Елімізде аграрлық ғылымның негізін қалаушы, ұлтымыздан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясының (ВАСХНИЛ) академигі, оның Қазақ бөлімшесін ұйымдастырушы әрі тұңғыш төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, республика Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бірінші орынбасары Кәрім Мыңбаевтың туғанына биылғы тамызда 105 жыл толғалы отыр.
Еліміздің дамуында өмірдің әр саласында елім, жерім дейтін озық ойлы ұлдарын халықтың өзі туғызып отырған. Олар кешегі өткен алыптарымыз Шоқан, Абай, Мұхтар, Қаныш тобы болса, сол қатардан ойып орын алатын тұлға осы Кәрім Мыңбаев. Ол 1906 жылы 16 тамызда Қарағанды облысының Нұра өңірінде дүниеге келген. 1928 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия мақта және су шаруашылығы политехникалық институтының жаңа техникалық дақылдар факультетіне түсіп, оны 1932 жылы үздік бітіріп шығады. Содан кейін Мәскеудегі «Котапин» атындағы мата фабрикасының аспирантурасына түседі. Кейіннен Ауыл шаруашылығы комиссариаты шешімімен, оқуын үзіп, Грузиядағы Кавказ тәжірибе стансасында ғылыми жұмыстар жүргізеді. Бірақ ол жерде онша көп істемейді. Артынша үкіметтің жас мамандарды елдеріне қайтарсын деген қаулысына сәйкес Алматыға оралады.
Ол кезеңде кеңестік өндіріс қарқындап өрлеу үстінде болатын. Химиялық жолмен синтетикалық каучук алу онша дамымаған кезде әскери-стратегиялық материал ретінде оған деген қажеттілік күн санап артқан. Соған байланысты Кәрім жастық ғұмырын осы саланың қалыптасып, өркен жаюына арнайды. Өзі туып өскен Орталық Қазақстаннның ұсақ қыратты өңірінде өспейтін шөп болмайтын. Кім біледі, көксағызды жастық шағында ауыл балаларының ермегі ретінде шайнаған да шығар. Резина жасаудың негізгі шикізаты осы көксағыз болғандықтан, оның табиғаттағы жабайы түрлерін Оңтүстік Қазақстанның тау етектерінен тауып, ғылыми-тәжірибе жұмыстарын бастаған. Арнайы шаруашылықтар құрып, зерттеулер жүргізіп, көксағыздың мол өнімді, мәдени түрлерін шығарып, өсіру технологиясын жасау ісіне басшылық етеді. Соның нәтижесінде, Қазақстан Одақ бойынша сол жылдарда резина шикізатын шығаруда жетекші орындарға ие болған екен.
Көксағыз бұрын онша зерттелмеген өсімдік болғандықтан, оның ғылымға беймәлім қыр-сырын ашуға деген құштарлық Кәрімді Ленинградтағы Бүкілодақтық өсімдіктер институтының аспирантурасына әкеледі. Ол осы салада әлемде алдыңғы орында тұрған бұл институтты әйгілі генетик ғалым, академик Н.Вавилов басқарып тұрған кез еді. Қабылдау емтиханын өте жақсы тапсырған әрі өндірістік тәжірибесі бар қазақ жігітін Н.Вавилов өзіне аспирант етіп алып, ғылыми жұмыстарына жетекшілік етеді.
Сөйтіп ол «Каучукты жақсартудың негізгі жолдары» тақырыбындағы кандидаттық жұмысына байланысты институттың тәжірибе алаңдарында кең көлемде, арнайы әдістемелерге сүйеніп, зерттеулер жүргізеді. Жұмыс барысында, көксағыз дақылының биологиялық, шаруашылық қасиеттері және өсірудің агротехникасы туралы жаңа деректер дүниеге келеді. Оларды тұқымынан және өскіндері арқылы өсіру тәсілдерін, жаңа сорттарын шығару, өсімдіктің құрамындағы көксағыздың көлемін арттыру, өндіру агротехникасын алғаш рет тәжірибеге енгізеді. 1940 жылы кандидаттық диссертациясын табысты қорғап, бұрынғы тәжірибе алаңын каучукке қажет шикізат өсіретін, кең көлемдегі өндіріс көзіне айналдырады.
