• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2010

ЖАУАПТЫ МИССИЯ БАСТАЛДЫ

7962 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың сара басшылығымен де­мо­кратия­лық құндылықтарды құрметтеу, ашық қо­ғам құру, адам құқын қорғау мен сөз бос­тан­ды­ғын өркениет өрісіне сай қамтамасыз ету са­ла­ларында ауыз толтырып айтарлықтай табыс­тарға жетті. Еліміздің экономикасын көтеріп, халқымыздың әл-ауқатын арттыру, саяси рефор­малар жүргізіп, басқарудың тиімді тетіктерін қа­лыптастыру бағыттарында да қомақты шаруалар атқарылды. Қазақстан Республикасы қазірге дейін бір­қа­тар халықаралық ауқымды шараларға бастамашы болып үлгерді. Әлемдік, өңірлік деңгейдегі құрылымдарды өмірге әкелудің көш басында жүрді. Ел ішіндегі этносаралық татулық пен дін­аралық келісім үдерістері өзгелерге үлгі етерліктей дәрежеге көтерілді. Дүниежүзілік, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы күш-жігеріміз де халықаралық қоғамдастық тарапынан оң бағаланып келеді. Жер шарының көптеген мемлекеттерімен тек достық, ынтымақтастық тұрғысында қарым-қатынас орнаттық. Міне, осының барлығы айтуға ғана оңай, ат­қа­рылуы нар түйенің жүгіндей ауыр жұмыстар екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен, осы бас­та­ма­лар мен істердің бәрінде де Қазақстан Рес­пуб­ли­касы абырой биігінен көріне білді. Үлгі етіп ұсын­ған жаңашыл идеяларымыз бен іс-қимыл­да­рымыздың халықаралық қоғамдастық тарапынан танылып, оң бағаланғанының жарқын бір көрінісі – туған Отанымыз табалдырықтан енді ғана аттаған 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше 56 елдің қолдауымен аталған беделі биік халықаралық құрылымға бірауыздан төраға болып сайланды. Отанымыздың ЕҚЫҰ-ға бұрынғы Кеңес Одағы республикаларының, Орталық Азия мем­­лекеттерінің және тұтас мұсылман әлеміндегі ел­дердің арасынан топ жарып, алғаш төрағалық ете­тіні де мақтануға тұрарлық жәйт деп білеміз. Және де Қазақстан Республикасының салмағы ауыр, жауапкершілігі жоғары төрағалық міндетін өз дең­гейінде атқаратынына үлкен сенім білдіре отырып, еліміздің бұл жаңа қадамына сәттілік тілейміз. Ұйым құрылымдары ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚАЗАҚСТАНМЕН ЫҚПАЛДАСТЫҒЫ ЕҚЫҰ – құрамына 56 қатысушы мемлекет кіретін жалпыеуропалық ұйым. БҰҰ Жарғысының 8-тарауына сәйкес Еуропада дағдарысты жағдайлардың ертерек алдын алу және болдырмау, қазіргі бар жанжалдарды және жанжалдан соңғы қалпына келтіруді реттеу құралы ретінде құрылған. Ұйым қарулануға бақылауды, алдын алу дипломатиясын, сенім мен қауіпсіздік шараларын, адам құқықтарын, сайлауға бақылауды, сондай-ақ экономикалық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты мәселелердің кең ауқымымен айналысады. ЕҚЫҰ-ның негіз қалаушы құжаттары 1970-жылдардың басында Шы­ғыс пен Батыс арасындағы үн­қа­тысуды жолға қою үшін көпжақты форум – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңес (ЕҚЫК) шақырылған бола­тын. 1975 жылғы Хельсинки қоры­тын­ды актісі ЕҚЫК-ға қатысушы мемлекеттердің өз азаматтарына қатысты, сондай-ақ өз араларын­да­ғы қатынастардың негізгі қағидат­тарын бекітті. 1990 жылға дейін ЕҚЫК норма­лар мен міндеттемелерді әзірлейтін кездесулер мен конференциялар түрінде қызмет етті, мерзім-мерзім олардың орындалуы туралы ақпарат тыңдалып отырды. Форумның қызметіндегі бет­бұ­рыс жасалған кезең 1990 жылғы жоғары деңгейдегі Париж кездесуі болды. Жаңа Еуропа үшін Париж хартиясында Еуропадағы тарихи өзгерістер үдерісін басқаруға үлес қосу және “қырғи-қабақ соғыс” біт­кен соң туындаған жаңа сынақтарға жауап беру міндеті қойылды. Осы міндеттерді шешу үшін бірнеше ме­кемелер мен институттар құрылды, кездесулерді тұрақты негізде өткізу жолға қойылып, Кеңеске жүйелі сипат берілді. 1990 жылғы қарашада ЕҚЫК үдерісі шеңберіндегі келіссөздерде қарулануға бақылау саласында маңызды келісім – Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шарт (ЕКҚКШ) әзірленді. 