• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2011

Құнарлы топырақ – мол өнім кепілі

878 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың 90-жылда­рында Қазақстанның барлық облыстарында суармалы жер­лердің ауданы 2,3 млн.гектарға жеткен болатын. Қазіргі кезде суармалы жерлердің ауданы кеміп, 1,4 млн.га жер ғана пайда­ланылуда. Оның 1,3 млн.гек­тары Қазақстанның оңтүсті­гінде, яғни Қызылорда, Оңтүс­тік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының аумағында ор­наласқан. Қалған облыстарда қолданыстағы суармалы жер­лер­дің ауданы 90 мың га-дан аспайды. Соңғы жылдары, суармалы жерлердің істен шығуына суару жүйелерінің техникалық жағ­дайы­ның нашарлап, топырақ құнарлылығының төмендеуі себеп болды. Суару жүйелеріндегі то­пырақ құнарлылығының тө­мен­­­деуі, қолданыстағы суар­малы жерлердің өнімділігінің кемуімен сипатталады. Сондық­тан, шаруа қожалықтарының суар­ма­лы жерлердегі өндірілген егіннен түсетін пайдалары өте төмен. Қазіргі кезде суармалы жерлерден түсетін өнім, жалпы ауыл шаруашылығы дақылда­рынан түсетін өнімнің 5%-ын құрайды. Ал кезінде 2,3 млн.га суармалы жер Қазақстанның жалпы егін егілетін жерінің 5%-ын құраса да, олардан түсетін өнімнің 30%-ын беретін. Келтірілген мәліметтерді са­лыстырмалы сараптау нәтижесі, қазіргі кезде суармалы жерлерден түсетін өнім өткен ғасыр­дағы өнімділікпен салыстыр­ған­да 6 есеге кемігендігін көрсе­теді. Бұл дегеніміз Қазақ­станда көкөніс, жүгері, мақта, бау-бақша, жүзім сияқты дақыл­дар өнімдерінің азайып, респуб­ликамызды осы дақыл­дардың өнімімен толық қамта­масыз ете алмайтындығымызды анық­тайды. Қолдағы бар зерттеу нәти­желерін талдау барысында, оған себеп факторлардың бірі, суар­малы жерлердің құнарлылы­ғының төмендеуі екендігі анықталды. Суармалы жерлер­дің құнарлылы­ғы­ның төмен­деуі, топырақтың тамыр өсетін қаба­ты­ның тұзда­нуына, сортаң­дануына, тығыз­дануына, қорек­тік заттардың кемуіне, оның су режімінің бұ­зылуына тікелей байланысты. Сондықтан, суар­малы жерлер­дің өнімділігін арт­тыру үшін, осы келтірілген себептерді жойып, топырақтың құнарлы­лығын арттыру қажет. Қазіргі кезде, тұзданған то­пырақтардың құнарлылығын арт­­тыру, олардың тамыр өсетін қабатындағы тұз мөлшерін уыт­ты шекке дейін шаю арқылы төмендету әдісін пайдалану ар­қылы іске асырылады. Бірақ то­пы­рақ қабатындағы тұз мөлшерін шаю арқылы төмендету, көп мөл­шерде су қорын пайдалануды қажет етеді. Сондықтан су тап­шылығы жылдан-жылға артып тұрған кезде, су үнемдегіш шаю технологиясын жетілдіріп, өн­діріске енгізу қажет. Бұл бағытта, Қазақ су шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу инсти­ту­тының қызметкерлері Сырда­рия өзені алабында көп жылдан бері ғылыми-зерттеу жұмыста­рын жүргізіп келеді. Зерттеу нәти­желерін талдап, сараптау, шаю әдістерінің топырақ қабатынан тұздың шайылу процесіне әсерін және 1 тонна тұзды шаюға жұм­са­латын су шығыны мөлшерін анықтауға мүмкіндік жасады. Мысалы, Мақтаарал ауданында, топырақ қабатындағы тұз қорын шаю, ауданы 1-3 га атыздарды сумен бастыру арқылы жүргізіліп, шаю суының көлемі 3500-5000 м3/га аралығында болды. Сон­дық­тан, топырақтың тұзын шаю­ға кететін су мөлшері артып, ыза суы деңгейінің жылдам көтері­луін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, судың топыраққа сіңу жыл­­дамдығын күрт төмендетіп, шаю кезеңін ұзартады және судың булану шығынын артты­рады. Осы себептерге байланысты, арнайы жүргізілген зерттеулер барысында, су үнемдегіш шаю технологиясы жасалып, өндіріске енгізілді. Бұл