• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
17 Желтоқсан, 2016

Қуатты Қазақстан – баянды болашақ

521 рет
көрсетілді

Сарабдалдық салтанаты

Бұл дүниедегі барша жұрт­тың ойлайтыны – басына бақ, тыныш әлем, туған жұртына тәуел­сіздік. Осы орайда бүгінгі қазақ­стандық тәуелсіздіктің иесі де, киесі де әлем мойындаған айту­лы кемеңгер – Нұрсұлтан Назарбаев деп орынды мақтан етер едік. Олай деудің жөні де бар. Тәуелсіздіктің елең-алаң ша­ғын­да Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Тұңғыш Президенті ел алдына шықты. «…Мен – өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені «ұлым» деп, «перзентім» деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақыты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын…», деп әуелгі сөзін әлеуметке ар­нады. Үлкен іске бекінді. Содан соң ал­дында ауыр да қиын жол тұрғанын біле тұра, «Мен сендердің төбелеріңнен ал­тын жаудырам деп уәде бермеймін, бұ­дан да қиын кезеңді бастан кешерміз» деп басу айтты. Әйтсе де, арда ұлының бұл сөзіне елі сенді, керек жерінде қол­ты­ғынан демеді, алғы күндерге асыққан ардың аппақ арғымағына отырғызды. Ақ нәрсе әрдайым алдамайды. Ескі қоғам құлап, жаңа қоғамның кере­гесін керіп, уығын тіктеген Қазақстан «күнелтіс қиын, пұлымыз тапшы» деп отырып алмай, бұрын өзгеге үлес­тірілген бар шикізатты енді өз елі­мізде өңдеп, туған жұртының игілігіне ай­нал­дыру  шарасы қолға алынды. Мә­се­лен, бұған дейін барын игеріп, сор­­ғаны Самараға асып, тек тамшысы ғана өз жерінде өңделетін Атыраудың көмірсутегіне қызығушылығы артты. Мұхиттың арғы бетіндегі алпауыттар «Теңізіңді бірлесе игеріп, екі жарты бір бүтін түрінде байлығыңды барша жұртқа жеткізейік» деп еді, одан әрі Қарашығанақ, Қашаған, маңғаз Маңғыстау мен жапандағы Жаңажол, Қызылорданың Құмкөлі құпияларын ашты. Қызуы мен қызығын елге берді. Еншілестер көбейді. Жер асты кені туған елге байлық болып қайта оралды. Сөйтіп, Қазақстан мұнайы қазірде бүкіл әлемде бесінші орында байлық бас­тауы болып есептелуде. Сайып келгенде, Жер-Ана бізге мұнай берді, мұнай беріп еді, елімізге шырай кірді. Ол – қазір де рес­публика экономикасының күретамыры. Мұнайдың мұндай биікке көтері­ліп, ел игілігіне айналуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі мол. Ол сонау тоқсаныншы жылдардан бері Қазақстанда өнім бере бастаған әрбір алаң, ұңғыманың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, ел ырысына айналуына күш салуда. Ол рас, Атырау өңірінің Қазақстанда алғаш болып «қара алтын» кенін игере бастағанына ғасырдан асты. Бірақ, оның игі­лігін көріп, елдің байлығы, ер­дің айбыны атанғаны осы Тәуел­сіздік жылдарында ғана. Қоғам жетілуде, соның бір көрінісі – адамдардың әл-ауқаты жақсарды. Жыл сайын респуб­ликада қанша мың адамға жаңа үй беріліп, ғажайып ғимарат­тар іске қосылып жатыр. Оны он төрт облыстың әр қаласы­нан, ауыл-селосынан да көруге болады. Бар-жоғы 15-20 жылда омырауына гүл қадап, Есілдің екі жағы­на лағыл болып өрілген Астананы қайда қоярсыз?! Ол атына заты сай астана­ның алқасы емес пе? Бас сәулетшісі өзі болып есептелетін бұл қала – Нұрсұлтан Әбішұлының зор еңбегі. Қазір онда әлемнің әр шалғайынан ат басын тіреген аймаңдай ақылгөйлер бас қосып, таңдай қағады, таласа мақтайды, тамаша сөз арнайды. Олардың ішінде ондаған елдің, сондай-ақ діни ұйымдардың басшылары да бар. Бәрін бірдей санамалап, саусақ бүгіп шығу мүмкін емес. Бірақ, барды бар, ақты ақ деп айту – парызымыз. Қазақстан сонау тоқсаныншы жыл­дардағы дағдарыстан аман шықты, осы күндері өтіп жатқан әлемдік сын-қатерге қарсы тұра алды. Бір сөз­бен айтқанда, еліміз экономикалық-әлеу­меттік өсу үстінде. Рухани даму дара­лығымен қызықтырады. Бұл орайда Елбасының өзі ұсынған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, 2020 жылға дейінгі меже, кезең-кезеңдік «Мәдени мұра» бағдарламаларының орны зор. «100 мектеп, 100 аурухана», «Бес реформа: 100 нақты қадам» деп жыл сайын ондаған нысан қатарға қосылып, талай-талай емдеу мекемелерінің есігі ашылды. «Жол картасы» көмегімен көптеген мәдениет мекемелері, балабақшалар жөндеуден өткізілді. Халықаралық «Болашақ» стипендиясымен шет елдерде оқып, елге елеулі білімімен оралып, денсаулық сақтау, оқу-білім жүйесіне жаңалықтар әкеліп, жақсылықтар енгізіп жатқан ұл-қыздарымыз бар. Осылардың өзі-ақ қазіргі таңда ғаламшар халқына тыныштық таңын тілеп, «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті отыз елдің қатарына кіру стратегиясын» ұстанып отырған және ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасаған, БҰҰ мінберінде сөз алған Тәуелсіз Қазақстан, оның ғасырда біртуар ғажайып ұлы Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгерлік саясатының, беделінің жемісі деп түсінуіміз керек. Бір сөзбен түйіндей айтқанда, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев –экономикасы өркендеп, бірлігі мен ынтымағы жарасқан Тәуелсіз еліміздің сәулетшісі!  Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ, Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы Атырау филиалының басшысы АТЫРАУ  