К.Мыңбаевтың осы саладағы ашқан ғылыми жаңалықтары, еңбекқорлық, ізденушілік ерекшеліктері ғылыми ортада жоғары бағаланып, институт басшылығы оны аз уақыттың ішінде қатардағы қызметкерден бөлім меңгерушісі дәрежесіне дейін көтереді. Кәрімнің бұл жерде ғылыми жұмыстарын одан әрі қарай жалғастыруына Ұлы Отан соғысының басталуы бөгет жасайды. Ел басына түскен осынау ауыр шақтарда ол Ленинградты қорғаушы халық жасағы қатарында болады. Артынша әскерге алынып, Омбыда арнайы дайындықтан өтеді. Дегенмен, соғысқа қажетті ұшақ, автомашина секілді және резина пайдаланатын басқа да осыған ұқсас техникалық құралдардың көптеп шығарылуы каучукке деген сұранысты еселей арттырады. Соған байланысты оның жасау тәсілдерін жақсы білетін Кәрім Мыңбаев шұғыл түрде әскерден босатылып, елге қайтарылады. Кәкеңнің Күләш деген немере қарындасын алған, өте жақын араласқан күйеу баласы, қазақтан шыққан тұңғыш режиссер, профессор Асқар Тоқпановтың айтуынша, сол кезде Кәрім Мыңбаевты Сталиннің өзі Кремльге шақырып, әңгіме өткізеді. Әңгіме барысы төмендегідей жағдайда өрбиді:
– Майор, Қазақстанда сен сияқты қанша ғалым бар? – деп сұрайды Сталин.
– Көп, жолдас Сталин.
– Олай емес, жолдас Мыңбаев. Менің білуімше, бар-жоғы 5 ғылым докторы, 17 ғылым кандидаты ғана бар. Бұл көп емес. Біздің ойымызша сіз, Мыңбаев жолдас, Қазақстанға қайтуыңыз керек. Бастаған ғылыми жұмыстарыңызды аяқтаңыз. Соғыстан соң шаруашылықты өркендетуіміз керек, – дейді Сталин.
Қабылдаудан соң 1942 жылы Қазақстанға оралған Кәкеңді республика Үкіметі жақсы қарсы алып, елдегі ауыл шаруашылығына еркін араласу, өзіне берілген тапсырмаларды іске асыру үшін Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары етіп тағайындады. Кәрім осы тұста өзіне жүктелген мемлекеттік қызметпен бірге Оңтүстік Қазақстанның Мақтаарал, Киров, Қызылқұм аудандарында ірі шаруашылықтар құрып, көксағыз өсімдігін өсірумен айналысады. Онда ғылыми жұмыстарын жалғастырып, аталмыш өсімдіктің мәдени түрлерінің шаруашылық-биологиялық қасиеттерін анықтайды және шаруашылыққа тиімді агротехнологияны енгізеді. Сонымен 1944 жылы осы еңбектері бойынша диссертация қорғап, биология ғылымдарының докторы атағын алады.
Сол тұста еліміздің ауыл шаруашылығын ғылыми негізде қайта құру үшін бір ғылыми орталық құрып, оларда әр сала бойынша ғылыми-зерттеулер институттарын ашу қажеттілігі туындайды. Сондықтан соғыстың қауырт кезеңіне, елдегі қиыншылық пен тапшылыққа қарамай 1944 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясының Қазақ филиалы ашылып, оның президиумының тұңғыш төрағасы болып К.Мыңбаев тағайындалады.