1994 жылғы жоғары деңгейдегі Будапешт кездесуінде ЕҚЫК-ні Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ) деп атау туралы шешім қабыл­дан­ды. Бұл Ұйымның жұмысына жаңа саяси серпін беріп, сонымен бірге, оның институттық дамуының көрі­нісіне айналды. 1996 жылғы Лиссабон кезде­суін­де “ХХІ ғасырдың Еуропасы үшін жалпы және жан-жақты қамтитын қауіпсіздік үлгілері” туралы дек­ла­рация қабылданды, “Қарулануға бақылаудың негіздері” және “Қауіп­сіздік саласындағы өзара іс-қимыл бойынша форумның күн тәртібін дамыту” бекітілді. Сол кезде ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік пен тұрақтылықты барлық өлшемдерде нығайту ісіндегі басты рөлі туралы тұжырым одан әрі дамытылды. Бұл кездесудің қорытындысы Ыстам­бұл­да 1999 жылы Еуропалық қауіп­сіздік хартиясын қабылдауға себепші болды, онда Ұйымның жедел мүм­кін­діктерін жетілдіру көзделді. Сол кез­де ЕҚЫҰ-ға қатысушы 30 мем­ле­кет Ыстамбұл декларациясын қа­былдады және жаңа жағдайға бейім­делген Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шартқа қол қойды. ЕҚЫҰ институттары Жоғары деңгейдегі кездесулер – ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекет және үкімет басшылары ЕҚЫҰ өңіріндегі жағдайды бағалау­ды жүргізеді және қызметтің жаңа негізгі бағыттарын әзірлейді. Соңғы кездесу 1999 жылы Ыстамбұлда өтті. Елбасы Н.Назарбаев кезекті саммитті биыл Астанада шақыру туралы бастама көтергені белгілі. Бұл бастама ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшылары тарапынан қолдау тауып отыр. Сыртқы істер министрлерінің кеңесі (СІМК) – барлық мәселе­лер­ді қарайтын және тиісті шешімдерді қабылдайтын орталық нұсқаушы және басшы орган болып табылады. СІМК кездесулері жылына кемінде бір рет әрбір Төрағаның өкілеттік мер­зімінің аяқталуына жақын өткізіледі. Тұрақты кеңес (ТК) – ЕҚЫҰ-ның күнделікті жедел қызметі үшін жауап береді. Оның жұмысына қазіргі төрағаның өкілі басшылық етеді. ТК мүшелері, қатысушы мем­лекеттердің тұрақты өкілдері апта сайын (бейсенбі күндері) Венадағы Хофбург сарайында жиналады. Тұ­рақты Кеңес ЕҚЫҰ-ға қатысты бар­лық мәселелер бойынша кон­суль­тациялар өткізеді және шешім­дер қа­былдайды, сондай-ақ арнайы жағ­дай­лар бойынша да шақырыла алады. Қауіпсіздік саласындағы ынты­мақ­тастық жөніндегі форум (ҚЫФ) – ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер делегацияларының тұрақты өкіл­дерінен құрылған және Венадағы ЕҚЫҰ штаб-пәтерінде апта сайын ЕҚЫҰ өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудың нақты шаралары бойынша келіссөздер мен консультациялар үшін отырыстар өткізеді. Форум міндетіне сондай-ақ қарулануға, қарусыздануға және сенім шараларына, жанжалдың туын­дау қаупін азайтуға бақылау жасау жөніндегі келіссөздерді; қауіпсіздік мәселелері бойынша тұрақты консультацияларды; сенім және қауіпсіздік шараларын орын­дауды бағалау жөніндегі жыл сай­ын­ғы отырыстарды; әскери док­три­налар бойынша семинарларды ұйымдастыру кіреді. Экономикалық және экологиялық форум (Прага форумы) – 1992 жылы өтпелі экономикалар және еркін на­рықтық қатынастарды дамыту мәселелеріне, бұл үдерістерді демо­кратияны құруға және тұрақты­лықты нығайтуға қосылатын қомақ­ты үлес ретінде қарастыра отырып, Ұйымның назарын арттыру мақса­тында құрылған. 1996 жылы атауы Экономикалық және экологиялық болып өзгерді. Әрбір төрағалық фо­рум жұмысының негізгі тақырыбын белгілейді. Бұдан бұрын топырақ­тың деградациясы мен ластануы және су ресурстарын басқару мәселелері (Испания), көліктің дамуы (Бельгия) және т.