Жақсылықтар жалғаса берсін

Тәуелсіздік мереке­сіне орай Астанадағы тәуел­­сіздік сарайында өт­кен салтанатты жиын­да Мем­лекет басшысы Н.Назарбаев жасаған баян­­дама – Қазақстанның 25 жылдық тарихын то­лық шолып өтіп, небір кезең­дерді көз алдымыз­ға әкелді деу­ге болады. Тарих­тың алыс қойнауынан сыр тар­тып, Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­дарын­дағы талай көңілге күдік ұялат­қан алмағайып шақтардың ауыр­т­па­лығын сезіндік. Кенет, бұлт ара­­сы­­нан күн шыққандай болып, бүгін­гі жарқын өмірдің сахнасына аудық. 25 жыл – Қазақстанның ғасыр­лар бойы кеткен есесін түгендеуге ұмтылған және оны нәтижелі жүзе­ге асыру мүмкіндігі бар еке­нін дәлел­деген мерзім болды. Ішкі тұрақ­ты­лық­ты қамтамасыз етіп, сыртқы сая­сатты бекемдеген, ғасыр­лар бойы жадағай жатқан шекара­мызды шеген­деп, әлем елдерін алаң­датқан мәсе­ле­лер­де өзінің үнін естірте, экономика­сын мойындата ал­ған елге айналдық. Жиында Елбасы: «Бiздiң экспорт шамамен 50 млрд долларды құрайды. Бiз индустриялық бесжылдықты жүзеге асырып жатырмыз. Барлығы 2000-ға жуық жаңа өндiрiс ашыл­ды. Бiзде бұған дейiн автокөлiк, локомотив, вагон, тiкұшақ өндiрiстерi мен басқа көп­теген нәрсе болған емес. Қазiр Қазақстан өнiмнiң 500 жаңа түрiн шығарады», дей келіп, Қазақстанның әлемнің 119 елiне 2500 тауар түрiн экспорттайтынын айтты. Экспорт мәселесінің бұдан 25 жыл бұрын іргетасы да жоқ болатын. Бұл қарқынға, бұл әлеуетке қарап отырып, Қазақстанның болашағы­ның жар­қын екендігіне көз жеткіземіз. 2017 жылдан бас­тап зейнетақының және бала тууға бай­ланысты бері­летін бір жолғы мем­лекеттік жәрдемақының мөлшері 20 пайызға артатындығы барша халықтың, әсіресе зейнеткерлер мен ана­лардың көңілін серпілтті. Елбасы 2050 жылы Қазақстанның қандай болатындығын да баян етті. Көңілге сенім ұялатып, жүректерге жігер беретін жақсы ойлар айтылды. Қазақстанның болашағы – осы сенім мен жігерде жатыр. Әрдайым еліміз тыныштықтың қасиетін біліп, татулығына, алға деген ұмтылысына кірбің түсірмей, бір кісідей алға ілгерілей беретін болса, біздің ел алмайтын асу жоқ. Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын, ағайындар!  Жақсылық АЛАНОВ, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Маңғыстау облысы

