағының бе­рікті­гі­нің белгісі екендігін атап көр­сетті. Біз 2016 жылға қарай ішкі жал­пы өнімнің жан басына шақ­қан­дағы көлемін 15 мың дол­лар­ға жеткізе отырып, жоғарғы кіріс деңгейіндегі елдер тобына қо­сыл­у­ды мақсат етіп отырмыз. Егер 1994 жылы жан басына шақ­қан­дағы ІЖӨ көлемі 700 дол­лар­ды құраса, үстіміздегі жылы 10 мың долларға дейін жетіп, са­нау­лы жыл­дардың ішінде ел эконо­ми­касы 13 есе өсті. Бұл мақсатқа же­тудің негізгі құралы елдің үде­ме­лі индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасы болып та­былады. Ол біздің экономи­ка­мыз­ды болашақ дағдарыстардан қауіпсіздендіруі тиіс, деді Мемлекет басшысы. Алайда, жаһанданған әлем­де­гі бір елде болған оқиғалар бас­қа елдердің дамуына да ықпал етпей тұрмайды. Біз бір-біріміздің жағ­дайымызға тәуелдіміз. Бүгінгі фо­рум – осындай халықаралық дең­гейдегі үлкен мәселелердің шешімін іздестіретін танымал үн­қа­ты­су алаңдарының бірі. Осыған орай, Қазақстан Көшбасшысы қа­зіргі дағдарыстардың сабағынан туындайтын алдағы жаңа онжыл­дық­тың перспективалы мәселеле­рі туралы өз көзқарасын жеткізді. Соңғы кездері кері әсерлерді еңсерудің белгілері пайда бола бастағанына қарамастан, соңғы 70 жылдағы экономикалық ката­клизм­­нің ең ірісі болып табы­латын дағ­дарыстың терең проблемаларын шешу мәселесі әлі айқындалған жоқ. Қазіргі дағдарыс әлемге берген сабақтарды объективті және жан-жақты талдау қажет. Оның басты сабағы – экономикалық саясатта теңгерімсіздіктерге жол бермеу. Осы ретте ауыр болса да ба­қылаусыз бетімен кеткен қар­жы рыноктарын төтенше қысым­да ұстаудың маңызы мен пайдасы зор. Реттелмеген қаржы секто­рына үйлестірілген ашық капитал – бұл баяу жарылатын бомбамен тең. Ол бүкіл әлем бойынша бір рет жарылды, әлі де талай жарылуы мүмкін. Дағдарыстың екінші сабағы әсіресе, дамушы елдер үшін ин­дустриялық және инновациялық саясаттың маңызының артуы болды. Әлемнің көптеген елдері жаһандық бәсекелестікке инновациялар, жаңа технологиялар мен өзіндік корпоративтік чемпион­да­рын қалыптастыру арқылы қо­сылуға әрекет етуде. Дегенмен, қазіргі таңдағы қаржы секторы мен нақты экономиканың ара­сын­дағы айырмашылықтар бар­ған сайын көзге түсіп, іргелі си­патқа ие болды. Жуықта «Форбс» журналы «Глобал-2000» кезекті рейтингін жариялады. Мұнда әлемнің 2000 ірі трансұлттық компаниясының жиынтық түсімі 30 триллион доллар, таза пай­дасы – 1,5 триллион дол­ларға жуық, активтері 125 трил­лион доллар болғандығы көрсетілген. Оларды шартты түрде «индус­триялық» және «қаржылық» деп екі топқа жатқызуға болады. Ка­питалдың нақты секторындағы 1700-ге жуық қатысушылар са­нының қаржы капиталына қара­ған­да екі есе артық болған­ды­ғына қарамастан, олардың әлем­дік да­му­дағы рөлі салыстыруға келмейтін дең­гейдегідей төмен болып қалып отырғандығы алаң тудырмай қой­майды. Осылардың арасында тиімді теңгерімділік қам­тамасыз етілген жағдайда ғана жаһандық дағдарысты аяқ­тауға болар еді. Дағдарыстың үшінші сабағы жеткілікті дәрежедегі әлеуметтік саясаттың қажет екендігіне тү­сі­нік­тің артқандығымен