технология ауданы 0,01-0,02 га болатын атыздарды топырақ қабатындағы тұзды шаю мөлшері 1000 м3/га болатын сумен 2-4 күн сайын бастыру ар­қылы жүргізіледі. Сонымен қа­тар, жетілдірілген шаю техно­логиясының қолданыстағыдан ерек­шелігі, шаю суын әр атызға жеке-жеке беру арқылы жүргі­зілуінде. Сондықтан, суармалы жерлерде шаю суының мөлшері, колданылып жүрген технологиялармен салыстырғанда, 25-35%-ға дейін кемиді. Суармалы жерлердің өнімділі­гіне кері әсерін тигізетін фактор­лардың тағы бір түрі, топырақ­тың шектен тыс сортаңдануы. Топырақтың сортаңдануы Қазақ­станның суармалы жерлерінде соңғы 15-20 жыл аралығында, құрамында кальций катионы бар минералды тыңайтқыштарды жет­кіліксіз мөлшерде пайдалану, то­пы­рақ құрамындағы кальцийдің сумен шайылуымен қатар, өсім­дік­тердің де пайдалануының азайып кетуіне тікелей бай­ла­нысты. Сондықтан, көптеген суару жүйелерінде топырақтың сор­таң­дануы мен сілтіленуі кең орын алды. Қазақстан жағдайында топы­рақ­тың екі түрлі сортаңдануы орын алған. Оңтүстік аймақ­тарда, суармалы топырақтардың сіңірімділік кешенінде магний катионының шектен тыс (25%) артуы орын алып, магнийлі сор­таңдану процесі жеделдеуде. Қа­зақ­станның қалған аймағында, топырақтың сіңірімділік кешенінде, негізінен натрий катионы шектен тыс (5%) жиналып, натрийлі сортаңдану құбылысы орын алған. Сортаңдалған және сілтілі топырақтардың құрылы­мын жақ­сарту мен құнарлылы­ғын арттыру, химиялық мелиора­ция­лауды қа­жет етеді. Химиялық мелиорациялау барысында, мелиорант ретінде құрамында кальций катионы бар заттар қолда­нылады. Жалпы, Қазақстан бойынша ең тиімді және арзан химиялық мелиорант фосфогипс болып са­на­лады. Қазіргі кезде «Каз­Фосфат» ЖШС фосфор тыңайт­қыш­тарын өндіретін зауыттың маңында 8 млн. тоннадай фосфогипс қоры жиналған. Сондықтан, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызмет­кер­лері, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының аумағын­да орналасқан сортаңдалған суар­малы жерлерде жүргізген зерт­теу­­лер нәтижелері негізінде, фосфогипсті пайдалану арқылы сор­таңдалған топырақтар құнар­лы­ғын арттыру технологиясын жа­са­ды. Бұл технология күзде, егінді жинап болған соң, топы­рақтың сортаңдығы мен сілтілігін анық­тау мақсатында топырақ үлгіле­рін химиялық сараптамаға алуды және жерді 25-30 см. тереңдікке жыртуды қарас­тырады. Жырты­лып, тегістелген жерлерге, жаппай жауын-шашын жауар алдын­да, есептелген мөл­шер бойынша фосфогипс енгізіледі. Фосфогипсті топырақ бетіне біркелкі енгізу үшін РУМ-5 немесе 1 – РМГ-4 сепкіштері қол­данылады. Сортаңдалған суармалы топы­рақтарды фосфогипс енгізу ар­қылы химиялық мелиорация­лау­дың тиімділігі, осы жерлерге егілген ауыл шаруашылығы да­қыл­дарының өнімділігімен дә­ленденді. Мысалы, Аса-Талас өзендері алабында, фосфогипс ен­гізу арқылы топырақ құнар­лылығы арттырылған суармалы жер­лерде, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі артты. Қорыта айтқанда, Қазақ­стан­ның топырағы тозған суармалы жерлерінің құнарлылығын, оның қабатындағы тұзды шаю және сортаңдығын фосфогипс енгізу арқылы химиялық мелиорациялау әдістерін қолдану арқылы арттыру, тиімді шаралар қатары­на жатады. Себебі, қарастырыл­ған шаралар, суармалы жерлердің құнарлылығын 1 жылдың ішінде қалпына келтіруге мүмкіншілік жасап, топырақ құнарлылығын арт­тыруға жұмсалған шығын­дардың 1-2 жылдың ішінде ақталуын қамтамасыз етеді. Нұрлан БАЛҒАБАЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Рахым БЕКБАЕВ, техника ғылымдарының докторы, профессор.