• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2011

Сергелдеңнің соңы

461 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен журналист Сауытбек Абдрахмановтың  сұхбат кітабынан – Нұрсұлтан Әбішұлы, тәуелсіздік­тің он жылдығы қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде еліміз жүріп өткен жолдың бел-белестері жай­ында көлемді-көлемді мақалалар жазу­ды ойластырған едік. Әр жыл жө­нінде Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Ма­наш Қозыбаев, Зейнолла Қабдолов, Фариза Оңғарсынова, Қуаныш Сұл­та­нов сынды белді, беделді авторлар ой толғаған болатын. Жылдарды бөлген кезде мен 1991 жылды таңда­ған­мын. Әрине, ол мақалада тәуелсіз­ді­гі­міз жарияланған 16 желтоқсаннан кейінгі екі апта жайында ғана сөз етілген жоқ. Сол жылды түгелдей тәуел­сіз­ді­гіміздің таң­сәрі шағының тарихына жатқыза аламыз. Бүгінгі әңгімемізде осы жай­ында сөз қозғасаңыз деймін. – Ол жылы Кеңес Одағының ғана емес, бүкіл әлемнің тағдырына әсер еткен аса маңызды оқиғалар орын алды. Жылдың басынан-ақ жайсыз хабарлар жан-жақтан жетіп жатты. Бір жағынан әкімшіл-әміршіл жүйенің қирап бітуімен, екінші жағынан нарықтық қатынас­тардың жоқтығынан өндірістегі дағда­рыс тіпті тереңдей түсті. Бағаның бәрін белгілеп, бекітіп қойғаннан кейін дү­кен­дердегі тауардың тапшылығы бұрынғы­сынша күйінде тұрды. Базардағы, коопе­рация­да­ғы баға аспандай берді. Колхоздар мен совхоздар мемлекетке астық сатуға мүд­делі болмауға айналды. Содан барып шетелден астық сатып алуға бөлі­нетін валю­таның көлемі тіпті көбейіп кетті. Қыр­сық­қанда қымыран іриді дегендей, дәл сол жылы әлемдегі мұнай бағасы да күрт түсті. Ішкі саясаттағы, соның ішінде, ұлт­аралық қатынастардағы қателіктер бара-бара қатерге айнала бастады. Литвада солай болды. Жыл басынан-ақ одақтық басшылық Балтық бойындағы респуб­ли­каларға байланысты тізеге салу, күшке басу әдісін қолдануға көшті. Литвада тікелей президенттік билік енгізуге әрекет жасалды. Бұл үшін республика компар­тия­сының ішінен іріткі туғызудан да тар­тынған жоқ Мәскеу. Ақыр аяғында Вильнюске әскер кіргізіліп, атақты «Аль­фа­ның» көмегімен сондағы Бас­пасөз үйі мен телеорталық басып алынды. Халық өзі сайлаған Жоғарғы Кеңесті қорғауға шықты. Қан төгілді. Онымен де қоймай, мұндай күш көрсету біраз күннен кейін Ригада қайталанды. Онда да қан төгілді. Осы екі оқиға Горбачевтің беделін қатты құлдыратып жіберді. Соның алдында ғана, 1990 жылы бейбітшілік саласын­дағы Нобель сыйлығын алған адамның бет пердесі сырылып тасталды деуге де болады. Оның сөз жүзінде ғана демократ екендігін енді Батыс біржолата білді. Қазақта «қасықтап жинағанды шелектеп төгу» деген сөз бар емес пе, дәл соның өзі болды да қойды. Батыс елдері КСРО басшылығын жай ғана айыптаған жоқ, өз­дерінің қаржылық көмек беру жөніндегі уағдаластықтарын да қайта қарай бас­та­ды. Миллиардтаған долларлық несиелер елге келмей қалды. Мен Балтық бойы республикаларының Одақтан шығу тілегі жайында сол кезде-ақ өз ұстанымымды басын ашып айтқанмын. Республикалар халықтарының ерік білдіруіне, жоғары өкімет органдарының шешімдеріне құр­мет­пен қарау қажет дегенмін. Онсыз да Одаққа арқанмен сүйресең де көнбейін деп тұрған Балтық бойындағы үш республика Вильнюс пен Ригадағы оқиға­лар­дан кейін әбден ішін тартып қалды. Ресейге өз еркімен қосылған делінетін, ал­дымен Ресей империясының құрамында, одан кейін Кеңес одағының құрамында, барлығы 260 жыл өмір сүріп жатқан, халқының жартысынан астамын өзге ұлт өкілдері құрап отырған Қазақстанның өзі берекесі кете бастаған Одаққа орай екіойлы болып отырғанда содан жарты ғасыр ғана бұрын, Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында ғана КСРО-ға күштеп қосылған ол республикалардың енді беті бері қарамайтынын түсіну қиын емес еді. – Орталық пен республикалардың ара-қатынасы да нашарлай түсті. – Олай болуы да заңды. Одақтық Министрлер кабинеті дағдарысқа қарсы бағ­дар­ламаның жобасын жасап, федера­ция­ның барлық субъектілері ортақ қиын­дық­тан бірлесе шығатындай жолдарды іздеуге тырысты. Әйтсе де, жобаға нақтылық, тиянақтылық жетіспеді, онда елдегі жағ­дайға білікті талдау жасалмады. Бір­тұтас бюджеттің қалай қалыптас­тыры­ла­тыны қолмен қойғандай көрінбеді. Орталық әлі де бір аяғымен жоспарда, бір аяғымен нарықта тұруды қалайтындай әсер