• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Cөз сойыл № 34

353 рет
көрсетілді

Әзіл - оспақ, сын - сықақ БІРДЕ... Жазушы-сатирик Сейіт Кенжеахметұлы Арқалық педагогика институтының доценті болып жүрген кезінде емтихан алып отырса, бір студент сұрақтарға жауап бере алмапты. Бұған ренжіген доцент: – Шырағым-ау, кеше дәріс оқығандағы өзімнің айтқанымды қайталап айтып берсейші, – дегенде, әлгі студент: – Сіздің білгеніңізді білсем, маған институтта оқып не керек, – десе керек... Студенттің тапқыр жауабына риза болған Секең оның бағасын қойып беріпті. * * * Қарқаралыда Қасым Аманжоловтың 90 жылдық мерейтойы дүбірлеп өтеді. Сол тойға арналып тігілген қазақ үйде қазақтың бір топ белгілі азаматы бас қосады. Сол үйдің төрінде мемлекет қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков сөз бастап отырады. Сол көпшіліктің арасында айтыс ақындары – астаналық Балғынбек, Дәулеткерей, Айбектермен қатар шымкенттік Бекарыс пен Ақмарал да болады. Әңгіме қыза келе Мырзатай ағамыз ақындардың арасындағы жалғыз қыз Ақмаралға көпшіліктің атынан ат мінгізіп, қалған ақындар мықты болса астынан тартып алсын дейді. Домбыраларын қолға алған астаналық үш ақын Ақмаралдың атына таласпайтындарын айтып, тілек білдіреді. Ал өз кезегінде  домбырасын қолына алған Бекарыс Шойбеков: «Мен өзім жан емес ем инабатсыз, Құрметтеп ақындарды сыйламақсыз. Ақмаралдың тұлпарын тартып ал деп, Жиналған жігіттерді қинамақсыз. Қыз мінген қағанатқа қызықпайтын, Өңкей текті ақынды жинап апсыз. Ақмаралдың «астына» таластырған, Мырзаға, бұл жерде сіз «виноватсыз», – деп салады. Сөздің төркінін түсінген мырза көңіл Мырзекең сол жерде Бекарысқа да бір тұлпар атаған екен. * * * Көкшетауға барар жол бойындағы бір төбеден өте бергенде: – Мына төбенің аты Қыземшек! Қазақ ат қоюға ше­бер ғой! Қалай дәл қойған! – дейді ақын Баянғали Әлім­жанов рөлде келе жатқан жас музыкант Мейрам Тәлімұлына. – Кәне, кәне... Керемет! – деп, Мейрам қызыға қа­рап, мойнын бұрып, ұмтылып-ұмтылып қойса керек. Сонда ақын әзілдеп: Қыземшекті көргенде қыз-қыз қайнап, Жөнелдің мәшинеңді жүзбен айдап. Сіздей кезде біздер де шырқағанбыз, Түлкіні қарға аунатып, мұзбен ойнап. Қол жетпеске мойныңды созамын деп, Жолдан шығып кетпегін сорың қайнап! – деген екен. Көрген БІЛГЕНОВ АСТАНА   АСПАНҒА ҚАРАЙМЫН... Аспанға қарайсың, Жұлдызды санайсың. Басың қышып бара ма, Шашыңды неге тарайсың? Қиялмен самғайсың, Көк аспанды таңдайсың? Жерден үлкен жұлдызды, Құшаққа қалай алғайсың. Бір айтсаң қоймайсың, Қисынсыз өлең сомдайсың. Төбеңнен «пәле» құласа, Өзің-дағы оңбайсың. Қалтаңа бәлкім, қарайсың, Ақшаң болса санайсың. Кредит алсаң ұшаққа, Банкке мәңгі малайсың. Қазыxан ӘШЕ АЛМАТЫ   ТІКЕНЕК СӨЗ Пара берсең, мол бер, аз берсең, пәлеге қалуың мүмкін. *** Ақыл-ойға, идеяға, қалыптасқан көзқарасқа қарсы шыға білмесең, ескерусіз қаласың. *** Философ болудың еш қиындығы жоқ, ол үшін не тапқан қаражатың қара басыңа әрең-пәрең жетіп жүруі керек, не әйелдің әпербақанына тап болуың керек. *** «Жалақы дегеніміз не?» дейсің бе? Бұл деген – жымқыру-қымқыруды білмегенің үшін қолданылған жаза. *** «Ішіп жіберейік, ішейік, тағы да ішіп жіберейік!» деп данышпан В.