Саржал – сары қымыздың отаны
Сөз басында бірден айта кетейік, бұл сапарға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовтің, осы өңірдегі қалың жұртшылықтың тарапынан зор қолдау білдірілді. Ал оның себебі жоқ емес-ті. Өйткені, атом аждаһасын ауыздықтау егемендігіміздің елең-алаңындағы елеулі оқиғалардың бірі ғана емес, бірегейі болатын. Елбасымыз өзінің осы орайдағы Жарлығына кешегі алып империя ыдырамай жатып қол қойғандығын теңдессіз ерлік, кемеңгерлік саясат нәтижесі деп түсінгеніміз ләзім.
Осы орайда уақыттан озып айта кетейік, алдағы күзде, қазан айының басында Семейде сол маңызды оқиғаның 20 жылдығына байланысты алқалы жиын өткізіліп, оған бірқатар мемлекеттердің басшылары қатысып, әлемде қатерлі қаруды ауыздықтау жөнінде Семей декларациясы қабылданады деп күтілуде. Міне, осындай салиқалы себептерден соң жолға шығып кеткен едік. Ал бұл жолғы сапардың мәнісі мынада еді. Яғни, 20 жылдық қос мереке қарсаңында қалың жұртшылыққа бұл тарихи оқиғаның мән-маңызын тағы да тереңнен қозғап түсіндіру бір міндет болса, екіншіден, кешегі сынақ аймағының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, жергілікті халықтың пікір-ұсыныстарына құлақ асу болатын. Тегінде мұндай сапар ел газеті «Егеменнің» тарапынан тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырғанын тағы бір рет еске сала кетсек, еш артықтығы болмас деп ойлаймыз. Әдеттегідей бұл сапарға жаяу жүргіншілерді осы идеяның авторы, «Егеменнің» ардагер журналисі Мамадияр Жақып бастап шықты. Оның құрамында дәстүрлі акцияның тұрақты мүшелері, республикалық Абай қорының президенті Балтабек Ерсәлімұлы мен осы жолдардың авторы, сондай-ақ «Невада – Семей» ядролық сынақтарға қарсы халықаралық қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев, «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының белсенді мүшелері Мақсұт Көшжанов пен Ерғали Мергенбаев, Ерғалидың туған қарындасы, Абыралы өңірінің тумасы, Қырғызстаннан келіп жатқан қонақ, белгілі суретші Гүлнафис Мергенбаева болды. Осындай құрамдағы салиқалы топқа Абай, Абыралы өңірінде ұзақ жыл басшы қызметте жемісті еңбек еткен, ал бүгінде Семей қалалық әкімдігінде жауапты қызмет атқарып келе жатқан Берік Көпбаев ере шығып, ерекше қамқорлық танытып бақты. Сонымен 23 мамырда түс ауа Семейден шыққан біз кешкілік Семей атом полигонының нақ эпицентрі болып табылатын, төтенше радиациялық аймақтағы Саржал ауылына келдік. Бұл ауыл бейбіт заманда қырық жыл жер үсті, жер асты сынақтары жүргізілген Дегелең тауынан небәрі 25-30 шақырым қашықтықта орналасқан. Тегінде Саржал ауылы ұлылар еліндегі іргелі ауылдардың бірінен саналады. Жалпы, Ши деп аталатын бұл өңір заманында Шоқан Уәлиханов пен Мұхтар Әуезовтің назарына ілігіп, қағазға түсіп, тарихқа енген. Айтса айтқандай-ақ, Ши өңірінде талай қасқалар мен жайсаңдар өмірге келген. Соның бірі – әрі батыр, әрі би Доғал. Ол ел көзіне енді түсе бастаған жас Құнанбайға қазіргі тілмен айтқанда, демеуші болып, бір түйемойнақ алтын-күміс сыйлапты. Ал ол дегеніңіз, түйенің мойын терісінен жасалған үлкен қапшық көрінеді. Осы өңірдің тағы бір айтулы түлегі Ахметжан Қозбағаров Әлихан, Міржақыптармен бірге жүріп, Алаш туын көтеріскен. Сол шақта Семейдің атақты байларының сапынан табылған Қаражан Үкібаев болса Мұхтар мен Жүсіпбек шығарған «Абай» журналына демеушілік танытып, зор қолдау білдірген. Кешегі халық ақыны Тәңірберген Әміренов пен Бекен Жамақаев та осы өңірдің түлектері. ...