• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2011

Білімі терең, парасаты берен

853 рет
көрсетілді

Сыншы Сағат Әшімбаев шығармашылығы туралы ойлар Атағынан ат үркетін лауазымды қызметте жүрген кезінде ұлттың болашағы, тілдің келешегі, рухани құндылықтарды сақтап қалу, қа­зақы қалыппен ұрпақты тәлімді етіп тәрбие­леу мәселесін үстемдігі жүріп, үскіріктей ұрып тұрған кеңестік идеология тұсында да жас­қанбай, азаматтық парызы­мыз бен қары­зымыз туралы қаймықпай ой қозғап, ба­ры­мыз қайсы, жоғымыз қане, барды жар­қыратып, жоқты қайтсек түгендейміз деп отбасы ошақ қасында, не алақандай ауди­тория­ның ішінде емес, теледидар бетінде жал­пақ жұртқа жар салған, пікір ұйым­дас­тырған, оны біріміз қолдап, екіншіміз әліптің артын баққанда өзінің ерекше талан­тымен, пайым параса­тымен айта алған аса көрнекті әдебиет сыншысы, жалынды публицист, қоғам қай­раткері Сағат Әшімбаев екені баршаға мәлім. Өзі өмірден ерте кетсе де артына өлмес мұра қалдырған сол қарымды қаламгердің таяуда «Сын сым­баты» атты бір томдық кітабы жарық көрді. Кітапты парақтап отыр­ғанда данышпан Абайдың: «Ұзын өмір не берер, көрген, білген болмаса?» деген екі жол өлеңі ойға оралды. Жинақтың беташарына қа­зақ әдеби сы­нының айтулы өкілі, академик Мұхаметжан Қаратаев­тың сүйікті шәкіртін сұңқарға теңеп, келбеті мен та­лантын келістіре айтқан «Сын­ның сарап­шы сарбазы» деген мақаласы беріліпті. Сә­кеңнің таңдаулы мақа­лалары топтас­ты­рылған бірінші бөлім  «Әде­­биет мүддесіне адал­­дық» деп аталса, ал ағалары мен заман­дастары, құрмет тұт­қан інілері жазған талдау дүние­лер «Сын­шы мұрасына тағ­зым» деген бөлімге жинақталыпты. Сыншыл ой сардарының бү­кіл бітім-болмысын: «Қоғам­ды қозғайтын, адам санасын өзгер­тетін тұл­ғалар болады. Олар өзінің қатарынан, зама­ны­нан озық туады. Өткен ға­сыр­дың 60-80 жыл­дарының ара­сы қазақ руханиятына да­рынды­ларды үйіп-төгіп-ақ беріп еді. Өкініші, солар­дың көбінің ғұмыры қысқа болды. Орыс әде­биетінің бағына туған Писарев секілді құй­рықты жұлдыздай жарқырап жанып, ағып түс­кен жарықтары­мыз­дың бірі – қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына, ұлттық сананың өсуіне үлкен үлес қосып кеткен асылдардың бірі – Сағат Әшім­баев болатын», – деп тап басып айтқан көр­некті ғалым, белгілі қоғам қайраткері Мыр­затай Жолдас­бековтің түйінді сөзінен көп жайды аңғаруға болғандай. Осы­лайша баға­ланған азамат сыншының мақа­лаларын зиялы қауым өкілдері жақсы білгенмен, кейінгі толқын толық хабардар болмауы мүмкін ғой. Сол себептен де атын естіген қаламгердің артында қалған мұрасы қандай екен, дегенді аңғарту үшін кітаптағы мақа­лаларға аз-кем тоқтала кетсек дейміз. Ойлы жанның қай кезде де мәнін тө­мендетпейтін шығармаларын оқып отырсаң терең де тегеурінді талдаулар алдың­нан шы­ғады. Өзгенің жазғанына пікір білдіру үшін өзің білімді болуың керек. Бұл тұрғыдан келгенде, сегіз қырлы, бір сырлы Сәкең қамшы салдырмайды. Кітабынан бүкіл әдебиет әлемі туралы: кімдер не жазды, қай жазушыдан қандай құндылық қалды дегенді көріп-біліп отырасың. Ол сүйекті дүниелерге пікір білдіргенде атүсті