• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2011

Ана мен бала өлімі айтарлықтай төмендеді

452 рет
көрсетілді

2008 жылы Елбасы Оңтүстікке келген ресми сапарында медицина қызметкерлерінің басын қосқан респубикалық жиын өткізді. Айту­лы ВИЧ оқиғасына жол берген  Оң­түстік Қазақстан медицинасының қау­қарсыз жұмысына өткір сындар айтылды. Әрине, бұған облыс медицина­сын біржақты кінәлай қою қиын. Ешқайсысының қол қусырып қарап отырмағаны анық. Денсаулық сақ­тау басқармалары басшылары­ның бар­лығы да жағдайды оңалтуға күшін салып бақты. Бірақ, халқы көп, тұрмыс деңгейі республикалық орта көрсеткіштен көп төмен, трансферттік көмектерді аз алып келген облыс медицинасы “шықпа жаным шықпа­мен” отырғанын ұмы­ту­ға болмайды. Қыл аяғы медицина құрал-жаб­дық­тарын залалсыз­дандыратын орта­лық­тың атамза­ман­ғы аппаратта­рын тот жей баста­ғанын сол кездегі об­лыс әкімі, бү­гінде Премьер-ми­нистрдің бірінші орынбасары Өмір­зақ Шө­кеев­тің өзі де көрген болатын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали Исмайлов “жоғары жақ не бұйырады» деп отыра бермейтін жан. Медицина саласын реформа­лау­дағы сан-салалы бағ­дар­ламасы нәти­жесін беріп жатыр. Мәселен, 2010 жылдың қорытын­дысы бойынша ана өлімінің көрсет­кіші 26 пайызға дейін төмендеді. Бала өлімі де бұрнағы жылдарға қарағанда азайып келеді. Биылғы жылдың алғашқы тоқса­нында ана өлімі 46 пайызға, ал, бала өлімі 26 пайызға төмендепті. Елбасы биыл Оңтүстікке келген сапарында “Бұл өте жақсы көр­сеткіш. Облыс басшылығының тап­сыр­малар­ды тиянақты орындай ал­ғандығының кепілі. Осындай сапалы жұмыстары үшін облыс дәрігер­леріне алғыс айта­мын. Бірақ, бұл нәтижелерге тоқ­мейілсуге болмай­ды. Ана мен бала өлі­мін әлі де төмендетуге күш салы­ңыз­дар. Бұл үшін мемлекет тарапынан қажет көмектер болады” деген. ВИЧ оқиғасынан кейін жандары жабырқап, көңілдері жүдеп жүрген облыс дәрігерлері Елбасының баға­сына қатты қуанды. Күш-қуат алды. Айтқандай, былтыр ВИЧ науқа­сы­на шалдыққан 35 ана дүниеге нә­рес­те әкелді. Шақалақтардың бә­рі дін аман, дерт жұқпаған. Халық­ара­лық сарапшылар жоғары баға беріпті. Осындай нәтижеге қысқа мерзімде қалай қол жеткізілді? Осы сауалды облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының бастығы Жұ­ма­ғали Қазыбайұлына қойғанбыз. Ол жасал­ған жұмыстардың жайын таратты. 2009 жылдан бастап облыстың балалар хирургтері, анестезиолог-реаниматологтары Литваның, Из­раильдің, Ресейдің (Санкт-Петер­бург) жетекші клиникаларында оқып келді. Нәтижесінде облыстық балалар ауру­ханасында асқазан-ішек жол­дары­ның, орталық жүйке жүйесінің дамуында ауытқулары бар жаңа туған балаларға жоғары білікті хирургия­лық көмек көр­сетіле бастады. Облыс бойынша жылына 70-75 мың бала дүниеге келсе, соның 500-ге жуығы іштен пайда болған аурудың зардабын тартады. Ол әртүрлі. Мәселен, өңеші жабылып қалады, шегі сыртына шығып кетеді, өт жолдары жоқ, тоқ шегі бітеу, т.б. Осындай балаларға 2007 жыл­да­ры жылына 20-30 операция жаса­лып келген. Сол балалардың 20 па­йызы ғана операциядан кейін өмір сүреді екен. Соңғы екі жылдың ішінде облыстың балалар хирург­та­рының оқып, тәжірибе жинақ­тауы, хирур­гия­лық шара қолданудың, анестезио­логиялық қарқынды емдеу мен операциядан кейінгі күту­дің заманауи әдістерін ендіру нә­тижесінде оперативтік белсенділік артты: 2009 жылы ауруханаға түс­кен 100 баланың 86-на, 2010 жылы түскен 134 жаңа туған балалардың 127-не операция жасалды. Оның ішінде екі жылда асқазан-ішек жо­лының туа біткен патологиясын тү­зету бойынша 150 операция жаса­л­ды. Жаңа туған бала­лардың тірі қа­лу­шылығы 2007 жылғы 22,3% - дан 2010 жылы 70,1% - ға дейін артты. 