Ұлық ұстаным, қасиетті қағидат

Қой үстіне бозторғай жұмырт­қалаған бүгінгі заманда өткенімізді – өткелек кезеңдегі өкініштер мен қабырғаны қайыстырған қиын­шы­лықтарды еске алып, тәубе­міз­ге түсіп отырғаннан кеміп қал­май­мыз. Жадыны жаңғыртып, бүгінгі­нің бекем іргетасы кеше қандай жағдайда, кімдердің қолымен қаланғанын біліп отыру – әркімге болсын, әсіресе өскелең ұрпаққа пайдасы ұшан-теңіз дүние. Енді, міне, арада 25 жыл зымырап өте шықты. Есеп берер кезең келді. «Елім үшін не істедім, нені бердім?», дейтін сұрақты елшіл, ұлтшыл әрбір жанның өз-өзіне қойып, жауап іздейтін сәті туды. Мысалы, кешегі салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мен 25 жыл бұрын, 1991 жылғы 10 желтоқсанда, Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісер сәтте «Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сына­ғы­на да тәуекел деп бас тігуге дайын­мын», деген едім. 25 жыл өткеннен кейін, Тәуелсіздіктің ұлы тойында осы сөзімді сол күйінде қайталағым келеді», деді. Міне, бұл – әр қазақтың баласына тұмардай тапсырар, ұрандай үйретер, үлгідей қыларлық ұлық ұстаным, қасиетті қағидат. Бүгінде бәзбіреулер мақтан көбейді деп қара аспанды төндірер. Бірақ мақтанға тұрарлық ісің болса, мақтауға лайық кісің болса – несіне тартынғандайсың. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын», дегенді қазақ осындайда айт­ты емес пе?! Әйтеуір, төрт құ­бы­лаң түгел болып тұрып, түңіл­ген­нен, күңіренгеннен сақтасын! «Уақыт пен арақашықтықтарды сығым­дай отырып, ХХІ ғасыр қар­­қын­­ға қарқын қосуда. Бүгін­де әлем­де орасан зор техно­логия­­лық өзгеріс­тер адам сенгі­сіз жыл­дам­дықпен орын алуда. Таяудағы 15-20 жылда адам­дар өмірінің барлық салалары түбе­гей­лі түрде өзгере­тін болады», деген Прези­дент сөзі Қазақ­стан­ның әрбір азаматына ой салуы керек деп ойлаймын. «Біз осы ұлы өзгерістерге дайынбыз ба, оларды қас­қайып қарсы алуға қаншалықты қау­қар­лымыз?», деген сұрақтар бізді осы бастан тол­ғандырар болса, онда біз бетіміз түзу, бағы­тымыз айқын елдің баласы болғанымыз. «Бүгінде біз – ана тілімізді түлетіп, ата дінімізді оралтқан айшықты елміз», деді Елбасы. Иә, айшықты елдің айтары бар. Әлемдік қоғамдастық, алыс пен жақын бүгінде біздің айтар сөзімізге ұмсынып құлақ түретін болды. Лайым, сол сөзіміз әрдайым нартәуекел реформалармен, жарқын жобалармен, игі де ірі істермен негізделе бергей! Демократияның желі ескен Ұлы Дала елінде келесі 25 жылдық тойдың төрінде оты­рып, балаға – өсиет, жасқа – өнеге, баршаға игі тілек айтуға жазсын! Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,     Жезқазған қалалық мәслихатының  депутаты, Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қарағанды облысы