Саржал ауылында халық саны бір кездері 6 мыңның төңірігінде болса, қазір содан қалғаны екі мыңға жетер жетпес. Басқаны айтпағанда, соңғы отыз жылда осы ауылдан бір мыңға жуық адам опат болған. Кезінде Семейдегі радиациялық диспансер арқылы арнайы бақылауға алынған 300 адамнан қазірде бірен-саран адам ғана жер басып, аман жүр. Сынақ зардабынан өзіне өзі қол жұмсағандар саны алпыстан астам. Мектепте өткен жиында осының бәрі айтылмай қалмады. Мектеп мұғалімі Болат Балтабековтің 25 төсектік ауыл ауруханасының жабылып қалғанына реніш білдіруі орынды ма дедік. Оның сынақ аймағындағы тұрғындарға беріліп жатқан жеңілдіктерді қайта қарастыру керек деген ұсынысын да құптамасқа болмайды. Осындай пікір-ұсыныстарға қосыла отырып, жергілікті азаматтардың тек үкіметке иек арта бермей, өздері де тырбанып, тіршілік жасауын қалар едік. Абыралы –Сарыарқа кіндігі Саржалдан Қайнарға дейінгі жол 130 шақырым. Қоңсылас екі елдің шекарасындағы Айнабұлақ ауылының тұрғындары бізді жол айрығында қарсы алды. «Газель» автокөлігінің қабырғасына «Марафоншыларға жалынды сәлем!» деп жазылған айшықты жазу сонадайдан көз тартады. Кең дала төсін күмбірлетіп әсем әнге бөлеген жеткіншектердің қоңыр салқын үні жаныңды жадыратады. Кешке қарай Айнабұлақ ауылына келіп жеттік. Бұл ауылдың да өзіндік тарихы жоқ емес. Яғни, биылғы жылы аталған ауылдың да, ондағы тоғыз жылдық мектептің де ашылғанына – 20 жыл. Тарихи әділеттілік орнап, Абыралы ауданы қайтадан ашылғанда тың жерден Сапарғали Бегалин атындағы шаруашылық ұйымдастырылған болатын. Жаңа шаруашылықтың іргетасын қалап, шаңырағын тіктесу мақсатымен Айнабұлаққа 130 отбасы көшіп келген еді. Шаруашылыққа 22 мың қой, 500 жылқы, 120 бас ірі қара бекітіліп беріледі. Өкінішке қарай, нарық келіп есік қағып, шаруашылықтар таратылғанда тыңнан ашылған жаңа ауылдың күйісі кеткен. Сол шақта айнабұлақтықтар ашығып жатыр дегенді естіп, жолға шыққанымыз бар. Сонда мұндағылардың ашығып жатпаса да, тарығып қалғанына көзіміз жеткен. Ауыл аты Айнабұлақ болғанмен, ел ауыз суға жарымай отырғанын айтып, сын мақала да жазылған. Қазір тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да бұл ауылдың шамы жарық екен. Ауыл мектебі осыдан үш жыл бұрын күрделі жөндеуден өткізіліпті. Бүгінде іші-сырты кірсе шыққысыз, аршыған жұмыртқадай таза, ұқыпты қолдың ізі бірден көзге шалынады. Осыдан үш жыл бұрын қалалық оқу бөлімі аталған мектепке жаңадан «Газель» автокөлігін бөліпті. Соған орай мектеп басшысы Нұрпану Тілеубекқызының сөзіне қарағанда жағдай жақсы деуге болады. Тағы бір айта кететін жәйт сол, мұнда жаңа шаруашылық ашылғанда оның басшысы болып үлкен өмір мектебінен өткен осы өңірдің тумасы Ғизат Ерденбеков тағайындалса, қазірде бұл ауылдың тізгінін оның ұлы Ербол қолында берік ұстап