б. қаралған. Отырыстар жылына екі рет өтеді – жыл басында Венада және негізгі отырыс Прагада жыл ортасында. Парламенттік Ассамблея (ПА) 1991 жылы құрылған. Кездесулер жылына бір рет өтеді. Хатшылық Копенгагенде орналасқан. Қазіргі төраға (ҚТ) – жедел қызметке жалпы басшылықты жү­зе­ге асырады, ол ЕҚЫҰ-да төраға­лық етуші мемлекеттің сыртқы істер министрі болып табылады. Төраға бір жылға тағайындалады. – Құрамына алдыңғы, қазіргі және келесі төрағалар кіретін “Үштік”; – қосымша көмек көрсету үшін, атап айтқанда, жанжалдардың алдын алу және дағдарыстарды реттеу саласында құрылуы мүмкін арнайы топтар; – ҚТ-да нақты мандатпен та­ғайындайтын жеке өкілдер жұмыс істейді. Қазіргі уақытта мыналар әрекет етуде: 1) адамдар трафигіне қарсы күрес бойынша өкіл; 2) 2004 жылғы желтоқсанда ЕҚЫҰ өңірінде төзімділікке және нәсілшілдікке, ксенофобия мен кемсітушілікке қарсы күресте жәр­дем­десу жөнінде 3 өкіл тағайын­дал­ған болатын. Төраға өз қызметінде осылардың көмегіне сүйенеді. Бас хатшы – СІМК үш жыл мер­зімге тағайындалады және қазір­гі төрағаның өкілі ретінде әрекет етеді. БХ-ның міндетіне ЕҚЫҰ құ­рылымдарына және операцияла­ры­на басшылық жасау кіреді. Бас әкімшілік лауазым иесі болып табы­лады. 2005 жылдан бастап бұл лауа­зымды Марк Перрен де Бришамбо (Франция) иеленді. Ұлттық азшылықтар істері жөніндегі Жоғарғы комиссар – этносаралық шиеленіс жағдайларын анықтайды және олардың тез арада шешілуіне жәрдемдеседі. Үш жылға тағайындалады. Штаб-пәтері Гаага­да орналасқан. 2007 жылғы 4 шіл­деден бастап бұл лауазымда Кнут Воллебек (Норвегия) отыр. Хатшылық – Бас хатшының басшылығымен жұмыс істейді және мынадай бөлімшелерден құралады: – Бас хатшының офисі; – Жанжалдардың алдын алу жөніндегі орталық ЕҚЫҰ-ның жан­жалдарды ертерек ескерту, алдын алу және дағдарыстарды реттеу сала­сындағы қызметін қамтамасыз етумен айналысады және ЕҚЫҰ миссияларының жұмысын қамтама­сыз етуде үйлестіруші бас орган болып табылады. ЕҚЫҰ-ның штаб-пәтері Венада орналасқан, 2006 жыл­ғы 23 тамыздан бастап орта­лық­тың директоры – Елші Г.Залбер (Германия); – Прагадағы бөлімше (ЕҚЫҰ-ның мұрағаттары мен құжатта­масын тарату); – ЕҚЫҰ-ның антитеррорлық секциясы 2002 жылы құрылған, ЕҚЫҰ-ның Венадағы штаб-пәте­рін­де орналасқан, секция басшысы­ның міндетін орындайды; – адам саудасына қарсы кү­рес­те жәрдем көрсету жөніндегі бөлім; – ЕҚЫҰ-ның экономикалық және экологиялық қызметі жөнін­дегі үйлестірушісінің офисі осы са­лалардағы ЕҚЫҰ миссияларының жобаларын іске асыруды үйлестіруді жүзеге асырады, Экономикалық және экологиялық форумның жұмысын қамтамасыз етеді; – стратегиялық полициялық мәселелер бөлімі заң үстемдігі тұрғысында жекелеген қатысушы елдердің ішкі істер органдарын нығайтуға жәрдемді жүзеге асырады (Балқан, ОА); – гендерлік секция қатысушы елдердегі және Ұйымның өзіндегі гендерлік теңдікті сақтау мәсе­лелерін қадағалайды. Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро (ДИАҚБ) – адам құқықтарын де­мократияның дамуын және заң үс­темдігін орнықтыруды қамтамасыз ету мәселелеріне жәрдемдесу үшін жауап береді. Адами өлшем сала­сын­дағы міндеттемелерді орындау жө­нінде сарапшылардың отырыста­ры мен кездесулерін өткізетін форум болып қызмет етеді. ДИАҚБ ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерде демократиялық институттарды дамыту және сайлауларды өткізу туралы ақпаратпен алмасу үшін ұйымдастыру жұмысын жүргізеді. ДИАҚБ үкіметтік емес ұйым­дарға, адами өлшем саласындағы ЕҚЫҰ миссияларына және үйлес­ті­рілген көмек бағдарламаларын жү­зеге асыру жөніндегі іс-шара­лар­ға қолдау көрсетеді. Конститу­ция­лық және құқықтық мәселелер бой­ынша сараптамалық көмек пен кадр­ларды даярлауды қамтамасыз етеді. Штаб-пәтері Варшавада орна­лас­қан. 2008 жылдан бастап ДИАҚБ-ның басшысы Янеш Ленарчич (Словения) болып табылады. Ұйымның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі – мүше мемлекеттер үкіметтеріне ЕҚЫҰ қағидаттары­ның негізінде еркін және тәуелсіз БАҚ-тарды дамытуда көмекті жү­зеге асырады. ЕҚЫҰ миссиялары – жанжал­дардың алдын алу, дағдарыстарды реттеу, сондай-ақ нақты бағыттар бойынша дамуда көмек көрсету мақ­саттарына қызмет етеді. Олар­дың мандаты жергілікті жерлердегі мүдделі тараптармен байланыс­тар­ды жолға қоюды және сұхбатты дамытуды көздейді. Қазіргі уақытта ЕҚЫҰ-ның 18 миссиясы: Балканда (Албания, Босния мен Герцеговина, Черно­го­рия, Хорватия, Сербия, Косово, БЮР Македония), Шығыс Еуропа елдерінде (Беларусь, Молдова, Украина), Кавказда (Әзірбайжан, Грузия, Армения), Орталық Азияда (Қазақстан, Түркіменстан, Өзбек­стан, Қырғызстан, Тәжікстан) жұмыс істеуде. ЕҚЫҰ-мен байланысты органдар Сондай-ақ ЕҚЫҰ шеңберінде Бі­тім­герлік және төрелік соты (татуластыру арқылы дауларды рет­теу, Женева), Бірлескен консуль­та­тивтік топ (БКТ) (ЕКҚКШ ере­же­лерін сақтау), Ашық аспан жөніндегі консультативтік комиссия (ААКК) (1992 ж. Ашық аспан жөніндегі шарт­ты орындауға жәрдемдесу) әрекет етеді. Қазақстанның Ұйыммен ықпалдастығы 1992 жылғы қаңтардан Қазақ­стан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ЕҚЫҰ) қатысушысына айналды. 1995 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі (Венада) және ЕҚЫҰ-ның Орталық Азияда (Ташкентте) өңірлік бюросы ашылды. 1999 жылы Алматыда ЕҚЫҰ Орталығы ашылды. 2007 жылғы 21 маусымда ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің шешімімен Орталық ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығы болып атауын өзгертті. 2008 жылғы маусымнан бастап ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығын А.Кельчевски басқарады (Фран­ция). 2007 жылдың желтоқсанында өткен Ұйым Сыртқы істер министр­лерінің Мадридтегі кездесуінде Қазақстан 2010 жылғы ЕҚЫҰ төрағасы лауазымына сайланды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға қосы­луы туралы бастаманы батыс елдері көтерді және олардың өкілдері біз­дің мемлекетіміз тәуелсіздікке ие болған алғашқы жылдары жұмыс байланыстары барысында табанды түрде осы идеяны ұстанды. Қазақ­стан КСРО ыдыраған соң ТМД елдері алдында тұрған қауіпсіздік пен ынтымақ­тастықтың ең өзекті проблемаларын шешуге ұмтылыс танытып келеді. Ұйымға кіруге сондай-ақ 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісінде және ЕҚЫҰ-ның басқа да құжаттарында мазмұндалған канди­даттарды іс жүзінде әзірлеуге және қолдануға мүмкіндік беретін жал­пыеуропалық үдерістерге белсенді қатысу ниеті де түрткі болды. Бұл мақсаттар ЕҚЫҰ төраға­лығына қол жеткізудегі страте­гиялық міндетке де оң әсер етті. Ұйымның Қазақстан өткізген ірі іс-шаралары “Адам саудасына қарсы күрес – өңірлік жауап” Орталықазиялық өңірлік конференция (Астана, 2006 ж. 18-19 мамыр). Іс-шараға өңір елде­рінің ресми өкілдері, ТМД, Батыс Еуропа, АҚШ, халықаралық ұйым­дардың сарапшылары және YEҰ (үкіметтік емес ұйымдар) – барлығы 120 адам қатысты. Конфе­рен­цияның қорытындысында адам саудасына қарсы тұру саласында прак­­тикалық ұсынымдар қабылданды. Еліміздің ЕКҚКШ (Еуропадағы Кәдімгі қарулы күштер туралы шарт) жөніндегі 3-ші Шолу кон­ференциясына төрағалығы (Вена, 2006 жылғы 29 мамыр – 2 маусым). Конференция барысында қатысушы мемлекеттер 1990 жылдың 19 қара­шасындағы Шарттың және оған қатысы бар құжаттардың ережеле­рін орындауға қатысты жеделдетіл­ген аспектілерімен қатар, саяси мә­се­лелерді қарады, олардың арасын­да мыналарды атап өту қажет: қол­даныстағы ЕКҚКШ-ның өміршең­дігі; 1999 жылдың 19 қарашасын­дағы ЕКҚКШ-ны бейімдеу туралы келісімді ратификациялау перспек­тивалары; Ыстамбұл уағдаластықта­рын орындау. ЕҚЫҰ-ның “Мәдениетаралық, дін­аралық және этносаралық түсі­нік” атты жоғары деңгейдегі кеңесі – Төзімділік жөніндегі кеңес (Ал­маты, 2006 жылғы 12-13 маусым). Кеңестің жұмысына ЕҚЫҰ басшы­лығы, Ұйымға қатысушы мемлекет­тер делегациялары, академиялық және діни топтардың, шетелдік және отандық ҮЕҰ-лардың өкілдері қатысты. Кеңесті Қазақстан Республика­сының Президенті Н.