И.Ленин айтқан. *** Жақсы адамды бұзып жіберу билік пен ақшаның қолынан келе бермейді. Өйткені, егер сіз жақсы адам болсаңыз – сізге билік пен ақша ешқашан бұйырмайды.   ПОЛИЦИЯДАҒЫ  «ПАЙ-ПАЙ!» МАИ қызметкері көлікті тоқтатып, иесіне: – Жылдамдығыңызды кішкене арттыра түссеңіз... – Неге? – Келесі бекеттегі әріптесім ақшадан қысылып тұр еді. * * * МАИ қызметкері бір көлікті тоқтатады. Көлік жүргізуші баяғыда өзіне сабақ берген қатал мұғалім екен: – Сәлеметсіз бе, Марат ағай, қалам мен қағаз шығарып, 100 рет «Мен енді ешқашан жол ере­жесін бұзбаймын...» деп жазыңыз... * * * МАИ қызметкерінің кішкентай ұлы әкесінің ала таяғын әрі-бері айналдырып ойнап отыр. Әкесі: – Қой, балам, нанмен ойнауға болмайды... * * * Жол бойында МАИ қызметкері: – Сіз осымен бесінші рет жол ережесін бұзып отырсыз. Жүргізуші: – Тұрақты клиенттерге жеңілдік болмай ма?   АУМАҚ- САУМАҚ Теледидар тілшісі болған­дықтан вокзалда үйсіз-күйсіз жүр­­ген жүдеу қартты «Бұл күйге қа­­лай түстіңіз?» деп тілге тарттым. – Барар жер болмаған соң паналап жүргенім де... – деп қынжылып алып, үйін балаларына бөліп бергенін, үйлі-жанды екі баласында кезекпе-кезек тұрып сыйыса алмағанын, өзінің де «құдай сүйер қылығының» шамалы екенін мойындап: – Қайтейін, басқа түссе бас­­пақшыл деген, бұған да шүкір­­шілік, әсіресе мына вокзал бас­тығына ризамын! – деп сөзін келте қайырған соң вокзал бастығына «Сіз не жақсылық жасай қойып едіңіз?» деп едік: – Е, ол шал ма!.. – деп езуіне күлкі үйіріп, – ол кісі сендерге анекдот айтпады ма?.. Анекдотты өлтіреді, екі-үш күнде маған да келіп соңғы әзілді айтып айызымды қандырады... Содан оны бұл маңнан қумауға бұйрық бергенмін. Түнеп шығар арнайы орны да бар. Ал азық-түлігін, бірлі-жарым керек-жарағын кетіп бара жатқан жолаушыларды қыран-топан күлкіге кенелтіп-ақ тауып алады, – деді. Содан әкелерін бұл күйге түсірген балаларын тауып тілдесіп көріп едім, үлкені «әкені бағып-қағу кіші баланың міндеті» деп біраз айтып білгішсінді... Ал кішісі әкесінің «құдай сүйер қылығы жоқтығын» тізбектеп ділмәрсіген соң, не дер екен деп қалалық «Қарттар үйінің» бастығын сөйлетіп көріп едік, «баласы бар адамды қамқорлыққа ала алмайтынын» айтып, заң-зәкөнді көлденең тартты. Содан ол оқиғаны ұмыта бастағанымда эфирден «Вокзал­дағы мына қария аяқасты миллионер болып отыр» деген жылт етпе жаңалықты көріп қалып, баяғы жүзі таныс ақсақалды ал кеп іздестірейін... Екі-үш рет барып іздеп таба алмай амалсыз вокзал бастығына бас сұқсақ, теледидардың асай-мүсейін арқалаған біздерді бір­ден танып: – Әп, бәрекелді! Дер кезінде