• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2016

Рақымшылық – жаңа өмірге жолдама

237 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен әзірленген ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған рақымшылық жасау туралы заңның жобасы – Елбасының гуманистік ұстанымын паш етеді. Осылайша, Президентіміз шалыс басқан азаматтарға кешірім жасап, олардың жаңа өмір бастауына жол ашып отыр. Сондай-ақ, мұндай қадам Тәуелсіз еліміздің шын мәнінде демократиялық және өркениетті ел екендігін айғақтай түседі.  

Азаматтарға қандай мүмкіндіктер береді?

Заң жобасы барлық қылмыстық істер мен соттар қарамаған істер бо­йынша, қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар бойынша іс жүргізуді тоқтатуды көздейді. Сот­талған адамдардың жекелеген санат­тары үшін жаза мерзімінің өтел­меген бөлігін айыппұлмен немесе бас бостандығын шектеумен ауыс­тыру немесе оны қысқарту рәсі­мін қолдану мүмкіндігі пайда болады. Сонымен қатар, заң жобасында рақымшылық жасау актісі қолданылмайтын адам­дардың аясы белгіленеді.  

Көзделген мақсат қандай?

Рақымшылық жасаудағы мақсат – түрмедегілердің санын азайту емес. Өйткені, 25 жылдың ішінде түрмеде отырғандардың саны үш есеге азайған. Егемендіктің алғашқы жылдары еліміздің түрмелерінде 105 мың адам отырған болса, қазіргі таңда колониялар мен тергеу оқшаулағыштарында 36 мың адам отыр. Осылайша, тек соңғы төрт жыл ішінде рақымшылықсыз-ақ сотталғандар саны 30 пайызға дейін азайды. Үшіншіден, бұған дейін жасалған 8 рақымшылық әрі кетсе ауырлығы орташа қылмысқа ғана қолданылған болатын.  

Заң жазаланушылардың қандай санатын қамтиды?

Заң жобасына сәйкес азаматтар­дың әлеу­меттік осал санаттары – кәмелет­ке тол­мағандарға, жүкті әйел­дерге, кәме­летке толмаған бала­лары немесе мүгедек балалары бар әйелдерге, сондай-ақ, кәмелет­ке толмаған бала­лар­дың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адам­дарға, I, II және III топтағы мүгедектерге, елу жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс жас­тағы және ол жастан асқан ер адам­дарға, Ұлы Отан соғысының қаты­сушы­лары мен мүгедектеріне және оларға теңес­тірілген адамдарға, әскери және ин­тернационалдық боры­шын орын­­дау кезінде қаза тап­қан әскери қыз­мет­шілердің жесір­леріне, сондай-ақ, күйеулері соғыс мүге­дек­тері және оларға теңес­тіріл­ген адамдар болып табылатын әйел­дер­ге қатысты рақым­шылық жасалады.  

Рақымшылық қанша адамға қолданылады?

Мәжіліс мақұлдаған құжат­ты Сенат мақұлдап, Мемлекет басшысы қол қоятын болса, рақым­шылық 28 мың адамды қамтуы мүм­кін. 1500 адам колониядан шы­ға­ды деп болжаған. Бірақ, бұл кесім­ді жазадан толық құтылады деген сөз емес. 1500-дің 1200-іне бас­­қа жаза қолданылады. Олар про­ба­ция құрылғысы арқылы арнайы қызметтің бақылауында бола­ды. Ал қалған 300-і – ұсақ қылмыс жаса­ған­дар, әлеуметтік жағынан әлсіз адамдар, балалы әйелдер, жасөс­пі­рімдер, 60 жастан асқан ер адамдар. Ал аса ауыр қылмыс жасағандар түрмеден, колониядан шықпайды. Тек, өтелмеген мерзімдерінің бір бөлігі қысқаруы мүмкін. Сол сияқты, қазір барлығын ресми түрде есеп­теп шығу мүмкін болмағандықтан, мәселен, өндіріске алынған теріс қылық­тардың барлығы тоқтатылады деп күтілуде. Соттың қарауында­ғы істер де тоқтатылады. Сондықтан да рақым­шылыққа ілінуі мүмкін адам­дар арасында айыппұл шарасына, шарт­ты жазаға кесілгендер, қоғамдық жұмыс­тарға және басқа да ауыр емес жаза­ға тартылғандар да қамтылады. Бұл санатта лаңкестік және басқа ауыр қылмыс жасағандар қамтыл­майды.  

Түрме рейтингінде Қазақстанның көрсеткіші қандай?

Бүгінге дейін атқарылған шара­лардың арқасында Қазақ­стан әлемдік түрме рейтингінде ең нашар 50 елдің қатары­нан шығып, позициясын 3-тен 62-ші орынға дейін жақсартты. Сон­дай-ақ, рақымшылық – баяғы­дан бар тәжі­рибе. Тіпті, КСРО тари­хын­да 22 рет болған. 1992 жыл­дан бері Ресейде – 18, Беларусьте – 14, Украина мен Қыр­ғыз­станда жыл сайын деуге болады. Қазақ­стан – ТМД елдерінің ішінде рақым­шылықты ең аз жасаған ел. Бас-аяғы сегіз мәрте жүзеге асырылған рақым­шы­лықтың соңғысы осыдан бес жыл бұрын болды. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»