Тәуелсіз ел ұландарын тәрбиелеудеміз

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқын Тәуелсіз­дігі­міз­дің 25 жылдығымен құттық­тауын М.Ғабдул­лин атындағы мектеп-гим­назия­­мыз­­дың салтанат залында тікелей эфир­ден тамашаладық. Көрсетілімге жоға­ры сынып оқушыларының арнайы қатысуы бізді ерекше қуанышқа бөледі. Өйткені, Тәуелсіздік шаңырағында туған бүгінгі жасөспірімдердің бойында ертеңгі күннің жауапкершілігі бар екендігін ұқтық. Мұны Тұңғыш Президентіміз: «Тәуел­сіздік­тің 25 жылы – біздің буынның уақыт өл­шеміне сыймайтын теңдессіз ер­лігі» деген сөздерімен санамызға жеткізді. Президентіміздің, Қазақстан халқының бізге берген үлкен бақыты мен жақсылы­ғы – бейбіт күнде алаңсыз білім беруі­мізді  қамт­амасыз еткендігі деп білеміз. Елбасы­мыз Көкшетауға келген сапарларында мек­теп оқушыларымен, жастармен кездесу­ге зор мән береді. Мемлекет тарапынан жа­са­лып жатқан қамқорлыққа ризамыз. Біз­дің 97 жылдығын тойлаған мектеп-гимна­зия­мызда барлық қолайлы жағдайлар жа­сал­­ған. Кабинеттер заман талабына сай жабдықталды. Біздің мектеп – қазақ тілінің құндылық­тарын тереңнен насихаттайтын озық білім ошағы. Бұған асыл ұя оқушыларының шешен­дік қабілетін арттыратын «Шаңырақ» пікір-сайыс клубы айқын дәлел бола алады. Тарих пәнінің мұғалімі, сонымен қатар клуб­тың жетекшісі – Сағын­дық Серікбаевтың  арқасында көптеген оқушы рес­пуб­ликалық байқаулар мен жарыстарға қа­ты­сып, жүлделі орындарды иемденуде. Жыл сайын елордамыз Астана қаласында «Astana Open» республикалық пікірсайыс тур­­нирі өткізіліп, біздің түлектеріміз «Үз­дік спикер» лауазымын бірнеше рет ие­лен­­ді. Жастар үшін  аталмыш үйірме өте пай­далы. Елбасы мерекелік құттықтауында жас өркеннің жаңа замандағы орнына ерекше тоқталды. Бұл ғылыми прогресс пен озық технологиялар дәуірі болмақ. Біз білім нәрімен сусындатып жатқан оқушылар осы лектің қатарында өз қабі­летін көрсетеді деген сенімдемін. Жақын­да біздің білім беру ордамызда бұ­рын-соңды болмаған, әр мектепте кез­десе бермейтін роботты техника үйір­месі ашылған болатын. Бұл үйірме бө­л­месі арнайы құрал-саймандармен жаб­дық­талған. Робот үлгілері «Lego» конструк­тор­ларынан құрылады. Бұл үйірменің жетекшісі – информатика пәнінің мұғалімі Әйгерім Бершімова. Мектебіміздің 11 «а» сыныбында оқитын Әлімхан Әбілқайыров робот жасаумен айналысады. Нұрсұлтан Назарбаев қарқынды дамып келе жатқан мегаполис, жаңа елорда – Ас­тана­ның құрылуын басты табыс­тары­мыз­дың бірі ретінде атап өтті. Әсем қала бар­шамыздың жүрегімізге ыстық, ондағы саяхат­тарымыз ұмытылмас әсерге бөлейді. Оқушылар оны шығармаларына қосып жазуда. Сондай-ақ, мектеп бітірушілер осы қаладағы оқу орындарына түсіп, білім алуды армандайды. Тәуелсіздігіміздің қуанышы көбейе бергенін қалаймыз. Айман Қазбекова, М.Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназияның жоғары санатты мұғалімі КӨКШЕТАУ

