• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Тамыз, 2011

Салиқалы таңдау, сындарлы шешім

564 рет
көрсетілді

Демократия – даму даңғылы _______________________ Кеше еліміздің барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында Парламент Сенатының сайлауы өтті. Түрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары баламалы негізде сайлауға түскен үміткерлердің арасынан өз таңдауын жасады. АСТАНА Сенат депутаттығына кандидаттарды сайлау пункті қалалық әкімдік ғимаратында орналасқан-тын. Қалалық сайлау комиссиясы сайлауды жүзеге асырды. Аталған комиссияның жұмысы таңертең сағат 9:00-де сайлау үдерісін байқауға келгендерді тіркеуден басталды. Сайлау үдерісін өз көздерімен көру үшін көптеген халықаралық ұйымдар мен шет ел байқаушылары және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де келіпті. Сайлауды өткізу­дің ережесіне сәйкес редакциялық тапсырма алып келмеген кейбір журналистер залдан шығарылып жіберілді. Жалпы, сайлау барысы қалыпты жағдайда өткендігін айта кеткен жөн. Бұл жолы Сенат депутаттығына 4 үміткер тіркелсе, соның бірі кіріс декларациясын дұрыс толтырмағандығы үшін додадан шығып қалғандығы белгілі болды. Нәтижесінде сайлауға үш кандидат тіркелген. Соның бірі өзін өзі ұсынушы Андрей Николаевич Лапенко. Целиноград қаласының тумасы, 1973 жылғы. Тағы бір өзін өзі ұсынушы Сәрсенбай Бердалыұлы Мыңбаев деген азамат Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Үргебас ауылдық кеңесінде 1952 жылы 8 қыркүйекте өмірге келіпті. Ол «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Сол сияқты аталған партия мүшесі, Ақмола қаласында 1948 жылы 6 қаңтарда туған Владимир Николаевич Редкокашин Астана қаласы мәслихатының атынан сайлауға түсті. Санақ нәтижесінде Астана қаласы мәслихаты аты­нан сайлауға түскен Владимир Редкокашинге таң­даушылардың 22-сі өз дауыстарын бергендігі бел­гілі болды. Ал өзін өзі ұсынушы нұротандық Сәр­сенбай Мыңбаев екі дауысты қанағат тұтты. Екі нұротандық кандидаттың арасындағы жастау үміт­кер, өзін өзі ұсынушы Андрей Лапенко бірде-бір дауысқа ие бола алған жоқ. Сайлау учаскесіне 26 бюллетень жеткізілсе, соның екеуі жойылатын болып шешілді. Артынан қалалық сайлау комис­сия­сы дауыс берудің қоры­тын­дысы бойынша хаттама толтырды. Аталған хаттамаға комиссия төрағасы мен мүшелері қол қойғаннан кейін ол бірлескен отырыста жария етілді. Енді хаттама сайлау өткен күннен бастап екі күн ішінде Орталық сайлау комиссиясына жөнелтілетін болады. АЛМАТЫ Алматы қаласы бойынша Сенат депутаттығынан үміткер кісілерге дауыс беру шарасы қала әкімдігінің ғимаратында өткі­зіл­ді. Алматы қа­ла­лық сайлау ко­мис­сиясының төр­аға­сы Әділ Жү­нісов комиссия мү­шелері мен байқаушылардың алдында дауыс беру парақша­ла­рын санап шық­ты, сайлау жә­шігін кілттеп, оған мөр басты. Алматыда өтетін Сенат сай­лауына дауыс беру үдерісін қа­да­ғалау үшін 5 халықаралық бай­қау­шы келген екен. Олардың төр­теуі Ресей Федерациясынан болса, біреуі Тәжікстан азаматы. Алматы қаласы бойынша Сенат депутаттығы орынтағынан үміт­керлікке үш кандидат өткен. Олар – Ерболат Сәдуақасов, Ақан Бижанов, Қожахмет Назарбетов. Бастапқыда үміткерлер саны жетіге жеткенімен, олардың көпшілігі әртүрлі себептермен шешуші кезеңге дейін жетпей, өз ұсыныстарын алып тас­таған. Кандидаттардың екеуі өзін өзі ұсынған азаматтар. Атап өтсек, олар Ерболат Сәдуақасов пен Қожахмет Назарбетов. Ал Ақан Бижановты «Нұр Отан» партиясы ұсынған болатын. Барлық ресми шаралар заң шеңберінде атқары­лып шыққаннан кейін мәслихат депутаттары кезекпен дауыс беру кабиналарына кіріп, өздерінің таң­дауын жасады. Санақ нәтижесі Ерболат Сәдуақасов – 3 дауыс, Қожахмет Назарбетов – 1 дауыс, Ақан Бижанов – 30 дауыс иеленгенін көрсетті. Сайлау қорытындысы мәлім болғаннан кейін байқаушылардың көзқарасын сұрадық. «Біз жоға­ры деңгейде ұйымдастырылған сайлаудың куәсі бол­дық. Заңнаманың барлық пункттері сақталды. Жеткілікті деңгейде