Мұқағали-80
Бір-біріне бауыр басып, тектұрлары төбесімен көк тіреген бұл өлкеге пенденің сүйінгеннен басқа ешқандай шарасы жоқ. Кешігіп келсе де көктемі қандай! Сіреу қар көбесі сөгілісімен жаратылыс жайнап сала береді. Өртеңде бөртегүлдер бүр жарып, беткейлерде бозқараған гүлдейді. Бозборан түтекте жұмыртқа шайқаған қырандар шаңқылдайды. Құж-құж құздарында қозықасын ерткен құлжалар қылтияды. Шыңдар мен шатқалдарда жастық әлемінің жасыл жебесіндей шыршалар шаншылып, жанарды жаулайды. Сағындырып келген назерке жазы ше? Жұрттың арқа-басы кеңіп, бұлттармен араласып, жайлауға көшеді. Желіден босаған құлындар жұнттай болып, түгі жылтырап, асау желмен жарысады. Енесін емексітіп қозы-лақ отығады. Сал дәурен ұзағынан сүйіндіретіндей. Бірақ, томсырайып кешеу күз келіп, қайдағы-жайдағы тәтті мұңды қозғап, тыраулаған тырналар көші кернейлетіп күнгейге тартады. Жоталарда жынын шашқан бурадай шөгіп алып, бұрқ-сарқ еткен қысын суреттеуге тіл жете ме? Пай-пай!.. Мұнда жер жүрегі лүпілдей соғып тұрғандай.
Қашан барсаң да Абайдың Жидебайындай, Ілиястың Ақсуындай, Қасымның Қарқаралысындай Мұқағалидың Қарасазы да әдемі әсер қалдырады. Жыр кіндігі. Ол ойында ортекедей орғып, қырында көкбөрідей жортып осында туып-өсті. Жалғыз емес екен. Нарынқолдың наркескен ақыны Еркін Ібітанов екеуі құлын-тайдай тебісіп, өмір мен өнер әліппесін ашты. Ағасы Бердібек, тұрғыласы Тельман және інілері прозашы Баққожа мен шайыр Батық таяқ тастам жерде ғұмыр кешіпті. Ұжымшардың алғашқы ұйытқысы әкесін майданға шығарып салып, орыс ормандарының солтүстік-батысында шейіт болатын оны сағына жүріп, соқаға өгіз жегіп, бұғанасы әлі бекімеген қаршадай бала масақ теріпті. Бұлар Мұқағалидың тұңғыш табалдырық аттаған өмір мектептері.
Сары құрылықтың беломыртқасындай Тәңіртаулар тізбегі таусылған ба? Арыдан қаһарлы Хантәңірі қабақ түйіп қарауытады. Беріден біртүрлі Елшенбүйрек елжіретеді. Ұлы таулар қоршай қаумалап мысы басатындай. Оны рухы биіктер мекендейтіндей тек. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарының басы. Алматы кинотехникумын бітірген бір топ өрімдей жас құдай айдап тұз-дәм бұйырып, Кеген асып, Нарынқолға атбасын тіреген. Сондағы жұрттың шектен тыс қонақжайлылығы қайран қалдырған болса, әлі отызға жетпеген Мұқағали жанына жыр ұялатып, қыран қанатын қомдап, алыс көкжиекке көз жібергендей күй кешіп жүрген кезі болатын. Оған Қарасаз қыраны, Хантәңірі мұзбалағы десе де жарасып тұр. М.Мақатаев поэзия патшалығын иемденіп, Абай санатындағы биіктен түспей қалды.
Сырым да осы.
Жырым да осы алдыңда,
Байқашы бір: бықсыдым ба, жандым ба?
Махаңдар жоқ. Махаңдардың сарқыты
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!
«Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп жыр-әулиені пір тұтқан ақын дәстүр мен жаңашылдықты жалғастыра отырып, кімді айтты? Махамбет Өтемісұлын ба, жоқ Мағжан Жұмабайды ма? Бұл бізге жұмбақ болғанмен, өзіне аян. Ұлттық әдебиет тарихы мысықкөмбеге айналдыруға ешқашан көнбейді. Нәйеті жиырма жылдың о жақ, бұ жағында Мұқағали Мақатаев қазақ ақынының қандай болуы керектігін танытып өтті. Қиырға ұшатын ата қырандай қайратқа мініп, мұзбалаққа тән мінез көрсетті. Жан-жануарлар мен құстар ішінен тек сұңқар тектес қанаттылар ғана аса өжеттікпен күн көзіне жасқанбай тіке қарай алады екен. Жетістіктері мен кемістіктері, жақсылығы мен жамандығы ұдайы итжығыс, үнемі қыл үстінде жүретін адам баласы арасында ақындар ғана шыжғырған шындықпен бетпе-бет келіп, оның шырайына қаймықпай қарай алады. М.Мақатаев сондай жыр жарқылынан жаралған жан.
