ИСПАНИЯ ЕУРООДАҚҚА ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТЕДІ
Бұл да жаңа жылдың басты оқиғаларының бірі. Жаңа жылдың алғашқы күндері ресми түрде Еуропалық Одаққа төрағалық етуді Испанияға тапсырудың рәсімі өтті. Бұл ел оны Швециядан қабылдап алды.
Атап айтатын бір жай, бұл рәсім жылдағыдан өзгешелеу болды. Өйткені, Еуроодақтың құрылымы да түбірінен өзгеріп отыр. Осынау аса зор экономикалық ұйым биылдан бастап Лиссабон шартына сай жұмыс істейді. Қазір Еуроодақтың өз президенті бар – бұл жоғары лауазымға Бельгияның бұрынғы премьер-министрі Херман ван Ромпей сайланған. Одақтың ұйымдық жұмыстарының көпшілігі енді сол президент аппаратына жүктеледі.
Ең алдымен бұрынғы дәстүрдің жалғасындай, Одақ төрағалығы жүктелген елдің мойнына артылатын жауапкершілік те аз емес. Одақтың мақсат-мүддесін айқындайтын бағыт-бағдар енді Испанияның басшылығымен жүргізіледі. Осынау қызметке кіріскен сәтте Испания премьер-министрі Хосе Луис Родригес Сапатеро оған жан-жақты тоқталды. “Экономикалық өмірді жандандыра түсуге күш саламыз, – деді ол. – Еуропаның экономикасын өнімді ету, инновациялық сипатқа көшіріп, дағдарысқа қарсы тұратындай дәрежеге көтеру – басты мақсат”.
Испанияға төрағалықты тапсыру рәсіміне Еуропалық Кеңестің президенті Ромпеймен қатар, Еуроодақтың үкіметі саналатын Еурокомиссия төрағасы Баррозу да қатысты. Сірә, осы кездесу кезінде Еуроодақтың басшылығы өзара қызмет те бөліскен болар. Бұған дейін төрағалық етуші елге көп нәрсе жүктелетін. Енді біраз міндеттің басқа құрылымдарға ауысуына байланысты төраға елдің құзыры кеміді деуге де келмес. Қайта қыруар шаруа басқаға ауысқанда, үлкен де негізгі мәселеге басты назар аударылып, жұмыс нақтылана түскендей көрінеді.
Қызмет бөлісу дегенде, Еуроодақты реформалау өмірдің талабынан туғаны да белгілі. Жыл сайын барлық ұйымдық мәселелерді төрағалық етуші елге тапсыру біршама қолайсыздық тудыратын. Бір жыл – қысқа мерзім. Жұмысқа енді араласа бастағанда, уақыт бітіп қалып, біраз шаруаның аяқталмай қалуы әбден мүмкін. Сондықтан да жұмыста жүйелілік болуы үшін Еуропа саммиті өздеріне президенттік жүйені енгізіп, негізгі ұйымдастырушылық жұмысты соның аппаратына жүктеді. Енді Еуроодақтың жоғары деңгейдегі басқосуларын президент аппараты ұйымдастырады. Сыртқы әлеммен байланыс та соларға жүктеледі. Тіпті Еуроодақ ішіндегі елдердің өзара қарым-қатынастарын реттеу де бір жылда бір елдің араға жүруімен шешіле салмайды, онымен де президент аппаратының айналысқаны тиімді.
Жалпы, сыртқы саясат жиі өзгермейді, ол үлкен жүйелілікті талап етеді. Лиссабон шартында осы жай айрықша ескеріліп, президент жүйесі енгізілгенде, тікелей сыртқы саясатпен айналысатын ЕО-ның бұл мәселе жөніндегі жоғары өкілі белгіленді. Бұл қызметке ағылшын дипломаты Катрин Эштон тағайындалған. Ол басқаратын мекемеде 5 мыңдай қызметкер жұмыс істейді. Сөйтіп, бұрын төрағалық етуші елге жүктелетін шаруа арнайы құрылымға берілген.
Еуроодақтың басқа халықаралық ұйымдарға қарағанда “заңы” қаталдау. Оған өтініш білдіргендер алына бермейді. Кіруге қатаң талап қойылады. Түркиядай қуатты да дәстүрлі ел қазірге дейін оған кіре алмай келеді. Қазір оған 27 ел ғана мүше. Кіргісі келетіндер көп. Ол қай елдің болса да экономикасының дамуына, жетекші дамыған елдермен кірігуіне жол ашады. Сондай беделді ұйымға төрағалық ету қай елге болсын үлкен абырой және үлкен жауапкершілік. Испания сондай үлкен абыройға ие болды десек, сонымен бірге, оған жүктелетін жауапкершілік те үлкен.
