Дүниеге шыр етіп келген әрбір жанға мына жарық өмірдің рақаты мен ризығы таусылмастай болып көрінеді ғой. Бірақ қызығы мен қиқуы көп тіршілік толқыны күндердің күнінде тулап барып жағаны ұрып тынатынын, өмірдің керуен көшінің бәрібір бір жерге барып аялдайтынын ескере бермейтінімізді қайтерсің. Ажал келіп, жалған дүниенің соңғы сағаты соғарда ғана ес жинаймыз-ау. Сонда ғана барып ғұмырдың қас-қағым, қамшының сабындай ғана қысқа екеніне көз жеткізіп, аһ ұратынымызды айтсаңызшы!..
Тірі кезінде еңбегімен ел мен қоғам құрметіне бөленген, республикамызға белгілі заңгер, көптеген шәкірттер тәрбиелеген ұстаз, тау тұлғалы азамат Тыныбек Темірбекұлы Оңалбаев мезгілсіз дүниеден озып, арамыздан алыстап бара жатқан шақта бәріміз де осындай ауыр күй кештік. Апырмай, күні кеше ғана ортамызда жарқырап жүрген жайсаң жанның, бауырмал інінің осылайша өмірден ерте кетіп қалатынын кім ойлаған. Адам жасының үлкен-кішілігіне қарамай алып кететін мейірімсіз ажал құрығының ұзын екеніне тағы да куә болдық. “Ажал айтып келмейді” деген сөздің растығы мен сыры терең екендігіне амалсыз бас игендейміз.
Ел алдындағы елеулі еңбегіне қоса адамгершілік, кішіпейілдік, парасаттылық қасиеттерімен есте қалған Тыныбекті әрі ауылдас, әрі бауырлас болғандықтан жақсы білемін. Атақты Суықтөбенің баурайындағы Қастек ауылында туып-өсті. Өмірдің есігін жаңа ашқан сәбиді туа салысымен-ақ әжесі Таразы апамыз бауырына салып алған. Майдан даласынан аман-есен оралған жалғыз ұлы Темірбектен көрген шикіөкпені аңсап күткен қарт ана баласы мен келіні Анарбүбінің көңіліне қараған жоқ. “Өзімнің балам, өзім бағып өсірем” деп ашық айтқан. Ана жүрегінің шексіз мейірі мен кесімді ақ тілегін жақсы түсінген бұлар да қарсы болмаған. Сөйтіп Таразы апамыз Тыныбегін өзі бағып-қағып, тәрбиелеп өсірді. Оны Тынкен деп еркелете атайтын.
Әжесінің аялы алақанында алаңсыз өскен Тыныбек тәрбиелі, ізетті болды. Үлкен-кішіні сыйлағыш, мейірімді бала болатын. Ауылдың орталау мектебін жақсы оқып бітірді. Ұстаздары оны әрқашан мақтап, басқа балаларға үлгі етіп отыратын. Бұдан кейін оқуын жалғастырып, Алматыдағы № 12 қазақ орта мектебін бітірген ол еңбек жолын кеңшарда жұмысшы, Ғылым академиясының зоология институтында лаборант болып бастады. Өндірісте біраз тәжірибе жинақтаған соң С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1973 жылы ойдағыдай бітіріп шықты.
Енді оның алдында алған білімін іске асырып, құқық қорғау саласында аянбай еңбек ету міндеті тұрды. Алғашқы заңгерлік қадамын Жамбыл ауданының прокуратурасында машықтанушы тергеуші, одан соң Кеген ауданының прокуратурасында төрт жылдай тергеуші болып, үлкен тәжірибеден өтті. Осының нәтижесінде 1977-1983 жылдар аралығында Қазақ КСР Прокуратурасының бөлім прокуроры болып істеді. Прокурорлық қызметтің қыры мен сырын жете меңгеріп, оның әділ, заңға сай жүргізілуін қатаң қадағалады. Бұдан кейінгі тоғыз жыл ішінде Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар және Іле аудандарының прокуроры болды.