Жаңадан ұйымдастырылған филиалда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге білікті мамандар қажет болады. Кәрім ағамыз әуелгі кезекте келешегі бар А.Е.Еламанов, М.А.Ермеков, В.А. Бальмонт, Ю.Н.Барминцев сияқты ғалымдарды сырттан тартады. Сонымен қоса, жоғарыдағы қызметімен қоса Қазақ ауыл шаруашылығы институтының селекция және генетика кафедрасы мен Қазақ мемлекеттік университетінің биология, топырақтану факультетінің дарвинизм және генетика кафедрасына меңгеруші болып, шәкірттер дайындау ісіне тікелей қатысады. Н.Базанова, Б.Полымбетова, Ф.Мұхамедғалиев секілді биология саласындағы ғалымдарымыз осылайша тәрбиеленіп шығады.
К.Мыңбаевтың қажырлы еңбегі, іскерлігі, үлкен абыройының арқасында қазақстандық филиал қарамағында аз уақыттың ішінде 4 ғылыми-зерттеу институты, 8 тәжірибе стансасы, 13 тәжірибе алаңы ұйымдастырылып, ғылыми тақырыптық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Кейіннен заман жақсара келе ауыл шаруашылығының әр салалары бойынша, әртүрлі табиғи-климаттық аймақтарда жаңадан институттар қатары өсіп, жемісті жұмыстар күні бүгінге дейін жалғасуда.
Мал шаруашылығы институты жергілікті малдардың тұқымдарын асылдандырып, өнімін жоғарылату үшін шетелдік мол өнімді мал тұқымдарымен шағылыстырып, алынған будандардың өсіп-өну қасиеттерін арттыруда, оларды дұрыс азықтандыру, бағу, күту технологиясын жасау бағытында ғылыми жұмыстар жүргізді. Мал түрлері бойынша жүргізілетін зерттеулерді тереңдету мақсатында бұл институттан өз алдарына ғылыми-зерттеу институттары бөлініп шықты. Осындай жұмыстардың барысында жаңадан мол өнімді мал тұқымдары шығарылды.
Егін шаруашылығын дамытуда қара топырақты, ылғалды Солтүстік Қазақстанның бес облысы өңірінде Кәрім Мыңбаев 1948 жылы Қызылжар қаласында ВАСХНИЛ-дің Қазақ филиалының көшпелі сессиясын өткізеді. Онда өзі «Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығының агробиологиялық негіздері» деген тақырыпта баяндама жасайды. Біздің ойымызша, елімізде тың және тыңайған жерлерді игерудің алғашқы ғылыми негіздері осы кезден бастап қалана бастаған секілді. Өйткені, Кәкең сол өңірдегі Шортанды астық шаруашылығы тәжірибе стансасының жұмыс бағытын, көлемін зерделеп, зерттеулерді қайта қарап, тиісінше түзетулер енгізіп, жаңа бағыттар белгілеген екен. Оған осы саланың айтулы мамандарын тарту ісіне қатысқан. Егін шаруашылығының селекционер-ғалымдары, «халық жаулары» Л.Зайцева мен В.Кузьминді жазасын аяқтатпай, Карлагтан босаттырып, олар осы стансада жаңа ғылыми жұмыстарын жалғастырған. Бұлар астық тұқымдарының жаңа мол өнімді сорттарын шығару және өнім алудың толық агротехникасын жасағаны үшін кейіннен Лениндік сыйлықтың лауреаттары атанғаны туралы ғалым Хайдар Арыстанбековтің естелігінде келтірілген.
