Облыс орталығының 860 кішкентай тұрғыны Елбасы тапсырмасында айтылған мемлекеттік «Балапан» бағдарламасының арқасында осындай жаңа балабақшалар есігін ашты. Ата-аналар да қуанышты. Қала әкімі Бақытжан Жоламановтың айтуынша, жыл сайын балабақшалардың да саны артып келеді, сонымен қатар, кезекте тұрған отбасылардың да қатары көбейіп келеді. Бұл – қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жақсарып, демографиялық көрсеткіштің өскенінің белгісі. Ал, жалпы биылғы жылы облыс бойынша «Балапан» бағдарламасы аясында 20 балабақша, мектептер жанынан 100 шағын орталық пайдалануға беріліпті. Жыл басынан бері қала бойынша 2 мыңға тарта бүлдіршін бақшаға барып, жаңадан 300 жұмыс орны ашылыпты. Ал, Шәкен Айманов атындағы көшедегі жаңадан ашылған №22 балабақша 240 балаға арналған. Мұнда қазақ және орыс тілдерінде тәлім-тәрбие беретін бірнеше топ бар. Бақша директоры Ирина Голубничаяның айтуынша, мұнда қала бойынша туберкулез таяқшасын жұқтырған балалар емделеді. Яғни, денсаулығы ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндер үшін барлық жағдай жасалған. Дене шынықтыру залы, физио кабинеті мен музыка залы бар. Қай балабақша болмасын, заман талабына сай жаңа құралдармен, жиһаздармен жабдықталған. Ал, қалалық білім бөлімінің хабарына қарағанда, кезінде түрлі мекемелерге өтіп кеткен 8 балабақшаның ғимараты қайтарылып, бұл күндері жөндеу жұмыстары жүргізілуде десек, «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамы өз қаржысына жаңа балабақша ғимаратын салып, қаланың коммуналдық меншігіне табыс етіпті. Бүгінгі таңда облыс орталығында 53 балабақша және қаладағы 20 мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар бар. Қазіргі уақытта осы мекемелерде 5-6 жас шамасындағы 1200 балғын тәрбиеленуде. Шағын орталықтардың барлығында балаларға жағдай жасалған. Басқа жұмыстарға кетіп қалған тәрбиеші мамандар қазір қайта оралып жатқан көрінеді. Мұндай мамандардың білім деңгейін арттырып, тәжірибе алмасуы үшін арнайы курстар ұйымдастырылып, семинарлар өткізілуде.
Бір айта кететін жәйт, облыс орталығында лицензиясы бар 3 жеке меншік мектепке дейінгі мекеме қызмет көрсетеді. Осы жылдың соңына дейін тағы да 2 жеке меншік балабақша рұқсат қағазын алмақ. Ал келер жылы осы аталған мекемелер мемлекеттік тапсырысқа ие болып, балабақша кезегіндегі ондаған бүлдіршіннің өтініштерін орындамақшы. Жеке меншік балабақшаларға оған жақын маңда орналасқан мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелерде кезекте тұрған балалар ғана шақырылады. Бірақ олардың мемлекеттік балабақшалардағы кезегі сақталады. «Артықшылығы, жеке меншік балабақшалардың ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылданған әр балаға республикалық бюджеттен белгілі бір мөлшерде қаражат бөлінеді де, қалған шығынын, шамамен 40-50 пайызын ата-анасы төлейді. Сондықтан, облыс орталығында кезек күтіп тұрған әр балақай есепте. Біздің алдағы жұмыс жоспарларымыз балабақшалар санын көбейтіп, әр отбасыға қуаныш сыйлау, – дейді қалалық білім бөлімінің мамандары.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.