ерекшеленіп отыр. Соңғы кездері оның рөлі негізсіз төмендетілген бо­ла­тын. Араб елдерінде, соның ішінде дамыған бірқатар елдердегі бел­гілі оқиғалар халықтың әлеу­меттік жағдайын тұрақты назарда ұстаудың өткірлігін көрсетіп берді. Өкінішке қарай, нарықтық күш­тер жұмыспен және азық-түлікпен, әлеуметтік қорғаумен және тұрақтылықпен қамтамасыз етудің сайма-сай міндеттерін барлық жерде бірдей шеше алған жоқ. Осының салдарынан дамы­ған және дамушы экономика­лар­дың арасында айырмашылық ұл­ғайып, сауда даулары, валюталық кикілжіңдер, мемлекеттік қарыз­дар көбейіп, жұмыссыздар мен аз қамтылған халық саны өсті. Әлем­де бірінші рет бүтіндей мем­лекеттердің банкроттық жағ­дайға тап болуы пайда болды. Елбасы осындай жағдайларға тоқтала келе, әлемдік экономи­каның алдында оның қаржылық, индустриялық-инновациялық және ресурстық-азық-түліктік секілді үш негізгі секторында жа­һан­дық сынақтар тұрғандығын атап көрсетті. Әлемдік қаржы сек­торының дағдарысты жағдайы әлемдік қаржы жүйесінің ақау­лығында және оның негізгі құ­рам­дас бөлігі әлемдік резервтік валютада тұрғандығын, қазіргі қолданыстағы валюталық-қаржы­лық жүйе заңдылық пен демо­кратиялық қағидаттарға жауап бере алмайтындығын, макроэко­но­микалық қағидаттарды бұрма­лап, пайда болған жаһандық проб­лемаларды шешуге кедергі келтіретіндігін жеткізді. Бұл ахуалды жою үшін осы уақытқа дейін қолға алынбаған түбегейлі шаралар қа­рас­тырылуы қажет. Осы жағдайға байланысты әлем­нің бірқатар елдері баламалы ва­лютаны қарас­ты­руға мәжбүр болуда. Ақыр аяғын­да әлемнің бар­лық экономикалары ұлттық есеп-төлем бірлігін құру және енгізу, ал мұнан кейін жаңа қағидатты жаһандық ва­лютаны құ­руға келетін болады. Ал қазіргі жағдайда әлемде экономикалық қатынастарда да­мы­ған және дамушы елдер ара­сында экономикалық теңсіздік қа­лып­та­сып отыр. Оның өзі үл­кен проб­ле­ма­ларды көлденең тартуда. Бүкіл­әлем­дік банктің мәліметтері бой­ынша үстіміздегі жылдың басынан бері азық-түлік бағасы 36 пайызға көтерілген. Осының салдарынан кірісі төмен және азық-түлігі тапшы елдер азық-түлік импортын қаржы­лан­ды­ру проблемасына тап болды. Өткен жылдың маусым айынан бері кедейлік шегінен төмен адам­дардың саны 44 миллионға дейін өсті. Азық-түлік бағасының көте­рілуі жағдайында бұл сан­ның одан әрі арта беретіндігі анық. Елбасы 2007 жылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-ші сессия­сын­да өзінің қазіргі қалыптасып отырған жалпыадамзаттық проб­лема­ларға сәйкес «Жаһандық энер­гоэкологиялық стратегияны» әзірлеу идеясын ұсынғандығын жеткізді. Оны талқылау Бразилия­да 2012 жылы өтетін БҰҰ-ның «РИО+20» тұрақты даму кон­ференциясына ұсынылып отыр. Қазіргі күні мемлекеттердің бірігіп күш-жігер жұмсауы жағ­дайында ғана проблемаларды шешуге болады. Осыған орай Елба­сы жалпы әлемдік саясат мы­нандай мәселелерге назар ауда­руы орынды екендігін айтты. Біріншіден, макроэкономика­лық басқарудың үйлестірілген жүйесін жасақтау қажет. Екіншіден, шикізаттан қаржы секто­ры­на дейінгі рыноктарды жаһандық тұрғыдан реттеу. Үшіншіден, тиімді