Мол тәжірибе жинақтап, кәсіби шеберлігі мен білімін арттырған Т.Оңалбаев жоғары лауазымды қызметтерге көтерілді. 1992 жылдан Алматы облысы прокурорының орынбасары, Алматы көлік прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Ал 1996-2001 жылдары Ақтөбе облысының прокуроры болып, заң тәртібін сақтау мен қылмысты болдырмау мақсатында көптеген жұмыстар жүргізіп, үлкен беделге ие болды. Сол жылдардағы жемісті қызметі үшін Тыныбек Оңалбаевқа үшінші дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі-әділет генерал-майоры атағы берілді. Кейіннен Ақмола облысының прокуроры болып істеген еді.
Осыдан соң да ол жауапты лауазымды қызметтерде болды. 2002 жылы Оңтүстік-Шығыс аймақтық көлік прокурорының бірінші орынбасары болса, ал 2004 жылдан 2007 жылға дейін Алматы облысы әділет департаментінің бастығы болып қызмет атқарды.
Т.Оңалбаев құқық қорғау саласында өзіне жүктелген жауапты қызметтерді абыроймен атқарумен бірге осы саланың болашақ мамандарын оқытып, тәрбиелеуге де барынша атсалысқанын айтқанымыз жөн. Ол Д.Қонаев атындағы институттың көпшілік құқығы кафедрасының меңгерушісі қызметін қосымша атқарып жүрді. Ал 2008 жылдан бастап оқытушылыққа бет бұрып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ұстаздық қызмет істеп келді. Осыдан 5-6 жыл бұрын кандидаттық диссертация қорғап, заң ғылымының кандидаты атағына ие болған, 30-ға жуық ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы.
Ол шындап келгенде кәсіби шебер маман, білікті ұстаз, тамаша ұйымдастырушы, әлі де бергенінен берері мол азамат еді. Оның басшылығы мен қамқорлығына бөленіп, ағалық ақылын тыңдап, тәлім-тәрбиесін алып өскен білімді де білікті жас заңгерлер еліміздің құқық қорғау саласының сан саласында жемісті еңбек етіп жүргенін айту бір ғанибет.
Тыныбекпен туыстас ағасы ретінде араласа, сыр бөлісе жүріп, оған жауапкершілік пен өз ісіне деген сенімділік, парасаттылық пен қамқорлық тән екенін байқаушы едім. Осындай қасиеттері оны ерекшелендіріп тұратын. Сондай-ақ көңілі дарқан, кішіпейіл, адал, жүрегі жомарт жанның әріптестеріне де, достары мен тума-туыстарына да құшағы ашық еді, олардың арасында бедел мен құрметке ие болды.
Ол туған ауылы мен кіндік кескен жерін, оның әсем табиғаты мен тау-тасын, сарқырай аққан өзенін жақсы көретін, алыста жүрген кездерінде демалысқа келе қалса тау жаққа, жайлауға соқпай кетпеуші еді. Сонау бір жылдары ауылдан қанат қағып ұшқан, әр қиырда, әр салада еңбек етіп жүрген белді азаматтар бас қосып, Суықтөбенің Қойжол сайына барып серуендеп қайтқанымыз бар. Бір сәт Тыныбек екеуміз көлбеп жатқан жотаның үстіне шығып, жан-жағымызға тамсана қарап тұрдық. Алдымызда көкпен таласқан асқар тау, артымызда көсіліп жатқан кең дала. Осы көрініске сүйсіне, құмарта қарап тұрған Тыныбек:
– Қазақстанның талай жерінде болдым, шетелге де шықтым. Бәрібір туған жерге жер жетпейді екен. Көз тойып, көңіл сусындайтын туған жер шынында алтын бесік қой! – деді ерекше толқып тұрып.
Мына қызықты қараңыз. Қасымда тұрған ол кенет бұрыла салды да соқпақ жолмен өрге қарай жүгіре жөнелді. Әудем жерге дейін жүгіріп барды да кері қайтты. Күліп келеді.
– Бала кезім есіме түсіп кетті. Осы соқпақпен талай рет жүріп, талай жүгірген едім. Сонау сайдың басынан рауғаш, жуа теріп қайтатынбыз, – дегені бар.
