Астана қаласының әлеуметтік саласын нығайту мақсатындағы міндеттер шеңберінде денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мәселесінің де маңыздылығы зор. Елорда тұрғындарының денсаулығын жақсарту қала әкімдігінің әлеуметтік салада атқаратын жұмыстарының ең басым бағыттарының бірі екендігі де талас тудырмайды. Астана қаласы медициналық кластері кешенінің құрамына кіретін клиникалардың бүгінгі заман медицинасының озық құралдары және технологияларымен жабдықталуы әлемдік деңгейдегі жоғары талаптарға толық жауап береді.
Жақында қаламыздағы медициналық кешендер қатары тағы бір заманауи орталықпен толықты. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Астанадағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында 4 қабатты жаңа операциялық (ота жасау) кешенінің ашылу салтанаты болып өтті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша 8726 шаршы метр аумақты алып жатқан бұл жаңа операциялық кешеннің жобалық құны 2 миллиард 682 миллион теңге тұратын көрінеді.
Еліміздегі медициналық орталықтар ішінде травматология мен ортопедия саласында теңдесі жоқ бұл Астана ғылыми-зерттеу институты 2001 жылы құрылған болатын-ды. Емдеу және ғылыми зерттеулерді қатар жүргізетін институттың басшылығына еліміздің бас травматолог-ортопеді, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Бәтпенов бекітілген болатын. Осы жылдар ішінде бұл медициналық орталық егемен еліміздің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету, сынықтарға және омыртқа зақымдарына бүгінгі заманның озық технологиялары бойынша ота жасау және емдеу мәселелері бойынша ерен жұмыстар атқарды. Ақиқатын айтсақ, осы жылдар ішінде бұл емдеу орталығында ондаған отандастарымыз еміне шипа, дертіне дауа алды.
Астана травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының 13 клиникалық бөлімдерінде бір мезгілде 400 адам емделеді. Институттың материалдық-техникалық базасы да жылдан жылға нығайып келеді. Институт клиникалары осы заманғы озық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Клиникалардағы 144 білікті дәрігер адам денсаулығына араша тұрып келсе, институт қабырғасындағы 11 медицина ғылымдарының докторы және 31 ғылым кандидаты емдеу үдерістері мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын қатар ұштастырады. Травматология және ортопедия саласында үлкен жетістіктерге жетіп отырған Астана ғылыми-зерттеу институтының атағы мен тәжірибесі бүгінде елімізден тысқары аймақтарға да кеңінен танылды.
Институт ертеңінің ерекше болатындығына бүгін пайдалануға беріліп отырған операциялық орталық дәлел болмақ. Бұл орталық медицина саласының ең озық жабдықтарымен жарақтандырылған 9 ота жасау залынан тұрады. Операциялық орталыққа орнатылған жабдықтардың ішінде омыртқа және буындарға операция жасауға арналған эндоскопиялық құралдарды және микрохирургиялық жабдықтарды ерекше атап өтуге болады.
Статистикалық дерек бойынша, елімізде жылына 600 мыңнан астам адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алады екен. Ендеше, Астана Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығында бой көтерген бұл жаңа операциялық орталықтың халық денсаулығын сақтауға қосатын үлесі өлшеусіз болмақ.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.