• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2011

Шындықты жасыру кімдерге тиімді?

698 рет
көрсетілді

Қазір біреу біреудің аузына қақ­­­пақ қоймайтын заман туды. Бұл еркіндік әсіресе таралымын көбей­тіп, жеңіл бедел жинағысы келген бұқаралық ақпарат құ­ралдары үшін өте тиімді болып тұр. Осы ер­кін­дік кейде қазақ­тарды түзу жолдан тай­дыру үшін де пайда­ла­нылуда. Қос­танай об­лыстық «Кустанайские новости» газетінде 2011 жылдың 8 ақ­панында  жариялан­ған Анатолий Тихановский деген автордың ма­қа­ла­сы оған толық дәлел. Аңқау біреулердің әлгі адам облыстағы көптеген проблема­лар­ды жазған болуы керек деп ойлап қалуы мүмкін. Жоқ олай емес. Тихановский мырза және облыста шыға­тын газет өңір мәселелерін түгендеп болып, енді кезінде қа­зақ­тарды қасақана қырып салған адамдарды ақтап алуға кірісіпті. «Жалпы алғанда Голощекин – ерекше тұлға» деп жазады автор «Большевик Голощекин и большой ашаршылык» деп аталатын ма­қаласында. Мақалаға «Ұмытуға болмайды» деген айдар қойыл­ған!.. Соған сәйкес Қазақстанда қан­­ды қырғын ұйымдастырған адам­ның кезінде Ленинмен қатар тұрған қайраткер екенін айта келіп, оның қызмет жолы да ықы­лас­пен баяндалады. Қазақ­стан­ды бас­қарған 1925-1933 жылдары оның өзін «толық дәрежеде» көр­сет­кендігі келтіріледі. Біз бұл жерде тарихи деректерге жүгініп, мәселені терең қаз­ба­ламақ ойдан аулақпыз. Ол жұ­мыс бү­гінде Қазақстанда көптеп сана­латын тарихшылардың міндеті бо­луы тиіс. Біздің міндетіміз қазақ хал­қын саналы түрде қырғынға ұшы­ратқан қаныпезерді ақтамақ болған адамның түпкі ниеті нені көздейді дегенді ой елегінен өткізу. Шындығында Голощекин қу, залым адам болған. Сондықтан ұжымдастыру, кулактардың мүл­­кін тартып алу жөніндегі большевиктік саясатты желеу етіп және қазақтар­дың басым көпшілігінің объективті себептермен қарсы келе алмай­ты­нын білген ол өз пиғылын асқан арамзалықпен жүзеге асырған. Ол ең басты жәйтті, яғни қазақтардың тек малмен ғана күн көріп отыр­ға­нын, малдарын тартып алса олар­дың қойша қырыла беретінін жақ­сы түсінген. Сөйтіп, жергілікті ха­лық­ты (байларды ғана емес) бүтін­дей мүлде малсыз қалдырған. Осы­дан келіп малдан өзге күнелтіс көзі жоқ халыққа аштан қыры­лу­дан басқа жол қалмаған. Ақиқа­тына келсек, егер Голощекин Қа­зақ­стандағы ұжымдастыру ісін халықтың жағ­да­йы­на қарай оты­рып, ақыл­мен жүр­гі­з­ер болса, оған Мәскеу қой деп айтпас еді. Ол аз десеңіз, Голощекин шынымен де, жоғарыдағы автор айтқандай, керемет адам, ел қа­мын ойлаған қай­раткер болса ха­лық жазықсыздан қырылып жат­қанда Мәскеудің айтқанына да онша назар аудара қоймас еді. Голощекиннен кейін келген Мирзоян солай жасады да. Оның үстіне Голощекин Қазақ­станды басқарған  1925-33 жыл­дар­да Сталин әлі «қы­лышынан қан тамған» дейтін қатыгез басшы болып үлгірген жоқ, ол кезде жеке басқа табыну да күш ала қой­маған. Демек, Голощекин қазақ­тар­ды Сталиннің айтуымен қырды деген дақпырт халықты алдап, онсыз да тарихты танып-білу­ге онша құлшына бермейтін біздің аға­йындарымызды шатастыру  үшін айтылған сөз. Біз осы әңгімені қозғай оты­рып, большевиктердің, сол пар­тияның басында тұрған Сталиннің істегендерін ақтап алғалы отырған жоқпыз. Бізді мазалайтыны, мил­лион­даған қазақтың жазықсыз қы­рылғаны үшін айдаладағы біреулерді айыптауды тоқтатып, нағыз кінәліні табатын күн бола ма деген ой. Әйтпеген күнде жел диірменмен соғысқан Дон Кихот сияқты бетімізге лағып, өзімізге еш жа­ман­дық жасамаған адамдарды айып­тауды әдетке айналдырып алуы­мыз мүмкін. Жоғарыдағыдай мақала жазу­шылардың көздегендері де сол, яғни тарихты нашар білетін ха­лықты адастыру. Ал нағыз шын­дықтың ашылуы зұлмат жылдар­дың құрбаны болған бауыр­лары­мыздың аруақтары үшін де сауап болар еді. Өкінішке қарай, қазақстандық тарихшылар әрідегіні былай қой­ған­да, Қазақстаннның кеңестік кезеңдегі тарихын да нақты зерттеп жаза алған жоқ. Қазіргі біздің оқып-біліп жүргендеріміз негізінен басқа елдердің, өзге ұлттар өкілдерінің жазғандары бойынша дүниеге келген тарих. Бар болғаны оларға Қазақстанның өміріне қа­тыс­ты азды-көпті архив материал­дары қосылады да, ол жұртш­ы­лық­қа елдің толыққанды тарихы ретінде ұсынылады. Соның сал­да­ры­нан да өткен ғасырдың 30-жыл­дарындағы ашаршылыққа, саяси қуғын-сүргінге себепкер болған нақты дәйектерді табу қиын. Белгілісі «сталиндік режім», «қызыл империя қырғыны» деген жат­тан­ды болған бір-екі-ақ сөз. Бүтіндей бір ұлттың тоз-тозын шығарған және бірнеше жылдарға созылған құбылысты бір-екі сөзбен ғана түсіндіру шындыққа қаншалықты жанасады?  Сонда осындай адам айт­қысыз қиянаттарды өз қолда­ры­мен жасаған орындаушылар қай­да қалады? Мәселен, жоға­ры­дағы мақалаға жауап қайтарған қос­танайлық журналист әрі ақын Ақылбек Шаяхмет басқа емес, дәл сол Голощекиннің қазақ интелли­генциясын құртуды қолға алғанын, соның салдарынан Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Меңдешов, С.Са­дуа­қасов, О.Жандосов сияқты қазақ қайраткерлерінің елден кетуге мәж­бүр болғанын жазады. «Бур­жуазиялық ұлтшылдар» деген айыппен «Алашорданың» бұрын­ғы 48 мүшесі де тікелей Голоще­кин­нің нұсқауымен тұтқындалған. Ол аз десеңіз, дәл осы Голощекин Қазақстанды басқарған 30-шы жыл­­дардың басынан бастап 281230 шаруашылық иелері Қытай, Иран және Ауғанстан жерлеріне қоныс аударуға мәжбүр болған. Дәл осы 1932-33 жылдары, кейбір мәлімет­тер бойынша, Қазақстанда  2,5 мил­лиондай адам аштан қырыл­ған. Сонымен бірге, ОГПУ-дің 9805 істі қарап, 3386 адамды ату жазасына кесуі мен 13151 адамды лагерлерге айдатуы да Голо­ще­кин­нің дәуірімен тұспа-тұс келіп тұр. Неге? Неліктен Голощекин елді басқарып тұрған жылдарда қазақ­тың басына соншалық зобалаң  туған? Бұл сұраққа ешкім жауап іздеген емес. Бір қызығы, елде жақсы істер орын алған кезде біз бәріміз сол кездегі республика басшысын мақ­таймыз. Мәселен, Мирзоянға қа­тыс­ты осыны айтуға болады. Ал жаманшылық болса, оған республика басшысы емес, Кеңес өкі­меті кінәлі. Осыны қалай түсінуге болады? Ең болмаса бір тарихшы  Мирзоян жасаған жақсылықты Голощекин неге жасамады деген сауал­ды неліктен көлденең тарт­пайды? Тарих деген әлдебіреулердің диссертация қорғауы үшін ғана керек материалдардың жиынтығы емес. Ол – халықтың өмірі, алуан түрлі тағдыры, жақсысынан өнеге алар тәжірибесі, артына қалдырар мұрасы. Олай болса, тарихқа же­ңіл-желпі қарау, оны біреу­лердің айтуы бойынша жазу орны толмас олқылық. Ал енді осындағы Голощекин мәселесіне келсек, бүгінде бай­қатпай оны ақтап алуға тыры­су­шылардың күндердің күнінде, ол да Қазақстанды басқарған адам­­дардың бірі, өзі де сол заман­дағы қиғаш  саясаттың құрбаны болған, әйтпесе еш кінәсі жоқ, сондықтан оған ескерткіш орнату керек деп шықпасына кім кепіл. Егер осындай әңгіме туындай қал­са, бар пәлеге «қызыл империя» мен «сталиндік режім» ғана кінәлі дегеннен әріге бара алмайтын біздің оған қарсы қояр дәйегіміз де жоқ. Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.