қалды­ратын. Жобаның жекелеген тұстары сол кезде жасалған жаңа Одақтық Шарттың қағидаларына қарама-қайшы келетін. Мысалы, жалпыодақтық қордың негізгі азық-түлік түрлерінің ресурстарын бір орталықтан бөлудің айрықша режімі енгізілді. Біз бұған наразылық білдірдік. Кеңес одағында сыртқа астық шығаратын жалғыз республика біз болатынбыз. Орталық Азия республикаларындағы ең­бек ұжымдары да шикізат ресурстарына бағаны шарт жасасу жолымен белгілеуді талап етті. Жөні де солай еді. Қит етсе бізге «субвенция аласыңдар» дегенді ай­татын. Былайша қарағанда, алатынымыз рас. Бірақ бұл, орысша айтқанда, «подачка» емес қой. Ол субвенция біздегі шикі­заттың төмен бағамен алынатынының ор­нын толтыру ғана ғой. Сол тұста Мәс­кеу­ден шығатын «Куранты» деген газеттің Қазақстандағы жағдайды қандай бұр­ма­лап көрсететінін, ара-арасында тіпті ашық арандатуға барып, жала жабудан да тайынбайтынын КСРО Жоғарғы Кеңе­сі­нің сессиясында сөйлеген сөзімде айтқанмын. Басқасы аздай, сол кезде «заңдар со­ғы­сы» деген де шықты. Басқа респуб­ли­каларды былай қойғанда, РСФСР-дің өзінде КСРО заңдарына қайшы келетін заңдар қабылдана бастады. Ресейдегілер ол заң бойынша зейнеткерлердің бәріне жоғары төлем белгіледі. Ол ақшаның қайдан табылатыны ескерілген жоқ. Жаңағы шешімнің КСРО-ның басқа республикаларын­дағы халыққа қалай әсер ететіні қаперге алынған жоқ. Сол кездегі дағдарыстың бар себебін қоғамдық жүйеге сүйей салуға болмайды. Дағ­да­рыстың басты себебі үкімет жіберген қателіктерде еді. Елде дағдарыстан шығудың жол­да­рын ұсынған ақылды, ойлы экономистер мен саясаткерлер аз емес-ті. Әттең, олардың көбінің орталыққа қажеті бол­ған жоқ. Соған әлі күнге таң қаламын. Дағдарыстан шығу­дың басты жолы елде кәдуілгі тәртіп орнату еді. Орталықтың нақты жағдай­мен санаспауы, біліксіз қабыл­данған шешімдері Горбачев пен Ельциннің арасын тіпті ашып жіберді. Мен осы екі тұлғаның басы сыйыспауына кәдімгідей алаңдадым. Екеуінің де өзіндік әлеуеті жеткілікті болатын. Бір-бірін толықтыруға тиіс адамдар еді. Елге де керегі сол. Екеуі екі жаққа тартты да тұрды. Мен қолымнан келгенінше олардың ұстанымдарын жақындатуға ты­­рыстым. Горбачевпен де, Ельцинмен де ара-қатынасым жақ­сы еді. Талай рет үшеулеп оты­рып та сөйлескенбіз. Әне-міне тіл табысатындай болады да қайтадан ерегес жолына түсіп кетеді. Сол тұста маған ол екеуі­нің қайсысына бүйрегіңіз көбірек бұрады дегендей арандату сұрақтары да қойылып қа­ла­тын. Ондайда мен екі ли­дер­дің де саяси, адамдық қасиет­терін жоғары бағалаймын, әйтсе де олардың тіресуі тым алысқа кетіп қалды, енді тіл табыспайтын да сияқты, мұндай жағдайда мен мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз ететін жақты қолдаймын деген сыңайда барынша дипломатиялық тілмен жауап қайтаруға тырысатынмын. Ақыры, бұл текетірес әбден асқынды. Борис Николаевич жыл басында теледидардан тікелей эфирде сөз сөйлеп, М.­С.Гор­­бачевтің ұстанымынан, саясатынан ал­шақ­тайтынын ашық айтып, оның отстав­каға кетуін талап етті. Оның алдында мұндай талапты КСРО халық депутаты Сажи Умалатова айтқанын өзің де ұмыт­паған шығарсың. Ол үндеуге 400 депутат қол қойған болатын. Горбачев беделінің мықтап түсуі сол кезден басталды. – 1991 жылдың сәуір айында рес­публикалық баспасөзде сіздің Италия­ның «Стампа» басылымына берген сұх­батыңыз жарияланды. Сізге: «1993 жылы, президенттік мандаты біткенге дейін Горбачев билікті қолдан шы­ға­рып алмай ма?» деген сұрақ қойылған. Ол сұраққа сіз: «Бұл оған байланысты. Менің ойымша, оның мүмкіндігі биыл тарылып тұр. Егер ол шешуші бет­бұ­рыс жасаса, өкімет билігін қолына нық ұстап, тұрғындар көңілінен шыға­тын бағдарламаны ұсынса, істі жүргізе бастаса, жеңіске жетер де. Олай болма­ған жағдайда 1991 жыл ол үшін соңғы жыл болуы ғажап емес», деп жауап қайтарғансыз. Айтқаныңыз айдай келді. Бұлай дегенде сіз неге сүйендіңіз? – Бұл менің көріпкелдігімнен емес. Оқиғалардың даму барысына талдау жасай келіп, сол кездегі үдерістерді ой елегінен өткізе келіп айтқаным. Одақтық биліктің елдегі қоғамдық-саяси ахуалды бақылаудан шығарып алғаны 1991 жыл­дың басында көкірегінде көзі бар әр адамға бадырайып көрініп тұрған еді. Жа­ңағы Литвадағы жағдайға келейік. Вильнюсте қан төгілгеннен кейін ел жұрт­шылығы да, Батыс әлемі де Михаил Сер­геевичтің не дейтінін күтті. Ел