• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2011

Мал өсір, табысы оның көл-көсір

668 рет
көрсетілді

Шалқар ауданы  облыстағы  өнер­­кәсібі мен ауыл шаруашы­лығы  қатар дамыған өңір. Ауыл ша­руашылығы дегенде, мұнда бірыңғай мал шаруашылығы да­мып отырғанын баса айту орынды болмақ.Төскейінде төрт түлік мал түгел өрген осы өңірде қазіргі таңда екі заңды тұлға, 475 шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Малдың қай-қайсын да жылдың қай мезгілінде де жайып бағуға табиғи жағдайы аса қолайлы. Со­ның нәтижесінда ауданда облыс­тың басқа жерлеріне қарағанда отарлап қой, табындап жылқы және ірі қара, келелеп түйе өсіріп отырғандар саны анағұрлым көп. «Шалқар аудандық ауыл ша­руа­шығы және мал дәрігерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бастығы Құсейін Сәрсембайдың айтуынша, үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне ауданның барлық меншік түріндегі шаруашылық құры­лымдарында ірі қара 41,7 мыңға, қой-ешкі 211,8 мыңға, жылқы 14,1 мыңға  түйе 10,6 мыңға жетіп жы­ғылған. Мал санының өсуі өткен жылдың осы кезеңімен салыстыр­ған­да ірі қара бойынша – 104, қой-ешкі –103, жылқы –106 және түйе 101 пайызды құраған. Осы кезеңде 2940 тонна ет, 4752 тонна сүт, 511 мың дана жұмыртқа өнді­ріліпті. Былтырға қарағанда ет өн­діру 5, сүт өндіру 1 пайызға артқан. Аудан халкы ет, сүт өнім­дерімен өздерін толық қамтамасыз етіп отыр. Барлық селолық округтерде мал сою алаңдары, ал, Шалқар қа­ласында осындай цех жұмыс істейді. Айдап салмен мал өспейтінін білетін шаруалар мал тұқымын асылдандыруға баса көңіл бөлуде. Соңғы жылдары сиырлар қолдан ұрықтандырылуда. Тұрғындар асыл тұқымды малдың өнімділігіне қазірдің өзінде көз жеткізіп отыр. Қобда ауданының  «Қазақстан» ЖШС-інен еттік бағыттағы қазақ­тың ақ бас сиырының 6 асыл тұқымды бұқасы алынған. Алдағы күзде тағы да 12 бұқа алуға келісім-шарт жасалыпты. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысындағы «Бірлік мал зауыты» ЖШС-інен 23 еділбай  қойының асыл тұқымды қошқары сатып алынатын болды. Бұдан басқа ауданда «Ауыл ша­руашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы ар­қылы жүзеге асырылып жатқан «Еттік бағыттағы мал шаруа­шылығын дамыту және ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру» мемлекеттік бағдарла­масының қанатқақты жобасына қатысуға 22 шаруа қожалығы тілек білдіріп, тізімге енген. Со­лар­дың арасынан он екі шаруа қо­жалығы тексеруден өтіп, «Ауыл шаруашы­лығын қолдау қоры» АҚ-тан несие бөлінуін күтуде екен. Ауданда таяу жылдарда төрт  түлік малдың етін, шұбат, қымыз өндіретін фермалар ұйымдас­тыру, шұбат пен қымыз өңдейтін цехтар салу  көзделуде. Ауыл шаруашылығы өнімдерін  дайын­дау, өңдеу, өткізу мақсатында құрылған селолық тұтыну коо­перативтерінің жұмысын жан­дан­дыру және жетілдіру қолға алынған. Шалқарлықтар  169 мың тонна жем-шөп дайындауды жоспарлауда. Бұған мүмкіндік мол. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.