Облыстық ат және ұлттық ойындар спорты мектебіне барғанымызда бура сан, алпамсадай жігіттер футбол ойнап жүр екен. Директоры Ғани Ахметбаев шабандоздарды шақырғанда үшеуі кірді. Бой ұзындығына көзіміз үйренген ғой, мыналардың алақаны күректей-ау. Өзіміз де көшедегі біреудің бірі емес едік, бірақ қолымыз мына алақандардың ішінде жұтылып кетті. Сіңірлі, қуатты. Сексен кило болатын серкелерді жерден шопақ құрлы көрмей жұлып алып жүрген жігіттер баяғының батырларындай балпаң-балпаң басады.
Атақты балуан, шабандоз Әбдіқаһарды жақсы білетін едік. Енді туған інісі Әбдіхалық Қиянтаевпен әңгімелесіп отырмыз.
Атқа мінсе сойқанды салатын, мыңға қарсы шабатын жігіт әңгімеге сараң. Саумалдап тартып отырмыз.
Атбегілік, шабандоздық, көкпар – Қиянтаевтардың қанына сіңген қасиет. Әкесі Әбдіәкімді жұрт “Дию” атап кеткен екен. «Бойы екі метрге жетеқабыл, салмағы 140 кило», – деп Әбдіхалық күледі. “Біздің қолымыз әкеміздің қолының жартысындай ғана”, дейді тағы да.
Атақты көкпаршы Тәжікстанда өткен сайыста қатты қайрат көрсеткенін Ғани бауыр айтқан. Екі жақ егесіп, дәу серке терең арыққа түскенде досы іліп әперіпті. Сонда қалың тәжікті қылышпен шапқандай тіліп, серкені ала жөнелгенде ешкінің қан-жыны ақтарылса керек. Тақымынан ешкім ажыратып ала алмапты.
– Бізді атқа үйреткен әкеміз, – дейді Әбдіхалық. – Үйретілмеген тай, құнанды жүгендеп “мін” дейді. Басын ұстап тұрады. Асау әрі-бері қиқаңдаса бір ұрып, мұрттай ұшыратын. Жылқы – ақылды жануар. Тұра қалады. Мінбеуге әкеден қорқамыз. Сөйтіп, жүріп ат құлағында ойнайтын болдық қой.
Атақты Қазығұрт ауданы Оймауыт ауылының тумасы Әбдіхалықты жұрт “балуан” дейді.
Ең алғаш рет додаға 1998 жылы Астана қаласының тұсаукесер тойында түсіпті. 17 жаста. Сол жолы Оңтүстік Қазақстан облысының құрамасы бас бәйге алған. Ал, алғаш рет салым салғаны “Домалақ ана” қорының төрағасы Алтынбек көкесінің тойында болған. Онда мектепте оқитын. Ағасы Қаһарға ауысып мінуге дәу торы атты алып, шеттеп жүрген. Серке тартқандар алдына келіп қалды. Жалаң төс батыр шыдай алмай ішіне қойып кетті де, Алла жар болып, серкені тақымына басып шыққан. Көмбеге қарай жұлдыздай аққаны есінде. Содан кейін-ақ басталған қызықтың көкесі. Содан бері ат үстінде. 20-30 мәшине ұтыпты. Сері жігіт сұңқар сияқты. Жемін шашып жейтін. Жақсы достар арттырды. Талайын сыйлап жіберді. Командалас достарымен теңдей бөлісті.
Көкпаршыларда қорғаныс шебінде, шабуылда жүретіндер болады. Әбдіхалық – шабуылшы. Атақтары бір басына жетерлік.
Қырғызстан Президентінің Кубогы жарысында оның командасы бірінші орын алды. “ЕвроАзия” халықаралық жарысында мәреге бірінші келді.
“Ақбидай” ауыл спортында маңдайлары жарқырады. Астанада өткен Президент Кубогында бас бәйгені еншіледі.
– Жалғыз ағаш – орман емес, – дейді өзі. – Біз командамызбен жеңіске жеттік.
Аттар жайлы сұрап отырмыз. Жабымыз төзімді болғанымен көкпарға жарамайды екен. Тұрқы аласа, ақылы аздау, жаппай көкпарға лайық. Жүз кило тартатын жігітпен жетпіс-сексен кило серкені көтеріп шабуға аттың аты керек.
Көкпарды спорт ережесіне лайықтаған қырғыз ағайындар бұл шаруада алда тұрғанға ұқсайды. Оңтүстік Қазақстан құрамасында жарамды 10 ат болса, соның 6-ы қырғыз ағайындардан сатып әкелінген. Биік, белді, айтқаныңды тақым қағуыңнан түсінеді.
Оңтүстікте Дәулет Мырзабаев деген жомарт жігіт бар. Ат спортының жанашыры. Бірде Қырғызстаннан “Танк” деп аталатын ат сатып әкеліп, інісінің алдына тартыпты. “Інім, елдің намысын қорға”, деп.
Танк десе танк екен әлгі ат. Қалың жылқының ішінде шоқтығы биік, анадайдан көрінеді. Қазақстан құрамасындағы аттардың алды. Бір адамның бағына бітетін жануар. Жүйрік әрі кеуделі. Жолындағы аттарды қоғадай жапырады.
Тұлпар аяқтан қалады. Көздің сұғы өтіпті. Талай халықаралық додаларда олжа салған қайран Танк ақсады. Қазір ипподромда. Айғыр. Құлынын алып жатыр. Бірақ, ондай ат енді қайда. Мыңнан тұлпар деген рас екен.
Дәулет қазір сондай ат іздеп жүр. “Қырғыз бен қазақта жақсы ат болса айт, астыңа тартам”, депті інісіне.
Әбдіхалықтың салмағы 110 кило. Серке – 80 килоға дейін тартады. Қазір ел ауқатты. Бұзауды да көкпар етіп тартуға береді.
Тақымға басып, алдыңдағыларды жарып тарту үшін ат жарамды болу керек. Қалың қабақ, дөң мұрын, алпамсадай шабандозға қарап отырып, қазақтың жауын ат құйрығына найзамен сайып түсіретін батырлары осындай болғаны шығар-ау деп ойладық. Бейқамдау, мінезі сынық бұл жігітіңіз аттың үстіне мінсе әруағы қозып, жасанған жауға жасқанбай жалғыз шабатынның өзі. Атақты Асқар Сүлейменовтің: “Басқа халық маймылдан жаралса жаралған шығар-ақ, ал қазақ – аттан жаралған”, дегені осындайда тілдің ұшына келеді екен.
Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.