отыр. Мұндағы мектептің жағдайын жоғарыда айттық. Оның сыртында ауыл клубы тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұрынғыдай емес, ауылда су құбыры тартылған. Рас, тозығы жеткен оны қайтадан жаңалау алдағы күннің еншісіндегі әңгіме. Айнабұлақтан соң бізді Әміренің туған Ақбұлақ ауылының тұрғындары шашу шашып қарсы алды. Ауыл әкімі Ержан Әлімбеков ауылға да, мектепке де Әміренің атын сұрап жүргендерін тілге тиек етті. Ол да жөн шаруа ма дейміз. Иә, мұндай хас талант есімі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Бұдан соң Абыралы өңіріндегі Таңат ауылын бетке алып келеміз. Осы жердегі шаруашылық кезінде біздің басылымның атынан, яғни «Социалистік Қазақстан» деп алатын еді. Бұл аға басылымға деген құрмет болатын. Соған орай ел газеті «Егемен» де қарыздар болып қалмаған. Соның айғағындай, еліміз егемендікке енді қол жеткізіп жатқан шақта тарихи әділеттілікті қалпына келтіріп, Абыралы ауданын қайтадан ашу туралы мәселеге бастамашы бола білген. Солайша елдің тілегі де, ел газеті «Егеменнің» де тілегі қабыл болған. Өкінішке қарай, тоқсаныншы жылдардағы қиыншылықта жаңадан ашылған аудан жабылып тынған. Иә, заман түзеліп келе жатыр ғой, аудан қайта ашылса деп ел тілек айтады. Ел тілегіне қосылмасақ, оны теріске шығармаймыз. Таңаттықтар да бізді ауыл шетінде шашумен қарсы алды. Ауыл әкімі Амантай Кемербаевпен жетпістің желкесіне шыққан ақсақал Өміржан Жақып бірден көзге түсті. Өміржан Жақып біздің кейіпкеріміз еді. Өмекең қандай марапатқа болсын лайық. Нақтылап айтсақ, ақсақалдың осыған дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы бойынша 28 жобаға қатысып, соның тең жартысын ұтып алғаны үлкен жетістік. Асыл азаматтың бүгінде алты ауылдық окургте өзіндік қолтаңбасы бар. Айталық, Қайнар, Алғабас, Ақбұлақ ауылдарында құдық қаздыруға мұрындық болған. Ал Таңат ауылында қосымша төрт сыныптық мектеп ғимаратын, клуб, ақын Төлеужан Ысмайылов мұражайын, шағын киім тігу цехын ашқан да осы кісі. Таңат ауылындағы «Бота» деп аталатын 20 орындық балабақшаның ашылуына куә болған едік. Оған да мұрындық болған Өмекең. Таңаттан шыққан соң келер күні түсте Абыралы ауылының аумағындағы Сеңкібай қажының мазарына барып зиярат еттік. Биылғы жылы туғанына 200 жыл толып отырған бұл бабамыз тек қана қажы емес, көріпкел, әулие адам болған екен. Әулиенің мазары 1997 жылы халықтың өз күшімен салыныпты. Жалпы, Абыралы өңірінен 150-ден астам қажы шыққан екен. Бұл мазарды солардың баршасына көрсетілген құрмет деп түсіндік. Ауыл әкімі Рысбек Жәкішев ауыл өміріндегі өзгеріс-жаңалықтармен бірге, алда тұрған келелі мәселелерден де аттап кетпеген. Мәселен, сөз арасында мұндағы су құбырының жайы да айтылмай қалмаған. Мұны біз тиісті орындардың құлағына алтын сырға деп қабылдадық. Ал жақсы жаңалық дегенде әкім аузынан айтылған өз күштерімен сынақ құрбандықтарына арнап ауылда монумент тұрғызғалы жатқандығы туралы хабар баршамызды елең еткізген. Осындай жаңалықтарды жаяу жорығымыздың соңғы нүктесі болып табылатын Қайнар ауылынан да көп естідік. Мұнда алдағы күзге дейін Абыралы көтерілісінің 80 жылдығына дейін айшықты