келдіңіздер, ол кісі жөнінде кө­сіл­те айтуға болады, – деп қарсы алды. – Таппадық қой? – деп ақсақалды меңзеп едік: – Соттасып бітті, – деп түс­ін­бей аңтарылған бізге: – Аумақ-саумақ, бүгін бүк, ертең шік заман-ай! – деп алып мән-жайды баяндай жөнелді. – Қалай екенін, қазымырланып сұрамадық та, әйтеуір ақсақал аяқасты шетелдің ақшасымен миллионер болып бұрқ ете қалды... Естуімізше, ғасыр бұрын ала­сапыран кезінде шетел асып кеткен ата-бабасынан келіп жеткен мұрағат екен... Қызықтың көкесі сот про­цесінде болды... Екі ба­ла­сының еңкіш тартып еңі­регенін, әсіресе кішісінің «дәс­түр бойынша кәртайғанда әке-шешені кіші бала қамқор­лы­ғына алу керектігін» айтып аңырағанын көрсеңіздер... «Қарт­тар үйі де» қалыс қалмай «қараусыз қалғандарды қамқор­лыққа алу бірден-бір парызы» екенін ежіктеп түсіндірді-ай келіп... – деп кідіргенінде біз: – Содан?! – деп сұрағымызды келте қайырдық. – Содан, ақсақал нағыз аза­мат екен! Алдымен біздің те­сік-жамауымызды бүтіндеді де, бірден осыдан бөлме алып, «Анекдоттар орталығын» құрды, – деп бізге сынай қарағанында: – Бала-шағасы? – деп қалып едік, вокзал бастығы айтарын: – Айттым ғой, нағыз азамат деп! Жұмыссыз жүрген екі баласын орталығына қызметке алды. Тар үйлерін кеңейтіп, жаңадан пәтерлі етті... Ал қаражатынан «Қарттар үйіне де» қарайласты, – деп бітірді. Е, ия, аумақ-саумақ заман осы... Ерсұлтан МАҒЖАН ТАЛДЫҚОРҒАН   БІРҚАҒАР Жөнге жәй жүргенге кемдік жоқ, Теңге жүрген жерде теңдік жоқ. *   *   * Бай айтты: «Бүгін бір миллион түсірдім» деп, Жарлы айтты: «А, құдай бергеніңе шүкірмін»деп. *   *   * Айқай жырын бастайтұғын азанда, Сыпсың сыбыр, көлденең сөз базарда. *   *   * Қойдан жуас, бірдеме айтсаң «қалғиды», Ал сүрінсең итеруді аңдиды. *   *   * Бизнес есеп, мың миллион цифрлар, Сол цифрлар саудагерді сиқырлар. *   *   * Экономиканы «толғақ қысып» толғап тұр, Экология басы дауда сорлап тұр. Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ  Маңғыстау облысы   ЕЗУТАРТАР –  Балам, қазақтардың шешен халық екенін барлық ел мойындайды ғой? – Мойындайды, ата. – Ал сол қазақтардың жағдайы неге соншалықты жақсы емес? – Өйткені, біз сөзге бармыз, іске жоқпыз. * * * – Ата, осы сіз ғой феодализм кезінде де, социализмде де, енді мына капитализм кезінде де өмір сү­ріп келесіз. Шыныңызды айты­ңызшы, қай заманда өмір сүрген жақсы екен? – Е, несін айтасың, балам, бай болсаң – феодализмде, кедей бол­саң – социализмде, ұры болсаң ка­пи­тализмде өмір сүрген жақсы ғой.   