президенті парламентте өзінің ол оқиғадан «хабар­сыз» қалғанын мәлімдеді. Мұны сол күн­дері Балтық бойына тез жеткен Ельцин өз беделін көтеруге жақсы пайдаланып кетті. Жалпы, менің Михаил Сергеевич Гор­бачевқа көзқарасым кітаптарымда да, көптеген сұхбаттарымда да жеткілікті айтылған деп ойлаймын. Оның бүкіл әлемді дүр сілкіндірген ұлы үдерісті бастап берген жаһандық ауқымдағы реформатор екендігі ешқандай талас туғыз­бай­ды. Горбачевтың шын мәнінде тарихи тұл­ға екендігін айтудың өзі артық. Қайта құ­руды қолға алуға Горбачевты ешкім мәж­­бүрлеген жоқ. Ол бұл істі елді өзгер­ту үшін, халықты өзгерту үшін, сананы өз­гер­ту үшін, демократиялық қоғам құру үшін қолға алды. Бұл істі бастамағанда Гор­бачевтың елді кемінде он шақты жыл басқаратындай мүмкіндігі болғаны рас. Со­нымен бірге, Горбачевтың мұндай елді басқаруға шын мәнінде шамасы келмегені де рас. – Мұның себептері қандай деп ойлайсыз? – Себептері көп. Соның бірі Михаил Сер­геевичтің өмірді, халықты онша білмегендігі сияқты. Горбачевтың СОКП Ор­талық комитетінің Бас хатшысы қыз­ме­ті­не келгенге дейінгі өмір жолын шолып қарасаңыз, оның ешқашан кедергілерге кездеспегенін көресіз. Өзі көп жылдар жұмыс істеген Ставрополье өлкесінде оған қиын түйіндерді шешуге тура келген жоқ. Пятигорск, Ессентуки, Железноводск, Кисловодск сияқты курортты қалаларымен танымал ол өлкеде Михаил Сергеевич Мәскеуден демалысқа келетін ел басшыларымен ұдайы кездесуге, өзін танытуға мүмкіндік алды. Қайта құруға кіріскен кезде Горбачев мұны қалай жүзеге асыратынын анық көз алдына елестетпеді деп ойлаймын. Бұл оның осындай ірі жұмысты қолға алғанда қандай бағыттарға басымдық бергенінен де көрінеді. Шын мәнінде, ашығын айтайықшы, қайта құру неден басталды? Ішімдікпен күрестен басталды. Сол тұста Қазақстан Үкіметін басқарған адам ретінде мен алкоголь сатудан бюджетке қандай табыс түсіп отырғанын жақсы білемін. Одақ бойынша цифрлар да есімде. 1980-1984 жылдар аралығында ішімдік сатудан шамамен 70 миллиард рубльдей кіріс түскен еді. Ол кез әр сомның доллардан әлдеқайда құнды кезі. Бұл шаруаға дәл осылайша науқанмен кірісердің алдында сол ақшаның орнын немен толтырамыз дегенді ойлау керек еді. Оның орнын толтыратын ештеңе жоқ болатын. Одан кейін мұндай науқанның халықтың негізгі бөлігіне қалай әсер ететінін ойлау керек еді. Ал халықтың негізгі бөлігі арақ­тың кезегінде сағаттап тұра бастағаннан-ақ, оны алыпсатардың қолынан анағұр­лым қымбатқа сатып ала бастағаннан-ақ ол шаруаны қолға алған адамға, яғни Гор­бачевқа, сол арқылы қайта құруға іштей қарсы шыға бастайтынын ескеру керек еді. Оның ешқайсысы ескерілген жоқ. Тарихи тәжірибе де ойға алынбады. КСРО-ның алғашқы жылдарында бұрынғы «құр­­ғақ заң» тектен-текке жойылма­ға­нын, оны жоюға бюджет тапшылығы итермелегенін басшылық атымен білмеді деуге бола ма? Әрине, алкоголизммен кү­ресу керек еді. Бірақ ол жұмысты нақты жағдаймен есептесіп, реалистік тұрғыдан жүргізу керек еді. Спиртті ішімдіктерді сатудан бюджетке түсетін кірістің бір жыл­дың ішінде екі есеге азайып кетуі, сыра өндірісінің төрт есе құлдырауы, жүзім плантацияларының құртылуы, ұйым­дас­қан қылмыстың ал­ғаш­қы белгілері – арақ мафия­сы­ның пайда болуы, спирт контрабан­да­сы­ның шығуы, бәрінен де бұрын ел хал­қы­ның қолға алынған бастамалардың берекесіздігінен түңілуі – осының бәрі қайта құрудың бастапқы белесте-ақ сүрінуіне соқтырды. – Рой Медведев өзінің кітабында тек осы сәтсіз науқанның өзінен ел бюд­жеті 1985-1990 жылдардың ара­сын­да құны шамамен 100 миллиард дол­лар­ға тең ақша жоғалтты дегенді жазыпты. – Бұл цифрға сенуге болады ғой деп ойлаймын. – Горбачевтың «Жизнь и реформы» деген қос томдық мемуарынан мына бір жолдарды жазып алып едім: «Как толь­ко не ругали начальство, а больше всех доставалось генсеку, которого по традиции было принято считать ответственным за все. Так я получил кличку «минеральный секретарь»... – Михаил Сергеевич экономикадағы басымдықтарды дәл айқындай алмады. Салған беттен жаңа технологиялар сатып алуға, жаңа қуаттарды іске қосуға ұм­ты­лу­ға бағыт ұсталды. Әрине, кеңестік эко­но­миканың өндірістік қуаттарының тозығы жеткені рас еді. Олар­ды ауыстыру керек еді. Әйтсе де, жаңа техноло­гия­лардың жаңа өнімдер бере бастауына дейін көп уақыт өтетіні ескерілмеді. Ал ке­ңес