Адамгершілік жырдың тәжін орнатуға бар қуатын сарп еткен ақындардың саны көп емес. Екеу болса, бірі – Қасым Аманжолов, біреу болса, бірегейі және Қасым еді. Қасымның қасиеті ол ештеңеден тайсалмай, өзінің өзекті жарған отты жырларын нөсерлетіп-ақ жазды. Ұлтшыл атанып қауымдасқан жиындарға да түсіп, қанатын күйдірген кезі болды. Сол «ағаттығына» кешірім сұрағаннан кейін де кеудесін кернеген жырларын көгершіндей ұшырды. Сөйтіп, алмас жырының антологиясын жасап кетті. Жалпы, жаратылысында ішіне бүгетін қалтарысы жоқ Қасым ақынның қай кезде де ағынан жарылатын мінезі өлеңдерінде де сайрап тұр. Ол кезде айтарымды айтып өтсем деген ақынға жала жабу түк емес еді. Бұл сөзіме бір дәйек келтіре кетейін. «Ел ішіндегі таптық айырмашылықтарды көрмей, олардың бәрін «қазағым» деп жалпылама атау алаш ақындарының да тақырыбы болған. Олар мұны өздерінің ұлтшылдық саясатына тиек еткен. Жасырмай айтқанда, Аманжоловтың қателігі де осында», – деген сарындағы пікірлер Қасымды алашордашылардың қатарына ысырды. Бұған қоса тағы бір мықты ақынымыз Қасым жырларынан ұлтшылдық сарын тауып, бас газетіміз «Социалистік Қазақстанға» апарып бергенде, сол кездегі газет редакторы Қасым Шәріпов өз басын тәуекелге тігіп, көп ойланып жатпай дереу Қасымның өзін шақыртып, алдыңғы мақаланың күшін жоятындай қарсы мақала жаздыртып алады да қайшыласқан қос мақаланы газеттің бір бетіне басады. Сөйтіп, Қасым сияқты халқына ардақты ақынды бір тажалдан аман алып қалды. Біздің бұл айтып отырғанымыз, Қасым тартқан азаптың бір ұштығы ғана. Кейін ол Жазушылар одағында болған партия жиналысында тұтас жаратылысымен ақын боп туған Қасым былай деп жауап өлең оқиды.
Көп жылдар болдық жігіт сылаңдаған,
Шаршы топ талқысында сыналмаған,
Өмірде еркін сілтеп жүре бердік,
Күйі мол көңілменен шығандаған.
Қаншама зейіндімін десең-дағы,
Көп жәйттер болады екен ұға алмаған.
Өзіңе өзің сыншы бола алмасаң,
Не керек қиялыңды құр алдаған,
Жат көрер жайдары ашық бұл сөзімді,
Үңіліп көкірегімен сыр алмаған.
Әй, Қасым, бар ма жөнің адасарлық,
Күшің бар, ғұмырың бар, көп жасарлық.
Болды үйір қайдан ғана бұл нашарлық?
Арың мен жаның еркін сырласарлық… – деп шыбын жаны шырқырайды.
Ой-парасаты мен ашық үні қабат келген жанның аруақты арқа тұтатындығы екі бастан. Осы жерде біз ардақты ақынымыз Әбу Сәрсенбаевтың естелігін еске түсіре кеткенді жөн көріп отырмыз. Бір жиында Қасым ақын мінберге шығып өлең оқып тұрады. Кенет жер шайқалып кетеді. Мұны бірден сезген Әбекең: «Әй, Қасым, жер қозғалып жатыр ғой…» дегенде Қасым: «Қозғалса қозғала берсін», деп түк болмағандай түр танытып, өлеңін оқи беріпті. Бұл жерде біз таза ақынның жан тебіренісіне ешқандай бұлқыныс кедергі бола алмайтынын аңғарамыз. Тіпті, жердің өзі де, бәлкім, мынадай өжет ұрпағының тебіренісін қолдаған шығар. Атақты Шыңғысхан әуен атаулыға құлақ қойып, тыңдамайды екен. Өзі сыйлайтын бір адам: «Бұныңыз қалай?» деп сұрапты-мыс. Сонда Шыңғысхан: «Мен тек күйеуі майданда шейіт болған ару мен тосыннан баласын тажал жұтқан ананың ғана жоқтау-зарына иланам, басқасының бәрі жалған», депті. Сол айтпақшы, нағыз ақынның шынайы тебіренісі де солай болса керек. Қасым ақынның қай шығармасын алсаң да оның ішкі жан дүниесіндегі тебіреністі адаспай табасың. Мысалы:
Күйім тасып барады, күйім тасып,
Ойнақтайды он саусақ перне басып…
Дүниеге қараймын отты көзбен
Терезесін жанымның айқара ашып.