Бірлік – береке бастауы

Қазір елімізді мереке салтанаты билеп тұрғандай. Көшеде де, жұмыста да, үйде де қуаныш, көтеріңкі көңіл күй жанымызды жадыратты. Тәуелсіздік барша қазақстандықтардың басына қонған бағы деп біле­мін. Осы 25 жыл ішінде атқа­рыл­­ған жұмыстар, дамуы­мыз, қиындықтарды бірге жеңуі­міз, халықтың бір атаның баласын­дай тату-тәтті өмірі барлы­ғы­мызға да Тәуелсіздік деген ұғымның ұлы­лығын түсіндірді. Мемлекет басшысы салтанатты жиналыстағы сөзінде: «Осы мерейтойлық жылда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңе­сіне сайлануының символдық мәні бар. Пар­ламент қабылдаған Тәуел­сіз­дікт­ің 25 жылдығы декларациясы біздің ұлы жетістіктеріміз бен жеңісімізді айшық­таған маңызды саяси-құқықтық құжатқа айналды» деп өте орынды айтты. Елдегі жетістіктердің барлығы да алдымен басшыға байланысты екені белгілі. Президентіміздің дана саясат ұстана білуі қазақстандықтар үшін бақ болды десем, еш артықтығы жоқ. Қазақстанда ұлт пен көптеген ұлыстар қатар тату тұрып жатыр. Тәуелсіздік алған соң Мемлекет басшысы көп ұзамай Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Қалай шүкірлік етпейсің – осы жылдар ішінде экономикалық қиындықтарды бас­тан кешсек те, елде саяси дағдарыс орын алған жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлының: «Біз бейбітшілік пен келісімнің бірегей моделін қалыптастырдық. Жалпы халықтың қалауымен құрылған Халық ассамблеясы барлық ұлтты қанатының астына алып, басын біріктіре білді. Ең бастысы, кез келген адам «Мен – қазақстандықпын, бұл – менің елім, мен мұнда бақытымды таптым!» деп айта алатын әділетті қоғам орнаттық» деген сөзі имандай шындық, өмірдің шындығы. Айналамыздағы елдерден түрлі ыңғайсыз жағдай­лар­ды естіп, көріп отырмыз.Ұлт­араздық негіздегі қақ­ты­ғыстардан адам қаны төгі­ліп жатыр. Қазақ­станның жән­нат жер екенін қазір дүние­нің барлығы біліп келеді. Қазір Қазақстан халқы Ассам­блеясы­ның әр облыста филиал­дары бір қолдың саласындай болып жұмыс істейді. Түр­лі ұлт­тар өкілдерінің қуанышта ғана емес, қиын­дықта да көңілі бір. Қазір Қазақ­стан халқы Ассамблеясы және оның өңір­лердегі филиалдары игілікті жұмыс­тар­дың орталығына айналған. Жақын­да Қостанайдағы тұңғыш отбасы­лық үлгідегі Төлегеновтердің балалар үйі екі қабатты баспанаға кірді. Қандай қар­жыға салынғанын сұрасаңыз – түрлі ұлттар асарлатып, жылу жинап са­лып берді. Нұрлан мен Гүлжауһар Төле­генов­тер өзінің бір ұлының үстіне түрлі ұлттың сегіз баласын бауырына басты. Барлығы да өрімдей, тәрбиесі де айта қаларлықтай, шетінен өнерлі болып өсіп келеді. Бұл бірліктің тамаша көрінісі емес пе? Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының жанынан Аналар кеңесі құрылған. Оның мүшелері отбасылық құндылықтарды жаңғырту жұмысымен айналысады. Осын­дай жұмыстардың, береке-бірліктің бар­л­ығының түп-тамыры – Тәуелсіздікте, Ел­басы­ның сарабдал саясатының арқа­сында деп білемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салтанатты жиналыста сөйлеген сөзін тыңдаған қазақстандықтар алдағы уақытта да елімізді көркейту үшін Мәңгілік Ел идеясына ұйысып, игілікті істерге жұмыла берері айқын. Гүлвира ҚҰДАЙҚҰЛОВА, Қазақстан халқы Ассамблеясы Қостанай облыстық филиалы төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі ҚОСТАНАЙ