Ерте уақыттарда Арқа жұрты малдарына қысқы мал азығын дайындай алмайтындықтан, оларды Бетпақдала арқылы күздің жауын-шашыны кезінде Шу, Мойынқұм өңіріне айдап апарып қыстатып, көктемдегі қар суымен жазғы жайлауға оралту ежелден қалыптасқан тіршілік дәстүрі болатын. Осы әрі-бері көшуде, кейде ауа райының бұзылу салдарынан, жолда мал көп шығынға ұшырайтын. Кәрім Мыңбаев туған елінің патриоты, шынайы ғалым ретінде халқын осы сан ғасырлық азаптан құтқару ісіне көп мән береді. Аталған жәйттердің алдын алу және күн көзі жеткілікті түсетін, ауа райы онша қатал емес өңірді халық игілігіне жарату үшін, осы проблеманы және оның шешімдерін жан-жақты зерттеуді қажет деп табады. Бұл жұмысты алғаш рет өзі бастап, әр түрлі мамандардан тұратын экспедиция ұйымдастырып, аймақтың өсімдіктер әлемін, ашық су көздерін, мерзімдік азықтық қорларын зерттеп, соңынан 1948 жылы «Бетпақдала шөлі» атты монографиясын жазады.
Ғылыми тұрғыдан алғанда бұл зерттеу аймақтың келешек тағдырын шешуге жеткіліксіз болатын. Осыған байланысты, Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың 1998 жылды қуғын-сүргін құрбандарын ақтау деп жариялауына қарай бізге қызмет бабында Карлагтың сақталған мұрағаттарымен танысуға тура келді. Сонда мынадай екі құжатқа тап болдық. Оның біріншісі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1948 жылғы 22 тамыздағы №651 қаулысының көшірмесі. Онда Бетпақдала, Сарыарқа өңірін шаруашылыққа пайдалану үшін, зерттеуді Орталық Үкімет арқылы ГУЛАГ-тың Карлаг бөлімшесіне тапсыру жайлы өтініш жасалған. Әрине, мұндай мәселені көтеріп шешу жолдарын қарастыру К.Мыңбаевтың бастамасы екені сөзсіз. Бетпақдаланы зерттеуге Карлагты тарту жөніндегі ұсыныстың түсу себебі, онда әртүрлі себептермен ауыл шаруашылығы саласының айтулы ғалымдары айдауда болған. Сонымен қоса бұл жазалау орнының түрлі зерттеулер жүргізуге қажет жақсы жабдықталған зертханасы да бар еді.
Осы мәселе оң шешілген соң, Карлагтың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Д.Смирнов бастаған экспедиция бұл аймақта екі жыл үзбей жұмыс жасаған. Олар өңірдің рельефін, топырағын, ашық су көздерін, көлемдерін, химиялық құрамын, мал азықтық шөптердің түрлерін, өсіп-өнуін, зерттеген және мерзімдік ылғалдың түсу ұзақтығын, көлемін анықтаған. Жұмыс қорытындысында шөлдің 98% әр түрлі бонитетті «В» типті жайылым, 1,5% көлтабан-су басқан шабындық, 6 тип далалық шабындық және 0,5% жыртуға жарамды жер барлығын тапқан. Ал жайылым жерлердің 51% көкпек, жусанды болып келсе, 16% жуығы 3 деңгейлі бетегелі-селеулі, селеулі-бетегелі құрамдағы мал азықтарын көктемде, күзде пайдалануға жарамды жерлер. Зерттелген аймақтың жалпы көлемі 2,5 млн. га. Мұнымен бірге, өңірге 1:100000 және 1:200000 мөлшерінде топографиялық карта жасалып, онда топырақ ерекшеліктері, азықтық шөп қорлары, түрлері, пайдалану мерзімі, көп кездесетін бұталар, жердің рельефі, бұлақтар, мал суаруға жарамды су көздері және маусымдық ылғалдар жайлы жан-жақты мәліметтер келтірілген 625 беттік монография қоса жазылып, 1950 жылы Министрлер Кеңесіне жіберілген.
Сонымен бірге ғалымдар жиналған деректерге сүйене отырып, өңірдің ауа райын, топырақ ерекшеліктерін ескеріп, оған бейім мал азықтық қорын жасау, онда тиісті мал түрлерін көптеп өсіру және күн көзінің ұзақтығын пайдаланып, бау-бақшаны қолға алудың да мүмкіндігін қарастырған. Бұларды шешу үшін айналадағы өзен арналарымен қоса жер асты су көздерін іздестіруге геология-минерология ғылымдарының докторы, академик Уфа Ахмедсафин бір топ мамандармен жұмыс жасаған. Жүргізілген барлаулар негізінде 70-тен аса тұщы су көздерінің барлығы анықталған. Кейін белгілі болғанындай, бұл өңір кеңестік дәуірдің 60-шы жылдарынан бастап жабық алаңға айналып, күні бүгінге дейін әскери полигон болып қалуда.