барлық үміткерлерге тең жағ­дай жасалып, тілектестік мәнерде өтті. Дауыс беру, дауыс беру парақшасын салған жәшікті ашу және дауысты санау барысында ешқандай сәй­кессіздік болған жоқ», дейді Ресейден келген халықаралық байқаушылардың жетекшісі Константин Титов. Оның бұл пікірін   ресейлік делегация құрамын­дағы Александр Барановский мен Андрей Коваль және тәжікстандық Акбарали Сатторов та қолдап отыр. КӨКШЕТАУ «Көкшетау» мәдениет сарайында облыстық, қалалық және аудандық мәс­лихаттар депутаттарының бірлескен мә­жілісі болып, оған 271 депутаттың 264-і қатысты. Облыстық мәслихаттың хат­шысы Өмірсерік Мұсабаев күн тәр­тібіне «Қазақстан Республикасы Сена­ты­ның депутатын сайлау туралы» мәсе­ле қойылатынын хабарлап, депутаттар оны бекітті. Әнұран қалықтаған салтанатты шақ­тың жауапкершілігі де мол еді. Бүгін еліміздің ең жоғары заң шы­ғару­шы ор­га­нына, Сенатқа жаңа депутаттар сай­ланбақ. Астаналық облыстан мәртебелі билікке бес бірдей адам үміткер болып ұсынылған еді. Олардың үшеуі ресми тіркелгенімен, дауыс беруге Ақмола об­лыстық мәслихатының депутаты, об­лыстық «Арқа ажары» газетінің бас ре­д­акторы Жабал Ерғалиев пен танымал журналист Байқал Байәділовтің кан­ди­датуралары жіберілді. Үміткердің ал­ғаш­қысы «Нұр Отан» ХДП тарапынан ұсы­­нылса, екіншісі өзін өзі ұсыну құ­қы­ғын пайдаланды. Ал бір үміткер сайлауға үш күн қалғанда саналы түрде додадан шығатынын мәлімдеген. Міне, облыстың әртүрлі деңгейдегі депутаттары дауыс бере бастады. Сарай сахнасындағы көрнекі жерге төрт кабина орналастырылған, қақ ортада мөлдір жәшік тұр. Сайлауды ұйымдас­тыру­шы­лар жасырын-жанама дауыс беруге бар­лық қолайлы жағдай жасағанын атап өту лазым. Жәшікке жақындау жердегі үстелде халықаралық, жергілікті бай­қаушылар мен ақпарат құралдарының өкілдері жұмыс істеуде. Көкшетау қа­ла­лық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төр­аға­сы­­ның бірінші орынбасары Әлібек Бай­мағамбетов бірінші болып дауыс берді. Дауыс беру бекітілген регламенттік уақытта аяқталып, бюллетеньдерді санау мұқият жүргізілді. Байқаушылар­дың көз алдында өтіп жатқан жұмыс барысына ешқандай ұсыныс, ескертпе айтылмады. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Шаяхметов дауыс берудің қорытынды хаттамасын жария етті. Сенат депутаттығынан үміткер Жабал Ерғалиев таңдаушылардың 220 дауысына (84,6 пайыз) ие болса, Байқал Байәділов 40 дауысты (15,4 пайыз) еншіледі. Жиналыс төрағасы Өмірсерік Мұсабаев аталған хаттаманың респуб­ли­камыздың Орталық сайлау комиссия­сына жолданып, қорытынды байлам сонда жасалатындығын хабарлады. АҚТӨБЕ Парламент Сенатының сайлауы жө­ніндегі облыс таңдаушыларының бірлескен отырысына барлық деңгейдегі мәслихаттардың 202 депутатының 197-сі қатысты. Төрт депутат денсаулы­ғы­на, бір депутат іссапарда болуына бай­ланыcты қатыса алмады. Бірлескен оты­рысты қысқаша сөз сөйлеп ашқан облыстық мәслихаттың хатшысы Бал­ға­ли Ордабаев осы саяси шараға об­лыс­тық сайлау комиссиясының мүше­ле­рі, үміткерлердің сенім білдірілген адам­да­ры, саяси партиялар мен қо­ғам­дық бірлестіктердің байқаушылары, сон­дай-ақ ТМД халықаралық миссия­сы­ның байқаушысы, Орынбор облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орын­ба­сары Александр Нальвадов қатысып отырғанын жеткізді. Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Күнбаева Парламент Сенаты депутатын сайлауға байла­ныс­ты хабарлама жасады, ақтық додаға өздерін өздері ұсынған «Юконь» ЖШС директоры Александр Самойленко, об­лыс­тың бұрынғы әкімі Елеусін Са­ғын­дықов пен «АқтөбеӘйнекӘлемі» ЖШС менеджері Ерлан Базыкеновтің шық­қа­нын мәлім етті. Гүлнар Нысанқызы таңдаушылардың дауыс беру тәртібін түсіндіріп, Орталық сайлау комис­сия­сы­нан жеткізілген сайлау бюллетеньдерін санауға, бюллетень салынатын жә­шікті бекітуге рұқсат етті. Бұл жұ­мыс­тар бірлескен отырысқа қатысу­шы­лар­дың көз алдында жүргізілді, сонымен бір мезгілде теледидар арқылы үлкен экраннан