валюта-қаржы жүйесін негізге алу. Бірінші бағыт үшін үлкен жиырмалықтың қаржы министрлері ұлттық экономикалар жағ­дайын бағалаудың әмбебап инди­каторларының тізімін айқындауы қажет. Қазіргі күні әлемдік ры­нок­тарды реттеу жүйесін құру ту­ралы көп айтылуда. Бірақ үй­лес­тірілген шешім әлі әзірленген жоқ. Биржалық тауарлардағы, әсі­ре­се, энергоресурстар мен шикізат жөніндегі, сондай-ақ азық-түлік тауарлары рыногындағы ба­ға­ларды қажетінше басқарудың халықаралық үйлестірілімін қам­тамасыз етудің маңызы зор. Қар­жы рыноктарын жаһандық бас­қару бөлігінде шығарылатын ба­ға­лы қағаздар рыногына екпін түсірген орынды болар еді. Соң­ғы дағдарыс алдында деривативтер рыногының айналымы бүкіл планетаның жиынтық ІЖӨ-сінен 8 есе асып түскені белгілі. Ең ақырында жаңа әлемдік резервтік валютаны құру мөлдір және бар­шаға түсінікті жаһандық валюта­лық-қаржылық жүйені қалыптас­тыру мүмкіндігін берген болар еді. Мұндай жағдайда елдердің ре­зервтері неғұрлым тұрақты бо­лып, болашақ экономикалық перс­пекти­валарды нығайтатындығы анық. Елбасы осындай ұсыныста­рын білдіре келе, халықаралық үй­лестірулерді нығайту үшін бар­лық елдер бірігіп, жаһандық реттеу туралы пакт қабылдауы орын­ды болады деген ұсынысын жеткізді. Мұнан кейін сөз кезегін алған «Валюта бағамының әр түрлі режімдері шеңберінде ақша және фискалдық саясатты, сонымен қа­тар оңтайлы валюта аймақта­рын талдағаны үшін» 1999 жылы Нобель сыйлығының экономика бойынша лауреаты атанған Роберт Манделл өз сөзін әлемдік монетарлық саясаттың ықпалы­нан туған жағдайларға қарай ба­ғыттады. Оның айтуынша, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі уақыт АҚШ долларының жұл­дыз­ды сәті болды. Доллар халық­аралық резервтік валюта ретінде алтынның сұлбасы ретінде қа­лып­тасты. Халықаралық деңгей­дегі валюта ретінде фунт-стер­лингтің орнын басқан доллар тіпті кейбір сәттерде алтыннан да күшті сипатқа ие болып отырды. Осы ретте Роберт Манделл біз доллардан кетіп, алтынға ауыссақ деген пікірлердің бар екендігін айта келе бұл үдеріс өте қиынға түспек деген өз болжамын жеткізе кетті. Шешеннің пікірінше, осы уа­қыт аралығында доллардың ба­сын­да көптеген қиын сәттер бол­ды. Бірақ соған қарамастан, ол өзін сақтап келеді. Әрине, дол­ларға қатысты Еуроодақтың өзін­дік саясатының болғандығын ешкім жоққа шығармайды. Еуро­одақ­тағы жетекші мемлекеттер дол­лардың басымдығына ешқа­шан риза болып көрген емес. Осы одақтың күшеюіне байла­нысты кейінгі кездері әлемде халықаралық валю­талардың екі өңірі құрылып отыр. Мұның өзі Еуропадағы мем­лекеттердің мо­не­­тарлық одаққа кіруден бас тар­туының нәтижесінде пайда бол­ды. Олар өздерінің монетарлық жүйесін құрды. Осы жағдай АҚШ-тың өз мо­нетарлық саясатын 180 градусқа кері бұруына әсер етті. Осының ық­палында елдердің көпшілігі икем­ді айырбас бағамына көшіп отыр. Тоқсаныншы жылдардың со­ңында доллар жедел өсіп, оның айырбас бағамы екі еселенді. Бұл өте ғажайып жағдай еді. Мұнан кейін доллар қайтадан құлдырай бастады. Осындай жағдай алма-кезек сипат алып, доллар