Иә, Кәрім Мыңбаев туған елінің патриоты бола білді. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылым академиясы Қазақ филиалын ол басқарған жылдары бұған мекемелердегі жоғары лауазымдағы адамдардың 80% жергілікті ұлт өкілдерінен тұрды.
Бізге жеткен естеліктерге назар аударсақ, Кәкеңнің ғылыми қызметтегі өмірі партиялық шенеуніктердің өктемдіктеріне, орынсыз талаптарына тойтарыс берумен өткені сезіледі. Бірде Орталық Комитеттің Мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі М.В.Луценко телефон шалып, филиал президиумының мәжілісін жүргізіп отырған жерінен шұғыл шақыртады. Бірақ, ғалым жұмысын жалғастыра береді. Келесі күні бұл мәселе Орталық Комитеттің бірінші хатшысына жетеді. Ол Кәрім Мыңбаевты шақыртып алып, бірден жөнге салмақ оймен: «Сіз неге Орталық Комитеттің бөлім меңгерушісі шақырғанда келмедіңіз?» – дейді зілді үнмен. Желдің қай жақтан соққанын сезген Кәкең қаймықпастан: «Мархабат етіңіз, жолдас Борков, әуелі танысып алайық. Мен ғылымның адамымын, ВАСХНИЛ-дің осындағы филиалының төрағасы деп біліңіз», дейді. Борков мырс етіп: «Төраға екеніңізден хабардармын. Ал мен сізден келмеген себебіңізді сұрап тұрмын ғой», дейді кейпін бұзбастан. Ғалым басшыдан көзін тайдырмастан оның бетіне тіке қарап, байыппен: «Филиалда президиумның мәжілісі өтіп жатқанда, мен тек үш адамға бола оның жұмысын уақытша үзе аламын. Олар – Министрлер Кеңесінің төрағасы, Орталық Комитеттің бірінші, екінші хатшылары. Ал басқаларына мәжіліс жұмысын аяқтамай бара алмаймын. Ғафу етіңіз» – деп орныннан тұрып есікке беттейді. Борков жауаптың тым сенімділігінен, Кәрім Мыңбаевтың оңай шағылатын жаңғақ еместігін байқап, отыруын өтінеді. Өзі де білімді, мәдениеті жоғары ол Кәкеңді сынамақ болып ауыл шаруашылығы ғылымы жайлы ұзақ әңгімелесіп, қоштасарда шақырған адамының терең таным иесі екеніне көзі жетіп, орнынан тұрып, жылы қоштасады.
Мұхтар Әуезов кеңестік билік тарапынан шетқақпайлыққа түсіп, тағдыры қыл үстінде жүрген кезінде, осыған байланысты оның 50 жылдығы ел көлемінде еленбей қалғанда партиялық биліктен ешбір сескенбестен 1947 жылы Қаскелеңде ат шаптырып той жасап, Мұхаңның иығына шапан жауып, астына ат мінгізіп құрмет көрсеткен де Кәрім Мыңбаев еді.