ЛАҢКЕСТЕР ӘЛСІЗ ЕЛДЕРГЕ ОРНЫҒАДЫ
Жаңа жылдың қарсаңында және оның алғашқы күндерінде Иемен туралы әңгіме көбірек айтыла бастады. Оған себеп – Амстердамнан Детройтқа ұшпақ болған ұшақты жаруға жасалған әрекеттің басында осы Иеменде орналасқан лаңкестік топтар тұрыпты. Мұны олардың өздері айтып отыр. Әрине, басқаларға үрей тудыру үшін.
Ал лаңкестермен күрес – ортақ іс, оған бүкіл әлем мемлекеттері қатысуға тиіс. Бұл күрестің басында АҚШ жүреді және оған айтарлықтай қаржы да жұмсайды. Осы жолы да АҚШ басшылығы мәлімдеме жасап, сол Иемендегі лаңкестерге қарсы күреске айтарлықтай қомақты қаржы бөлетінін де жариялады. Оған Еуропаның біршама жетекші елдері қолдау көрсетті.
Лаңкестер неге Иеменді таңдаған? Ел үкіметі, әрине, сол жүгенсіздерді қолдамайды. Оларға ешқандай жағдай жасамайтыны да анық. Бірақ олардың бұл елді таңдауының басты себебі – бұл ел әлсіздеу, олармен күресуге шамасы келе бермейді. Ал лаңкестердің осындай елдерде әрекет етуі заңдылық есепті. Бұрындары көбіне олар Ауғанстанда әрекет жасады. Онда талибандармен арпалысқан биліктің де, оған көмектесушілердің де лаңкестерге қарсы күресуге мұршасы келе бермейтін. Бір жағы Үндістанмен соғыс жағдайындағы Пәкстанда да лаңкестерге жағдай бар еді: мұнда билік пен оппозиция күресте итжығыс түсіп, өздерімен өздері болып жататын. Ал лаңкестерге керегі – сол.
Иемендегі жағдай да лаңкестерге қолайлы еді. Мұнда да үкімет билігі әлсіз. Басқаны былай қойғанда, ол ел ішіндегі сепаратистерді де ауыздықтай алмай отыр. Негізінен елдің солтүстік таулы аумағындағы өңірге бекінген сепаратистер оқтын-оқтын үкіметке қарсы күш көрсетіп қана қоймай, өткен жылы солтүстіктегі Сауд Арабиясының шекарасынан да өтіп, екі ел арасында шиеленіс тудырған. Ал үкімет сол сепаратистермен әуре болып, лаңкестермен ісі жоқ.
Мұндағы лаңкестердің жалпы санын дәл айту қиын. Олардың екі мыңнан он мыңға дейін жасағы бар деп болжам айтылады. Ашық айқасқа шықса, тым көп күш те емес шығар, ал олардың бір мүшесінің әрекетінен үлкен апат болатынын ескергенде, бұл шын мәнінде алапат күшке айналады. Соны ескеріп, ең алдымен АҚШ бастаған елдер шұғыл шара қолдануды ұсынып отыр. Оның алғашқы қадамы БҰҰ аясында өтетін халықаралық конференция шақыру болмақ.
Бұл елде лаңкестер бүгін ғана пайда болған жоқ. “Әл-Каида” ұйымының “кресшілерге қарсы күреске” шығуға шақырғанына біраз уақыт болған. Тіпті батыс елдерінің елшіліктеріне қарсы әрекеттер жасап үлгерген. Содан қорқып, осыдан біраз бұрын АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Жапония өз елшіліктерін жапқан болатын. Уақыт мұндай қадам лаңкестердің белсенділігін күшейте түсетінін көрсетті. Жоғарыда аталған елдер өз елшіліктерін қайта жедел ашып, олар лаңкестермен күрестің орталығына айналуға тиіс болып отыр.
Осылайша Иемен қысқа мерзімде әлем жұртшылығының назарына ілінді. Бұл біреулер айтатындай шағын ғана ел емес. Онда 20 миллионнан астам халық бар. Арабия түбегінің оңтүстігінде аса маңызды стратегиялық аймаққа орналасқан. Оны жағалап әлемдік мұнай керуені өтеді. Бұл елге әлемді бүлдіруді мақсат тұтқан лаңкестер орныға алса, олардан қауіп көп.
Сондықтан да жетекші елдердің лаңкестерге қарсы күш біріктірмек, айтарлықтай қаржы бөлмек ниетін Иемен республикасының үкіметі қызу қолдап, тіпті белсенді әрекеттерді де бастап кетті. Өз елі “Әл-Каиданың” бір базасына айналмайтынын мәлімдеп, сол лаңкестер орныққан аймаққа әскери күштерін жіберіп те үлгерді. Мұндағы мақсат айқын – сол жетекші елдердің қарулы күштерін, мол қаржысын пайдаланып, лаңкестермен бірге сепаратистерге де мықты соққы бергісі келеді.
Мамадияр ЖАҚЫП.