Гәп бұрқыратып аз немесе көп жазуда емес. Қазақтың бас ақыны туған халқын сүйгендіктен замандастарын қалай мінеп-шенейді? Ол шығармаларын жинап, кітап шығаруды үрдіс етпепті. Бертінге дейін неге өлеңдерін Көкбай атынан жариялады? Неге өйтті? Ол артына бар-жоғы 5313 жолдай жыр жазып, 1700 жол тәржіма жасап қалдырса; ең ұзақ еңбек еткен 1897 жыл – 397 жол, ал ең аз қалам тартқаны 1885 жыл – 14 жол. Мұқағали да осы санатқа жатады. Қалай, қайтіп жазам десе де оған онша кедергі бола алмай, еркін жүріп, еркін сілтеді. Кезінде Қазақстан Жазушылар одағы мен оның басылымы «Қазақ әдебиетінен» қағажу көрді. Алайда, қолын ешкім қаққан емес. Кейбір көкейкесті мәселелерді ақынның өзі тудыратындай, қасақана жасайтындай көрінетін. Ол қалам тартқан қай тақырыпты алсаң да жәмиғат пен табиғат, адам мен заман, өмір мен өлім бәрінде де қамшы салдырмайды. Оқырман ойы мен қайсыбір әлеуметтік-қоғамдық күштер дүмпуімен ұлттық ақын болып санада қалыптасты. Оны қолтоқпақтай кекілді бала мен тұлымшағы желбіреген қыздан бастап, кеудесі қазынаға толы қарттарға дейін оқиды. Бірақ дүниежүзі деңгейіне көтере алмай жүргеніміз көңілге кірбің түсірмей ме? Абай мен Махамбеттің кебін ол да киді. Басқа басқа, тіпті ол қоңсымыз орыс тіліне де жөндеп аударылған жоқ. Ондай ниет те байқалмайды. Бұдан отыз жылдай бұрын шала-пұла асығыс тәржімеленіп жарыққа шыққан жетім жинақ па?! Жалпы, Мұқағали Мақатаевтың аудармашылығы ауқымында кеңінен сөз ететін кез жеткендей. Біз тек ол Алигьери Данте, Уолт Уйтмен және басқаларды қазақша сөйлетті деп мәз болып жүргендейміз әлі. Ол қайтіп, қалай тәржімалады? Тағы да тілімізді тістегендей күйге тап болған жағдай. Бұл Шәкәрімнің тәржіма туралы айтқанына жан бітіре түседі: «Шығарманы аударушы адам сол шығарманың мазмұнын түсінумен қатар жазушының (яки ақынның – А.Н.) нәзік сезімін, шеберлігін, шығарманың қандай күйде, қандай рухта жазылғанын жақсы білу. Демек, аудармашы сол аударманың авторынан ой-санасы, сезімі төмен болса, онда аударма дәл болып шықпайды. Шығарма аударылғанда рухынан айырылып қалса, онда аудармашының жазушыға қиянат істегені болады». Аудармашылық қызметі Мұқағали Мақатаевтың ақындық қуатын күшейтпесе әлсіреткен жоқ. Қай тақырыпты жырласа да ішкі қажеттіліктен туатындай. Табиғат па – тасасында адам, оның сезімі шарпысып жатады.
Жапырақ-жүрек, жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң,
Мен қайың бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың?
(Көрінер, мүмкін, кімге ерсі)
Өміріңді маған бір берші!
Дүрбелең мына дүниені,
Адам көзімен бір көрші.
Қайың боп мен де бағайын,
Орманнан орным табайын.
Беймәлім мына өмірге,
Қайың көзімен қарайын.
Сен-дағы жерден нәр алдың,
Мен-дағы жерден нәр алдым.
Біреуден сен де жаралдың,
Біреуден мен де жаралдым.
Тілің жоқ, жанды қайың сен,
Айырмашылығым – Адаммын.
Адам қайыңға, қайың адамға айналып кеткендей жаратылысқа ажырамастай жан бітіп тұр. Тау мен дала, көл мен шөл, шорағай мен қарағай суреттелгенде ақын арқаланып, бай бейнелеу құралын жұмсап, бәрін ажарлы айшықтайды. Найзағай шатырлап, бұлттар көшіп, жауын нөсерлеп, қар қылаңытып, күн шапақтанып, таң нұрланады. Ол жұмыр басты пенденің көңіл күйімен астасқанда аспан айырылып, жер жарылмайды. Ақын күнделігінің арасында маусымның алғашқы онкүндігінде жайлауда тізеден аса қар жауғанын айтып, тау мінезіне таң қалғаны баяндалады. Ол күйініш пен сүйінішін, жеруі мен зерігуін, құштарлығын сезімге орап жеткізеді, табиғатқа ұмсынып, оны ғашық көзбен көреді. Бұл саладағы біраз лирикасы өзектен өріліп, болмыс-бітіммен тонның ішкі бауындай тұтасып жататыны сондықтан. М.Мақатаев налыса да, қуанса да бүкпесіз жан сырын ақ қағазға ақтарады: «...әзірге немен тынары белгісіз, барым менің, балам менің, жарым, жақсылығым менің – поэзиям, тек сені сақтап қалсам екен. Сені де өлтіргісі келе ме, қалай? Олай бола қоймас, егер бола қалса, қалған өмірдің қызығы не маған. Ойлап отырсам, менде бір-ақ арман бар екен. Ол – қалайда халқыма жағыну, ұнау деп едім. Халқым, үнімді қалай жеткізем саған?». Ақын – қазақ әдебиетіндегі күрделі құбылыс. Оның мұңы мөлдір. Жан жарылысындай. Ел мен жер, өскен орта мен отансүйгіштігі орасан, оқшау.