қай­тадан күшейген кезде Еуро­одақ­тың қа­таң монетарлық саясат жүргізуінің нәтижесінде оның алтын қоры еселеп артты. Роберт Манделл долларға қа­тыс­ты қазіргі жағдайларға тоқ­тала келе ендігі кезекте Қытай эконо­микасының күшеюі халық­ара­лық ықпалы бар валюта­лар­дың ара салмағына елеулі өзге­ріс­тер енгізуі мүмкін екендігін айта келе түрлі сілкіністерге жол бермес үшін ендігі кезекте Қы­тай юанін долларға конверттеу жөн бола­тындығын атап көрсетті. Сонымен қатар ол Ресей рублінің жағ­дайына да тоқтала кетті. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Еуропа экономикалық комиссия­сы­ның атқарушы хатшысы Ян Кубиш БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның Астана экономикалық форумына жолдаған хатын оқып берді. Пан Ги Мун осыдан 3 жыл бұрын Астанада алғашқы форум өткен кезде әлем экономикасының терең рецессия жағдайында бол­ған­дығын атап көрсеткен. Содан бергі аралықта бірқатар азиялық елдер дамудың жоғары қарқынын көрсете бастады. Осындай елдің алдыңғы қатарында форум өтіп жатқан Қазақстан елі де бар. Ендігі кезекте әлем қандай даму ар­насына қарай бет түземек? Келіп жатқан инвестицияларды қалай қарай бағыттаған жөн болар еді? Бүгінгі күннің экономика саласын­да қалыптасып отырған проблема­ларын қалай шешкен орынды? Пан Ги Мун міне, осындай сұрақ­тарға жауап іздестіруде Астана эконо­микалық форумының маңы­зы­ның арта түскендігіне тоқтала келе оның жұмысына сәттілік тілеген. БҰҰ Азық-түлік ұйымының бас директоры Жак Диуф өз сө­зінде қазіргі уақытта бүкіл әлемде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің барынша өткір сипатқа ие бола бастағандығын жеткізді. Оның ай­ту­ынша қазіргі күні әлем ха­лық­та­ры­ның 14 пайызы бұл проблеманы сезініп отырса, соның ішінде 29 елде жағдай ауырлап келеді. Жеті елде проблема мүлдем асқына түсті деп айтуға болады. Жан Диуфтың болжамы бой­ынша 2015 жылы өсудің қарқыны дамушы елдердің үлесіне тиеді. Олардың азық-түлікке сұранысы арта түседі. Мұның сыртында да­мыған елдердің сұранысы да ешбір кемімейді. Осындай жағдайда азық-түлік жетімділігін қамта­ма­сыз ету үшін егістіктер көлемін арттырудың, оларға жаңа технологиялар енгізудің маңызы зор. Ол үшін, әрине, ауыл шаруашы­лығына бөлінетін қаржы ресурс­тарын арттыру керек. Осыдан бірқатар жылдар бұрын әлемдік экономикадағы ауыл шаруашы­лы­ғының үлесі 19 пайыз болса, қазір ол 5 пайызға дейін төмен­деді. Демек, 1970 жылдарғы үлес­тік деңгейге қайта көтерілген орынды болар еді. Әлемдік азық-түлік ұйымы азық-түліктің еркін қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында өңір­лік семинарлар өткізу үстінде. Үлкен жиырмалықтың ауыл ша­руашылығы министрлерінің үсті­міздегі жылдың маусым айында кездесуін ұйымдастыру бағы­тын­да да жұмыстар жүргізілуде. Бүкіләлемдік туристік ұйы­мының бас хатшысы Талеб Рифаи бұл форумның өте маңызды уақытта ғана емес, және сонымен қатар, өте маңызды жерде өтіп жат­қандығын айтты. «Осыдан 18 ай бұрын дәл осы Қазақстанда біз өзіміздің мәжілісімізді өткізіп едік. Содан бергі қысқа мерзім­нің ішінде