2010 жылға дейін бас миы мен жұлынның ауытқулары бар балалар республикалық клиникаларда ем қабылдайтын. 2010 жылдан бастап ал­ғаш рет Оңтүстік Қазақстан об­лы­сында облыстық балалар ауруха­на­сының базасында орталық жүйке жүйесінің ауытқуы бар ерте жас­тағы балаларға жоғары маман­дан­ды­рыл­ған нейрохирургиялық көмек көр­сетіле бастады. Жоспарланған 45 опе­рацияның 36-сы  жасалды, бала­лардың тірі қалуы 92 пайызды құрады. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. 2011 жылғы наурызда облыстық балалар ауруханасы жаңа ғимарат­қа көшірілді. Бөлімшелер мен операция жасайтын бөлмелер қазіргі за­манғы зертханалық-диагности­ка­лық және реанимациялық құрал­дар­мен жаб­дық­талған. Туа біткен кемістікті барынша ерте кезеңде анықтау және оны операциялық жолмен дер кезінде түзету көптеген нәрестелердің өмірін аман алып қалуға мүмкіндік береді. Бұл бағытты күшейту  және жаңа туған балаларға барынша ерте кезеңде көмек көрсету үшін 2010 жылдан бастап облыста перинатал­дық көмек күшейтілді. 2011 жылғы ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақ­тау басқармасы мен литвалық әріптес­тер арасында 3 жылға өзара ынты­мақтастық және бірлесіп қыз­мет атқару туралы меморандум жасалды. Бұл меморандум аясында Оң­түс­тік Қазақстан облысының ден­саулық сақтау басқармасы 2011 жыл­ғы 9-15 наурызда облыстық балалар ауру­хана­сында «Дамудың туа біткен кемістіктері бар жаңа туған балаларға көрсетілетін қазіргі за­ман­ғы хирургия, анестезио­ло­гия­лық көмек және операциядан кейінгі күтім» тақыры­бына мастер-класс ұйымдастырды. Бұл мастер-класты өткізу үшін Литвадан мамандардың мультидис­цип­ли­нарлық бригадасы шақырылды. 2011 жылғы наурызда облыстық балалар ауруханасының телемеди­ци­налық орталығының базасында алғаш рет өңірлік деңгейде жақын шет елдер ма­мандарының бала­лар­ға кеңес беруі бо­йын­ша телекөпір өт­кізу үшін байла­ныс орнатылды. Лит­ваның денсаулық сақтау ғы­лым­дары университетінің ба­ла­лар хирургиясы клиникасының бас­ты­­­ғы, профессор В.Бараускас кеңес берді. 2011 жылы облыстық деңгейде балаларға ашық жүрекке 100 операция және 100-150 эндоваскулярлық хирургиялық шара қолдану жоспар­ланып отыр. Жұмағали Қазыбайұлы кадр ресур­сын күшейтуге күш салып жа­тыр. Оны­сы түсінікті де. Шетелдік клини­каларға аз топпен маман оқыту қым­батқа түседі әрі үздіксіз оқытпа­ған­нан кейін күткен нәтижені беру қиын. Сондықтан, халықаралық стан­дарт­қа өткен Литва медицинасымен іскерлік байланыс  орнатуда. Олар өз кезегінде бірнеше секция болып келіп, әр мамандық бойынша үздіксіз оқытады. Сонда жылына 700-850 маманға дейін дайындап алуға болады екен. Аттестациядан өткен дәрігер­лер­ге шетелдің клиникаларында жұ­мыс жасауға бо­ла­тындай сертификат беріледі. Об­лыстық медицина кадрларын оқытып үйретуге 70 млн. теңгенің үстінде қаржы бөлген облыс әкімі Ас­қар Мырзахметов облыс медици­на­сын заманауи құрал-жабдық­тармен жарақ­тау­ға үлкен мән береді. Облыс медици­насының соңғы екі жыл­да аяғына нық тұрғанының себебін осы­­дан да көруге болатын сияқты. Мем­лекеттік көмек мейлінше беріліп жатыр. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.