еліндегі ең қиын мәселе азық-тү­лік­тің, тұрғын үй­дің, тауарлар мен қызмет­тердің жетіспеуі, яғни ха­лық­тың мате­риал­дық әл-ауқатының тө­мендігі бо­ла­­тын. Бүкіл әлем­­де ұлттық табыстың 70-80 пайызы тұ­тынуға жұмсала­ды, қалған бөлігі ғана қор жинауға бағытталады, ал бізде бәрі төң­керіліп түскен еді. Шын­туайтында, адам­дарға керегі миллиондаған тонна мұнай да, болат та, көмір де емес, солар ар­қылы келетін тұр­мыс­тық жақсылықтар: жақ­сы пәтер, жайлы көлік, жа­расымды киім ғой. Кедейлік жағ­дайында жариялылық­тың өзі көңіл толмаушы­лық­ты күшейте түсетіндігі де ескерілмеді. Демократия­ның да­мытылу қарқынында да асығыстық орын алғаны анық. Демократияландыру үдерісінде шектен шығудың қатері ерекше. Горбачевтың қайта құру саясатының сәт­сіздігі – саясатты экономи­ка­ның алдына шығарудың қандайлық зардаптарға соқ­тыратындығының айқын ай­­ғағы. Негізінде саясат Горбачев үшін белгілі бір дәре­же­де мақсаттың өзіне айналып кеткендей де әсер қалды­ра­ды. Мысалы, шын мәнінде, Горбачев бас­ты қарсыласы ретінде Ельцинді қол­дан жасап алды десе де болады. Ельцин­нің Мәскеу қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босату жө­нінде өтініш жазғаны белгілі. Оны қарау­ды Горбачев келесі пленумға қалдырған. Сол пленумда Ельцин қайта құрудың қарқыны жөнінде болмашы ғана сын айтқан. Бітіп тұрған пленумды әрі қарай жалғастыр­тып, жиырма шақты адамды сөйлеткен, Ель­цинді қайта құрудың басты қарсыла­сын­дай етіп шығарып, одан кү­рескер жа­саған Горбачевтың өзі. Ақиқа­тын айтсақ, депутаттық сайлауда да, президенттік сайлауда да мәскеуліктер бол­сын, жалпы ресейліктер болсын Ельцинге Горбачевқа қарсылығын таныту үшін дауыс берді. Сайлау демекші, Горба­чев­тың тағы бір қателігі қайта құрудан жұрт үміті үзілмей тұрған кезде, демо­кра­тия­лық өзгеріс­тер­ден көп нәрсе күтіп тұрған кезде президенттікке бүкілхалықтық сайлау жолымен сайланып алынбағандығы. Мұның зарда­бын ол кейін көп тартты. Әсіресе, барлық республикаларда президенттік сайлаулар бүкілхалықтық дауыс беру жолымен өт­кеннен кейін ондай ман­датты депутат­тар­дың қолынан ғана алған Горбачев билігінің легитимдігіне едәуір сызат түсті. Оны өзіміз нақты сезінетінбіз. Ол әртүрлі лагерлердің арасында ар­лы-берлі жүрумен болды, басы қосыл­май­тын нәрселердің басын қосуға, өзіне аты­м­ен қарсы адамдарды қалайда өз жағына тартуға тырысты. Сөйтіп, ақыр аяғында, оны оң жағындағылар да, сол жағын­да­ғы­лар да тастап кетті, ең жақын тартқан адам­дары тіпті сатып кетті. Адам­ның тұл­ға­сының тұтас болмауы әрқашан осындай жағдайға жеткізеді. Кез келген басшы дербес, батыл болуы керек, ал КСРО-дай алып елдің басшысына мұндай қасиет ауадай қажет еді. Горбачев Кеңес Одағының бұрынғы қалпында тұра алмайтынын ақыры толық түсінбей-ақ қойған сияқты. Басқасын былай қойғанда, КСРО-дай алып елді бір орталықтан басқару ендігі жерде мүмкін еместігі анық болатын. Мен жаңарған Одақтың ендігі жерде федерация күйінде қала алмайтынын әу бастан-ақ ескерткенмін. «Өтіп кеткен уақыттың соңынан қууы­мыз жететін шығар» деп КСРО Жо­ғарғы Кеңесінің кезектен тыс сессия­сын­да да сөйлегенмін. «Ешкімнің де қиялға берілмеуі керек екенін атап көрсеткім келеді. Қазақстан ешқашан да бірде бір аймақтың «айыл-тартпасы» болмайды, ешқашан да оның «кіші інісі» болмайды», деп те басын ашып айтқанмын. Ал Горбачев тіпті Украина өз тәуелсіздігін жария­ла­ғаннан кейін де бұрынғы Одақты реформалау, орталық пен республикалар арасында жаңаша қарым-қатынас орнату жөнінде ғана айтумен болды. Кеңес Ода­ғы ең әрі барғанда конфедерация түрінде ғана сақтала алатын еді. Горбачев конфедерация идеясын да қолдамай, ақыр ая­ғын­да федерациядан да айрылды. Біз ел бірлігін одақты қалайтындармен болса да сақтап қалғымыз келген еді. 1990 жыл­дың аяғына қарай жаңа одақты құруға тек 4 республика дайын тұрды. Оның белор­та­сында Ресей бар. Мен Горбачевқа осы­лай біріксек бізді қолдайсыз ба, кейін ол одаққа кімдердің қосылатынын көре жатар­мыз дедім. Михаил Сергеевич тіпті көнбей қойды. Ол республикалардың бә­рін де ұстап қаламыз, бәлкім, Балтық бой­ындағылар да әлі райынан қайтар дегенді айтты. Ново-Огареводағы келіс­сөздер солай басталған еді. – Ермұхамет Ертісбаевтың «Казахстан и Назарбаев. Логика перемен» ат­ты кітабында «Борьба Назарбаева за сох­ранение