емес, туындының түп-тамырына дейін терең­деп барып, жетістігін жарқырата көрсетіп, олқылы­ғын ой салатындай етіп дәлелмен алға тартады. Айталық, «Сыншыл ой туралы сыр», «Ізденіс бағдарын барлағанда» деген екі мақа­лада өткен ғасырдың 60-70-80 жыл­дарындағы әдебиет «майданына» жан-жақты талдаулар жасайды. Қазақ әдебиетімен ғана шектеліп қал­­май, әлемдік өркениетке ерекше үлес қос­қан жазушылардың туын­дыларына да тоқ­та­лады. Бір ғана мысал, орыстың атақты сын­шысы Белинский Пушкинді Байронмен, не соң­ғысын алдың­ғысымен салыстырудың оғаш екенін айтқан. Сол секілді біз бір кездері Н.По­годиннің: «Әуезов – қазақтар үшін екінші Абай, біз үшін Шы­ғыстың Шолоховы», деген сөзіне масат­танып, кеуделеп жүргеніміз бар. Осыны кеңес дәуірі дүрілдеп, Мәскеу гуілдеп тұрғанда алғаш рет Әуезов Шығыстың Шо­лоховы еместігін, бұл көңілге қонбайтынын, Әуезов Шығыстың өз ұлы, ағат сөзге ал­дан­байық деген де Сағат Әшімбаев болатын. Ол, ол ма, орыс әдебиеті өздерінің бастау басын «Игорь полкі туралы жырдан» алып, Шоло­ховтың «Тынық Доны­мен» ұштастырса, Сәкең қазақ әдебиетінің алтын тамырын Орхон-Енисей тас жазба ескерткіштерінде жатқанын ай­тып, ол пікірін Әуезовтің «Абай жолы» эпо­пеясымен астас­тырып: «Біздің көркем ой-сана­мыздың даму тарихы әріден басталатындығы зор мақ­таныш!» – дейді. Қоғамның кесірі мен кесапатын тап басып жазған жазушы шығармасына баға беретін адам – сыншы. Сыншының мықтылығы Ғабит Мү­сіреповтің астарлап, тұспалдап айтатын тұс­­тарына талдау жасағанда айқын аңға­ры­лады. Тіпті ерекше қанаттанып, дараланып кетеді. Әсіресе, қоғамдағы жегіқұрт кемшілікті кекесінмен көрсететін жазушының «Қас­қырды атқан қайсысы?» деген әңгімесіндегі суреткерлікті баяндай келіп, мейманасы тасыған ғалым, минис­трдің бейнесін лықсып төгілген коньяктар арқылы қаламгердің айтар ойын жұртқа тайға таңба басқандай етіп жеткізеді. Өзі ерекше ілтипат танытып, әлденеше рет оралып ма­қала жазған ұлы тұлғаның шы­ғармашы­лығын жан-жақты талдаған «Ғ.­Мү­сірепов ту­ралы триптих» атты үш бө­лімнен тұратын әртүрлі формада жазылған еңбектен үйренер үлгі, алар тағылым аз емес. 1972 жылғы жүр­гізілген сұх­батта Сәкеңнің: «Ана тіліміздің бүгіні мен бола­шағы туралы не айтар едіңіз?» деген сұрағына сөз зергері: «Білетін философтар тіл бар жерде ғана ойлау бар деседі. Рас сөз. «Тіл дегеніміз, ойлаудың тікелей көрінісі» де­ген ғұ­лама Маркс сөзі бәрімізді де та­бын­дырады. Осы төңіректе ойланып қарасақ, қазақтың да ойлау дәрежесі ешкімнен кем емес. Олай болса, оның тілі де аса бай, шалқар тіл. Түйіндеп айтсақ, тілден асқан байлық жоқ, тілден биік асқар жоқ. Тілден терең теңіз жоқ», – дейді. Дуалы ауыздан шыққан сөз ғой бұл, түбі халыққа керек деп немқұ­райдылық танытпай жазып алған сын­шының зерделілігіне осы жерде бас иесің. Сағат ағамыз Ғабең туралы емірене, бүкіл шығармасының ішіне терең ене отырып, тебірене жазыпты. «Адам баласы сағыныш пен мұң­нан айрылған жерде бәрінен айрылады» деген А.Чехов сөзін мысалға алып, қаламгердің қазақ­тың таби­ғатына тамса­нып: «Біздің көпші­лігі­міздің жанымыз аңшы, өзіміз аңшы емеспіз. Біздің жан-тәніміз дала баласы екенімізді ұмыт­тырмайды. Біздің аңшылы­ғы­мыздың өзі у-шуы, иіс-қо­ңысы жоқ таза даланы са­ғынумен байла­ныс­ты екені даусыз. Мысалы, мен өзім 70 жасқа тол­ғанша бір рет ку­рорт­қа барған емеспін. Де­малыс­тарымды ылғи далада, өзен-көл жаға­сын­да өткізуші едім», деген тұсын дәйекке алып, асыл ағасы өзінің алдындағы алып­тарды қалай сағынатынын, еске түсі­ретінін, «Қайран Қали­бек! Қай­ран Қалекең!» деген сәт­терін мы­салға алады. Екеуара әңгімеде: «Өз заманын­дағы рухани кесапат атаулыға ең алдымен жазу­шыларды жа­уап­қа тарту керек», – деген Г.Манн сөзін назарға ұстап, өздеріне артылған ар жүгінің жеңіл еместігін бір сәт те ойдан шығармай, көңілден сөн­дірмей қазақтың жақ­сы­лығы мен әттеген-айларын қозғайды. Соны қайтсек түзей­міз, түзу жолға саламыз дейді. «Танымадық, жарымадық жақсыға бір іргелі», – деп Абай айтпақшы, Ғабит Мүсіреповтің әңгіме үстінде қоламтадай қозғаған мына бір толғақты сөзі, ажырап бара жатқан ата салтты еске түсіреді. Оқып көрелік: «Мұхтардың көзі тірісінде бөріге тән бүлінушілік деген ақылың­нан алжастырар «ауру» жоқ еді! Жарықтық, Мұхтар тірі болса, осы бүгінгі көбіміз көбіктей көпіріп сөйлемес едік-ау!» – деген өкініші бұл күндері күшейіп кетті-ау! Ал сол кезде бас­талған кесел кітап оқымау туралы Абайша «жарлы емеспін, зарлымын» деп: «Жа­қында мынау Абай мен анау Фурманов көшелерінің бұрышындағы кітап дүкеніндегі сатушы қыз: – Ағай, Мұхтар Әуе­зовтің мына томдары жат­қалы көп болды, ешкім алмай жатыр, – дегенін естігенде, сөредегі Әуе­зов томдарын көргенде кірерге қара жерде тесік болмады. Мұхтар Әуезов жаманды­ғынан өтпей жатқан жоқ, біздің жамандығымыздан бізге жетпей жатыр. «Қайран тіл, қайран сөз – наданға қадірсіз», – деген Абай сөзі ойыңа түседі. Адам жаны неге ұқсас болса, соған аңсары ауып тұрады. Осы күні аңсары ағашқа ауған, үйіне ағаштан «баррикада» жасап жатқандар аз емес. Солар «журнальный» столының бір аяғы шығып кетсе, жаны қоса шығып кетер еді, ал үйінде Мұхтар Әуезовтің томдары жоқ екендігіне қысылмай, қым­сынбай-ақ тұрып жатады. Мұндайлар туралы Абай: О да – құдай пендесі, Түспей кетер деймісің? Тәңірінің құрған тезіне? – деген ғой. Басқа не айтамыз. Мұндайда тағы да Абайға жүгініп, көңіл жұбатамыз. «Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар, Сәулесі бар жігіттер бір ойланар», – деген данышпанның сөздерін қай­та­лағымыз келеді. Осы күні жұрттың бәрі өзін «сы­рымен емес сыртымен» интеллигент са­найды, ал мен өз басым үйінде, үйінің қақ төрінде Мұхтар Омарханұлының он екі том­дығы не соңғы жиырма томдығы жоқ қазақ баласын азамат санамаймын, оларды еш уа­қытта да интеллигент деп есептемеймін, басқа­мызды сатып алмай-ақ та, оқымай-ақ та қой­сын, Мұхтарды оқымау сұмдық емес пе» – деген ашулы сөзін айтып, бүгінде көбімізді толған­дырып, арты қалай болар екен деп ойландырып жүрген мәселені көрегендікпен айтып кетіпті. «Сексенге келген мені дәл бү­гінгі таңда кәрілік емес, адамгершілік про­блемасы селкілдетіп отыр. Техни­калық прогреске бәріміз де ризамыз, осылай риза болып жүргенде нравственный прогресс жағы, яғни ар-ождан, адамгершілік, байлығымыз тым ор­тайып бара жатқан жоқ па?! ...