Академик В.Бальмонт биязы қазақ-меринос қой тұқымын шығарғанда, оның жүнінің қасиетін білу үшін ағамыз эксперимент ретінде Ленинградқа жүн жіберіп, одан дайын мата жасатып, костюм тіктіртеді де оларды осы жұмысқа қатысы бар төрт адамға кигізеді. Бұл «қылмысты» қырағы көздер Министрлер Кеңесінің бірінші орынбасары А.П.Заговелиевке жеткізеді. Ол мемлекет дүниесіне қол сұққан кінәлілерді шақырып алып, бұларың қалай деп зіркілдейді. Сонда Кәрім Мыңбаев ешбір қаймықпастан, өзіне тән жігерлікпен былай деп жауап береді: «Ғылым құрбандықты қажет етеді, біз жаңа шығарылған қой тұқымы жүнінің маталық қасиеттерін анықтау үшін осындай әрекет жасадық. Бірақ оның еш айыбы жоқ. Бұл жаңалықтың жақсылығы да, жамандығы да, ең алдымен, оны жасап шығарушыларға тиесілі емес пе?!» дейді. Жауаптың дәлелді, ғылыми негізде, үлкен сенімділікпен айтылғанынан сескенген орынбасар бірден райынан қайтып, әңгіменің артын жалпы ғылымның дамуына қарай өзгертеді.
Кәрім Мыңбаев 1948 жылы 30 қыркүйекте, Мәскеуге іссапармен бара жатқан жолда ұшақ апатынан кенеттен қайтыс болды. Онда ағамыздың үзеңгілес серіктері, сол кездегі ауыл шаруашылығы саласындағы білгір маман ғылымдар: Қылыш Бабаев, Сапар Нұғыманов, Хасен Наурызбаев және Солодников бірге көз жұмды. Осы ұшақ апаты жайында қауесет халық арасында кезінде кеңінен тараған. Бірқатар адамдар мұны орталықтың ырқына көп көне бермеген Кәрім Мыңбаев секілді қазақтың біртуар тұлғасына әдейілеп істелген қастандық деп есептейді. Мұны сол кездегі куәгерлер сөзі де дәлелдей түсетіндей. Атақты жазушымыз С.Мұқановтың естелігінде мынадай жолдар бар. «Бір күні маған Ғ.Мүсірепов телефон шалып кешке қонаққа шақырды. Барсақ Кәрім отыр екен. Ол алдағы таңда Мәскеуге Т.Д.Лысенконың 50 жылдық мерейтойына бір топ қазақ ғалымдарымен ұшпақшы екен. Көңілді кеш аяқталғанда, мен Кәрімнен Мәскеуде оқып жүрген екі ұлыма сәлем-сауқат ала кетуін өтіндім. Келістік. Аэропортқа таң атпай бардым... Кәрім балаларымен және мен жырағырақ жерде самолетке ұшатындармен бірге бардық. Самолетке мінгеннен кейін, Кәрім тысқа шығып, Темірін тағы да құшақтап көтеріп, құшырлана сүйді.
– Мұның не соншама балажансып?! – дедім мен.
– Кім біледі, – деді Кәрім – соңғы сүюім ғажап емес!
– Айтпа жаман сұмдықты! (С.Мұқанов. Толық шығармалар жинағы. 13-том).
Ертеңіне сол самолет Балқаштан шыға беріп 15 минөттен соң апатқа ұшырады. Қазақ ауыл шаруашылығы Кәрім Мыңбаев бастаған төрт ірі ғалымынан айырылды. Мемлекеттік комиссия ұшақтың апатқа өздігінен ұшырамағандығын анықтады. Зиялы қауым мұны ғалымға жасаған тікелей қастандық екенін іштей білген, бірақ жұмған ауыздарын ашуға қорыққан. Содан былай ғалымдар оның еңбектері жайлы мандытып ештеңе жазбаған. Олардан қалған соңғы көз (бүгінде о дүниелік) замандасы, академик Хайдар Арыстанбеков ел тәуелсіздік алған соң, қартайған шағында ұшақ апатының мән-жайын былай деп еске алады: «Жарылыс сонша күшті болғандықтан ондағы опат болған адамдардың ешбірін тануға болмады. Кәрімді әйелі костюмінің бір жапырақ жыртындысынан және ондағы түймесінен таныған. Сондықтан барлық мүрделерді біріктіріп Алматыдағы Ташкент мазарына жерлеген.