Құйқылжыған бір күйдің бастамасы,
Домбырама келіп тұр тайталасып…
Күй деген бір сел екен жөңки аққан,
Қиялымды барады алып қашып;
Қаршығадай жүрегім, алас ұршы,
Күй толқынмен, кеттім мен араласып, – десе, одан кейін:
Япыр-ай! Тудым неге ойшыл болып?
Кеудем толып барады, кеудем толып – деп толғанады да:
Өмірге келгенім жоқ бостан-босқа,
Мен қайтіп босқа жасап, босқа өлемін, – деп шамырқанады.
Дәл осындай өткір мінез ақынды ешқашанда алдаған жоқ. Қайта сана сәулесі өзгеден өткір екенін уақыттан озып туған қасиетін көрсетті. Бұл жерде ақын болмысы таза табиғатпен өзара үндесіп, адами рухтың құдыреттілігіне тәнті етеді. Болмаса бұла күші бұлқынғанда:
…Құдырет күші, жер-жаһанның
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу-кегі,
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, жарыл жүрек, – деп Абдолла Жұмағалиев рухымен жар салады. Міне, мұны ақын алғырлығы демей көр.
Қасым осы жаратылысымен барша ақынның, қала берді, ар-намысты жандардың жаратылысын тап басып беріп отыр. Кешегі Кеңес өкіметінің тұсында не бір таланттар ұранды жырлардың құрбаны болып кетті ғой. Қасым да сондай жырлар жазды. Бірақ оның жырында бір ұлы қасиет болды. Ол тіліміздің ұлан-ғайыр байлығының алтын қазығын сақтап қалды. Және сол кездегі астанамыз Алматыда Қасым ақынды ту ғып ұстап көтерген бір тылсым күш болған екен. Оны адам жасаған жоқ, билік өкілдері де жасаған жоқ. Ол тек бір Алланың ғана құдыретімен келген секілді. Ол қазақ поэзиясының ұлықты да ұлағатты, киелі де кепиетті қара шаңырағын биіктетіп сөзстан әлемінің мерейін өсіріпті. Жасын жырға сөз берелік:
Сүйем сені туған ел – атамекен,
Абзал анам сенсің ғой құшағың кең.
Жер мен көктің жаннаты бір өзіңсің,
Сенен артық не табам, қайда кетем.
Асанқайғы емеспін, Қасыммын мен,
Іздемеймін «жерұйық» желген желден,
Қорқыт та емен, елсізде, көр басында
Қобызымен сырласып күңіренген.
Ерке жанмын, өмірде өстім еркін,
«Еркелеме, ей жігіт, еспе» дер кім?!
Өз елімде өзендей гүрілдеймін,
Тасып, шалқып өтемін, осы сертім, – деп шалқиды.
Бұл арынды ақынға тән мінез ғой. Ұлылардың сарқытындай жарасып тұр.
Иә, көне Сырдың күмбірлеген күмбезді жырын төгіндеткен Әбділда (Тәжібаев) ақын; Атырау өңірінен теңіз толқындарымен сырласып, Жайықтың жаймашуақ лебін алып келген Әбу (Сәрсенбаев) ақын; сонау Нарын құмына құмығып қалмай, оның құдыретті үнін көкке көтере білген Тайыр (Жароков) ақын; мына Жетісу өңірінен жырына бұлақтың сыңғырын сырға етіп, құрақтың сыбдырын жырға қосқан Ғали (Орманов) ақын; арқаның асау табиғатын өз сабасына түсіріп, санаңа мықтап ұялатқан Жұмағали (Саин) ақындардың бірігіп көтерген шаңырағының, бірігіп шырқаған ән әуенінің басында Қасым ақын тұрды десек, қателеспейміз. Бір-біріне ұқсамайтын бұл ақындардың құдыретті үні ешқашанда өшпек емес. Қайта ғасырлармен бірге жаңарып, жаңғырып отырады.
Сөз соңында біз Қасым ақынның ұрпақтар есінде жатталып қалған «Өзім туралы» жырына ден қойып өтейік. Бұл нағыз қазақы жаратылыспен жазылған пәлсапалық туынды. Мұнда көне жыраулардың телегей-теңіз ой толғам орамдарының жатқаны өз алдына, он бір буынды қара өлеңге өзгеше өң берген ғой. Оқып көрейік:
Өзге емес, өзім айтам өз жайымда,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында,
Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,
Тербетіп, тулатып бір қозғайын да…
Аманжол-Рахымжанның Қасымымын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын,
Біреуге жұртта қалған жасығымын,
Біреуге аспандағы асылымын…
«Айтып өткен ақында арман бар ма?» деген осы. Бүкпесіз барын адал айтқан ақынды Алла да, адам да құрметтейді екен. Оған ұлы мерекелері қатар келген ұлы ақындар Қасым Аманжолов пен Мұқағали Мақатаевтың өлмес өлең-өмірлері дәлел бола алады.
Сейфолла ОСПАН, ақын.