Назарбаев ашып, тұрақтылықтың басты фак­тор­ларының бірі ретінде төзімділік пен кемсітпеушіліктің маңызын ерекше атап көрсетті және діндер­дің, мәдениеттер мен өркениет­тер­дің үнқатысуын дамыту үшін ЕҚЫҰ-ның әлеуетін барынша пайдалану қажеттігін айтты. “Минасыздандыру саласындағы сенім шаралары және өңірлік ын­тымақтастық” атты өңірлік семи­нар (Алматы, 2007 жылғы 26-27 наурыз). Ұйымдастырғандар – ҚР Қорғаныс министрлігі мен Сыртқы­ісмині, Канада, Словения, ЕҚЫҰ және Халықаралық траст қоры (ҮЕҰ, Словения). Іс-шараға Орта­лық Азиядан, Ресейден, Моңғо­лиядан, Ауғанстаннан, Еуропа елдерінен, минасыздандыру және миналардан зардап шеккендерді қолдау проблемаларында мамандан­дырылған халықаралық ҮЕҰ-лардан (Халықаралық Қызыл Крест, Гуманитарлық минасыздандыру жөніндегі халықаралық Женева орталығы, Жаяу әскерге қарсы миналарға тыйым салу жөніндегі халықаралық науқан және т.б) 50-ден астам адам қатысты. Қатысушылар Жаяу әскерге қарсы миналарға тыйым салу жө­ніндегі Оттава конвенциясын (ЖМТОК) ілгерілетуге байланысты проблемалар туралы, әртүрлі ел­дерде, бұған Тәжікстан, Әзірбай­жан, Арменияны қоса алғанда, ми­насыздандыру жөніндегі халық­аралық ұйымдардың қызметі туралы баяндамаларды тыңдады, сондай-ақ минасыздандыру мәселелерімен айналысатын өңір елдерінің ұлттық құрылымдары жұмысының тәжіри­бесімен танысты. 2008 жылдың 29 маусымы мен 3 шілдесі аралығында Астанада ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блея­сының 17-ші жыл сайынғы сес­сиясы өтті. Сессияның салтанатты ашылуында ҚР Президенті Н.На­зарбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаев және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Г.Леннмаркер құттықтау сөз сөйледі. Пленарлық отырыс барысында, сондай-ақ ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П.Бришамбо, ЕҚЫҰ-ның ПА Гендерлік мәселелер бойынша арнайы өкілі Т.Тингсгард, ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылықтар істері жө­ніндегі Жоғарғы комисса­ры К.Воллебек сөз сөйледі. Қорытынды пленарлық отырыс­та Астана декларациясы қабыл­данды, оған саяси мәселелерде және қауіпсіздік мәселелерінде ЕҚЫҰ шеңберіндегі транспарент­тікке, экономикалық мәселелерге, ғылымға, технологияларға және қор­шаған ортаға, демократияға, адам құқықтары мен гуманитарлық мәселелерге ЕҚЫҰ-ны одан әрі реформалауға, парламентшілердің Ұйым жұмысына қатысуын кеңей­туге қатысты бөлімдер кіреді. ЕҚЫҰ ПА сессиясы жұмысы­ның соңғы күні лауазымды адам­дардың сайлауы болып өтті. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ ПА-ның жаңа төрағасы болып Португалия өкілі Ж.Соареш сайланды. ҚР Парла­менті Сенатының Төрағасы Қ.То­қаев Ассамблея төрағасының орынбасары болып сайланды. Астанадағы жыл сайынғы сессияның жұмысына Еуропа, Азия және Американың 50-ден астам мемлекетінен келген 500-ден астам делегат, сондай-ақ халықаралық және парламенттік ұйымдардан өкілдер қатысты. Хельсинкидегі СІМК Былтырғы жылдың 4-5 желтоқ­санында Хельсинкиде ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер Сыртқы істер ми­нистрлерінің 16-шы кеңесі болып өтті, оған еліміздің сол кездегі Сыртқы істер министрі М.Тәжин басқарған Қазақстан Республика­сының ресми делегациясы қатысты. СІМК-ге қатысу шеңберінде министр ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П. де Бришамбомен, АҚШ, Ұлыбри­тания, Грузия, Кипр, Нидерланд, Норвегия, Словакия, Швеция делегациялары басшыларымен, сондай-ақ ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Ж.