Елдіктің сөзін айтты

Кеше еліміздің батыстағы қақ­пасы Орал қаласында тұра­тын бірқатар зиялы қауым өкілдері Тәуелсіздіктің 25 жыл­дық тойына байланысты Е­л­ба­сы­мыздың салтанатты жиын­да сөйлеген сөзін облыс­тық мәслихаттың үлкен мәжі­ліс залында қойылған кең фор­мат­ты телеэкран арқылы ұйымдас­қан, ұжымдасқан түрде көріп тың­даған едік. Бірден айтайын деге­нім, бұл нағыз елдіктің сөзі бо­лып шыққаны. Дербес мемлекеттілікке қол жеткізудің жолы қашанда оңай бол­маған. Бұл үшін ата-бабаларымыздың маң­дай теріне қасық қандарын қоса төк­кені шындық. Егемендіктің тарихы – елдіктің тарихы. Азаттық пен еркіндік, тәуелсіз бостан өмір жолындағы қиыр-шиыр кескілескен күрестің тарихы. Біз осы тарихи ақиқатты ешуақытта ұмытпауы­мыз керек. Сонымен бірге, осы шырқы­раған шындықты келер ұрпақтың санасына сіңіре білуге тиіспіз. Тек сонда ғана тәуелсіздік тұғырына көтерілу жолындағы асулар мен қия шыңдар қапысыз еңсерілетін болады. Мемлекет басшысының кешегі терең мағы­налы сөзінде осындай айшықты ас­тар бар. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең­нен түйсіне білу тағылымы бар. «Жүректен шықпаса жүрекке жет­пейді» дегендей, өз елінің барлық ішкі-сыртқы проблемаларын қайыспай көтере білген Елбасының атан түйе тарта алмас ұлан-ғайыр еңбегі сөз бен істің тығыз бірлігінің нақты дәлелі. «Тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімнің» белгісі. Бұған дейінгі тілдік қорымызда «елу жылда – ел жаңа» деген ұнамды тір­кес бар болатын. Қазіргі күн биігінен қара­ғанда елу жылда ғана емес, жиырма бес жыл­дың өзінде де елді жаңа кескін-кел­бет­ке көшіруге болатындығына да айқын көз жеткізіп отырмыз. Бұл ой-пікіріміз бен тұжырымымыз­дың басты дәлелі тәуелсіздік жылдарын­да қол жеткізген жетістіктеріміз. Тіпті орындалуы мүмкін еместей, ертегідей көрінген ұлы істер­дің тындырылғаны тек тәуел­сіздіктің нәтижесі екені ешқан­дай талас туғызбайды. Елбасымыздың Тәуелсіздік тойы үстіндегі қисынды да қас­терлі терең тұжырымдары, нақ­ты шындықпен суарылған ой-өрім­­дері кім-кімнің де жүрегінің түк­пі­рінен ойып тұрып орын ала­ты­­нына да ешқандай күмәнім жоқ. «Халық қаласа хан түйесін сояды» деген ежелден келе жат­қан есті нақыл бар. Оның мағынасы ел бас­қарған адам өзінің жұртының талап-тілек­терін, олардың мұң-мұқтаждарын еш­уақытта жерде қалдырмайды деген орын­ды фило­софиялық көзқарасқа саяды. Бұл тұр­ғы­дан алғанда да тәуелсіздігіміз­дің төр басын­да тұрған тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне лайықты бағаны тарихтың өзі беретіні тағы да талассыз. Сон­­дай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың сал­та­­­нат­ты жиын үстіндегі салиқалы сөзі жо­ға­­ры­да айтыл­ған халық нақылының шын­­дық­­пен суарылуының тағы бір көрі­нісі. Тағы бір ойға келген тұжырым, тәуел­сіз­­дік тойы тек жеткен жетістіктерді айту ға­на емес, сонымен бірге келешекке нақ­ты ба­ғыт-бағдар қоя білу екендігі. Елба­сы сөзі­нің басты арқауы осындай деуге болады. Қысқасы Тәуелсіздік тойы үстінде Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтардың жүрегіне еркіндіктің өшпес рухын сіңдіре алды. Рухы мықты елдің іргесі қашанда биік, әрі ешуақытта шайқалмайды. Ойымды түйіндей келе айтайын дегенім, Нұр-ағаң кешегі бір тарихи күнде, кешегі бір тарихи сәтте өзі де қанаттанды, елін де қанаттандырды. Ел бақыты, Елбасы мерейі дегеніміз де осы шығар, бәлкім! Төлеген МЕРҒАЛИЕВ, Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері ОРАЛ

Елбасына арнау

Нәр алған бастауынан өр халықтың, Ұлысыз «ұлтым» деген сол алыптың, Әлемдік өркениет мойындады Пайымын қазақылық сындарлықтың.   Өрісін өсірдіңіз жас ұрпақтың, Білімді, біліктіні басынбақ кім?! Жол ашып, өнеге боп болашаққа, Жұртыңды ғарышқа да жақындаттың.   Батырлық, көрегендік бойыңызда, Жаныңыз жарқын, ұшқыр ойыңыз да, Арқаның ақ төсінде Астана тұр, Арқау боп Тәуелсіздік жолымызда!   Ел жүгін арқалаған тарландардай, Ғұмырың туған жұртқа арналғандай, Тәңірдің Сізге берген нұр-санасы Халықтың жолындағы бағдаршамдай! Жадыра Дәрібаева, Халықаралық  «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Ел қауымдасса, ер болады

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылды­ғына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдік­тің еңселі сөзін айтты. Тәуелсіздік­тің алғашқы жылдарында Бірік­кен Ұлттар Ұйымының төрінде жел­біре­ген көк туымыз туралы сөз қоз­ғап, көне түріктің мұрагері еке­німізді ерекше атап өтті. Президенттің «1500 жыл бұрын Күлтегін ұстынында жазылған «Мәңгілік Ел» ұғы­мын жалпыұлттық идеяға айналдырдық» деуінде үлкен мағына, мән бар. Бөрілі байрақ көтерген көк түрік­тердің от жаққан оша­ғы Алтай болғандықтан, кеу­демізде бабаларымыздың қаны ойнап, Тәуелсіздіктің төл болмысын, биік рухын жан-дүниемізбен түсіндік. Елбасы жеке-жеке тоқталған мемлекеттік нышандардың барлығы жасампаздыққа жетелейтін біздің басты құндылықтарымыз. Әлбетте, бұл құндылықтардың басын біріктір­ген Тәуелсіз елімізді дамытуға бар­лық өңірлермен бірге жерінің үсті де, асты да байлыққа толы Кенді Алтай өңірінің де өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті. Тұңғыш Президентіміз бен халқымыз жаңа тұрпатты мемлекет құру ісінде үлкен күш-жігер танытты. «Ел қауымдасса ер болады, ер қауымдасса ел болады» дегендей, елді ор­тақ іске – Тәуелсіз Қазақстанды ны­ғайтуға жұмылдыра білуі, бірліктің берік қазығын қағуы біздің 25 жылда қол жеткізген басты жетістіктеріміз. Мемлекет басшысы сынаққа толы осы күрделі жылдарда ел игілігі үшін еңбек еткен барша халыққа ризашылы­ғын білдірді. Өйткені, тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарынан бүгінге дейін халықтың сенімі сетінеген емес. Елордада өткен салтанатты жиынды біз «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалында жастармен бір­ге тамашаладық. 