көрсетіліп тұрды. Санақшы 204 бюллетень түскенін хабарлады. Таңдаушылардың өздері қалаған үміткерге дауыс беруі басталып та кетті. Таңдаушылар жеке куәлігін көрсетіп, қол қойып, сайлау бюллетеньдерін ал­ған­нан кейін арнайы жасақталған үш ка­бинада өздерінің таңдауларын жаса­ды. Бюллетень салатын жәшік жанында байқаушылар жайғасты. Таңдаушылар­дың өздері қалаған Парламент Сенаты депутаттығынан үміткерге дауыс беруі ұйымшылдықпен өтті. Дауыс берген таңдаушылардың бюллетеньдерін санау да ашық және жариялылық жағдайында жүргізілді. Санақ қоры­тындысын хабар­ла­ған облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Парламент Сенатының депу­та­т­тығынан үміткер Елеусін Сағын­ды­қов­тың – 178, Александр Самойленко­ның – 15, Ерлан Ба­зы­кеновтің 3 дауыс алғанын, ал бір бюллетеньнің жа­рамсыз деп таныл­ға­нын жеткізді. ТАЛДЫҚОРҒАН Алдын ала белгіленгендей, 19 тамыз күні  Талдықорған қаласының орталық Мә­дениет үйінде  Парламент Сенаты­ның  депутатын  сайлау  өткізілді. Сайлау заңдылығына  сәйкес облыстық, аудан­­дық және  қалалық мәслихат депу­тат­тары Парламент Сенатының  депутат­ты­ғынан үміткерлер – Жамбыл, Қа­ра­сай және Талғар аудандық мәс­ли­хат­тары ұсынған Қарасай ауданының әкімі Лаззат Тұрлашов пен өзін өзі ұсынған Қарасай ауданындағы Үшқоңыр ауыл­дық округінің әкімі Руслан Керім­баев­тың арасында таңдау жасады. Алматы облысы бойынша Сенат депутаттығынан үміткер болып тіркелген төрт кандидаттың біреуі 22 шілде күні өз кандидатурасын бәсекеден алып тастаса, тағы бір кандидаттың дер кезінде тіркеліп үлгермегендігі белгілі болды. Барлық деңгейдегі мәслихат депу­тат­тарының бірлескен мәжілісін ашқан Алматы облыстық  мәслихатының  хат­шысы Ардақ  Сыдық бүгінгі сайлауға 329 мәслихат депутатының 316-сы келгендігін хабарлап, депутаттарды өз таңдауларын жасауға шақырды. Келесі кезекте  сөз алған Алматы облыстық  сайлау  комиссиясының төрағасы Шы­рақ­бай Жылқайдаров осынау маңызды шараны демократия талаптарына сай әділ өткізу  бағытында атқарылған ша­ра­ларға тоқталып, мәслихат депу­тат­тарын дауыс беру тәртібімен қысқаша таныстырып өтті. Сайлау осы күні өткенімен сай­лауал­ды науқаны заң талаптарын қатаң сақтай отырып кең көлемде жүргізілген болатын. Соған орай  таңдаушылардың бұл күнге дейін қай үміткерді қолдай­тындығы жөніндегі  тоқтамға  келіп үлгергендері де сөзсіз еді. Содан кейін де  шығар, сағат  11.00-де басталған сайлау өз ретімен талапқа сай өткізілді. Таңдаушылар дауыс беріп болғаннан кейін арнайы  құрылған комиссия  ур­наны ашып, қай үміткерге  қанша  дауыс  берілгендігін  санауға  кірісті. Осылайша  көп уақыт өтпей-ақ сенатор болып сайланған үміткердің  есімі белгілі болды. Таңдаушылардың  басым бөлігінің, нақтырақ айтатын болсақ, барлық таңдаушылардың 94,3 пайызының дауысын үміткер Лаззат  Тұрлашов алды. АТЫРАУ Атырау облысында Сенат төрінен орын алу үшін үш үміткер тіркелді. Оның бірі – осы кезге дейін Сенаттың қаржы және бюджет комитетіне төр­аға­лық етіп келген Қайрат Ищанов. Оны­мен бірге облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Еркін Шпанов пен «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Сағын Лұқпанов та сенаторлық мандаттан үмітті еді. Облыстық аумақтық сайлау комис­сия­сының хатшысы Әнуарбек Тәше­новтің мәлім еткеніндей, дауыс беруге тиіс таңдаушылардың жалпы саны – 133. Сайлау бюллетенін алуға 128 таң­дау­шы қатысқан. Таңдаушылардың ба­сым бөлігі, яғни, 83-і Қайрат Ищановқа дауыс берген екен. Ал Еркін Шпанов  31, үшінші үміткер Сағын Лұқпанов 12 дауысқа ие болды. «Дауыс беру аяқта­лы­сымен 7 бюллетень заңға сәйкес жойылды. Дауыс санау барысында жа­рам­сыз бюллетень кездескен жоқ» деп мәлім етті сайлау комиссиясының хат­шысы Ә. Тәшенов. Сенаторлықтан үміткерді таңдау­шы­лардың бірі, Махамбет аудандық мәс­лихатының депутаты Нұрым Ерға­лиев­тың айтуынша, ауыл шаруашы­лы­ғы саласына жұмыс жасауға келетін жас­тарды әлеуметтік тұрғыдан қол­дау­ға баса мән