Иә, содан бері де біраз жылдар өткен екен. Құқық қорғау саласында белсене еңбек еткен ол егемен еліміздің еңсесін тіктеп кетуіне айтарлықтай үлесін қосты. Қабылданған заңдардың сақталуы мен орындалуын қатаң қадағалап, қылмыс атаулының жолын кесу үшін күресті. Осы игі іске өзі ғана емес, бірге еңбек істеген әріптестері мен шәкірттерін жұмылдырып, адал болу мен халыққа қызмет етудің үлгі-өнегесін көрсетіп кетті. Соңғы жылдардағы университет қабырғасында шәкірттерге білім беріп, тәрбиелеудегі еңбегі де елеулі еді.
Жүрегіне күрделі операция жасалып, үйіне шыққан күні Биналы, Манарбек інілеріммен бірге көңілін сұрауға барғанбыз. Аурухана төсегінен кейін өңі бозарып, жүдеп қалыпты. Дәрігерлер көбірек қимылдап, қозғалып жүруін өтініп, біраз уақыт бақылауда болатынын айтыпты. Креслоның жақтауына қойып отырған қолын көтеріп, қолымды ұстап “Қалайсыз?” деді. Дауысы да өзгерген, әлсіз естіледі. “Жақсы” деп жатырмыз. Денсаулығының жайын сұраған бізге басын изеп қояды. Операциядан кейін әбден шаршағаны байқалады. Біраз отырып сырқатынан тезірек айығып кетуіне тілектестік білдіріп, алғаусыз ақ ниетімізді айтып шыққан едік. Екі-үш аптадан соң Тыныбектің қайтадан ауруханаға жатып қалғанын естідік. Бұл жолы бұрынғыдан да қатты ауырып түскен. Амал не, істерге шара болмады. Айналдырған ауру алып тынды.
Алпыс жастан жаңадан асқан сырбаз мінезді, сабырлы қалпымен баршаны баурап алатын ініміз Тыныбектің алар асулары әлі алда еді, өмірі де, еңбек жолы да ұзақ болуы керек еді. Бірақ олай болмады. Мейірімсіз ажал жер қойнына ерте алып кетті. Тау тұлғалы азаматынан айырылып қалу отбасы мен туған-туыстарына ғана емес, онымен қызметтес болған әріптестері мен дос-жарандарына, оны білетіндердің бәріне де ауыр тигені анық.
Өзі туып-өскен ата-мекені – Қастек ауылында өткен қоштасуға арналған қаралы жиынға көп адам жиналды. Сонау Ақтөбе аймағынан тартып, Алатауға дейінгі жалпақ елдің Тыныбекпен бірге қызметтес болған, оны білген, араласқан ағайындардың өкілдері келіп, марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғысын бөлісіп, бейітіне топырақ салысты. Сөйтіп дүниеден озған асыл азаматтың алдындағы ақырғы адами парыздарын өтеді.
Бұл өмірде Тыныбек бауырымның артында сайраған ізі қалды. Ол – оның еліне сіңірген өлшеусіз еңбегі. Ол – ерінің алаңсыз қызмет істеп, халқының құрметіне бөленуіне аянбай жағдай жасай білген, түсіністікпен өнегелі өмір кешкен құдай қосқан қосағы – келініміз Күләш пен олардың ұрпағы – Айгүл, Мұхтар, Айнаш, жауқазындай жайнап өсіп келе жатқан немерелері. Шүкір, өмірінің жалғасы болған соларды аман қылсын деп тілейік.
“Жазмыштан озмыш жоқ” деген осы да. Қазасы қабырғаны қайыстырып, бақилық болып кеткен асыл азамат, аяулы ініміз Тыныбек тірі болса, 15 қантарда 61 дейтін мүшел жасқа келер еді. Артына өшпестей із қалдырған құрметті заңгер, ұстаз, жаны жайсаң кішіпейіл азамат Тыныбек Оңалбаевтың есімі мен жарқын бейнесі әрдайым жүрегімізде сақталады.
Жұмаш АРҒЫМБАЙҰЛЫ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, Қазақстан Журналистика академиясының академигі.