1991 жылы дүниеге келген Тәуел­сіздіктің төл құрдастары келді. Олардың арасында об­­лысымызда әр салада оза шауып жүрген дарынды, талантты жастар бар.  Сондай-ақ, Тәуелсіздік күні аясында волей­­болдан дәстүрлі жарыс өткізуді қолға алдық. Жалпы, шығысқазақ­стандықтар партия бағдарламасының жүзеге асырылуына бір кісідей қатысып, қолдап келеді. Елбасы Тәуелсіздік тартуы ретінде атап өткен экономикалық табыстарымыз бен индустриялық-инновациялық даму, инвестиция тарту сынды сан-са­лалы бағдарлама қолдау тапты. Әсіресе, Семей ядролық сынақ алаңының жабылуының дәуірлік маңызы болды. Бұл атоммен ойнаған державалардың дәуірі аяқталып, әлемде бейбітшілік идеясының салтанат құратын жаңа кезеңінің басталғанын, оның қайнар бұлағы Қазақ елі болғанын әйгілейтін саяси шешім болды.  Әнуарбек МҰХТАРХАНОВ, «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өскемен

Кемел келешек кепілі

Әрине, Елбасы төраға­лығы­мен өткен Тәуел­сіз­дігімізге 25 жыл толу құр­метіне арналған сал­танат­ты жиынды елдің бәрі де көрген болар деп ойлай­мын. Қазір жалпы қазақ­стан­дық ортақ шаңы­рақ туралы жиі айтылады. Татулық, тұ­рақ­­­тылық, береке-бір­лік елі­міз келешегінің ірге­тасы­на ай­налып келді. Біз, 1986 жы­лғы Желтоқсан оқи­ға­сы­­на қатысушылар бұл күн­дері ерек­ше толқумен жүреміз. Кеу­де­мізге «Желтоқсанға – 30 жыл» деген медаль да тақтық. Бірақ, бізге бәрі­нен қым­баты – еліміздің Тәуелсіздігі, ер­кін­дігі. Жел­тоқ­сан, тәуелсіздік деген ұғым­дар – егіз. Біз сол кездері алаңға дәл осын­дай ұлы мақсаттардың орындалуын тіл­еп, аң­сап бардық. Халқымыздың көз жа­сы­­мен келген «Қымбатты Тәуел­сіз­дік­ті» біз енді ешқашанда, ешкімге де бер­мей­міз. Толқимыз, күрсінеміз, жы­лай­мыз, қуанамыз, шаттанамыз осы­лай. Өйткені, еліміз өз еркіндігіне қол жеткізді. Осы үлкен жиында Н.Назарбаев «Мен 25 жыл бұрын, 1991 жылғы 10 жел­­тоқсанда, Қазақстан Рес­публикасының Президенті қызметіне ресми кірісер сәтте «Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын», деген едім. 25 жыл өткеннен кейін, Тәуелсіздіктің ұлы тойын­да осы сөзімді сол күйін­де қайталағым келеді. Мен үшін туған Қазақ­станыма қалт­қысыз қызмет етуден артық бақыт жоқ...» деп айтты. Мұ­ны естіп отырып, қалайша тебіренбейсің. Біз де еліміз үшін ә­рқан­дай болсын сынаққа дайын­быз. Еліміз, жеріміз қым­бат.  Ырыскүл ШАҚАМАНОВА,  Мемлекеттік педагогикалық институттың оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты ПАВЛОДАР