берілуі тиіс. Ауыл шаруа­шылығы құрылымдарына азық-түлік қауіпсіздігі белдеуін іске асыру мақ­сатында берілетін жеңілдетілген несиелер бағдарламасын заңдық тұрғыдан жетілдіре түскен жөн. Міне, мәселеге осы тұрғыдан үңілгенде, ауыл шаруа­шы­лығы саласы, жалпы мұнайлы өңірдің әлеуметтік-дамуына серпін беретін жобалар Атыраудың әр деңгейлі мәслихаттарындағы таңдаушылардың басым дауысына ие болған Қайрат Ищановқа жете таныс, деп есептейді аудандық мәслихат депутаты Н. Ерға­лиев. ОРАЛ – Батыс Қазақстан облысында о баста Сенат депутаттығына бес адам ұсы­нылды. Төрт үміткер тіркелді. Сайлауға әзірлік барысында Қиззат Кәрібаев пен Аманжол Зинуллин өз еркімен кан­ди­да­тураларын алып тастады, – деп мәлім­деді кеше таңдаушылардың бірлескен отырысында Батыс Қазақстан облыс­тық сайлау комиссиясының төрағасы Абай Хамзин. Иә, сөйтіп, кеше таңдаушылар қал­ған үш үміткер  – Рашид Ахметов пен Мәлік Көбейсіновке және Жәнібек Қа­жығалиевке дауыс берді. Бұл үрдіске аудандық, қалалық және облыстық дең­гейдегі дауыс беруге тиісті 200 депу­таттың 199-ы қатысты. Бұл рәсім аяқ­талғаннан кейін облыстық сайлау ко­мис­сиясының хатшысы Найля Ғалиева үш бюллетеньді сенім білдірілген адамдар мен халықаралық байқаушы­лар­дың, Орталық сайлау комиссиясы са­рап­шысының, БАҚ және саяси партиялар өкілдерінің көзінше жойды. Мұның екеуі артық бюллетень, қалған біреуі іссапарға байланысты себепті жағдай­мен келмей қалған депутатқа тиесілі бюллетень еді. Сенат депутаты сайлауын ұйым­дас­тыру ісіндегі ұйымшылдық, жинақы­лық пен жеделдік өз нәтижесін тез берді. Жарты сағаттың о жақ бұ жағында дауыс беру рәсімі аяқталып, бюллетеньдер тасталған урна байқаушы­лар­дың көзінше ашылып, саналып бітті. Ендігі бір сәтте таңдаушылардың қорытынды отырысында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы А.Хамзин сайлау нәтижесін хабарлады. Жарамсыз бюллетеньдер саны жоқ, деді ол. Таңдаушылардың басым бөлігі, яғни 200 депутаттың 173-і Рашид Ахметовті жақтап дауыс беріпті. Мәлік Көбей­сі­нов пен Жәнібек Қажығалиевтің дауыс сандары тиісінше 15 пен 11 ара­лы­ғын­да болып шықты. Осымен Батыс Қазақ­стан облысында Сенат депутаты сай­лауы өткізілді, деп тұжырым жасалды. ТАРАЗ Жамбыл облысы бойынша Парламент Сенаты депутаттығының босаған бір орынтағына үш үміткер өзін өзі ұсын­ған болатын. Сайлауға үш күн қалғанда олардың біреуі, яғни А. Сау­рықов өз кандидатурасын қайтарып ал­ды. Сөйтіп, қалған екі үміткер шалғай аудан орталықтарында болып, мәслихат депутаттарымен кездесіп, өздерінің сай­лауалды бағдарламалары туралы, яғ­ни депутат болып сайлана қалған жағдайда еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­калық әлеуетінің артуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал ететін заңдардың қабылдануына белсене атса­лысатындары жайлы айтқан болатын. Кеше Парламент Сенаты депутат­тығынан үміткерлердің арасынан лай­ық­тыны таңдау мақсатында өткізілген сайлауға облыстық және Тараз қалалық мәслихаттарының 190 депутаты қаты­сып, олардың 167-сі Е.Астаевқа, 17-сі А.Савченкоға дауыс берді.  Дауыс беру бюллетеньдерінің 6-ы жарамсыз деп танылды. Сөйтіп, бұған дейін Жамбыл ауданының әкімі болып абыроймен қыз­мет атқарған Ертарғын Кәкім­бек­ұлы Астаев 90,8 пайыз  дауыс алды. Ал бүгінде Тараз футбол клубының президенті болып қызмет етіп жүрген, оған дейін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарған жас кадр Андрей Савченко өзінен тәжіри­белі және сайлау барысында айқын басымдықпен жеңіске жеткен үміткерді шын жүректен құттықтады. ҚАРАҒАНДЫ Қарағанды аймағы бойынша еліміз Парламенті жоғарғы палатасына де­пу­тат­тыққа тіркелген үш үміткердің екеуі аудандық, қалалық және об­лыс­тық мәс­лихаттар таңдаушы депутат­тарының бірлескен отырысында дауыс­қа түсті. Облыстық сайлау ко­миссиясының төр­аға­сы Ерқара Айма­ғамбетов үміткер­лер­дің бірі мұның алдында өз кан­ди­дату­ра­сын қайтып алуына байланысты таң­дау Парламент Сенатының бұрынғы