Со­ареш­пен бірқатар кездесулер өткізді. Ұйымды реформалау үдерісі, еуропалық қауіпсіздіктің қазіргі жай-күйі мен болашағы, сондай-ақ Оңтүстік Кавказдағы тамыз дағ­дарысы және оның салдары фо­румы­ның басты тақырыптары болды. Ал Қазақстан 2009 жылдан бас­тап құрамына Ұйымның алдыңғы, сол жылғы және келесі төрағалары кірген “Үштіктің” жұмысына белсене қатысты. ЕУРОПА БЮДЖЕТІ УАҚТЫЛЫ ҚАБЫЛДАНДЫ Бұл – Қазақстанның төрағалық қарсаңындағы орасан жеңісі Талғат ЖҰМАҒАЛИЕВ – Венадан. Еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымына төрағалық етуге күнтізбелік мерзім бойынша бүгін кіріседі. Алайда төрағалық­тың нақты міндеттері бұдан әлдеқайда бұрын басталғандығы анық. Ашығын айтсақ, төрағалық етуді зор мәртебе санап жүрген Қазақстан үшін айрықша жауапты кезең басталып та кетті. Соның бірі ретінде өткен аптада Вена қаласындағы ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің арнайы отырысында қатысушы мемлекеттердің Ұйымның 2010 жылға арналған Жиынтық бюджетін мақұлдауы туралы шешім қабылдағанын айтуға болады. Бюджеттің жалпы көлемі 150 765 000 еуроны құрайды. ЕҚЫҰ-ның негізгі қаржылық құжатын талқылап, келістіру бойынша үдеріс Қазақстанның жетекшілігімен жүргізілді. Себебі, еліміз 2009 жылғы 1 қазаннан бастап Ұйым Тұрақты кеңесінің Басқару және қаржы жөніндегі консультативтік комитетінде төрағалық етеді. Яғни, дәстүр бойынша алдағы болатын жылдың бюджетін сол жылы төрағалық ететін ел келістіруі тиіс. Бұл дегеніміз – барлық елу алты мемлекетпен ресми және бейресми, екі жақты және көпжақты келіссөздерді жүргізіп, барлық қатысушылардың пікірлерін бір түйінге келтіру деген сөз. Бюджеттің қабылдануы Қазақстанның орасан зор жеңісі болып табылады, себебі бұл өткен төрт жыл ішінде уақытылы қабылданған алғашқы бюджет. Соңғы рет ЕҚЫҰ бюджетінің уақытылы қабылдануы 2005 жылы желтоқсанда орын алған екен. Мысалы, 2009 жылғы бюджеттің талқылануы Грекия төрағалығына тым ауыр болып әрі ұзаққа созылып, құжат үш ай кешіктіріліп, яғни сәуірде ғана қабылданды. Бюджет қаржылық құжат болғанымен, оның әр бабында, әр жобасында бекем саяси астары тұр. Әрбір елдің ЕҚЫҰ-дағы өзінің заңды мүдделері бар және бәрі де оларды іске асыруға тырысады. Біреулер ЕҚЫҰ-ның гуманитарлық саладағы жобаларын айтқысы келсе, екіншілері әскери-саяси үнқатысуды жаңғыртқысы келеді. Басқа біреулері ЕҚЫҰ шеңберінде энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады. Тіпті климаттың өзгеруіне байланысты жобаларды алға салады. Және осындай басқа да талаптар мен жобалардың саны жетерлік. Ал қаражат болса шектеулі және бәрін қамтуға ұйымның әлеуеті де жетпейді. Дәл осындай жағдайда ұлттық мүддені халықаралық ұжымның мүмкіндіктерімен келістіру шешуші маңызға айналады. Осыған қоса бірлескен шешімнің нәтижесі ең алдымен үйлестіру жұмысын жүргізетін төрағаға байланысты болады. Сондықтан да бұл еліміз дипломатиясының жетістігі деп сеніммен айтуға болады. Яғни, бюджет бойынша уақытылы шешім Ұйымға төрағалығымыз қарсаңыңда елімізге қосымша бедел береді. Анықтама ретінде келтіретін болсақ, қазіргі уақытта ЕҚЫҰ-да 3300-ге жуық қызметкер жұмыс істейді, олардың көпшілігі – 2800-ге жуық адам  тыстағы миссиялар мен орналасқан жерлердегі іс-шараларға тартылған. Басқа басылымдардан ЖОҒАРЫ МІНДЕТ БИІГІ Y.HAMDІ, “Ultіma ora” газеті (Румыния). Төрағалық Қазақстан үшін елді әлемдік қоғамдастыққа танытудағы жаңа кезең болады. Бұған республиканың ЕҚЫҰ-ға төрағалық мінбері мүмкіндік береді. Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалыққа сайлануы елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуындағы тамаша табыстарының объективті тұрғыдан танылғандығын білдіреді. Алайда, төрағалыққа сайланудағы барлық объективті факторлардың ішінде айқындаушы рөл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке харизмасы мен халықаралық жоғары беделі болғаны да еш күмән туғызбайды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы – бұл ел үшін өзінің халықаралық қоғамдастықтың жауапты, құрметті және тиімді мүшесі екенін көрсетуде тамаша мүмкіндік. Қазақстан төрағалықты табысты қамтамасыз ету үшін бар мүмкіндігін пайдалануы тиіс, сондықтан Президент Н.