Астананың қатты өз­геріп, тіптен құлпырып кеткендігін көрдім», деді. Ол саяхатты – ХХІ ғасыр феномені деп атады. Оның сервистік қызмет саласы барған сайын дамып келеді. Жы­лына 1,33 триллион доллардың қызметі көрсетіледі. Жыл сайын 900 миллион адам мемлекеттер ше­карасынан өтеді. Демек, туризм әлемдік экономиканы бола­шақ даму бағыттарында үлкен рөлге ие. Хорватия экс-президенті Степан Месич батыста ірі корпорациялар картелі құрылғаннан бері монополизмнің үстемдік құрған­дығын, бұл бәсекелестікті қауіпті жағдайға тап қылғандығын, өн­дірістің өзі бірте-бірте қаржы алаяқ­тығының шалғайына түскендігін айтты. Кәсіподақтардың рөлі бол­са, бірте-бірте төмендеп келеді. Неге бұлай? Степан Месичтің пікірінше, қазір капиталистік қоғам қалыптасу үстінде. Себебі, ірі акционерлік қоғамдардың ак­ция­лары адамдар арасында тара­тылғаннан бері осындай қоғам иелері ұсақтанып кетті. Яғни олар ұсақ акционерлер. Олардың компанияларға жетекшілік жа­сай­тын топ менеджерлерге ық­па­лы аз. Міне, әлеуетті меншік ие­сі­нің жоқтығынан капиталды шын мәнінде олардың иелері емес, менеджерлері басқаруға кірісті. Капиталистерсіз капиталистік қоғам дегеніміз осы. Демек, алдағы уақытта мүдделер балан­сын қайта қалпына келтіріп, бә­секелестік рынокты қалыптас­ты­ру керек. Осымен IV Астана экономи­ка­лық форумының салтанатты ашылуына арналған пленарлық отырысы аяқталды. Мұнан кейін сессиялар жалғасты. Оған мо­дераторлық еткен CNN жүргізу­шісі және дамушы рыноктар жө­нін­дегі бағдарламалар редакторы Джон Дефтериос бірінші сөз кезегін Қазақстан Республика­сы­ның Премьер-Министрі Кәрім Мә­сімовке берді. Қазақстан Үкі­метінің басшысы Нұрсұлтан На­зар­баевтың бастамасымен ашыл­ған бұл форумның қазіргі күні әлемдік күрделі мәселелерді тал­қы­лайтын ортақ алаңға айнал­ған­дығын айта келе, сондай өткір проблемалардың бірі ретінде соң­ғы 3 жылда әлемде азық-түлік ба­ғасының екі рет көтеріл­ген­ді­гін, Еуроодақ аумағында жағдай­дың қалыпты арнаға түсе алмай келе жатқандығын айтты. Қазақ­стан әлемдік жағдайдың күрделі­лігіне қарамастан, соңғы кездері өз жағдайын өзі шеше алатын қуатты елге айнала бастады. Елдегі кедейлік деңгейі 25 пайыз­дан 5 пайызға төмендеді. Білімге инвестиция салу арқылы адам капиталының дамуына ерекше екпін түсіруде. Дегенмен, қазіргі уақытта күрделі проблемалар бар­лық елдерге ортақ. Оларды жекелеп шешу қиынға түспек. Кәрім Мәсімов міне, осы реттегі экономикалық форумның үнқа­ты­су алаңы ретіндегі маңызына тоқталды. Боливия вице-президенті Хор­хе Кирога қазіргі күні әлемнің дамушы елдер есебінен өзгеріп келе жатқандығына тоқталды. Қытай экономикалық өсім орта­лығына айналып отыр. Егер осын­дай жағдайда АҚШ дол­ла­рына Қытай юанін жалғайтын болса, онда доллардың құны түс­кен болар еді деген пікірін жеткізді. Осы ретте доллардың бірте-бірте ешқандай бір материалдық құндылықтармен қуатталмай келе жатқандығын айтып, оны станоктардан жөнсіз баса беру әлем экономикасы үшін қатерлі екендігіне тоқталды. АҚШ-тан келген Нобель сыйлығының лауреаты Джон Нэш доллардың