ӘРІП ҮЙРЕТУ – Ал, балам, Жасың 7-ге келді. Енді сабаққа барасың, Жақсы оқысаң, «5» деген баға аласың. Мен де сонда сені Жақсы көрем, Не қаласаң, бәрін әкеп берем. Ал енді, Біраз сөзбен таныстырайын, Жөн болар білгенің әріп жайын. Міне, мынау «А» болады. Яғни, «Алтын», «Асыл», «Ақша», Бұларды кім мол тапса, Мықты азамат болады, Түбі сол адам оңады. Ал енді мынау «Ә» деген... Не бар еді, құдайым-ау? Айтпақшы, «Әкім» екен. Ол да бір, балам, зор кісі Мықты болады оның ісі. Енді «Б» дегенің – «Байлық» қой, Кім бай болса, Соның тамағы тоқ болады, Киімі көк болады, Қайғысы жоқ болады. Осы жағын біліп қой, Әрі қарай қайсысы еді? Әй, құрысыншы, жетер енді. Бола бермейінші арамтер, Басқасын мұғалімің үйретер. Сол үшін ол Ақша алады ғой. Мұны да, балам, Біліп қой...   ҰЗЫН СӨЗДІҢ ҚЫСҚАСЫ Бастығы қызметкеріне: – Сенің осы арақ ішпей жүре­тін күнің бола ма? – Болады. – Ол қай күн? – Сенбі мен жексенбі. – Сонда қалай? – Ол күні мені әйелім үйден шығармай, киімімді тығып, қамап қояды. * * * Әйелі күйеуіне: – Жаным, сен алтын сырға алып беремін деп едің ғой. – Қашан? – Осыдан бір ай бұрын. – Ә, ол үйленбей тұрған кезіміз еді ғой. * * * Директор әйел қарамағында жұмыс  істейтін күйеуіне: – Бүгін үйге нан алып қайтуды ұмытпа. – Мен осы кіммін, сенің күйеуіңмін бе, жоқ па? – Үйде күйеуімсің, ал мекемеде жұмысшымсың. Бар, айтқанды орында! – Қап, әзір үйге келерсің. – Сен де ертең жұмысқа қай­тып келетініңді ұмытпа.   ИТПЕН ИТ БОЛҒАН ЗАМАН-АЙ – Ассалаумағалейкум көке! – Уағалейкумассалам, Иә, қалайсың балам? – Жақсы көке. – Қалада қандай жаңалық? – Жаңалық көп қой, көп, Заман болды ғой аста-төк. – Оқуың қалай? – Ол жүріп жатыр, Ақшасын төлеп, Жылына бір-ақ рет барамын, Кім оны біліп жатыр. Әйтеуір дипломды аламын, Биыл бітеді, Енді сот боламын. – Ә, солай де, Оған да ақша бересің бе? – Онсыз болмайды, Қызметке алмайды. – Сонда ақшаны қайдан табасың? – Қайдан болушы еді, Еңбек етем. – Жөн балам, Жұмыс істесең жаман болмағаның, Қазір көп қой бос жүрген «оңбағаның». Жас болсаң да қарағым, Сен жарадың. Иә, айта отыр, Қандай жұмыс? – Ит асыраймын. – Ит? Мен тазымен аңға шыққаныңды емес, Жұмысыңды сұрап тұрмын. – Сол ит асырап жүрмін. Біле білсеңіз ол қып-қызыл ақша, Табысы мол ғой жақсылап бақса! – Тәйт әрі! Мен сияқты қой бағуға болады, Ал ит асыраған қайбір оңады? – Оу, көке, мына сіз Өмір бойы, Қой соңында жүрсіз. Ауылды қойшы, Қалада үй жоқ, Сонда сіз кімсіз? Ал біздің тірлік бөлек, Қазір «дөкейлерге» Қой емес, ит керек! Міне, соларға пұлдаймыз. – Ұяттан жұрдаймыз десейші, Ит те пұл болып па? – Пұл болғанда қандай, Табыс таптық қой талай. Мәселен, сіздің қойыңыз қанша? – 30 мың  теңге болар. – Міне, онымен кім оңар. Ал біздің бір ит  1 мың доллар! – О сұмдық, сонда оны не істейді? – Ауласында жүреді, Бөтендерге үреді. – Е, ол түсінікті, Ит болған соң үреді де. – Жоқ ол тек үріп  қоймайды, Төбелеседі. – Кіммен? – Адаммен емес қой енді, итпен. Біле білсеңіз ол – бизнес. Кімнің иті жеңеді, Соған ақша береді. Бәс тігіскен мықтылар, Апта сайын Ит төбелесетін жерге келеді. – Жә, жетер енді, Доғар балам. Не боп кетті мына қоғам?! Итпен ит болған заман! Қой, мен қойыма барайын, Болды, әңгіме тәмам! Бақытжан СОВЕТҰЛЫ ТАРАЗ Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР