• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
09 Желтоқсан, 2016

Достық дәнекері – өнер

295 рет
көрсетілді

Атам қазақтан қалған аталы сөз бар. Ол – көршімен тату болу, яғни, көршімен қарым-қатынасың қалыпты болмаса, бұл дүниені қойып, ол дүниенің сұрауы қиын болады дегенге саяды. Осыны берік ұстанған жұртымыз «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деп ұл-қызының құлағына сіңірумен келеді. Тәу етер тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын береке-бірлікте, ынтымақты тірлікте, достық аясында қарсы алып, өзгелерге үлгі бола алған Қазақ елі қашанда ақ ниет, ашық құшағын «Өзінде бармен көзге ұрып» (Абай) төрткүл дүниеге кең танылу үстінде. Мемлекеті тұтас, халқы қабырғалы еліміздің қасиетті өнерін, киелі құндылығын бағалаған елдер соны өз жұртына таныстырсақ, табыстырсақ деген ниеттерін әр кез көрсетіп келеді. Жақында сондай әдемі бір іс-шараға куә болдық. Астана қаласындағы ұлт руханиятына жанашыр болып келе жатқан «Мұрат жолы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен бір топ өнер қайраткерлері Қытай Халық Республикасының Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу қалаларында болып қайтты. Алда айтқан бірлестік төрағасы Думан Аманұлының сөзіне қарағанда, осы іс-сапардың барлық шығынын Қытай Халық Республикасының елшілігі өз мойнына алыпты. Әсіресе, ол Қазақ елінің Тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып қолдаған көрші елдің қазіргі Қазақстандағы елшісі Хань Хуэй Чжанның ерекше ілтипатын сүйсіне алға тартады. Таза өнер өлмейді, ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақтың алтын арқауына айналумен қатар, елдер ортасына дәнекер бола алады. Сол дәнекер өнер сапары өткен қарашаның 28 мен желтоқсанның 8 арасында жалғасын тапты. Бейжің қаласында қазақстандықтарды Мемлекеттік Ұлттық істер комитетінің бөлім басшысы Фэн Лин қабылдап, екі мемлекеттің берік достығына нақты дәлелдер келтіріп, комитеттің атқарып отырған істерімен таныстырды. 56 ұлт достық аясында жасап жатқанын алға тартып, барлық адамдардың құқығы қорғалатынын, әсіресе, аз ұлттарға жасалып жатқан қамқорлықтардан дәлел-дәйектер келтірді. Ол сөз соңында Қытай елінің «Жақын дос алыстан іздеп келеді» деген мәтелін еске салды. Кездесу үстінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атақты әнші Құрманбек Әлімғазы мен Риза Қайырбай Мәрия Жагроқызының «Дудар-ай» әнін қазақ, қытай тілдерінде айтты. Бұдан кейінгі сапар барысында көрші елдің арғы-бергі тарихын баян ететін мұражайларда болып, «Қызыл театрда» үш ұрпақтың тағдырын баян ететін қойылымды тамашалады. Сонымен қатар, Ұлттар университетінде болып, сонда оқып жатқан жастар алдында Қазақстанның өнер шеберлері үлкен концерт қойды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова Сейдолла Бәйтерековтің «Сарыарқа» әнін қырандай самғатса, Темір Дулат қазақтың киелі домбырасымен Құрманғазының «Сарыарқасын», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисасын», Есбайдың «Бөгелегін» күмбірлетті. Жастардың сүйікті әншісіне айналған Маржан Арапбаева «Қазақ елі осындайды» шырқаса, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Құрмаш Мақан өзінің «Аңсарым» әнін, Айнұр Әжімолла «Гауһартасты» әуелетті. Қытай Халық Республикасының Мәдениет министрлігіндегі дидарласуда лауазымды мекеменің департамент басшысы Сей Цин Ин екі ел басшыларының әр жүздесуі берік достықты көрсетіп келе жатқанын, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Бейжіңде қазақ өнерінің айтулы өкілдері келетінін, қала халқымен дидарласатынын айтты. Ол сонымен қатар, Қазақ мәдениетінің де, өнерінің де мазмұны бай екенін алға тартты. Шанхайда өнер өрендері қаланың тірлік-тынысымен жете танысты. Ал Гуанчжоу қаласында болғанда оның табиғаты кімді де болса қызықтырмай қоймайтыны анық. Аспанымен астасқан биік үйлердің бауырындағы жасыл желек те ерекше әсерге бөлейді. Қытай мемлекетінде 9999 санын жоғары бағалайтыны белгілі. Оның себебі – Гуанчжоудың маңындағы Ақсу сарқырамасының ұшар басына шыққанға дейін 9999 баспалдақты басуың керек екен. Шынында жақпар тастарды қақ жарып ағатын сарқыраманың жиегіндегі жолдар кімді де болса қызықтырмай қоймайды. Өндірісті қаланың «өкпесі» осы сарқырама ағып жатқан, қалың ағаш көмкерген тау сілемдері дегенді тұрғындар жиі айтады екен. Ән мен күйдің туын көтеріп жүрген азаматтар «Garden» қонақүйінде де үлкен концерт беріп, әлемнің әр түпкірінен келген азаматтардың ілтипатына бөленді. Барлық концертті Қазақ теледидарының белді де белгілі өкілі, журналист Мұхамедияр Рашай жүргізіп отырды. Жалпы, Қытай мемлекетінің қазіргі даму қарқыны кімге де болса  белгілі. Сонымен қатар, өсім де бар екен. Бұрын қалалы жерде тұрғындар бір балаға ата-ана бола алатын болса, енді оларға екі балалы болу құқығы берілген. Биылғы жылдың 11 айында 17 миллионға өсті деген дерек айтылып қалып жатты. Бұл мемлекеттен өзімізге лайықтап үйренетін де, үлгі алатын да тұстар баршылық. Ол туралы алдағы уақытта ауқымды етіп жазсақ деген ниет бар. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»