монумент орнатылмақ. Монумент демекші, қайнарлықтар бізді ауыл сыртындағы сынақ құрбандықтарына арналған зәулім ескерткіш басында қарсы алды. Бұл монумент осыдан екі жыл бұрын «Абыралы – Дегелең» қоғамдық қорының бастамасымен ашылған болатын. Осы монумент басынан Қайнарға жеткенше ауыл әкімі Еркебұлан Шәріпханов ел өміріндегі жаңалық-өзгерістерді айтып үлгерді. Қайнар ауылының мәдениет үйінде өткен жиында да мағыналы сөздер алға тартылды. Айталық, ардагер ұстаз Қабдырахман Ғабдолла атом сынағын тоқтату мәселесі 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен соң іле-шала күн тәртібіне шыққанын, Қайнарға сол жылдары Олжас Сүлейменов, Жабағы Тәкібаев, Сағат Әшімбаев сынды ұлт жанашырлары келіп кеткенін тілге тиек етті. Тағы бір ардагер Дүйсен Лепсібаев айтпақшы, осы өңірге қарасты Мейзектегі ашық кеніштегі жағдай да көңіл алаңдатарлықтай. Онда еңбек етіп жатқан абыралылықтар арасынан өзіне өзі қол жұмсап жатқандар бар көрінеді. Ауруын жасырған өледі дейді халқымыз. Бұл мәселені де ашық айтып жатқанымыз сондықтан. Курчатов – кемел келешегіміздің кепілдігі Сөз басында айтқандай, Саржал ауылынан басталған жаяу сапар Қайнар ауылында өзінің сөресіне жеткен. Одан біз көлігімізге мініп, кешегі Семей атом полигонының «астанасы» іспеттес Курчатов қаласын бетке алып, жолға шыққанбыз. Саржал ауылының аумағындағы кеніш жерін осы өңірдегі шаруашылық басшысы кезінде керексіз деп танып, айырылып қалған. Содан бағалы байлықты астына басып жатқан қазыналы аумақ әскерилердің еншісіне біржола өткен. Ал полигон жабылып тынғанда оның қызығын пысықай кәсіпкерлер көрген. Одан кейінгі жерде бұл көмір кеніші қолдан қолға өтіп келеді. Ондағылар ана бір жылдары Саржал ауылына аздап көмектескені болмаса, кеніштен басқа қайран жоқ. Айтайын дегеніміз де осы. Қай жерден қазба байлық шықпасын, оның белгілі бір бөлігі жергілікті тұрғындардың пайдасына жаратылып жатса дұрыс болмас па еді!? Мұның астарына қос Парламенттегі депутаттарымыз үңіліп көрсе қайтер екен? Әне, полигон астанасы болған Курчатов қаласының сұлбасы көзге шалынды. Сол-ақ екен, бұл қала туралы өзіміз білетін тарихи деректер еске оралған. Тегінде сайын Сарыарқа төсінде, кіл қазақ аудандарының ортасында болашақ полигон астанасын тұрғызу жөнінде сол кездегі Одақтық үкіметтің шешімі 1947 жылдың тамыз айында шыққан екен. Арада жылға жуық уақыт өтпей жатып Мәскеу, Тула, Могилев, Петрозавод, Кандалакш және басқа әскери окургтерінен жасақталған әскери күш қазіргі Курчатов қаласы жайғасқан Май ауданының Молдары ауылына келіп үлгереді. Жалпы, 1948 жылдың бірінші маусымы полигонның «туған күні» болып есептеледі. Одан кейінгі деректер бұдан соң қазақ жерін сынақ ретінде пайдалану мақсатындағы істің жедел қарқынмен жүргізілгенін айғақтайды. Соның айғағындай, арада бір жыл өтісімен, нақтылап айтсақ, 1949 жылдың 29 тамызында алып империяда алғашқы ядролық жарылыс сынақтан өткізілген. Ұзын сөзді қысқартып айтсақ, 1949 – 1989 жылдар аралығында бұрынғы Семей атом полигонында барлығы 500-ге жуық ядролық сынақ өткізілген. Бұл осы жылдар ішінде бүкіл әлем бойынша өткізілген жалпы ядролық сынақтардың төрттен бірін құрайды. Енді, Курчатов қаласының өткен тарихына қайта оралатын болсақ, оның бастапқыда шартты түрде «Мәскеу-400» деп аталғанын айта кеткеніміз жөн болар. Ал оны мекендей бастаған жергілікті халық өз қалаларының болашағынан үміттеніп, оны өзара «Үміт» деп атайды екен. Мұның сыртында қала бірде «Конечная», енді бірде «Берег», сондай-ақ, «Семипалатинск-21» аталып келді. Осы орайда, бұл шағын қаланың сол шақта тез гүлденіп, шын мәнінде жұмаққа айналғаны рас. Мұнда сәулетті мәдениет үйі, гүлге бөленген парк, тіпті фонтанға дейін жұмыс жасаса, дүкендер қат тауарлардан қайысып тұрды. Мұндағы аурухана, емханаңыз да бүгінгі күн талабына сай болатын. Ал сынақ өткізілетін күн желдің бағытына қарай белгіленетін. Яғни, сынақтан мұндағылар зардап шекпеуі қатаң ескерілетін. Қалай десеңіз де, шындық алмас қанжар секілді, қап түбін жарып шығады екен. 1989 жылдың 12 ақпанында дұрыс жасалмаған сынақ салдарынан ауаға жайылып кеткен радиактивті газ елімізде «Невада – Семей» сияқты ядролық сынақтарға қарсы қуатты қозғалысты өмірге әкелді. Ал 1991 жылдың 29 тамызында, яғни, алғашқы сынақ жүзеге асырылған күні егемен еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғашқы жарлықтарының бірімен әлемде тұңғыш рет атом полигондарының бірі ресми түрде жабылды. Ұлтымыздың Көшбасшысы атом аждаһасының аузына құм құюмен шектеліп қалмады. Яғни, 1992 жылдың 15 мамырында Елбасының кешегі Семей атом полигоны комплексінің базасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығын құру туралы Жарлығы шықты. Ал бұл атомды бейбіт мақсатта пайдалануда болсын, қоршаған ортаны сауықтыру ісінде болсын, түптеп келгенде кешегі ғылыми потенциалды сақтап қалуда болсын аса игілікті шаруа болды. Қазірде орталық сондай игілікті шаруаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруда. Соның нәтижесінде, Курчатов қаласына шетелдерден инвестиция ағылып келе бастады. Сонымен бірге, мұнда ғылым мен техника жаңалықтары да өндіріске көптеп енгізілуде. Бұрнағы жылы аталған орталықтың бас директоры, академик Қайрат Кәдіржанов бастаған бір топ ғалымның Мемлекеттік сыйлық алуы көп нәрседен хабар берсе керек. Міне, жаяу жорыққа қатысушылар полигон мұражайында тұрмыз. Экскурсовод Ажаргүл қарындасымыз екі тілге бірдей екен. Полигон, қала тарихын ана тілімізде жатық айтып шыққанына сүйсіндік. Қала демекші, мұнда қазірде қазақ мектебі, мешіт жұмыс жасап тұрғанын, алыстан келген ағайындарға деп бес қабатты екі үй берілгенін бұрыннан білеміз. Бір сөзбен айтқанда, кешегі полигон «астанасы» қазақыланыпты. Сапар соңында бір кезде полигон «астанасы» болған Курчатов қаласында ядролық сынақтарға қарсы «Невада – Семей» халықаралық қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев жаяу жүргіншілердің топ жетекшісі Мамадияр Жақып пен республикалық Абай қорының президенті Бастабек Ерсәлімұлына аталған қоғамның мерекелік медалін салтанатты жағдайда табыс етті. Сөйтіп, бір аптаға созылған жаяу жорық қай жағынан алғанда да әсерлі өтті. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,Семей – Саржал – Қайнар – Курчатов – Семей.