• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2011

Мал асылданбай өнім молаймайды

380 рет
көрсетілді

Осы бағытта қолға алынып жатқан бірлескен жобаларды іске асырудағы қиындықтар мен кедергілерді еңсерудің жолдары саналуан Елбасы Н. Назарбаев өз Жол­дауында аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жө­нінде бұрын-соңды болып көр­ме­ген жобаның жүзеге асырыла­тынын мәлімдеген еді. Биылғы жыл агроөнеркәсіп кешені үшін бетбұрыс жылына айналғалы от­ыр. Оның соңы 2016 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу межесіне ұласпақ. Мұның өзі 4 миллион тонна бидай экспор­тына тең деген сөз. Осындай қарышты қадам ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп, жүз мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріс көзіне ай­налмақ. Малдың барлық түрінің асыл түліктері мен тұқымда­ры­ның саны көбейіп, оны игеру үшін 130 миллиард теңге несие ресурстары жұмсалатын болады. Осынау іргелі міндеттерді орын­дау мақсатымен облыста арнайы бағдарлама қабылданып, шаралар атқарыла бастады. Ауыл ша­руашылығы министрлігінің жа­уапты мамандары, салалық ведомоство басшылары атбасын жиі бұрып, «ҚазАгро» АҚ-тың ірі қара малы етінің экспорттық әле­уетін дамыту жөніндегі бірлескен жобасы аясында мал өсі­румен айналысушылар қаржы­лық жеңілдіктерге ие болатынын түсіндірумен болды. Қызылжар – жері құнарлы, жайылымы шүйгінді өңір. Жергілікті табиғат жағдайына бейімдеп мал өсіре білген шаруа ада­мы­на табыс көл-көсір. Оған мы­салдар жеткілікті. «Алабота» ас­ыл тұқымды мал зауыты біраз уақыттан бері етті бағыттағы қа­зақтың ақбас сиырын өсірумен айналысып келеді. Осы шаруа­шы­лықты көп жыл басқарған Сан­сызбай Алпысбаевтың тұ­сын­да малдың солтүстік өңірге бейімделген өсімтал тұқымы пай­­да болды. Табынды асылдан­дыруға, өз төлі есебінен өсіруге ғылыми тұрғыдан үлкен мән беріліп, қазақтың ақбас мұқыл сиыры секілді жаңа тұқым өніп-өсті. Қазір ол үлкен сұранысқа ие. Мұнда 2500-дей ірі қара ба­ғылып, 4000-нан астам мал бор­дақыланады. Канададан 400 бас герефорд тұқымы әкелінбек. Ақ­қайың ауданы «Дайындық» ШҚ-ның жетекшісі Біржан Шай­мер­деновтің батыл қадамдары да сүй­сінтпей қоймайды. Ол қожа­лықтың қаражаты есебінен Шы­ғыс Қазақстан, Қарағанды, Ақ­мо­ла облыстарынан 230 бас құ­на­жын мен бұзау әкелді. Малсақ жанның жергілікті жағдайға тө­зімді, жоғары күй-күтімді онша талғамайтын қазақтың ақ бас тұ­қымын таңдап алуы кездейсоқ емес. Оның ендігі мақсаты –та­быннан табын өргізіп, мал асыл­дандыру фермасын құру. Бұдан тысқары 50 бас эстондық қарала сиыр сатып алып, сүт өндіруге де бет бұрды. Таяуда герефорд тұ­қым­дас 3 бұқаны аукцион арқы­лы сатып алды. Осының бәрі – биыл атқарылған шаруалар. Кейбіреулер құсап Үкіметтен қаржы күтпей-ақ, ішкі резервтерді қию­ластыра білуі іскерлігін айғақ­та­са керек. «Зенченко и К» командиттік серіктестігі, «Тайынша-Астық»» агроқұрылымы озық тех­нологияға негізделген фермалар ашып, Канададан әкелінген сиырлардың жылдық сауын мөл­шерін 6000-8000 литрге дейін жет­кізіп отыр. Сөз арасында Сол­түстік Қазақстан мал шаруа­шы­лығы және ветеринария инс­ти­туты тарапынан атқарылып жат­қан оң үрдістерді айта кеткен жөн. Тәжірибелі ғалымдар басын қосқан ғылыми орталық ірі қара малының тұқымын асылдандыру, табындарды сұрыптау, қолдан ұр­ықтандыру, жаңа тұқымды жетілдіру бағытында шаруашы­лық­тармен келісім-шарт жасасып, алғашқы жемісін ала бастады. Мал табындарын асылдан­ды­рып, өнімді молайтудың, репро­дук­тор-шаруашылықтар, асыл тұ­қымды фермалар құрудың бір жолы шетелден асыл тұқымды мал сатып алу. Әрине, бұл істің бір жағы ғана. Ондай тәуекелге баруға екінің бірінің шамасы жете бермейтіні анық. Қазақта «алыс­тан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген қанатты сөз бар. Олай болса, елішілік мүмкін­дік­тердің ретін тауып, мемлекеттің жеңіл­дік­терін пайдалану әлде­қай­да тиімді екені сөзсіз. Өкі­ніштісі сол, кейбір серіктестік басшылары ас­ыл тұқымды мал басын өсіруге жан-жақты қолдау көрсетіліп от­ыр­ғанына қарамас­тан, істі ілгерілетуге құлықсыз. Біржан бауыры­мыздың тәжіри­бе­сі шағын қожа­лықтар үшін тап­тырмайтын оң­тай­лы тәсіл ем­ес пе? Демек, мал шаруашы­лы­ғын өркендетудің қи­ындығын көл­денең тарту әншейін сылтау ғана. Керісінше, қайта­ры­мы мол табысты сала екенін ұғы­натын мезгіл жеткен секілді. Үкіметтің демеуқаржысы есебінен Қызылжар өңірінде атқа­ры­латын міндеттер ұлан-ғайыр. Алда 10000 басты бордақы­лай­тын алаңдар, 4000 басқа ар­нал­ған репродуктор-шаруашы­лық­тар, 15600 басқа шақталған фермерлік шаруашылықтар құру межесі тұр. Алайда, қазіргі қарқынға қа­ра­ғанда, «ҚазАгро» АҚ-тың ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту жобасы негізінде 2011-2015 жылдарды қамтитын жергілікті бағдарламаның орындалуы сылбыр. Бұл мәселе аймақ бас­шы­сы Серік Біләловтің төра­ға­лы­ғымен өткен кеңесте арнайы талқыланып, кемшіліктер атап көр­сетілді. «Сыбаға» бағдар­ла­ма­сын іске асыруға Ауыл шаруа­шылығы қаржылай қолдау қоры қаражат бөлгенімен, мал әлі күн­ге дейін сатып алынбаған. Күн өткен сайын мал бағасының кө­те­ріліп жатқанын ескерсек, мұн­дай көзқарасты немқұрайды­лық­қа баламасқа амалымыз жоқ. «Аг­рарлық несие» корпорациясы жергілікті өкілдігінің де әрекеті қарын аштырады. 17 жобаның тек үшеуі ғана қаржылай қам­та­масыз етілген. Ал, «Ауыл шаруа­шылығын қаржылай қолдау қо­ры» АҚ басшылығы 860 ірі қара ма­лының әкелінген-әкелінбе­гені­нен бейхабар. 24 шаруа қожалы­ғына берілген 133 миллион тең­генің сай­да саны, құмда ізі жоқ. 27 мил­лион теңге игерілмеген күйі қалған. Есіл, Уәлиханов, Мам­лют аудандарында бір де бір шаруа қожалығы жеңілдікті несие алуға ниет білдірмеген. Түйінді мәселенің бірі – де­меуқаржы алудағы қолбайлаулар. Қағазбастылық, бюрократтық бө­ге­сіндер салдарынан өтініштер­дің қаралуы ұзаққа созылып кетеді. Сырттан мал сатып алудың, мал­дә­рігерлік-санитарлық жөн-жо­сық­сыз талаптардың машақа­ты да аз емес. Серік Сұлтан­ға­зы­ұлы атал­мыш бағдарламада мал семірту алаңдарын, отбасылық фер­малар, малды өз төлі есебінен өсіру ор­талықтарын және қа­жетті инфра­құ­рылымдар құру жө­нінде кешен­ді шаралар қарас­тырылғанын, ендігі мақсат жаңа мал шаруа­шы­лы­ғы жобасын ор­ындау болып табы­ла­тынын атап көрсетті. Сапалы жемазық қо­ры­на барынша назар аударуды ерекше ескертті. Ауылдың негізгі күнкөрісі – мал. Оны қолдағы деректер де айғақтайды. Қызылжар өңірінде ірі қара малдың 90-95 пайызы жеке адамдардың иелігінде. Демек, бұл төңіректе де проблемалар шаш-етектен деген сөз. Еті де, сүті де мол әрі құнарлы мал та­бын­дарын өсіру оңай емес. Көп жерлерде мал дәрігерлерінің тап­шы­лығы, білікті мамандар­дың же­­тіспейтіні жасырын емес. Екіншіден, берік жем-шөп база­сы жасалып, оның құрамы витаминді заттармен байытылуы шарт. «Сиырдың сүті – тілінде» деп бекер айтылмаған. Сонымен, Мемлекет басшы­сы етті мал шаруашылығы бағы­тындағы келелі міндеттерді белгілеп берді. Үкімет несие ресурс­тарын бөле бастады. Осындай мүмкіндіктерді қалт жібермеу сол­түстікқазақстандық мал өсі­ру­шілер үшін де үлкен сын белесі болғалы тұр. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.