Қазақ күресі – ұлттық төл спортымыз. Біздің күрес – ешқандай күрес түрлеріне ұқсамайды. Бүгінгі таңда жүргізіліп отырған спорттық-теориялық және әдістемелік зерттеулер бойынша қазіргі самбо, дзюдо, еркін күрестердегі негізгі айла-тәсілдер қазақ күрес өнерінен алынғаны дәлелденуде. Яғни, дәстүрлі көшпелілер күресі әлем спортының дамуына зор үлес қосты деуге болады. Әсіресе, белбеу пайдаланып күресу тәсілінің бай тәжірибесі Ұлы Даладан бастау алып, Шығыс пен Батыс елдеріне танымал спорт түрінің алғышартына айналды. Белбеу арқылы белдесудің өзіндік сипаты болған, ол белге оралған қайыстан ұстап, тізесі не алақаны жерге тигенге дейін күрескен. Бұл күрес жылдамдық, ептілік, күш және айла-тәсілдердің кең диапазонды қимыл-қозғалысымен қызықты. Сондықтан да оның адамның көңіл-қуанышын арттыратын, қанын қыздырып, ерлікке, елдікке баулитын қасиеті бар.
Біз, қазақ халқы жоғарыдағы белбеу арқылы күресудің негізін салған жұрттың біріміз. Бұған мынадай мысалдарды келтіруге болады. Көшпелілер күресінің басты қағидасы – әділеттілік болған. Жеңімпазды анықтау көрермен халықтың көз алдында жарасым тапқан. Жарыс ережесінде күресті ұйымдастырушылар оны мезгіл және жер таңдамай өткізетін болған. Көшпелілер өнерінің жоталы бір саласы – қазақ күресінің тәрбиелік маңызы зор, ол ұлттық намысты қоздырып, көрерменге асқан шабыт сыйлайтын құдіреті биік күрес екенін тарихтан білеміз. Ал бүгінде қазақтың ұлттық спорты – күрес ешқашан тіршіліктен тыс қалмай, бірге жасасып, әлем чемпионаттарын өткізетін деңгейге дейін жетіп отыр.
Өткен ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында сайын дала төсінде сайран салып, салтанат құрған бабаларымыз Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Қажымұқан күш-қуатымен бірге ақыл-парасатымен, ақындық-әншілігімен де ерекшеленіп, нағыз ұлт мақтанышына айнала білді. Қажымұқан бабамыз төрткүл дүниенің ең мықты деген балуандарын тізе бүктіріп, өз заманындағы кәсіби балуандықтың биік шыңына көтеріліп қана қоймай, «мұсылман әлемінің бас балуаны» деген атаққа ие болды.
Осындай көрнекті өкілдері әлемді мойындатқан, тарихтың таразысына түсіп, әлем спортынан ойып тұрып орын алған қазақ күресінің көші ХХІ ғасырға да аумай-талмай жетті. Сәл шегініс жасасақ, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанындағы Дене тәрбиесі және спорт комитеті алқасының шешімімен 1972 жылы қазақ күресінен тұңғыш рет 12 балуан «Қазақ КСР-інің спорт шебері» атағына ие болды. Қазақ күресінен әдістемелік оқу кітабы да тұңғыш рет сол кезде басып шығарылды. Бұл оқулықты жазысуға республикаға белгілі спорт мамандары атсалысты. Содан бергі 40 жылдай уақыт бойы ұлттық күрес ережелері заманға сай даму жолында талай мәрте өзгертіліп, теориялық жағынан еңбектер жазылып, зерттеліп, ғылыми жетілдірілген бір жүйеге түсті. Кейінгі 10 жылда қазақ күресі Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитетінің қамқорлық, қолдауының арқасында қанатын кеңге жайып, халықаралық аренаға шығып үлгерді.
2003 жылы Германияның Берлин қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығы құрылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Төл спортымыз – қазақ күресін олимпиялық ойындар деңгейіне дейін көтеруге күш салуымыз керек», – деген тапсырмасы аясында қарқынды жұмыс жүргізуіміздің нәтижесінде, бүгінде ұлттық күресіміз әлемнің 50-60 мемлекетінде тамыр жайып, дамып отыр. Бұған дәлел 2006 жылы Алматыда 48 елдің балуандары қатысқан І әлем чемпионаты ұйымдастырылса, ІІ әлем чемпионаты 2008 жылы Ресейдің Ор қаласында өтті. Кезекті ІІІ әлем чемпионаты мен V дүниежүзілік күрес ойындарының Астана қаласында өтуі төл өнеріміздің әлемдік аренадағы мәртебесінің жоғары екендігін көрсетті. Бұған дейін екі рет Еуропа, алты рет Азия чемпионаттары өткізілді. Бес құрлықтан 40-тан астам елдің спортшылары қазақ күресінің киімін киіп, әлемдік додаға түсуі – тарихта болмаған теңдессіз оқиға, өнердің өркендеуі, ұлтымыздың мерейі.
2010 жылдың көктемінде қазақ күресі FILA-ның құрамына кірді. Енді біздің балуандар осы ұйым аясында Азия, Африка, Америка, Австралия, Еуропа құрлықтарының жарыстарына ресми түрде қатысатын болды. Биылғы жоспар – 240 балуанды қатыстыратын Азия чемпионатын өткізу. Сонымен бірге, Того Республикасында Африка чемпионатын өткізу жоспарлануда. Жақында Литваның Шяйляу қаласында 240 балуанның қатысуымен Еуропа чемпионаты өтті. Жылдың соңғы ресми жарысы қазан айында Түркияда өтетін әлем кубогы болмақ.
Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының аясында әлем, Азия, Еуропа чемпионаттары, әлем кубогы, жас ерекшеліктеріне байланысты Қазақстан чемпионаттары мен спартакиадалары және түрлі республикалық жарыстар өткізіледі. Бұлардың бәрі Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығы мен республикалық федерацияның қаржысымен өткізіліп келеді. Алдағы уақытта әлемнің 5 құрлығының әртүрлі елдерінде қазақ күресі қауымдастығын ашуды жоспарлап, соған сай жұмыстар атқарудамыз.
Серік ТӨКЕЕВ, Дүниежүзілік қазақ күресі қауымдастығының президенті.