Мойынқұмның кең даласында сұңғыла деген шөп өседі. Ел оны кейде «сайсағыз» деп атаса, ғылыми әдебиеттерде цистанхе деп көрсетілген. Бұл өсімдік Қытай, Корея, АҚШ-та таза түрінде немесе өсімдік дәрілік ретінде қолданылады. Көп өндірілгендіктен, соңғы жылдары бұл елдерде сұңғыланың қоры азайған. Ал Қазақстанда бұл өсімдіктің қоры жеткілікті.
Бастапқыда Алматы облысының Бақанас және Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында өндірілуші еді. Соңғы жылдары тек Мойынқұм жерінен ғана жиналуда. Себебі, осы аймақта өсетін сұңғыла өсімдігінің химиялық құрамы сапалық жағынан ерекшелігі бар.
Қазақстанның табиғатында халық игілігіне пайдаланылып жүрген пайдалы өсімдіктердің тағы бірі – қызыл мия. Бұлар дәрі-дәрмек өндіру саласында бағалы дәрілік шөптер болып саналады. Әсіресе, медицинада қызыл мияның орны баға жетпес. Соңғы жылдары цистанхе мен қызыл миядан қатерлі ісікке қарсы әр түрлі препараттар жасалуда.
Жамбыл облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Ханалиев қазір қызыл мияның шикізат қорын анықтап, оған ерекше мән беру керек екенін айтады. Өйткені, соңғы жылдары Қытай мен Жапониядан сұраныс артуына байланысты өсімдіктерді заңсыз жолмен жинайтындардың қатары артқан.
Осыған шек қою мақсатында биылғы жылдың 9 айында орман шаруашылығының мамандары және ормандарды жедел қорғау тобы қызметкерлерімен заңсыз дәрілік шөп жинағаны үшін 128 хаттама толтырылып, оларға 717,5 мың теңге айыппұл салыныпты. Оның өндірілгені – 470,7 мың теңге, ал келтірілген залал 488,8 мың теңгені құраса, оның 359,9 мың теңгесі өндірілген. Алдағы уақытта заңсыз дәрілік шөптерді қазу, жинау, сақтау және т.б жолдарына тосқауыл қою үшін орман қоры мекемелері қызметкерлерінің жұмыстары күшейтілуде.
Айтпақшы, жақында Шу ауданында мия тамырын өңдейтін зауыт іске қосылды. Жобаны жүзеге асыруға 900 млн теңге жұмсалды.
– Жапониядан жеті маман келіп, қондырғыларды орнатып берді. Олар қойған қондырғыларды тексеріп, алғашқы өнімді өңдеп көрдік. Қазір өңдеуге жарамды нақты 100 тонна мия тамыры қоймада сақтаулы. Міне, осы өнімді өңдеп берсек, жапондықтар оны еліне апарып дәрі шығарады. Ол дәрі қазақстандықтарға да қолжетімді болмақ. Сондай-ақ, Жапонияға мамандарымыз барып, дәрі шығару технологиясын үйреніп келеді. Осылайша, бірер жылда мия тамырын өңдеп қана қоймай, одан дәрі шығаруды өзімізде қолға алу жоспарлануда, – дейді бұл жөнінде «ҚазМия» ЖШС директоры Олжас Әбдешов.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы