Нарық заманында тірлігін түзеген Қапшағай аймағындағы қолға алынған іргелі істердің бірі – бәсекеге қабілетті туристік индустрияны қалыптастыру бағытында нақты жұмыстардың қолға алынып, жалғасын тапқаны. Күре жолдың бойындағы демалыс орындары жолаушыны шақырып, қол бұлғайтындай.
Қапшағай су қоймасының оңтүстік және солтүстік жағажайларында тұтынушыға қызмет көрсететін 178 демалыс орны бар. Олар үш секторға бөлінген. Қала аймағындағы демалыс орындарының саны 38 болса, солтүстік жағажайда 27 және қаладан 40 шақырым жерде 113 демалыс орны халыққа жаз айларында қызмет көрсетеді. Онда демалушыларды жатын орынмен бірге, мәдени шаралармен қамту жағы жан-жақты ұйымдастырылған.
Күн ысып, суға шомылу басталған сәттен, әсіресе, демалыс күндері Қапшағай жағажайында демалатындардың саны үш есеге дейін артады. Бір күнде демалатындардың саны 16 мыңға дейін жететін кездер де болады. Өткен жылдан бері Ыстықкөлге бару саябырсығаны белгілі. Сондықтан өткен жазда мұнда Алматыдан ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен ағылған демалушыларда есеп болмады. Және бір атап көрсететін жәйт – демалыс орындары көрсеткен сервистік қызметтің жоғары талғамда болуына негіз қаланған.
Жылда жазғы демалыс науқаны 1 мамыр мен 30 мамыр аралығында өтетін Іле-Балқаш регатасымен басталады. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, он бірінші мәрте жалау көтерген шара адамдарды қоршаған ортаны қадірлеу мен табиғатты аялауға үндеді. Айға созылатын жүзу сапарына 70 команда қатысатыны да үлкен қуаныш.
Қапшағай сыртындағы «Мұрагер» экологиялық лагері демалыс кезеңі басталысымен мектеп оқушыларын қабылдауға есігін айқара ашады. Жолдаманың құны 9500 теңге болса, оның ішіне экскурсия, аквапаркті тамашалау, лагерь іс-шаралары, бес мезгіл тамақтану кіреді. Лагерьге Қапшағайдағы балалар үйі мен көп балалы отбасыларынан бүлдіршіндер келіп, тегін демалады, денсаулықтарын түзейді.
Қапшағай жағалауында соңғы жылдарда туризм индустриясының қарқынды дамуы байқалады. Өткен, 2010 жылы көрсетілген ақылы туристік-сауықтыру қызмет көлемі 385 000,0 мың теңгені құрғаны осының дәлелі. Аймақтағы туризмді дамыту бағдарлы шаралармен жалғасын тапқан. Мәселен, Қапшағай демалыс базаларында халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі туристік көрмелер, жәрмеңкелер мен конференциялар өткізіліп, оның мыңызына мән беріледі.
Шаһарда ішкі туризмді дамытумен 5 туристік фирма айналысады. Олар облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы ұйымдастыратын жылдағы жәрмеңкелер мен экспедицияларға қатысады. Өткен жылдың шілде айында «Сарқылмас саяхат» атты халықаралық жәрмеңкеге Қапшағай қаласы атынан «Оазис» спорт-көңіл көтеру кешені «Қапшағай фарфор» акционерлік қоғамы, «Аквапарк» серіктестігі, «Марат» фотосалоны қатысып, жақсы жұмыстарын жарнамалауына мүмкіндік алды. «Алматы облысындағы туризм саласының мүмкіндіктері» атты облыстық конференцияға спорт-көңіл көтеру кешені өзінің инвестициялық жобасын ұсынып, абыройымен қорғағанын да айтқан жөн.
Туризмді дамыту бағытында бәсекеге қабілетті жаңа туристік нысандар салу көзделген. Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында 2010 жылы 3 жаңа туристік құрылым іске қосылып, оған 577 млн. 360 мың теңге инвестиция тартылған.
Туризм саласындағы мекеме қызметтерінен түскен пайда 2015 жылы 2008 жылға қарағанда 47,5 пайызға өседі деп жоспарланған. Осы салаға салынар инвестицияның негізгі қорын 2015 жылға қарай 40 пайызға жеткізу бағытындағы жұмыс ынтамен атқарылуда. Туристік индустрия құрылысының өсуіне байланысты көрсетілер туристік қызмет көлемі де жыл сайын 10 пайызға көтеріліп, жоспардың мақсат-мүддесін айқындай түсіп отыр.
Жасөспірімдер туризмін дамыту да басты назарда. Осы бағытта «Менің Отаным – Қазақстан», «Туған жерім – жерұйығым» атты экспедициялар ұйымдастырылған. «Мұрагер» экологиялық тобы «Таңбалы тас» экологиялық акциясын өткізсе, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы М. Елеусізовтің және Есік зообағының директоры А. Шляховтың қатысуымен экологиялық конференцияның да жас ұрпақтың қоршаған ортаға деген көзқарасын қалыптастыруға тигізген әсері мол деуге болады.
Қапшағай су қоймасында үш бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде. Аймақтағы туризмнің инфрақұрылымдарын дамыту үшін міндетті түрде туристер жалпы пайдаланатын жол-көлік, оған қоса сумен, электр энергиясымен және канализациямен қамтамасыз ететін инфрақұрылымдарды жетілдіру қажеттігі алға қойылған. Осылайша Қапшағайда туризм кластерін дамыту ісі одан әрі өз жалғасын табатынына бүгінгі қолға алынған ұтымды істер нақты дәлел.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.