2 трлн. теңге
Атырау облысында биылғы 6 айда осынша теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді
Статистикалық мәліметтерге қарағанда мұнайлы өңір экономикасындағы ырғақты дамудың тасы өрге домалап тұр. Тіпті, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырар болсақ, экономикалық өсімге бет алғаны байқалады. Мұны биылғы бірінші жартыжылдықта өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 триллион 087,4 миллиард теңгені құрауымен байланыстыруға болады. Оның ішінде тау-кен саласындағы өнім 1 триллион 924,6 миллиард теңгені құрап отыр.
Осы кезеңде өңірдің мұнай-газ өнеркәсібі саласында 15 миллион тонна «қара алтын» және 6,9 миллиард текше метр ілеспе газ өндірілді. Осы саладағы өндірілген өнімнің басым бөлігі «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнының үлесіне тиеді. Бұл кәсіпорын мұнайшылары бірінші жартыжылдықта 13 миллион тонна мұнай мен 6,8 миллиард текше метр газ өндіруге қол жеткізді. Сондай-ақ 146,1 миллиард теңгеге бағаланған шикізатты өңдеуден өткізді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
Атырау облысы.
801,9 млн. теңге
Биылғы жылдың өткен 6 айында әлеуметтік жағынан аз қамтылған 77,9 мың азаматқа осыншама қаржылай көмек көрсетілді
Еліміздегі «Мемлекеттік әлеуметтік көмек туралы» Заңға сәйкес халықты жұмыспен қамтудың белсенді нысандарымен қатар, әлеуметтік көмектің түрлері ұсынылған. Мәселен, жиынтық табысы жан басына шаққанда кедейлік шегінен аспайтын отбасыларына атаулы әлеуметтік көмек көрсету жалғасып, биылғы жылы оған 208,9 млн. теңге бөлінген. Өткен мерзімде 1464 отбасына (6259 адам) 80,9 млн. теңге көлемінде көмек қаржы төленген.
Сонымен қатар, балаларға арналған жәрдемақы асырауындағы 18 жасқа дейінгі әр балаға заң бойынша белгіленген азық-түлік себетінің құнынан төмен отбасыларына тағайындалып, 2011 жылы осы жәрдемақыға 818,2 млн. теңге бөлінген. Алғашқы жартыжылдықта 14997 отбасына 336,1 млн. теңге қаржы қарастырылған.
Елбасының Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес 2011 жылдың өткен 6 айында аз қамтамасыз етілген 77,9 мың азаматқа 801,9 млн. теңге әлеуметтік көмек көрсетіліп, мұқтаждықтары шешімін тауып отыр.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.
630 млн. теңге
«Ақтөбе ЖЭО» АҚ өздерінің қондырғыларын күрделі және ағымдағы жөндеуге осыншама теңге қаржы бөлді
Акционерлік қоғам директоры Рахым Мұхамедғалиевтің мәлімдеуінше, кәсіпорынның алдағы жылу беру маусымына толық дайын болуы үшін негізгі, қосалқы және жалпы стансалық қондырғыларды, ғимараттарды күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Тамыз айының басына дейін мердігерлік ұйымдар және кәсіпорынның өзінің күшімен 216 миллион теңгенің жұмыстары атқарылды. Соның ішінде тоғыз бу қазанының алтауы, алты бу турбинасының төртеуі жөнделді. Бу және су қыздыру қазандарын жөндеу жұмыстары аяқталып келді. Қысқы жылу беру маусымына әзірлік жұмыстарын негізінен қыркүйек айына дейін тиянақтау көзделуде.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.