• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2016

Аркадий ТОПАЕВ: Мақсатым – Олимпиада чемпионын дайындау

1302 рет
көрсетілді

Бүгінде Қарағандыдағы Ә.Молдағұлова атындағы спортқа бейімді, дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта аға жаттықтырушы болып еңбек ететін атақты боксшы Аркадий Топаевпен арнайы кездескен едік. – Аркадий, үлкен спортта «Жақсы спортшыдан тәуір жаттықтырушы шықпайды» деген ұғым бар. Осыны сіз бұрынғы боксшы, бүгінгі бапкер ретінде жоққа шығара аласыз ба? – Спортта жүрген кезде көп нәрсені ұстазыңның айтқанымен істейсің. Ал тізгінді өзің ұстағанда бәрі де керісінше болады. Бұл жерде шешімді өзің қабылдап, жауапкершілікті де өз мойныңа аласың. Одан бөлек, бапкерлер ұжымымен, айналаңдағы басқа да көптеген адамдармен тіл табысып жұмыс істеуің керек. Меніңше, бұған жүрегінің қалауымен келген спортшыдан жақсы жаттықтырушы шығады деп ойлаймын. – Боксшы болу бала кезіңіз­дегі арман ба еді? – Бұған былай жауап берер едім: мені боксқа алып келген – 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпия ойындарындағы Серік Қонақ­баевтың өнері. Ол кезде ауыл­да төрт-бес үйде ғана «Вес­на» деген ақ-қара түсті теле­дидар болатын. Сол «те­мір жәшікке» телміріп отырып, Серік ағамыздың жекпе-жек­терін жүрегіміз тулай отырып тамашаладық. Бойымдағы бокс өнеріне деген сүйіспеншілік сол кезде пайда болды деп сеніммен айта аламын. Оның үстіне, дәл сол кездері ауылымыздағы мектепке Серғазы Бәкеев деген жас мұғалім келіп, бокс секциясын ашқан. Соған алғашқылардың бірі болып жазылған едім. Бокстың әліппесімен танысқаннан кейін, 1984 жылы Серғазы ағамыз мені Қарағандыдағы Әлия Мол­дағұлова атындағы спорт мек­тебіне алып келіп, Қанат Жақ­сыбаевтай білікті бапкерге тапсырды. Міне, менің спортқа кел­уім­нің қысқаша тарихы осындай. – Демек, бойыңызда боксқа икемділік болған ғой. – Расын айтқанда, бала кезімде тентек болдым. Мектепте, далада көп нәрсені бүлдіріп жүрдім. Төбелеске жақын едім. Ал егер шындап келсем, арғы атам Матақ деген кісі өңірге аты мәшһүр, батыр болған адам екен. – Шаршы алаңда өнер көр­сетіп жүрген кезіңіз­де ел ішіндегі басты қарсыластарыңыз кімдер болды? – Олар Қанат Шағатаев пен Василий Жиров еді. Қанат өте мықты боксшы болды. Екеуміз рингте төрт рет қолғап түйістірдік. Соның бәрінде де мен басым түстім. – Аркадий Топаев қандай мәнердегі боксшы еді? – Менің рингтегі басты тактикам алдап ұру болатын. Бірінші раундта қарсыласымның әлсіз тұстарын іздейтінмін. Жекпе-жек кезінде ол шіркін көзге бірден түседі. Содан кейін «Қасқырды аяғы асырайды» деген мәтелді сәл өзгертіп айтар болсақ, боксшыны да аяғы асырайды. Шар­шы алаңда оның аяғы жеңіл болып, лыпып тұруы керек. Менің қолайыма осындай бокс жағатын. – Қазіргі бокстың тілімен айт­­қанда, сіз «панчер» бол­ды­ңыз ба? – Өзімнің спорттық мансабым­да нокаутты көп жасағаным рас. – Өзіңіздің нокаутқа түскен кезіңіз болды ма? – Ондайдан құдай сақтады. Ал нокдаун алған кезім болды. Рингте мұндай жағдайды бастан кешпейтін боксшы болмайды. – Енді 1992 жылғы Барселона Олимпиадасындағы алғашқы және соңғы жекпе-жегіңізді еске алсақ. – Барселона Ойындарының алдында 71 кило салмақ дәре­жесінде Сергей Самойловты, атақ­ты Исраел Акопкохянды ұт­тым. Ал Олимпиададағы алғаш­қы жекпе-жегімде әлем чемпио­ны, кубалық боксшы Хуан Карлос Лемусқа тап болдым. Ол мені төрешінің «Тоқта!» деген командасынан кейін ұрды. Шынын айтқанда, осы соққыдан кейін өз-өзіме келе алмадым. Сол жекпе-жекте жеңгенде, Олимпиаданың «алтынын» ұтар едім деп айтпаймын, бірақ жүлдегерлер қатарында болатыным анық еді. Айтпақшы, Лемус Барселонада чемпион атанды. – Соққы алғаннан кейін жекпе-жек біткенше ес-түссіз жүріп те жұдырықтаса беріпсіз, сол рас па? – Соққының өте жойқын болғаны рас. Сонда «Қаншама қазақ қарап отыр, құлап қалмау керек» деген жалғыз-ақ ой ғана санамда тұрып алған. Намысқа салып, жекпе-жектің соңына дейін жеткізгенім содан деп ойлаймын. Негізі, заң бойынша ережені өрескел бұзғаны үшін кубалық боксшы жарыстан шеттетілуі керек-тін. Бірақ ол кезде КСРО ыдырап, оның орнында пайда болған ТМД-мен ешкім есептеспейтін. Сөзіңді сөйлейтін жан табылмағасын, бұл оқиға «жабулы қазан жабулы күйінде» қалып қойды. – Кәсіби боксқа талай мәрте шақырту алыпсыз. Оған не себепті ауыспадыңыз? – 1994 жылы Әлем кубогын ұтып алғаннан кейін Амери­кадан кәсіби бокстың про­моу­терлері бірнеше рет телефон шалып, ке­лісімшарт ұсынды. Бірақ ол кезде мен 1996 жылғы Олимпиаданы күтіп жүргенмін. Төрт жыл тынбай тер төгіп, Атланта Олимпиадасының қар­саңында нағыз спорттық бабыма енгенмін. Сол кездегі әлемдік рейтингтегі мықты деген боксшыларды ұтып, ТМД бойынша бірінші нөмірлі болып тұрғанмын. Бірақ, амал қанша, тура Олимпиаданың алдында ауырып қалдым. – Жаттықтырушы ретіндегі басты мақсатыңыз қандай? – Бір ғана мақсат бар, ол – Олимпиада чемпионын даярлап шығару. Біздің мектепте 60-тан астам бала бокспен шұғылданады. Олардың бәрінен Олимпиада чемпионын шығарам деу бос әңгіме, әрине. Алайда, осылардың арасынан бір-екеуі Серік Сәпиев сияқты Олимптің шыңын бағындырып жатса, біз үшін үлкен мәртебе болар еді. – Әңгімеңізге көп рахмет. Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