• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2011

Қуаныштың көз жасы

549 рет
көрсетілді

Палаталас танысым Виктор Григорьевич Ким екі қолымен басымды ұстап, өзіне бұрды да ақырын ғана күбірлеп, «Мен сенің бетіңді көріп тұрмын», деді. Оның көзі жасаурап тұрды. Бұл қуаныш пен ризашылықтың көзжасы еді: ол жарық дүниені қайтадан көретін болды. Ешкімнің көмегінсіз-ақ өзі жүре алады. Виктор Ким алыста қалған 1978 жылы оң көзінен айырылған болатын, диаг­нозы: су қараңғы соқырлық. Соңғы жылдары сол көзі де сыр беріп, нашар көретін болды, өз бетінше жүруден қалды. Қазақтың көз аурулары ғылыми-зерттеу инсти­ту­ты­на үсті­міздегі жылғы наурыз айының басында квота бой­ын­ша келіп жатқан екен. Осы жерде керемет адамдардың қолына түсті. Жасалған операциялардан кейін оның сол көзі жартылай көретін болды. Палатада біздер Виктор Григорьевичтен басқа бесеуміз. Оның керемет көңіл-күйін әдемі түсініп тұрмыз, өйткені, бәріміз дерлік сол кісінің жағдайындамыз. Виктор Ким си­яқ­ты осы институтқа Астана қаласының тұрғыны, ком­му­нал­­дық кәсіпорынның жүргізушісі Владимир Руденко да, Түркістан қаласында тұратын слесарь Ерғали Ешімбаев та ештеңе көрмейтін болып келген. Ақтөбе қаласынан келген Қ.Махамбетов пен Алматы облысының Іле ауданынан А.Гоц­ман көздеріне қиын операциялар жасатқан. Олардың ж­а­нарларына жүргізілген шаралар да оң нәтиже берді. Осы жолдарды жазып отырған менің де су қараңғы соқыр болып қалуым мүмкін еді. Өйткені, Петропавл қаласында менің көзімді қараған дәрігер осындай қатал үкім шығарған. Тіпті ауру тарихында осылай деп жазылған да болатын: «көру қабілетін қалпына келтіру жөнінде операциялық емдеудің перспективасы жоқ». Алматыдағы көз институты туралы естігендерім, интернеттен тауып оқығандарым алдымен үміт отының тұтануы­на себеп болса, 14 күндік кешенді емдеу екі көзімнің де кө­ру мүмкіндігін әлдеқайда жақсартты, антиметаболит енгізе отырып криоретинопексия жүргізу осындай нәтиже берді. 2002 жылдан бері көз аурулары институтын еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас офталь­мологы, Қазақстан офтальмологтар қоғамының президенті, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина уни­верситетінің офтальмология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынгүл Көпжасарқызы Ботабекова басқарып келеді. Осы жылдары медициналық мекеме өз қызметінің барлық саласында халықаралық стандарттарға сай жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Қазіргі кезде мұнда көз ауруларына шалдыққан адамдарға жоғары білікті көмектің барлық түрлері диагностика мен емдеудің осы заманғы технологияларын пайдалана отырып көрсетіледі. Институтта жыл сайын 5 мыңнан астам ауруларға аса қажетті көмек көрсетіледі, 6 мыңға жуық операция жасалады. Тұрсынгүл Көпжасарқызы ғылыми кадрларды өсіруге және тәрбиелеуге, сол секілді өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыруына айрықша мән береді. Институтта медицина ғылымдарының 10 докторы, 25 кандидаты жұмыс істейді. 33 дәрігерге жоғары біліктілік дәрежесі берілген. Олардың ғылыми еңбектерінің нәтижесі 170 авторлық куәлік, өнертабысқа берілетін екі еуразиялық және екі халықаралық патент болса керек. Институт директоры бас дәрігер, медицина ғылымда­ры­ның докторы М.Сүлейменовті, 2-бөлімшенің меңгерушісі, ғылым кандидаты Э.Қанапиянованы, 3-бөлімшенің меңге­ру­шісі ғылым кандидаты Н.Алдашеваны, инновациялық технологиялар бөлімінің меңгерушісі, ғылым докторы З.Жұматаеваны, жетекші балалар офтальмологы, ғылым кандидаты Қ.Кенжебаеваны мақтаныш етеді. 2004 жылы көз аурулары ҒЗИ «Іскерлік практи­ка­сын­дағы жоғары сапа үшін» халықаралық қорының алтын медаліне ие болды. Емдеу мекемесі Асфендияров атындағы медицина университетінің және Қазақстан-Ресей медицина университетінің офтальмология кафедралары үшін клини­калық база болып табылады. Мұнда операциялық-трена­жер­лық орталық ашылып, микрохирургиялық операция­лар­ды меңгеру мүмкіндігі беріледі. Бұл жетістіктердің бәрі де Т.Ботабекова басқаратын институт ұжымының қажырлы еңбегінің нәтижесі болса керек. Жеңіс ЖАҚИН. Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Блоговещенка ауылы.