Назарбаев аталған мәселеге өте үлкен назар аударып отыр. Мемлекет басшысы әділ атап көрсеткеніндей, “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығы жалпыұлттық стратегиялық жоба болып табылады”. ЕҚЫҰ-ға төрағалық Қазақстан үшін өзіндік бір мақсат емес. Бұл –  елді жүйелі жаңғыртуға бағдарланған ұзақ мерзімді стратегияның кезекті бір қадамы. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық лауазымы елдің демократия жолымен қаншалықты ілгері жылжығанын салыстыруға да мүмкіндік бермек. Бұған дейін Ұйымға төрағалық еткен елдердің тәжірибесін зерттеулер мұндай жауапты міндет үдесінен шығу мемлекеттік басқару жүйесінің барлық буындарының үйлесімді және кешенді түрде жұмыс жасай білуін талап ететінін көрсетті. Осыған байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мүдделі орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп “2009 – 2011 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын” бекітті. Онда үш жылды, яғни “Үштік” құрамындағы іс-қимылдарды қамтитын үдерістер қарастырылған. Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев былай деген болатын: “Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етеді және осы бір жыл мерзім ішінде Ұйымға қатысушы барлық мемлекеттердің игілігі үшін жұмыс істеуге ұмтылатын болады. Бұған қол жеткізудің бір тетігі ретінде он жылдық үзілістен кейін ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитін ұйымдастыру қарастырылып отыр”. Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастарды жолға қоюдағы тамаша тәжірибесінің де маңызы айтарлықтай. Елде 130 ұлт пен 46 конфессия өкілдері бейбіт қатар өмір сүріп жатыр. Ең бір кереметі – бұл Орталық Азияның кіндігіндегі мемлекетте жүзеге асып отыр. Қазақстан Республикасының бұл тамаша табысы ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа ұсынысын бекіттірудегі ең басты аргументтердің бірі болды. Қазіргі әлемді Қазақстанның этносаралық және дінаралық тәжірибесі аса қызықтырады. Этносаралық және конфессияаралық келісім Қазақстанның осы жауапты да құрметті лауазымға тағайындалуында ең шешуші факторлардың бірі болды десек, асыра айтпағандығымыз. Осы маңызды сыртқы саяси табысын Қазақстан толық дәрежесінде пайдалана алуы тиіс. Президент Н.Назарбаев атап өткендей, “ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Қазақстан кандидатурасын төрағалыққа бекіту туралы шешімі тереңнен ойластырылған. Қазақстан – этносаралық және конфессияаралық жанжалдар орын алмаған өңірдегі аса тұрақты мемлекет. Біздің еліміз – болжамды, беделді әріптес. Республикамыз Еуразия және Каспий қоғамдастығының барлық өңірлік құрылымдарына кіреді, бірақ өзінің ұлттық мүддеге бағдарланған жеке-дара сыртқы саясатын жүргізіп келеді”. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫ: СЫНАҚТАР МЕН МҮМКІНДІКТЕР “Kіtekіnto” Интернет-газеті (Венгрия). 2009 жылдың 28 қазанында Астанада “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы: сынақтар мен мүмкіндіктер” деген тақырыпта мәслихат болып өтті. Оның жұмысына АҚШ-тан, Еуропа елдері мен Қазақстаннан сарапшылар мен саясаткерлер, дипломаттар, ҮЕҰ өкілдері қатысты. Бұл шара Вашингтонның стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы мен Жаңа демократия институтының қолдауымен өткізілді. “Соңғы екі жыл бойы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа дайындық ба­ры­сында көптеген осындай басқосулар ұйымдастырды. Бұл кездесу – со­лардың ең маңыздыларының бірі. Өйткені, біз төрағалық ету кезіндегі ба­сымдықтарымыз бен стратегиямызды айқындау жолында жұмыстанып жа­тырмыз”, деді Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев. Мәслихат бағдарламасы ЕҚЫҰ-ның үш өлшемі тақырыбын қамтыды. Олар: әскери, қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау салалары. Президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Е.