се­наторы Серік Ақылбай мен Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті­нің бірінші проректоры Аристотель Иса­ғұлов арасында өтетінін хабар­лады. Жабық дауыс беруде оған қатысушы 280 таңдаушының 265-і Серік Ақыл­бай­ды, 15-і Аристотель Исағұловты жақта­ды. Сайлауға шет мемлекеттерден және халықаралық ұйымдардан 8 байқаушы қатысты. Ресей Мемлекеттік Думасы­ның депутаты, «Единая Россия» фрак­ция­сы­ның өкілі Руслан Хаджибеков бізге баян еткендей, дауыс беру үдерісі үлгілі бол­ды. Ол бұл саяси шараның бел­сенділік пен ұйымшылдық жағ­дайында өтуі жоғары бағалауға лайық­тығын атады. ҚОСТАНАЙ Қазақстан Республикасы Парла­менті­нің Сенаты сайлауында Қостанай облысының таңдаушылары үш кан­ди­датқа дауыс берді. Осыдан екі жыл бұ­рын сенатор Евгений Аманның орнына барған Жеңіс Нұрғалиевті осы жолы  Қостанай қалалық және Меңдіғара аудан­дық мәслихаттары Сенат депу­тат­ты­ғына қайта ұсынған болатын. Оны­мен бірге,  облысқа белгілі, ғылым саласындағы  азаматтар Асқар Мұратов пен Аят Құрманов өзін өзі ұсынды. Жалпы, облыстағы барлық дең­гей­дегі мәслихаттарда 295 депутат болса, соның  сайлауға қатысуға 290-ы келді. Бес депутат  науқастығына ба­й­ла­ныс­ты  бұл маңызды шараға келе алма­ды.  Сайлауды ұйымдастырушылар, сай­лау комиссиясының  мүшелері, кабина,  бюллетень жәшігі – барлығы  ашық, таңдаушылардың  көз алдына, сахнаға  орналастырылды. Таңдаушылар  оң жақпен жүріп барып, бюллетеньді алып, кабинаға кірген соң таңдауын жасап, сахнада тұрған  мөлдір шыныдан жасалған жәшікке салды. Сайлауға кандидаттардың  сенім біл­дірілген адамдары да келді. Сенат депу­таттығынан үміткер Асқар Мұратовтың сенім білдірілген адамы Дамира Жар­мұханбетова  басқа кандидаттар сияқты Асқар Аронұлына да сайлау алдындағы кезеңде барлық мүмкіндіктер жасал­ға­нын, оның  түрлі деңгейдегі  мәслихат де­путаттарымен  кездескенін және өзі­нің бағдарламасын таныстыра алғанын айтты. Сайлау – мемлекетке, халыққа адал­дық пен әділдіктің паш етілер, көрінер тұсы. Ол  сайлауға қатысушылар тара­пы­нан да, оны ұйымдастырушылар тара­пынан да көрініс беруі керек. – Жанама сайлауды ұйымдастыруда  күрделі қиындықтар туындаған жоқ. Жалпы, осы сайлауға түсуге тілек білдірген  бес  адам болатын. Оның екеуі  қа­жетті  құжаттарды түгел әкелмеді. Сон­дықтан олар сайлауға қатыса ал­ма­ды,  үш үміткерге дауыс берілді, – дейді облыстық сайлау  комиссиясының төр­айымы Антонина Маркова. Дауыс беру аяқталғасын екі сағат­тан кейін бюллетеньдер саналып, сайлау қорытындысы  жария етілді. Сай­лауға түскен үш кандидаттың арасынан басым дауысты  Жеңіс Нұрғалиев алды. Облыс әкімі Сер­гей Кулагин сайлауда белсенділік көрсеткен  таңдаушыларға алғыс айтты. ҚЫЗЫЛОРДА Сыр өңіріндегі Сенат сайлауы абыр-сабырсыз, ешбір ерсі оқиғасыз өтті. Тіркелген кандидаттар ауыл-аймақтың бәрін аралап, ел-жұрттың жағдайымен жіті танысты. Алғашында Парламент Сенатына үмітті 9 кандидат болған. Дегенмен Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы оның бесеуін ғана тіркеді. Кейіннен екі кандидат өз өтініштерімен сайлау додасынан шықты. Солайша, үш үміткер сынға түсті. Олар – Сейітқали Алшынбаев, Бауыржан Елеусінов және Мұрат Мұхамедов болатын. Қызылорда облысында жалпы 147 мәслихат депутаттары бар. Халық аты­нан Сенат сайлауына дауыс беретін мәс­лихат депутаттары кеше Қызылорда қаласындағы Студенттер сарайына жи­налды. Сөйтіп, бір күнге депутаттық ман­даттарынан «айырылды». Өйткені, заң бойынша сайлау кезінде оларды таңдаушы деп атайды. 147 мәслихат депутатының сайлауға 139-ы қатысты. Бұл –депутаттардың 92 пайызы сайлауға қатынасып отыр деген сөз. «Сайлау туралы» заңына сәйкес депутаттардың 50 пайызынан астамы дауыс беруге қатысатын болса, онда оны заңды деп санауға бек болады. Сайлау барысын бақылап жүрген бір­қатар байқаушылармен сөйлестік. Олар сайлаудың заң талаптарына сай өтіп жатқандығын, ешқандай өрескел оқи­ғалардың тіркелмегенін, дауыс бе­ру­дің әділетті өтіп жатқандығын қадап айт­ты. Сондай-ақ, ешқандай канди­дат­қа басымдық берілмегенін де жеткізді. Сонымен, сын сағаты соқты. Халық­тың аманатын арқалаған мәслихат де­путаттары заң шығарушы жоғарғы орган болып табылатын Сенат депутатын таңдады. Алдын ала есептеу бойынша Мұрат Мұхамедов  113 дауыс жинады. Ал Бауыржан Елеусінов – 15, Сейіт­қали Алшынбаев  11 депутаттың дау­сын иеленді. Бұл – Қызылорда облыс­тық сайлау комиссиясының санағаны. Енді бұл санақ Астанаға, Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі. Ақырғы нәтижені солар айтады. Дегенмен, Мұрат Бақтиярұлы сайлауда басым дауыспен жеңіске жетті деуге толық негіз бар. – Сенат – біздің ең жоғарғы заң шығару органы. Сондықтан онда құқық саласын жетік білетін, ауыл-елдің жағдайын жанымен түсінетін, яғни білімі мен тәжірибесі ұштасқан адамдар болуы керек. Біз сондай адамға дауыс бердік, – деді сайлаудан соң Қызылорда қалалық мәслихатының хатшысы Ибадулла Құттықожаев. Саяси ғылымдар докторы, облыс әкі­мінің орынбасары Мұрат Мұха­ме­дов­тің осындай тұлға екеніне шүбә жоқ. Сондықтан ол сырбойылықтардың сенімін Сенатта ақтайды деген ойдамыз. АҚТАУ Парламент Сенаты депутатта­ры­ның кезекті сай­лауы Маң­ғыстау облысында ұйым­шыл­дықпен өтті. Ш.Есенов атын­дағы КМТжИУ-дің мәжіліс за­лында өткен сайлауға облыс­тық, қалалық, аудандық мәс­ли­хаттардан қатысуға тиісті 114 депутаттың 112-сі қатысты. Сайлау жұмысы сайлаушылар мен байқаушылар қатысқан бірлескен оты­рыс­пен басталды. Оты­рысты Маңғыс­тау облысы сайлау комиссиясының төр­аға­сы Е.Күмісқали мен Ш.Есенов атын­дағы КМТжИУ ректоры, облыс­тық мәс­ли­хат­тың депутаты Ә.Әбжаппаров ашты. Елбасы Н.Назарбаевтың 2011 жыл­ғы кезекті Парламент Сена­ты­ның депу­тат­тарын сайлау ту­ралы Жарлығы шы­ғып, сайлау дүбірі басталысымен Маң­ғыстау облысында Сенат депутатты­ғы­нан төрт үміткер тіркелді. Алайда уа­қыт өте келе кандидаттардың екеуі – Табиғи монополияларды реттеу агент­тігінің Маңғыстау облысы бойынша департамент бас­тығы Ж.Қазақбаев пен об­лыс­тық табиғи ресурстар және таби­ғатты пайдалануды реттеу бас­қар­масы бастығының орынба­са­ры О.Тоғжанов жергілікті сайлау комиссиясына өз кан­дида­тура­ла­рын қайтып алу туралы өті­ніш­терін жолдаған. Сол себепті сайлауда облыстық мәслихаттың хат­шысы Б.Шелпеков пен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша басқарма бастығы, тәр­тіптік кеңестің төрағасы Е.Ос­па­новтың кандидатуралары өзара дауысқа түсті. 115 округі бар облыстан сай­лауға қатысуға тиісті 114 сайлау­шы­ның біреуі денсаулығына бай­ла­нысты, екіншісі іссапарда жү­руі себепті қатыса алмады. Мә­жі­ліс сайлауындағыдай жүрмелі жә­шікпен дауыс беру мүмкіндігі жоқ бұл сайлауда 112 депутат өз таң­дауларын жа­сады. Сайлау ко­мис­сиясы төраға­сы­ның айтуын­ша, сайлау қорытындысы бойынша Бақтыбай Шелпеков 98,2 пайыз дауыс алды. ТМД миссиясынан келген халық­аралық байқаушылар – татарстандық Азат Ахтареев, Радик Ибрагимов және Денис Королев, «Тәуелсіз байқау­шы­лар­дың республикалық жүйесі» ҚҚ өкілі Кирилл Осин мен БАҚ өкілдері сайлаудың қандай да бір жолсыздыққа бой алдырмай таза, жоғары ұйым­шыл­дықпен өткені­не куә болды. «Біз бай­қау­шы ретінде қатысқан Маңғыстау об­лы­сында Парламент Сенаты депута­тын сайлау жоғары деңгейде өтті. Сай­лау­дың заңдылықтары мен ережелеріне нұқ­сан келтіретін бірде-бір факті бол­ған жоқ», дейді халықаралық байқау­шы­лардың басшысы, Татарстан азама­ты А.Ахтареев. ШЫМКЕНТ Оңтүстіктегі сайлауға әзірлік­тің са­пасы таңдаушылардың бірлескен оты­рысы өтетін облыс әкімдігі мәжіліс за­лы­ның мә­ні­сінен де байқалып тұрып­ты. Сырт­та қырық градус. Ал арнайы салқындатылған үлкен залда жи­ырма градустың төңірегі. ОҚО мәсли­хаты­ның хатшысы Әбіл­қа­сым Досболов бірлескен мәжіліс­ке 308 таңдаушының 294-і қаты­сып отырғанын, жұмысты бас­­тауға толық мүмкіндік бар екенін мағлұмдады. Бірлескен отырыс ашық деп жарияланды, жұмыс регламенті бекітілді. Аумақтық сайлау комис­сия­сы­ның төрағасы Берік Торғауытов Сенат депу­тат­тығына төрт үміткер тіркелгенін, оның екеуі үш-төрт күн бұрын өз кандидатурасын өз еріктерімен алған­да­рын айтты. Сайлау заңы­на сәйкес таңдау, яғни дауыс беру үдерісінің қа­лай жүруге тиістігін тәптіштеп түсіндірді. Дауыс беру басталды. Сап-салқын залдың іші жарты сағатта ысып сала берді. Қызу көтеріліп кетті. Сағат он екіден жиырма ми­нут өткенде бюллетеньдер са­лынған урналар ашылды. Санақ басталды. Көп ұзамай-ақ сайлау комис­сия­сының төрағасы нәтижені ха­барлады. Сенаторлықтан үміткер, айтулы азамат Қуаныш Айта­ха­новқа 235 таңдаушы дауыс беріпті, немесе  81,9 пайыз. Екінші үміт­кер Шардара аудандық мәс­лихатының хатшысы Тоқсанбай Берді­бе­ковке 52 дауыс бұйы­рып­ты. Бұл дегеніңіз – 17,6 пайыз. Жеті бюллетень жа­рам­сыз деп танылған. Тәуке хан көшесімен кетіп бара жатқанымызда Қуаныш Айта­хановтың сенім білдірілген адамы, Дүниежүзі қа­зақ­тары қауым­дастығы Оңтүстік (ОҚО, Жам­был, Қызылорда) аймақтық фи­лиалының төрағасы Байдулла Қо­­нысбек жолықты. «Болжам дұ­рыс шы­ғып­ты ғой, – деді ол кісі. – Қалалық және облыстық мәс­ли­хаттың депут­тары­мен сайлауал­ды кездесулерде бай­қағанбыз. Сұрақтардың көбі Айта­ха­новқа қойылған. Көксарай кілти­пан­да­ры, жерді суландыру жағдай­ла­ры, ауыл шаруашылығындағы бас­қа да өзекті мәселелер, қор­шаған ортаны қорғау, ор­манды алқап­тарды, саябақтарды кө­бей­ту, орынсыз жекешеленіп  кеткен таби­ғаттың таңғажайып тұста­рын халық игілігіне қайтару, заң­дардың сапасын көтеріп, орын­далуын күшейту, бюджет қаржы­сының жұмсалуына байланысты заңдық негіздерді ширату, мем­қыз­мет­ке, биік лауазымдарға кадрлар та­ғайындауда мемлекеттік тілді білу мәселесін ерекше ескеру жақтары айрықша айтылған. Мен осылардың бәрі қайта сай­ланған Айтахановқа аманат деп түсінемін және шын пейілмен құттықтаймын». Түс шаңқайында температура қырық төртке таяп қалған. Иә, Оң­түстікте күн де, көңіл де ыс­тық-ақ. ПАВЛОДАР Кеше  облыс орталығында Парламент Сенатының сайлауын өткізу үде­рісі ертелетіп басталған еді. Облыс­тық сайлау комиссиясының төрайымы Әлия Сабырханова бастаған комиссия мүшелері «Шаңырақ» мәдени-сауық орталығында болатын саяси науқанды өз дәрежесінде өткізу үшін құжат-қағаздарын түгендеп, дауыс беру алаңы саналатын сахна келбетін әдеттегіден өзгеше қалыпқа түсіріп абыр-сабыр. Сағат  таңертеңгі 10-дар шамасында барлық деңгейдегі, яғни облыстық, аудан­дық және қалалық мәслихат депутаттары жиналды. Тіркеу басталды. Бәрі де тыныш, қалыпты жағдайда жүргізілуде. Арада жарты са­ғаттай уақыт өткенде Парламент Сена­тына депутат таңдайтын, яғни дауыс беретін маңызды  сәт те келіп жетті. Жалпы, Сенат депутаттығына кандидат болып, өндірісті өңірден төрт  үміткер ұсынылған еді. Олардың екеуі – Идаят Әбдіхалықов пен  Болат Байжанов сайлау додасынан өз өтініштері бойынша бас тартты да, облыстық  сәулет және құрылыс басқар­ма­сының бастығы Марат Қабдыуәлиев пен жергілікті жердегі «Қазақтелеком» АҚ-тың бас директоры Асхат Күзеков сайысқа түсетіні белгілі болған еді. Сөйтіп, қос үміткердің бірін таңдау үшін депутаттар дауыс берді. Нәти­же­сінде, жергілікті депутаттардың көп­шілік дауысын алған Асхат Күзековтің есімі аталды.  Үміткерге  196 сайлау­шы­ның   179-ы  дауыс берді. Осы маңызды саяси науқанға  Ресейден келген ТМД елдері байқаушыларының өкілі Вера Серикованың айтуынша, сайлау жоғары дәрежеде өтті. «Мен осы салада көптен  қызмет жасап жүр­гендіктен, өз көзім­мен көрген  дауыс беру үдерісін жоғары бағалаймын»,  деді ол. ПЕТРОПАВЛ Қазақстан Республикасы Сенаты де­путаттығына  Солтүстік Қазақстан об­лы­сынан 8 үміткер ұсынылған болатын.  Алайда, қажетті құжаттарды ұсын­ба­ға­ны үшін 5 үміткер тіркеуден өтпеді. Сай­лауға санаулы күндер қалғанда  тіркелген кандидаттардың бірі додаға тү­суден бас тартты. Сөйтіп, ақтық мәреге облыс әкімінің бірінші орынбасары Самат Ескендіров пен облыстық жұ­мыл­дыру даярлығы, азаматтардың қорға­ныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру жө­нін­дегі басқарма бастығы Серік Тәшенов жетті. Негізгі тартыс еңбек жолын кәсіпкерліктен бастап, бірнеше ауданда басшылық қызмет атқарған орда бұзар жастағы азамат пен  зейнеткерлікке шығуды әне-міне күтіп отырған шенеунік арасында өтті. Біріне «Нұр Отан» ХДП-ның жергілікті филиалы сенім көрсетсе, екіншісі өзін-өзі ұсыну жо­лымен бағын сынап көруді ұйғарыпты. Таңдаушылардың Парламент Се­на­ты­на Қызылжар өңірінен депутат сайлау жөніндегі бірлескен отырысы  Н.Погодин атындағы облыстық драма теа­трында белгіленген мерзімде бас­талды.  Әртүрлі дейгейдегі халық қа­лау­лыларының мәжілісін облыстық мәс­лихаттың хатшысы Қайырлы Едіресов ашып, 212 депутаттың 208-і жи­нал­ғанын мәлімдеді.  Облыстық сайлау ко­миссиясының төрағасы Асқар Сақып­кереев Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде  жасырын дауыс беру жолымен сайланатынын еске сала келіп, сайлау тәртіптерін түсіндірді.  Іле сайлау да басталып кетті. Оның шымылдығын облыстық мәслихаттың депутаты Светлана Кащенцева ашты. Міне, таңдаушылардың дауыс беру  үдерісі де аяқталды. Бюллетеньдер  ха­лықаралық байқаушылардың, сенім біл­дірілген адамдардың көзінше урнадан төгіліп, ашық, жариялы түрде  саналды. Ақтық қорытынды жария етіл­ді. 2 бюллетень жарамсыз деп танылды.  С.Ескендіровті жақтап – 170,  С. Тәшенов үшін – 36 таңдаушы дауыс берді. Сөйтіп, депутаттардың үлкен сеніміне ие болған Самат Сапарбекұлы  Парламент Сенаты­ның депутаты болып сайланды. Біз сайлау аяқталғаннан кейін таң­дау­шының ой-пікірін білген едік. Екпін ӘБИЕВ, Жамбыл аудандық мәслихаты­ның депутаты: – Мен С.Ескендіров үшін дауыс бердім. Өйткені, оның сайлауалды бағ­дар­ламасы нақтылығымен ұнады. Эко­номиканың нақты секторына, ауыл ша­руашылығына, индустриялық-иннова­ция­­лық мәселелеріне жете көңіл ауда­руы  оның істің адамы екенін айғақтап тұр. ӨСКЕМЕН Кенді Алтайға бауыр басып кеткен, ұзақ жылдар облыс әкімінің орын­­­ба­са­ры, сосын бірінші орын­баса­ры, бір жа­рым жылдай өңірге бас­шы­лық жасаған Талғатбек Жәмшітұлы Абайділдин ка­рапайым, құрбы-дос­тары арасында беделді азамат. Сон­дықтан болар, осыдан бес жыл бұрын Сенат сайлауы кезінде басымдықпен жеңіске жеткен еді. «Тә­кең биылғы қыркүйекте 63 жасқа то­ла­ды, енді Сенатқа қандидат ретінде тіркелмейтін шығар» деген көпшілік жорамал жасап. Алайда, Т.Абайділдинді Шемонаиха, Үржар, Аягөз, бірқатар қа­ла­лық мәслихаттың депутаттары Парламент Сенатына өз қалаулылары ретінде ұсынды. Т.Абайділдиннен басқа тағы төрт кандидат Сенат сайлауына түсуге тілек білдірді: олар 63 жастағы Т.Әмір­жанов, В.Лопаткин, Б.Есдәулетова және об­лыс­тық ауыл шаруашылығы басқар­ма­сы­ның бастығы Д.Селиханов. В.Лопат­киннің дер кезінде құжат тапсыр­ма­ғаны өзіне бөгет болып, тізімнен сы­зылып тасталды. Ал Д.Селиханов пен Б.Есдәулетова сайлау комиссиясына арыз жазып өздерін кандидаттар тізімінен алып тастауды өтінді. Сонымен, ақ­тық сайысқа Т.Абай­ділдин мен Т.Әмір­жанов шықты. Сайлау басталардың алдында Ресейден келген бір топ халықаралық бай­қау­­шылар ақпарат құралдары өкілде­рі­не сұхбат берді. Таулы Алтай респуб­ли­касының азаматы Д.Черкасов пен Алтай өлкесінен келген Р.Субботин дауыс беру рәсімінің айқындығына, адалдығы мен ашықтығына баса назар аударды. Облыстық мәслихаттың хатшысы В.Ахаев бүгінгі Сенат сайлауына бар­лық деңгейдегі мәслихаттар депутат­та­ры­ның қатысып отырғанын, бұл таң­даушылардың 95,3 пайызы екенін айта келіп, сайлауды бастады. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Еркінбек Аязбаев дауыс берудің тәртібі жай­лы түсіндірді. Жабық сайлау нәтиже­сін­де Талғатбек Абайділдин депутат­тар­дың – 270, ал Төлеубек Әміржанов 31 дауысын жинады. Бір дауыс жарам­сыз деп танылды. «Егемен Қазақстанның» тілшілері және Гүлай Шынтемірқызы (Ақтау). -------------------------------------------------- Суреттерді түсіргендер О.БАЛМҰРАТ, Б.СӘРСЕНОВ, Т. Қосшығұлов, Т.ТЫНЫБАЕВ.