Союза» деген тұтас тарау бар. КСРО халық депутаттарының 1989 жылдың көктемінде өткен бірінші съезінен кейін сіздің бүкіл ел көлемінде беделіңіз барынша биіктегені белгілі. Бүкілодақтық «Диалог» журналы «Жыл саясаткері» конкурсына жүргіз­ген сауалнамада сіз бірінші орынға шыққансыз. Сауалға жауап берген оқырмандардың 40 пайызы сізді атаған еді. Ельциннің көрсеткіші 36 пайыз. Горбачев тек 18 пайыз алған. Сондай қолдауға ие болған Одақтың тарауы жаныңызды жабырқатуға тиісті сияқты. Әлде олай емес пе? – Қазақстанның мемлекеттік егемендігі жөніндегі декларацияны қабылдаған Жоғарғы Кеңес сессиясында мен егемендік пен демократия туралы айтқанда абсолютті егемендік те, абсолютті еркіндік те, абсолютті демократия да болмайты­нын ескерткен едім. Әлемдегі мемлекет­тер­дің бәрі бір-біріне тәуелді, бірінен-бірі ақша алып, бір-бірімен сауда жасайды, сон­дық­тан реттегіш тетіктерді қолда­на­ды. Эй­фо­рия­ға салынудың қажеті жоқ. Мына дү­ниеде бәрі де өзара байланысты. Мені одақтық мемлекетті сақтап қалғысы келді дегеннен гөрі жаңа одақтық мемлекетті құрғысы келді деген дәлірек бо­ла­ды. Оның үстіне Қазақстанның бөлекше бітімін де ескеру керек. Экономиканың өзін­дік сипатына, республиканың геосаяси жағдайына, полиэтностық құрамына бай­ланысты қазақстандықтар одақтық мем­лекеттің аясындағы біртұтас эконо­ми­ка­лық, әлеуметтік және өмірлік кеңіс­тіктің жойылуын өзге өңірдегі тұрғын­дардан өткірлеу сезінетіндігін ойламау мүмкін емес еді. Ол кезде Қазақстан тұр­ғылықты халқы көпшілік болып табыл­май­тын жал­ғыз республика екенін ұмыт­паған жөн. Оның үстіне біз жаңа Одақтық Шартты Мемлекеттік егемендік туралы деклара­ция­ны нақты мазмұнмен толық­тыру­дың жақсы жолы деп білдік. Ең бас­тысы – Одақ сақталмаса жетпіс жылдан астам уақыт бойы қалыптасқан шаруа­шылық байланыстарының быт-шыты шығатыны, негізінен шикізат өндіруге бейімделген Қазақстан экономикасының ты­ғырыққа тірелетіні анық болатын. Сондықтан да біз мүмкіндігінше орталық пен респуб­ли­ка­лардың жаңаша қарым-қатынасын қа­лып­тастыруға күш салдық. Әсіресе, Ор­талық Азия мен Қазақ­стан­ның жағдайы нашар еді. КСРО халық депутаттарының бірінші съезінде сөйле­ген сөзімде мен ведомстволық өктемдік әлемдік рынокта сұранысқа ие минерал­дық ресурстарға бай біздің республи­ка­мыз әлеуметтік дамуда қатты артта қал­ғанын, экологиялық дағдарыс шегінде тұр­ғанын айтқанмын. Ыдыс-аяқ дүкеніне кіріп кеткен піл сияқты дөкір әрекет­те­рі­мен одақтық министрліктер Аралдың түбіне жетіп тынды дегенмін. Өзім құр­мет тұтатын Николай Иванович Рыжков­ты да қатты сынға ал­ғанмын сонда. Горбачевтың үзіліс кезінде маған келіп: «Нұрсұлтан, бұл не істе­ге­нің? Енді мен Рыжковты Үкімет төраға­лығына қалай ұсынамын? Құлатып жіберуі мүмкін...» дегені бар. «Ол іске өзім кө­мектесемін» дедім де, Рыжковтың канди­датурасы дауысқа салынатын кезде сөз сұрап, сын іске жәрдемдесу үшін айты­лады, сын айтылған сайын адамдардан бас тарта берсек, талай нәрсені бүлді­ре­міз, сондық­тан Үкіметтің жұмысына са­лиқалы баға бергеніміз жөн болады дедім. Рыжков Үкімет төрағалығына сайланды. Өкініш­ке орай, ол қайта құру барысында өзін қалыптастырған жүйенің ықпалынан шыға алмай-ақ қойды. Біз, республика­лардағы үкіметтер басшылары, Мәскеуде өзара кездесіп қалғанда Рыжков рес­публикаларға «Уралмаштың» цехтарын­дай қарайды дейтінбіз. – Рыжков кейіннен Сіз жөнінде жылы пікірлерін жиі айтып жүрді. – Білемін. Іске жаны ашитын, адал азамат қой. Жағдайды түзеуге деген ниеті де жақсы еді. Нарыққа көшуге батылдығы жетіспеді. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Мен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ол Қазақ ССР Министрлер кеңесін басқарған кезде де, кейіннен, респуб­ликаны басқарған кезде де бірге жұмыс істедім. Сондағы кездесулер барысында-ақ менде оны үлкен саяси болашақ күтіп тұр деген кәміл сенім қалыптасты. Байсалды, ұстамды мәнері, әңгімедегі ең басты нәрсені қас-қағым сәтте қағып алып, даралай қоюы, алғыр ақылы, ой-өріс кеңдігі, шығыс адамдарына тән дарқандығы – Нұрсұлтан Әбішұлын елден ерекшелеп тұратын қасиеттерін осылай жалғастыра беруге болады. Бұған республиканың экономикалық және әлеуметтік проблемаларын тамаша білетіндігін қосу керек, бұл оған ең күрделі мәселелерді де тиімді шешуге дәйім мүмкіндік беретін».

Н.И.Рыжков.

(Президент Казахстана Нурсултан Назарбаев. Казахстан – Россия. Стратегия вечной дружбы. М., 2000, 21-бет). – Нұрсұлтан Әбішұлы, бері қой­ған­да 1990 жылдан бастап одақтық парла­мент­тің депутаттары арасында да, партия басшылығында да, мемлекеттік құ­ры­лымдарда да сізді елдегі ең жоға­ры лауазымды қызметтердің біріне ұсыну мүмкіндігі қаралғанын бәріміз білеміз. Мен сол тұста Орталық комитетте сектор меңгерушісі болып жұмыс істегенмін. Мәскеуге іссапарға барып қайтқан адамдар сондай әңгімелердің шетін шығарып келгенде бір жағынан ел үшін мақтанып, бір жағынан ел үшін алаңдап та жататынбыз. Бұл жө­нін­де әртүрлі кітаптарда аз жазыл­ма­ған. Әйтсе де, осының жай-жапсарын өз аузыңыздан да естігім келеді. – Басшының беделін елі көтереді. Жел­тоқсан оқиғасынан кейінгі сұмдық сы­нақта біздің халқымыз өзінің бойын­дағы бар жақсы қасиеттерін танытты. Рес­публика жұрты татулығын сақтап қал­ды. Жаңа шаруашылық қарым-қатынас­тарын орнатуда да біз басқа өңірлерден гөрі икемділік таныта білдік. Нарыққа көшудің алғышарттары жасала бастады. Кадр­ла­ры­мыздың дайындығы да негізінен көңіл­дегідей екендігі көрінді. Одақ­тық алқалы жиындарда, съездер мен сессияларда Қазақстанның үні жарқын шыға бастады. Осындай-осындай жағдайлар­дан ұлтара­лық татулықты басқа респуб­ликалардың бә­рінен берік ұстап отырған, жаңа эко­но­миканың белгілері өзгелерден көбірек кө­рініп отырған елдің басшысына бөлегірек назар аударыла бастады ғой деп ойлаймын. – 1991 жылдың 3 қаңтарында Горбачев өткізген мәжілісте Үкіметтің жаңа басшысы жөнінде әңгіме қозға­лып­ты. Евгений Примаков пен Вадим Бакатин ол қызметке сіздің кандида­ту­ра­ңызды ұсыныпты. Леонид Млечин «Назарбаев. Групповой портрет с президентом» деген кітабында: «Тогда вопрос отложился. Но в июле решение было принято» деп жазады. Жыл ба­сын­да бұл мәселе неге кейінге қалдырылды? – Кейінге қалдырылғаны – Горбачев менің ұсынысыммен келіспеді. Мен егер Үкімет төрағалығына кірісетін болсам, онда ең алдымен барлық республикаларда болып шығуым керек, олардың парла­менттерінің осы тағайындауға келісімін алуым керек, экономикалық рефор­малар­ды алаңдаусыз жүргізетіндей кең өкілет­тілік қолыма берілуі керек, осын­дай өкілеттіктермен ғана мұндай жұмысқа кірісуім мүмкін дегенді айттым Горбачевқа. «Егер республикалар менің тағайын­дау­ым­ды қолдаса, онда бірқатар шұғыл ша­ра­ларды қабылдауыма тура келеді. Үкі­мет басшысы ретінде бүкіл экономика­лық саясатты бір қолда ұстауым керек», дегенді де айттым. Михаил Сергеевичтің түрі өзгеріңкіреп кетті. «Сонда мен немен айналысамын?», деді. «Сіз халықаралық мәселелермен айналысасыз», дедім. Ол кісі үнсіз қалды. Әрине, Горбачевтың өз өкілеттігін өз қолымен шектеуге келіспейтіні белгілі еді. – Млечиннің «Но в июле решение было принято» дегенін қалай түсінуге болады? – Саяси дағдарыс күшейген үстіне күшейе берді. Одақтық биліктің әлсіздігі Горбачевты елді сақтаудың жолын референдум арқылы шешуге итермеледі. Бүкіл­халықтық референдумға «КСРО-ны тең құқықты егемен республикалардың жаңарған федерациясы түрінде сақтауды жақтайсыз ба?» деген тұрғыда сұрақ шы­ғарылды. Ел халқы наурызда өткен ол ре­ферендумда, әрине, одақты сақтауды жақ­тады. Неге «әрине» деп айтып отырмын? Олай дейтінім, басқарудың авторитарлық пішініне құрылған елде консерватизм басым болады. Адамдар қалыпты жайдың өзгермегенін қалап тұрады. Сонымен бірге, КСРО-ға кірген республикалардың хал­қы бірлікті, ортақ Отанды сақтауды жақтағаны да анық. Әйтсе де, Горбачев осы референдумды өткізу арқылы ұтты ма, ұтылды ма деген сұрақ қояр болсақ, мен негізінен ұтылды дер едім. Неге? Себебі, РСФСР-дың Жоғарғы Кеңесі рефе­рендумға «Сіз бүкілхалықтық дауыс беру жолымен РСФСР президенті қызметі енгізілуін қажет деп санайсыз ба?» деген ыңғайдағы тағы бір сұрақ қосуға қол жеткізді. Ресейдегі референдумға қатысушы­лардың басым бөлігі бұған қолдау білдірді. Горбачев билігіне Ресей басшылығы тарапынан орасан мықты соққы жасалды. Одан кейін Ресейде президент сайлауы өтті. Ельцин жеңіске жетті. Сайлау ал­дында елді аралау кезінде Ельцин бола­шақта Ресейдің одақтық құрылымдардың бәрінен, одақтық министрліктердің бәрі­нен бас тартатынын мәлімдеді. Ельцин одақтық деңгейге тек Қорғаныс, Қатынас жолдары және Атом энергетикасы министрліктерін ғана қалдыруға келісетінін айтты. Жалпы, Ресейдің халықаралық қа­тынастар субъектісі ретіндегі тәуел­сіздігін жақтады. Көктем, жаз бойы жаңа Одақтық Шарт­тың төңірегінде дау-дамай қызып жатты. Сәуірде Ново-Огаревода тоғыз республика басшысының КСРО президентімен кездесуі болды. Республикалар нақты құқықтар мен өкілеттіктер талап етті, орталық болса биліктің бар тетіктерін өз қолында қалдыруға жанталасты. Ақыр аяғында елдегі әлеуметтік-эконо­ми­калық және саяси ахуалды тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы ортақ хат­та­маға қол қоюмен тарадық. Онда Одақтың жаңа Конституциясын талдап-жасау жө­нін­де айтылды. Әйтсе де, ол кезде Кеңес одағының енді қандай мемлекет болаты­ны жөнінде ортақ бір тұжырымға келген жоқпыз. Одақтық шартқа қатысты мәселелерге одақтық республикалардың құрамындағы автономиялардың да араластырылуын Горбачевтың республикалар позициясын әлсірету амалы деп қарайтындар дұры­сын айтты ғой деймін. Кейіннен мұның зардабы көп болды. Әсіресе, Ресей үшін. Автономиялардың мәртебесін республикалар деңгейіне теңестіру арқылы ендігі жерде федерациялық республиканың өз ішінде егемендік үшін күрес басталды. Оның аяғы неге соқтырғанын білесің. Одақты сақтау, жаңа мәртебесін ай­қындау, құрылымын анықтау мәселеле­рін­де Горбачев пен Ельциннің ұстаным­дарын жақындату жөнінде талай әрекет еткенімді бір сөзімде айтқанмын. Сондай бір кездесуіміз шілденің аяғында өтті. Леонид Млечиннің айтып отырғаны сол кездесу. Бұл кездесу құпия түрде өтті. Біз күні бойы, одан кейін түннің бір уағына дейін көп мәселені талқыладық. Мынандай жоспар жасалды. Одақтық шартқа қол қойылғаннан кейін іске батыл кірісуге бекіндік. Жаңа Конституция қабыл­дануын күтіп жатпай-ақ ел президенті сайлауын өткізуге, жаңа парламент, жаңа үкімет құруға уағдаластық. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Шілденің дәл аяғында, мен дем­алыс­қа кетердің алдында Ново-Огаревода Ельцинмен және Назарбаевпен кездестім. Әңгіме Одақтық Шартқа қол қой­ылғаннан кейін қандай қадамдар жа­сайтынымыз жөнінде болды. Шарт­тың республикалар үшін де, Одақ үшін де жасайтын мүмкіндіктерін ба­рын­ша пайдалануға келістік. Кадрлар ту­ралы әңгіме қозғалды. Әрине, алды­мен Егемен мемлекеттер одағының Президенті туралы сөз болды. Ельцин бұл қыз­метке Горбачевты ұсынды. Пі­кі­ралысу барысында Назарбаевты Кабинет бас­шылығына ұсыну жөнінде ұсыныс ту­ды. Ол егер одақтық Каби­неттің дер­бес жұмыс істеу мүмкіндігі болса, бұл жауапкершілікті өз мойнына алаты­нын айтты. Атқарушы биліктің жо­ғар­ғы эшелонын едәуір жаңарту – пре­мьердің орынбасарларын, әсіресе, түйінді министрліктердің басшы­ларын ауыс­ты­ру қажеттігі жөнінде айтылды. Язов пен Крючковтың зейнетке шығуы керектігі жөнінде мәселе қозғалды. Әлі есімде, Ельцин бір түрлі тынышы кетіп отыр­ды: тап жанында біреу тың тыңдап тұрғандай. Тынышы кеткені сондай, ол тіпті бірнеше рет дәлізге шығып, жан-жағына қарағыш­тап та келді».

М.С.Горбачев

«Жизнь и реформы».

2-кітап. 556-557 беттер.

– Ельцин «Записки президента» деген кітабында Ново-Огареводағы кездесу кезінде конфиденциалды әңгіме тұсында жүрегі бір жамандықты сезгендей болғанын жазады. Кейіннен үшеуіңіздің сол әңгімеңізді Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің қызметкерлері жазып алғаны анықталған. Сізде ондай қауіп сезімі болған жоқ па? – Ельцин жаңағыдай күдігін айт­қанда Горбачев: «Ты что, Борис? Да брось ты» деп тыйып тастаған еді. КСРО-дай елдің президенті өзі ұйым­дастырып отырған құпия кездесудің қауіпсіздігін қамтама­сыз ете алмайды деп кім ойлаған? Гор­ба­чевтың өзі де Ельциннің әлгі қаупіне қат­ты шамданып қалды. «Осындайды қалай ойлай аласыздар? Мен – Кеңес одағының президентімін», деп кесіп айтты. – Кадрлық өзгерістер жөніндегі ұсынысты кім енгізді? – Ельцин. Ол президентке егер сіз жа­ңарған федерацияға үміт артсаңыз, ондай федерацияға республикалар айналаңызда­ғы жексұрын тұлғалардың кейбіреуінен құ­тылсаңыз ғана кіреді деді. КГБ төр­ағасы Крючков болып қала берсе, Қорғаныс министрі Язов болып қала берсе, Одақтың жаңарғанына кім сенеді дегенді де айтты. Мен өз тарапымнан Ішкі істер министрі Пуго мен Мемлекеттік телерадио комитетінің төрағасы Кравчен­коны міндетті түрде ауыстыру керек дегенді қостым. Янаевтан қандай вице-президент шықпақшы деп те айттым. Горбачев Крючков пен Пугоны ауыстыруға бірден-ақ уәде берді. Шартқа қол қойыл­ғаннан кейін сол кездегі премьер-министр Валентин Павловты ауыстыру керектігіне үшеуіміз де келістік. ДӘЙЕКТЕМЕ: «Горбачев «Ол қызметке кімді лай­ық көресіздер?» деп сұрады. Мен Нұр­сұлтан Назарбаевты ұсындым. Горбачев әуелі таңданып қалды, одан кейін осы нұсқаны тез бағалады да, келісетінін айтты. «Басқа кандидатураларды 20 тамыздан кейін талқылаймыз» деп әңгімені бітірді. Ол кездесу солай бол­ған, менің ойымша, біз үшеуіміз уағ­даласқан жайларды жүзеге асырғанда көп нәрсе басқаша болар еді. Тарихтың тіпті басқаша жолмен жүріп кетуі мүмкін еді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін мен КСРО Президентінің, Ресей Пре­зидентінің және Қазақстан бас­шысы әңгімесінің қағазға түсірілген нұсқасын өз көзіммен көрдім».

Б.Н.Ельцин

«Записки президента»,

56-57 беттер.

«1991 жылдың 20 тамызында жаңа Одақтық шартқа қол қойылады деп белгіленуі консерваторларды шешімді әрекет­терге итермеледі, өйткені келісім СОКП басшылығын нақты биліктен, қызметтер мен артықшылық­тар­дан айыратын еді. М.Горбачевтың Б.Ельцин мен Қазақстан Президенті Н.На­зарбаевпен МҚК төр­аға­сы В.Крюч­ков­қа белгілі болған құпия уағдалас­ты­ғы бойынша, шартқа қол қой­ылғаннан кейін КСРО премьер-министрі В.Пав­ловты Н.Назарбаевпен алмастыру ой­ластырылды. Қорғаныс министрін, Крюч­ковтың өзін, басқа да бірқатар жоғары лауазым иелерін осындай тағ­дыр күтіп тұрды».

«Сто великих событий ХХ века»

М.Вече, 2006, 455-456 беттер.

– Кеңес одағының соңғы жылдары жайында жазылған кітаптардың бә­рін­де де сізге КСРО вице-президенті қыз­ме­ті ұсынылғаны жайында айтылады. Гор­бачевтың кітабында: «Назарбаев тура­лы ойладым, бірақ оның орнын Қа­зақ­станда баса алатын адамды тап­па­дым. Ойлануға уақыт қалмады, сол кезде Янаев «қолға түсе» кетті. Қатты қате­лескен жерім сол!» («Жизнь и реформы», 2-кітап, 532-бет) деген жолдар бар. – Бұл мәселе әбден айтылған, жа­зылған. Мәселе маған ол қызметтің ұсынылуында немесе менің ол қызметке келісу-келіспеуімде де емес. Мәселе алдымен сол қызметтің керекті немесе керексіздігінде. Маған «Правда» газеті 1990 жылдың аяғында сол қызмет жөнінде нақты сұрақ қойған. Мен ол сұраққа нақты жауап қайтарғанмын. Президенттің көмекшісіндей көретінімді айтқанмын. Ол орынға Украина компартиясының жетекшісі Гуренконы ұсынғаным бар. ДӘЙЕКТЕМЕ:  «– Бірқатар депутаттар сіздің кандидатураңызды вице-президент қыз­­метіне ұсынбақшы. Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай? – Сол вице-президенттің не үшін керектігін білмеймін. Егер біз Федерация кеңесін елдің ішкі және нағыз өміршең, пәрменді орган етіп құратын болсақ, егер Федерация кеңесінің шешімдері барлық аумақтарда міндетті етілетін жарлықтармен ресімделсе, онда вице-президент немен айналысады? Егер оған Конституцияны өзгерту жоба­сындағы рөл тисе, онда бұл кезекті көмекшілік қызмет. Мен өзімді ондай құрылымда елестете алмаймын».

«Правда»,

1990 жылғы 24 желтоқсан.

– Сізді сонау 1990 жылдың басында-ақ одақтық депутаттар КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағалығы қызметіне де ұсын­ған еді ғой? Ол кезде өз канди­да­тураңызды неге алып тастадыңыз? – Горбачевтың ол орынға өзінің студенттік жылдардан келе жатқан досы Лукьяновты тықпалап жатқанын бүкіл депутаттар көріп отырды. Мен ол қызметке тіпті де ұмтылған жоқпын. Бұл арада да мәселе нақты адамда емес. Мәселе тіпті сол қызметте, сол лауазымда да емес. Мә­селе тарих тегершігінің қалай қарай ай­налуға ауысқанында. Ашығын айтсақ, осы аталған қызметтердің бәрі де шын­туайтында баянсыз болатын. Баянсыз бо­ла­тыны – сол кездің өзінде қайта құру идеясының толықтай күйреп біткені кеудесінде сәулесі бар әр адамға-ақ айқын еді. Елдегі жағдай жақсару тұрмақ, бұ­рын­ғыдан да нашарлай түскенін әркім көріп отырды. Мемлекеттің ыдырауға түсу қаупі де көріне бастады. Ең қиыны, ең қатерлісі осы еді. Негізінде, қай заманда да империялардың тарауы тұрмақ, кез келген елдің бөлінуі де қанды оқиғаларға ұласып жататын. Күні кеше Юго­сла­вия­ның көз алдымызда қызыл қанға қалай бөк­кенін бәріміз көрдік, жанымыз түр­шік­ті. Одақтың ыдырау үдерісін бетімен жіберіп алғанымызда біздің алды­мыз­дан да сондай апаттың шығуы әбден мүмкін еді. Оның үстіне КСРО-ның көп­теген респуб­ли­каларында ұлтаралық қа­тынастар да ушыға бастаған болатын. Абырой бергенде, кешегі кеңестік кезең­де халықтар ара­сында қалыптасып үлгер­ген достық қаты­нас­тарының арқасында біз ондай апатқа ұрынбадық. Осындай тұста мен ең алды­мен Қазақстанның тағ­ды­ры туралы, өз халқымның ертеңгі күні туралы ойлануға, толғануға тиісті едім. Экономикаға қолай­лы жағдай жасалуы үшін, еліміздегі көп­ұлтты жұртшылық­тың тыныштығы үшін КСРО-ны қайта өзгертіп қалыптастыруға, оны шын мәніндегі егемен елдердің еркін одағы ретінде жаңаша құруға қолдан келгенінше әрекет еттік. Республикалар күшті болса, одақ та күшті болады дегенді көпке дейін ұстанып келдік. Бірақ бара-бара мұның мүмкіндігі болмауға айналды. Ең таң қаларлығы – сепаратистік қадамдарды партияның өзі бастағандығы! Жетпіс жыл бойы өзінің компартиясынсыз өмір сүріп келген Ресейге аяқ астынан дербес партия керек бола қалды. Осы үдерісті Гор­бачевтың өзі қолдады. – Татарстанның сол кездегі президенті Ментимер Шаймиевтің «Назарбаев премьер-министр болғанда біз Одақ­ты сақтап қалар едік» деп жазғаны бар екен. Бұған не айтасыз? – Чеховтың бір кейіпкері «Этого не может быть, потому что этого не может быть никогда» деген. Болмайтын нәрсе болмайды. Кеңес одағы атты ол мемлекет ең алдымен идеологиялық негізде құ­рыл­ған еді. Тым ауқымды еді. Динозавр­лар­дың алапат үлкендігі сын сағатта олардың мықтылығы емес, әлсіздігі болып шыққан жоқ па? К