Ертісбаевтың айтуынша, іс жүзінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің барлығы Қазақстанның осы аса ірі әрі беделді халықаралық ұйымға төрағалыққа дайын екеніне сенімді. Е.Ертісбаев атап өткеніндей, Қазақстан төрағалық барысында Ұйым талқысына этносаралық және конфессияаралық мәселелерден басқа да басымдықтарды шығара алады. “Біз тәуелсіз дамуымыздың 18 жылындағы тәжірибемізді ескеріп, бірнеше басымдықты – қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелерін алға шығардық. Қазақстан өңірлік қана емес, сондай-ақ, мысалы, ядролық қарусызданумен байланысты жаһандық проблемаларды шешуге де дайын екенін көрсетті”, деп атап көрсетті Президенттің кеңесшісі. “Біздің еліміздің төрағалығы арқылы күн тәртібіне көкейкесті мәселелерді шығарғысы келетін АҚШ-тың, Еуроодақтың, ТМД елдерінің халықаралық сарапшыларының үніне құлақ салуға тиіспіз”, деді Е.Ертісбаев. Мемлекет басшысы кеңесшісінің пікірінше, мұндай шараларды ұйымдастыру ЕҚЫҰ кеңістігіндегі проблемаларды тиімді шешуге оң ықпал етеді. ҰЙЫМНЫҢ ЖАҢА МАРШРУТЫ: ВЕНА-АСТАНА-ВИЛЬНЮС Гинас ДАБАШИНСКАС,Vіlnіaus dіena (Литва). Литва сыртқы істер министрі Вигаудас Ушацкастың шақыруымен ЕҚЫҰ Бас хатшысы Вильнюсте болды. Мұнда ол елдің лауазымды адамдарымен кездесулер өткізді. Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған, Литваның Ұйымға 2011 жылғы төрағалығының техникалық дайындығына арналған ресми емес пікірталасқа ЕО өкілдері, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрліктерінің арнайы өкілдері қатысты. Пікірталасқа қатысқандар қатарында Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Дулат Қуанышев пен Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Ғалымжан Қойшыбаев болды. Қазақстан елшілігінде өткен кездесуде Қазақстан өкілдері ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың перспективалары, бой көрсетіп отырған қатерлер мен шешілуі ықтимал проблемалар төңірегінде әңгімеледі. Литваға ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету 2011 жылы сеніп тапсырылып отыр. Ал Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы  елдері ішінде Ұйымға төрағалық ету мүмкіндігіне ие болған алғашқы мемлекет болып табылады. Сондықтан біздің мемлекеттеріміздің – Литва мен Қазақстанның жақын ынтымақтастығының маңызы өте жоғары. ЕҚЫҰ қазіргі таңда Австрия астанасында орын тепкен, 56 мемлекеттің басын біріктіретін қауіпсіздік жөніндегі ең ірі өңірлік ұйым болып табылады. Әр жыл сайын оған мүше бір мемлекет төрағалық етіп отырады. 2009 жылы бұл жауапты міндетті Грекия атқарды. Төрағалық етуші елдің қызметін іс басындағы, өткен және келесі Ұйым төрағаларының үштігі қолдап отырады. Д.Қуанышевтің сөзіне қарағанда, бұл үдеріс Литва мен Қазақстан арасындағы онсыз да жаман емес қарым-қатынасты қазіргіден де белсенді ете түсуге көмектеседі. Жылдам дамып, инвесторлар назарын өзіне аударып отырған Қазақ­стан – өңірде ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемде үлкен рөл атқарып отырған Орталық Азиядағы танымал мемлекет. Бұл – жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын, пайдалы қазбаларға бай ел. Қазақстаннан мұнай мен газдан басқа Менделеев кестесіндегі барлық дерлік химиялық элементтерді табуға болады. Мұнымен қоса, бұл ел өзінің географиялық орналасуына орай Орталық Азияда үлкен маңызға ие. Өйткені, Қытай мен Батыс Еуропаны байланыстыратын жаңа Жібек жолы дәл Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан көптеген литвалық кәсіпкерлер Қытайға трамплин бола алатын Қазақстан рыногына шығу мүмкіндігін ойластыру үстінде. Вильнюс пен Астананың екі жыл бойғы тығыз дипломатиялық ынтымақтастығы біздің елімізге Еуразияны дамытудың магистральдік векторына қатысуға тамаша мүмкіндік туғызады. Бетті әзірлеген Самат МҰСА.