• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2016

Антология мақсаты – татулыққа септесу

270 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік тойының қарсаңында рухани әлеміміз тағы бір әдемі дүниемен толықты. Алматыдағы «Ан Арыс» ­баспасынан «Мәңгілік елім менің» атты поэзия ­антологиясы жарық көріп, оқырмандарға жол тартты. Кітаптың тұсаукесер рәсімі елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ұйымдастырылып, оған Парламент Мәжілісінің депутаттары, кітапты шығаруға ат­салысқан тұлғалар, зиялы қауым өкілдері қатысты. «Мәңгілік елім менің» антоло­гиясының ерекшелігі ретінде қазақ, орыс тілдерінде жыр жазатын отандық ақын­дардың шығармаларымен қатар, еліміз­дегі түрлі өзге этнос өкілдерінің төл тілінде жаз­ған шығармалары жинақтап беріл­генін айтуға болады. Қазақ тілінде және басқа тілдерде жазыл­ған өлеңдер де түпнұсқамен бірге орыс тіліне аударылып, жария­ланған. Бі­рінші бөлімде танымал қа­зақ ақындарының өлеңдері топ­тастырылған. Бұл ақындардың ұзын саны – 14. Екінші бөлім неміс, корей, күрд, ұйғыр, белорус, өзбек, түрік, татар, дүңген, чешен әдебиеті өкілдерінің шығар­маларынан тұрса, үшінші бөлімде еліміздегі орыстілді ақындардың жырларына орын берілген. Тұсаукесер рәсімін Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Нұрлан Оразалин жүргізіп отырды. Антологияның жарыққа шығуына Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан халқы Ассамблеясы тікелей қолдау көрсетіп, идея тастаған болса, қаржылай жағынан демеушілік жасаған «Алтын қыран» халық­аралық қайырымдылық қоры. Бұл орайда Ассамблея атынан сөз алған Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов Ассамблеяның игілікті идеясын жарқыратып жүзеге асырған атақты меценат, қор басшысы Исламбек Салжановқа алғыс айта келіп, адамдардың жақындасуына, халықтардың түсінісуінде әдебиет пен өнердің орны ерекше екендігіне айшықты мысалды алға тартты. «Мәңгілік елім менің» антологиясы арқылы қазақстандықтардың бір-бірін бұрынғыдан да жақын тарта түсуіне жағдай жасалады. Өйткені, жүректерге ең жақын жол сол жырлар арқылы салынады». Өз кезегінде меценат, «Алтын қыранның» басшысы Исламбек Салжанов әдебиетке қандай қам­қорлық жасаса да жарасатынына тоқтала келе, мұнайды экспортқа шығарып жүргеніміздей, ендігі жерде руханиятымызды да экс­портқа шығаратын уақыттың кел­генін мазмұндайтын ойларымен бөлісті. Кеш барысында антоло­гияның бірнеше авторы тарапынан да көптеген алғыс айтылды. Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»