«байлық қуған жерде бақыттың басы қисаяды», «дүниеге құмар­лық жеңген жерде – адамға деген сүйіс­пеншілік жеңіледі, ақылға деген сүйіспеншілік жерленеді», – деген атақты философ Салюс­кий­дің сөздерінің туралығына көзім әбден жетті», деп­ті Ғабең сұхбаттың соңында. Ал сын­шы: «Мені қатты алаңдататын нәрсе дү­ние­қоңыздық, алармандық, қанағатсыздық, көр­сеқызарлық, өзім­­шілдік деген пәлелер. Осы­­лармен ағайындас бақталастық, шен­құмарлық, тағысын тағы және бар. Бұл жиіркенішті құбылыстар етек алған жерде азаматтық сезім мен адамгершілікке, сұ­лулыққа нұқсан келмей қоймайды», деп жазу­шы ойын жалғастырады. «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе. Адамдықты көздесең, Жаттап тоқы көңілге»,  деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтпақшы, да­ныш­пан Абайға Сәкең әлденеше рет оралып, ақынға имандай ұйып, тіл үйірер тіліне, тағы­лымды тәліміне терең талдаулар жасайды. Сол талдауларға көз жүгіртіп отырғанда қыл-қы­быр­дан жан сарайың тазарады. Абайды оқы, ағайын, адаспайсың деген сыншы үні құлаққа келеді. «Ақын жанын жабырқатқан жандар», деген мақаласында Сағат Әшімбаев: «Бұл күнде адам­­ды емес, малды сыйлап, Әркім-ақ орын берді оған төрден», деген ұлы ақынның: «Егер менің ішімді жарып көрсең, Жылауыңды ұмы­тып, шошыр едің» деп жаны күйзелгенде бар шындықты жайып салғанына өзегі өртеніп: «Қандай ауыр сөз! Міне, содан бері жүз жылға таяу уақыт өтіпті. Осы уа­қыт ішінде... Абайдың жа­нын жаншыған жарам­сыз жай­лардан арылып болдық па?! Шыныңызды айтшы?!» – дейді. Отыз жыл бұрын қойылған осы сұрақтың жауабы табылып, алаң көңіл жайдары күйге түсті ме? Күйкі тірлік оңалды деп батыл түрде айта аламыз ба? Екінші бөлім жоғарыда айтқа­нымыздай, Мыр­затай Жолдас­бе­ков­тің «Заманынан озып туған» атты талдау мақаласымен ашы­лыпты. Ардақты ағасы асыл інісі туралы ой тербегенде, оны Хан Тәңірінің топшысы ерте қатайған тастү­ле­гіне теңейді. «Ұлт намысы дегенде жанын салатын, көкірегі қарс айыры­ла­тын. Академик Зейнолла Қабд­о­лов­ша айтсақ: «мінезі мен мү­сіні, маз­мұны мен пішіні, бол­мысы мен бітімі бөлек еді. Сағат екінің бірі емес, бірегей еді. Ақ тілеуі ел үстінде жүретін. Іздегені – ізгілік, жақсыларға жанаса жүре­тін», дейді. Жазушы Ұзақбай Доспанбетов қысқа өмірде қыруар мұра қал­дырған Сәкең еңбектерін саралай келіп, өт­кен ғасырдағы қа­зақ зия­лыларының ішінде ұлт үшін елеулі еңбек еткен Ілияс Омаров туралы біліп жазған­да­рына риза­лы­ғын танытып, күні кеше өмір­ден озған жыр жампоз­дарының бірі, талан­тына қарай төңірегіне қояр талабы ерен Өте­жан Нұр­ғалиев екеуінің ара­сын­дағы сызат түспеген шығар­машылық байла­ныс туралы ой тербепті. Сын әлемінің Сағат Әшім­баевтан кейінгі белгілі өкіл­дерінің бірі Ба­қыт Сарба­лаұлы тетелесі туралы тебірене сөй­лейді. Сын жазудың сыр-сипа­тына үңіліп, жазу­шы­лардың шы­ғар­масы туралы пікір жазу үшін төрт құбылаң түгел, ойың озық, бойың биік тұру керектігін меңзейді. Бұл тұрғыдан келгенде, Сағаттың әр сөзі, айтқан тұжырымы болат қазықтай мық­ты қағыла­тынын, дау туа қалса, айтар уәжі дайын жү­ретінін нақты мысалдармен дәлел­дейді. Соны­мен қатар, ол заман­да­сының қайрат­керлігін де қадір­лейтінін алға тартып, «... Сағат Әшімбаев ал­дағы уақытта да қазақ әде­биетінің шынайы өл­шемі – сергек Сағаты, туған ала­шы – әлеу­метінің өркені – Сағат Ханы бола береді», деп сөз аяғын түйеді. Профессор Жанғара Дәдебаев сыншының өмір жолына тоқталып, суреткерлік, азамат­тық туралы пікірлерін сарап­тайды. Өзі де кезінде сын жазған, жазушы Тұрлыбек Мәме­сейіт Сағат­тай тума таланттың сыншыл ойы туралы ой өрбітіп, қазақ сыншы­ларының ең­бектері мен оның мақа­ла­ла­рын ұштастырып талдаулар жасайды. Белгілі жазушы Дидахмет Әшім­ханұлы өзі қадыр тұтатын ағасының кі­таптары туралы, сол кітаптардың сыртқы формасы мен ішкі иірімдеріне үңілсе, профессор Құлбек Ергөбек өзінің «Жанын жалау еткен...», «Ар­мысыз, Сағат аға» атты диптихінде желдетпей, желпінбей майда самалдай есіп, қаламгердің бүкіл болмысын қара­пайым тілмен келістіре жазған. Әр жыл­дардағы еңбектерін талдап, талантты жастарға жасаған қамқорлығын, «Жүректен қозғайық», «Парыз бен қарыз» секілді хабар­лар­дың сыр-сипатын ашып, ізденістерінің нә­тижелі бол­ғанын, әсіресе, қалың қауымның санасына сәуле түсірген «Азаматтық парыз», «Интеллигент деп кімді ай­тамыз?», «Демократия мен бюрократия», «Жа­риялылық жайлы ойлар», «Қайта құру және интеллигенция», «Ұлт­тық сана және рухани бірлік», «Ұлт тілі­нің тағдыры» секілді мәселелердің көтеріл­генін айтады. «Күндестік сезім – адамгершілік сезімнің азғындаған түрі. Ол сезім – ой-санасы дамымаған кішкене адамдар мен ұлттық парасаты жетілмеген, рухы төмен ұлттардың басындағы балаңдық аурудың нәтижесі», – деп Толстойша, «Ақылды адамды ақылсыз жаннан ажырата алмаған жерде мемлекет күйрейді», – деп Диогенше сөйлеп оты­ра­тын еді Сағат аға көгілдір экраннан», – дейді ға­лым інісі. Ал екін­ші мақала­сында айтулы сыншының екі томдығы туралы терең талдау жасап, онда жазылған мақалалардың әрқай­сысының көтер­ген жүгін сарапқа салады. Журналист Көлбай Адыр­бекұлының «Казахское дело» Сағат Әшім­баев» деген мақаласында небәрі 44 жа­сында өмірден озған азаматтың Желтоқ­сан көтерілісінен кейінгі қасіретті күндер мен жылдарда көрген қиын­дығы, тартқан азабы, соның бәрі жұдырықтай ет жүрекке зілдей салмақ түсіргенін баяндаған екен. Кітапқа алдыңғы толқын ағаларының ізін басып келе жатқан, талантты әдебиетші Амангелді Кеңшілікұлы «Сыншыл парасат иесі» атты мақа­ласымен соңғы нүктені қойған екен. Мұнда ол Альбер Камюдің «Сизиф туралы аңы­зындағы» зілдей тасты өрге сүйреп, көздеген жеріне жеткізе алмай қиналған Сизиф төзім­ділігін сыншы Сағат Әшімбаевтың бойынан көретінін айтады. Жалпы, қарымы мықты, ой қаруы шегедей сыншының осы жинағын құрастырған жары, жазушы Шәрбану Бейсенова екенін айта кеткеніміз ләзім. Бұл жарға көрсетілген ілтипат әде­биетке жасаған адалдықтың әдемі көрінісі деп білеміз. Бұған дейін де сыншының «Сын мұ­раты», «Та­лант­қа тағзым», «Парасатқа құш­тарлық», «Шын­дыққа сүйіспен­шілік», «Ақиқат­қа іңкәрлік», «Екі томдық шығар­малар жинағы» өз оқырманын тапқан еді. Сүлеймен МӘМЕТ.