мәселесіне біраз тоқталып, оны ақтап сөйлеуге тырысты. АҚШ-тағы федералдық резервтер жүйесі қалай жұмыс істейді, доллар неге қуатталмаған жағдайда басылып жатыр? Осы мәселелерге тоқталды. Джон Нэштің пікірінше, әлемдік қаржы жүйесінің ойынға айналуына түрлі қаржы пирами­далары әсер етіп отыр. Нобель сыйлығының тағы бір лауреаты ұлыбританиялық Джей­мс Миррлис капитализмнің даму­ындағы ХХ ғасырдың маңызына тоқталды. Нақ осы ғасырда жан басына шаққандағы әлемдік ІЖӨ көлемі 7 есе өссе, Жапонияда ол 18 есе өскен. Міне, осының нә­тижесінде қалалар құрылысы қат­ты дамып, Қытай, Үндістан, Ре­сей секілді үлкен елдер ур­ба­ндалуға түсті. Әлемде кедей адам­дар саны ХХ ғасырдың соңғы 25 жылында жалпыға шаққандағы үлес бойынша әлдеқайда азайды. Демек, жағдай сондай бір жаман емес. Өз сөзінде Джеймс Миррлис капиталистік жүйенің мүд­десін қорғайтындығын білдірді. Түстен кейін ІV Астана эконо­микалық форумының пленарлық отырысын қорытындылаған бас­па­сөз мәслихаты өтті. Онда АҚШ-тың CNN телеарнасының жүргізушісі және дамушы рынок­тар жөніндегі бағдарламалардың редакторы Джон Дефтериос, Нобель сыйлығының иегері, кана­далық Роберт Манделл, «Кооперативтік емес ойындар терри­то­рия­сындағы тепе-теңдікті талда­ға­ны үшін» Нобель сыйлығының иегері  Джон Нэш, сонымен қа­тар Нобель сыйлығы иегерлері Роджер Корнберг, Джеймс Миррлис, Финн Кидланд АЭФ-тің ма­ңызы туралы, әлемдік эконо­ми­ка­ның бүгінгі ахуалы мен бола­шақ­тағы болжамдарға қатысты көз­қарас, сондай-ақ пленарлық оты­рыста айтылған мәселелер бой­ынша журналистермен сұрақ-жауап түрінде пікір алмасты. Астана экономикалық фо­румы­ның алғашқы күні шара ая­сында VІ Инновациялық конгресс болып өтті. «Ұлттық инно­ва­циялық жүйелердің интеграция­лану үде­ріс­тері» тақырыбына арналған инновациялық конгресс әлем ғалымдары мен белгілі мемлекет қайраткерлерін бір үстел басына жинады. АҚШ, Ұлыбри­та­ния, Франция, Германия, Швей­цария, Израиль, Түркия, Оңтүстік Корея, Ресей және тағы басқа 12 елден 300 адам қатысты. Инно­вациялық конгресс қонағы, Индустрия және жаңа технология­лар министрі Әсет Исекешев та­қырыпты түсіндіріп өтті. ҮИИДБ аясында бизнесті қолдаудың бір түрі инновацияны дамыту болып табылады. Ал ол өз кезегінде ұлт­тық инновациялық жүйенің құрылуына бағытталған. Біздің ойымызша, болашақта біздің эко­номикамыздың бәсекеге қабілет­тілігін қамтамасыз етуге аймақты және салаларымызды инновация­лық дамыту, сондай-ақ иннова­ция­лық-техникалық басқару жүй­есін құру арқылы қол жеткіземіз деп ойлаймын. Астана эконо­микалық форумы аясында өтіп жат­қан VІ  Инновациялық конгресс  қазақ инноваторлары өмі­рін­дегі ең беделді алаңдардың бірі, деді ол. Сондай-ақ конгресс аясында Тәуелсіздік сарайы ғимаратының ішінде «Инновация аккордтары» атты инновациялық жобалар көрмесі ұйымдастырылды. Онда отан­дық жаңашылдар жасап шығарған 20 инновациялық жобалар қойылған. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Венера ТҮГЕЛБАЙ. ----------------------------------------- Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.