Сөйтіп, халқымыз аяулы азаматы, ұлтының жанашыры, қамқоршысы, желдің өтінде, суықтың бетінде тұрған қимасынан айырылған. Соңғы сапар, бақилыққа елімен бірге қазақ зиялылары, қара тұтып қайғырып, бірінен соң бірі зират басында егіле сөйлеп, шығарып салады. Академик Қаныш Сәтбаев ағамыздың: «Кәрім, сен жас кетіп барасың. Сенің өлімің біз үшін де, ел үшін де ауыр қаза. Мезгілсіз кеттің-ау, Кәрім! Жолдастар, Кәрімдей адам өмірге жүз жылда бір-ақ келеді» – деп қамыға көзін сүртіп, мінберден сұры қашып түскені Гүлбаһрам Серікқызы Мыңбаеваның «Ағам есіме түссе кеудемді өксік қысады...» атты естелігінде жазылған.
Жұмбақ жағдайдағы ер қазасы еліне қатты батқандығын халық батыры Бауыржан Момышұлы қабір басында ашық айтқан.
Қазақ КСР Министрлер Кеңесі, 1948 жылы 7 қазанда марқұмдардың зиратына ескерткіш қойылсын деген қаулы алғанымен, бұл шешім 1956 жылға дейін орындалмапты. Ол тек кейінірек Хайдар Арыстанбековтің республика басшылығының алдына қойған талабы арқылы ғана жүзеге асады.
Кәрім Мыңбаев қысқа ғұмырында 200-ден аса ғылыми мақалалар мен екі кітап жазып қалдырған. Ғалымның өмірлік қосағы Милица Васильевнадан тараған балалары Жапар – профессор, инженер-электрик, Гүлнар – геолог, Алла – физик, ал кенжесі Темір Алматыда симфониялық оркестрде дирижерлік еткен. Кейін олар шет елге қоныс аударды. 2006 жылы әкелерінің 100 жылдық мерейтойына шақырылған еді, алайда, ешбірі келмеді. Тек Алматыдағы ұлы Сарын ғана қатысқаны есімізде.
Қазақ зиялылары өздерінің естеліктері арқылы Кәкеңнің сегіз қырлы бір сырлы жан екенін бізге жеткізе білді. Ол ұлттық өнерді сүйген, қадірлеген және жүрген ортасында үнемі уағыздаған, ісімен көрсеткен адам болған. Өзі де жақсы домбырашы, әнші, аңшы және қазақ тарихын, әдебиетін, мәдениетін жетік білген жан еді. Осыншама қаситетті бойына сіңірген тұлғаның Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылымынан сіңірген еңбегін біздің ойымызша мынадай бір ауыз тұжырыммен түйіндеп айтуға болады. Академик Қаныш Сәтбаев елімізге жер асты қазынасының алғашқы кілтін ұстатып кетсе, жер беті байлығын ғылыми негізде игерудің іргетасын Кәрім Мыңбаев қалады. Сондықтан оны қазақ ауыл шаруашылығы ғылымының атасы деп айтуға болады. Небәрі 20 жылдың ішінде (1928-1948) мектеп оқушысынан одақтық дәрежедегі академикке айналуы, елімізде ауыл шаруашылығы ғылымының негізін қалаған айтулы ғалым деңгейіне дейін көтерілуі осының жарқын мысалы.
Сондықтан, ел алдында еңбегі зор біртуар тұлғаны есте қалдыру үшін оның жазған еңбектерін, істерін, ол туралы естеліктерді кітап етіп басып шығару қажет. Сонымен қоса Астана, Қарағанды қалаларында және өзі көп шәкірт дайындаған Алматыдағы аграрлық университет алдына ескерткішін орнатып, орталық көшелердің біріне оның атын беру орынды болар еді демекпіз.
Еламан ШАХАНОВ, Қарағанды Өсімдік шаруашылығы және селекция ғылыми-зерттеу институтының директоры, биология ғылымдарының докторы, академик.
Игорь НЕЧАЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик.
Қарағанды.