Басымды иіп, тіземді бүгіп тұрып,
Ажарымда айдындай шуақ тұнып.
Отанымды сүйемін күліп тұрып,
Отанымды сүйемін жылап тұрып.
Қыбланамадай жақсылыққа қарай бұрылып тұратын жүрегі қандай нәзік! Дүниеқоңыздық пен дәлдүріштікке, аярлық пен зұлымдыққа жаны қас, шындық үшін шырылдап, ара түседі, қатыгездік пен қараулыққа шыдамайды. Барлығына аңғалдықпен баладай сеніп, ұстанымдарында кіршіксіз ар-ождан мен биік адамгершілік мұраттарды ту етіп ұстап, жүрек отын маздатады. Көп өлеңдері мен толғау-поэмалары туған топырақ пен қазақ даласына деген ыстық сүйіспеншілікке суғарылып, перзенттік парасат пен махаббаттан нәр алып жатқандай. «Алатау, Алтай, Атырау» осындай өлең-өрнегінен туады. «Мен өзімді зерттей алмай келемін» деп жарық жалғанға жар салады. Менің көз алдымда екі Мұқағали елес береді. Біреуі – күн шуақты, жайдары – жаз, жүзінен нұр шашып тұрған кез, онда сабазың үстіне тау құлатсаң да, көтере береді. Екіншісі – айбарлы арыстан, тісін қайрап атылуға жақын тұрғандай. Ол кезде жүзіне тура қарай алмайсың. Ақырын жүріп, аңдап сөйлейсің. Мұқағалида әртүрлі мінез бар еді». Әйтпесе, ақын бола ма? Мінез байлығы оны шығармашылықтың шырқау шыңына шығарды. Ұлттық құндылықтар өз алдына, ол әлем және орыс әдебиетін жақсы білді. Шалкөденің шалғынына жатып алып таудың шаңқай түсіне дейін ұлы ұстаздарды оқығаны, тіпті жаттағаны жасырын емес.
1973 жылдың күзінде біраз уақыт Мұқағали Мақатаев Мәскеуде болып, М.Горький атындағы Әдебиет институтының жоғарғы курсында дәріс тыңдады. Ол мұнда орыстың көптеген А.Межиров, А.Вознесенский және басқа да ақындарымен танысып, емін-еркін сұхбат құрды. Көңіл көкжиегін кеңейтті. Мұнда қаншама беймаза мезеттерді бастан өткерді. Базбір сыншылар бұны байқамағансып жүргендей. М.Мақатаев Мәскеу меридиандарында болып, базыналық жасап, замандастарына наз білдіреді. Ақын осында жүріп, «Түсіме тау кіреді», «Жүрегім менің – жанартау», «Сағындым ғой», «Пушкинмен қоштасу», «Сынық қанат шағалам», «Есенин-Маяковский» және өзге де өрелі де өрісті өлеңдерін жазды. Бұлар өршіл өмірбаянның жарқын беттеріне айналды. Енді жырмен өрілген бұл іздерді ешкім өшіре алмайды.
М.Мақатаев қай тақырыпты қаузаса да тыңғылықты ізденіп, үлкен дайындықпен келетін. «Мавр», «Аппасионата» («Ильич»), «Райымбек, Райымбек», «Чили – шуағым менің», т.б. толғау-поэмалары сондай зерде қойып, шұқшия зерттеудің нәтижесінде жүректерге жол тартты. Ақын тұрмыс тауқыметін тартып, қанша қатшылық пен зәрулікке ұшырап жүрсе де тағдырға мойынсұнып, (анда-санда мойығаны болмаса) осалдық танытқан жоқ. Талантқа табынушылар аз емес болатын. Ғабит Мүсіреповтің «Аққулар ұйықтағанда» поэмасына жылы лебіз білдіріп, алтын қалам сыйлауы, Әбділда Тәжібаевтың «Тұрпаты бөлек ақын келді» деп туған халқынан сүйінші сұрағандай болуы жай қатардағы қарапайым оқиға емес. Бұлар оған деген қамқорлық пен жанашырлықтың кенде болмағанын көрсетеді. Қазақтың ақиық ақыны атанған Мұқағали Мақатаев ширек ғасыр тынымсыз еңбек етіп, жеті жинақ шығарып, артына қыруар мұра қалдырды. Олар туған халқының рухани кәдесіне жарап, үлкен қызмет атқарып келеді.
Аян НЫСАНАЛИН.
___________________
Суретте: Мұқағалидың авторға жазған хаты.