• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2011

Жетістіктер аз емес

398 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды. Онда ол облыстың медициналық қоғамдас­ты­ғымен кездесу өт­кізіп, «Саламатты Қа­зақстан» мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақ­тау жүйесінің (БҰДСЖ) енгізілу барысы жөнінде әңгі­ме­лесіп, қол жеткізілген жетістіктер мен қиын­шы­лықтар, оларды шешу жолдарын талқылады. Осы арада айта кеткен жөн, БҰДСЖ енгізу қорытындылары жобаның пациентке бағдарланғанын нақты айқындап берді. Яғни медициналық ұйымдарды еркін таңдау қағидасына байланысты тұрғындардың барлық топтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі артты. Облыста 22 мыңнан астам адам таңдау құқығын пайдаланып, жоспарлы негізде ауруханаға жатқан. Олардың 47%-ын ауыл тұрғындары құрайды, аза­мат­тардың 79%-ы өз өңірінде емделсе (45%-ы ауыл тұрғындары), 6% өзге өңірлерді жөн көрген. Осылайша, еркін таңдау құ­қы­ғын көбінесе ауыл тұрғындары пайдаланып отыр деуге болады. Өңірде жоғары мамандандырылған медициналық көмек (ЖММК) дами бастады деуге болады. Нәтижесінде медицина саласындағы жоғары технологиялық жетістіктер пайдаланы­лып, Көкшетау қаласында 2 ауруханада енгізілгенін де айта кетсек, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 13 жаңа технологиялар бойынша 377 науқас ем алыпты. Облыста тұңғыш рет стационарларда ерте қалпына келтіру және медициналық оңалту технологиялары енгізілсе, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында медициналық көмектің 6 бейіні бойынша 1858 науқас емделіп шығыпты. Өңірде стационарлы алмастырушы көмек саласы да қар­қынды дамуда. Егер 2009 жылы күндізгі стационарларда 10229 науқас емделсе, биылғы бірінші жартыжылдықта ол көрсеткіш 22647-ге жеткен. Біз бұдан медициналық көмектің қолже­тімділігі және бюджет қаражатын тиімді пайдалану қамтамасыз етіліп отырғанын көреміз. 2011 жылдан бастап амбулаториялық-емханалық деңгейде БҰДСЖ екінші кезеңін енгізу басталғаны өзімізге белгілі. Ол скринингтік бағдарламаларды кеңейту, қосымша мейірбике қызметтерін ендіру, бастапқы медициналық-санитарлық көмек­тің әлеуметтік бағдарланған үлгісін енгізу, алыс елді мекен­дердің тұрғындары үшін жұмылғыш медицинаның қолже­тімділігін қамтамасыз етуді көздейтінін де айта кеткен жөн. Сондай-ақ, министр осы жұмыс сапары барысында үкімет­тік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік қоғамдық кеңестің кезекті отырысын да өткізді. Ол онда Қазақстанда денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөлініп отырғанын, еліміздің денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемі 2004 жылдан бері төрт еседен астам өсіп, 2011 жылы 633 млрд. теңгеден асқанын айтты. Сонымен қатар, министр қоғаммен кері байланыстың ма­ңыз­дылығына тоқтала келіп, үкіметтік емес ұйымдардың өкіл­дерін өзара ынтымақтастықты белсенді етуге шақырды. Оты­рыста айтылған барлық ұсыныстар мен ескертпелер бойынша міндетті түрде тиісті шешімдер қабылданатынына сендірді. Және өз денсаулықтары үшін азаматтардың ортақ жауапкершілігін күшейтпей, сапалы ілгерілеушілікке қол жеткізу мүмкін еместігін атап өтті. «Егемен-ақпарат».