“Қос қанат құсқа біткен маған бітсе...” деп әнге қосып армандаушы еді-ау қайран аталарымыз. Өзім қырық жылдай жақсы білетін жағаттас дос, жамалды азамат, Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ғосман Төлеғұлды қос қанатты емес, көп қанатты жандай көретінім бар. Оның қанаттары – қай қияға салса да көтере самғататын адами қасиеттері, білімі мен білігі, ақыл-парасатының молдығы, жан-жақты туабітті дарындылығы дер едім.
Жетпісінші жылдардың басында Зеренді аудандық газетінің атағы күллі Көкшетау облысы бойынша дүркіреп тұрды, сол кездегі партиялық тілмен айтқанда, “кадрлар ұстаханасы” аталып, зеренділік журналистер басқа аудандық газеттерге редакторлыққа, облыстық газеттер мен облыстық партия комитетіндегі жауапты қызметтерге жиірек барып жататын. Тіпті, республикалық Баспа жөніндегі мемком төрағасының тікелей көмекшісі болып кеткендері де бар. Сол тұстағы орысша газеттегі белді журналисіміз Ғ.Төлеғұлды да біресе аудандық комсомол комитеті, біресе аупартком аттай қалап алып кетіп, ол болса, “Ат айналып қазығын табады” дегендей, көңілі сүйген журналистікке бәрібір қоймастан қайтып оралатын.
Әуелде орыс тілдіге балап онша жұғыса қоймаған Ғосманымыз жақынырақ білісе келе, байқасам, қазақшаңыздың түбін түсіріп, бұлбұлша сайрайды екен. Әзілі әдемі, қалжыңы қазақы. Ашық-жарқын мінезімен орыс жігіттері арасында да кеудесін биік ұстап, жарығын шашып, жарқырап-жайнап жүргеніне біздің де айызымыз қанып, мерейіміз өсіп отыратын. Журналистикадағы ұлағатты ұстазымыз, мысал жанрында өзіндік орны бар жазушы, редакторымыз Баймұрат аға Азнабаев бас болып Зеренді көлінің қарағайлы жыныс жағасындағы “Орманшы үйінде” әрбір 5 мамырда Журналистер күнін мәре-сәре атап өткенде, Ғосман Төлеғұлұлының домбырамен ән де салатын, күй де шертетін өнерін көріп, ішім одан сайын жыли түскен-ді. Бірақ ол мен ойлағаннан әлдеқайда тереңірек болып шықты. Өлең жазады екен. Қазақтың әдебиетінен де, тарихынан да хабары мол. Аудандық қазақша газетте апта сайын әдебиет бетін беріп жүрген мен Ғ.Төлеғұлдың өлеңдерін сұрап алып жариялайын. Онымен қоймай, әңгіме де жазады екен. “Көнебай сынықшы” деген әңгімесі Көкшетаудың облыстық газетінің бәйгесін иемденгені есімде. Бір-екі әңгімесі кейінірек “Жұлдыз” журналында да жарияланды.
Жер-жерде халқымыздың айтыс өнері қайтадан жанданып-жаңғыра бастаған жылдарда “Қазақстанның 40 жылдығы” кеңшарында партком хатшысы болып жүрген Ғосекең партия қызметкерімін деп бәлсінбей, үкілі домбырасын қолға алып, айтыскер ақын ретінде де белсеніп шықты. Ауданда оза шауып, облыста үш-төрт мәрте жүлдегер танылып, республикамызға танымал Баянғали Әлімжанов, Құдайберлі Мырзабеков сынды айтыс жампоздарымен үзеңгі қағыстыра жыр толғады, сөйтіп, қазағы аздау Зеренді мен Көкшетауда ұлттық мәдениеттің өркен жаюына жеке басының үлгісімен де дем-тыныс берді. Біржан сал мен Ақан серінің өнерін жалғаған сол бір серілік дәуреннің белгісіндей, Көбей Сейдеханов қол қойған Қазақстан ақын-жыршылар одағының №88 мүшелік билеті біздің ұқыпты досымыздың жеке архивінде әлі сақтаулы тұр.
Үкілі домбыра дегеннен шығады-ау, кейін білдік қой, домбыра Ғ.Төлеғұлдың бала жасынан бергі жан серігі екен. Оның жүрегіндегі нәзік иірімдерді танытар бір ғажап жағдайды айта кетсек, 1969-1971 жылдары Ресейдің Горький (қазіргі Нижний Новгород) және Абакан қалаларында әскери борышын өтей жүріп туған ел-жұртын сағынған жас жігіт өз қолымен ойып шауып, әп-әдемі домбыра жасап алады. Қазағының әндерін айтып, қаракөздерді маңайына үйіріп, сағыныш мауқын солай басады. Қарап отырсақ, бұл да кез келгеннің қолынан келе беретін іс емес-ау. Кезінде Ақан сері талай ат шалдырып, әнге бөлеген ескі Сәберлі, жаңаша Әлжан әлі күнге дейін қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы. Содан да болар, әкесі Төлеғұл алтыншы сыныптан кейін баласының “болашағын ойлап”, қолтығына қосымша қанат байламақшы болып орыс мектебіне ауыстырса да, талапты жеткін өзінің негізгі қанаты – қазақ тілін жоғалтпады. Түптеп келгенде, оның бағын ашқан да өзінің ана тілі.
Өмір Ғосманды ерте есейтті. Мектепті бітіре сала өзі ұнатып түскен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының физика-математика факультетіндегі оқуын екінші курста үзуге тура келген. Өйткені, әкесі қайтыс болған, ағасы әскерге кеткен. Анасы ауылда жалғыз қалып еді. Еті тірі бозбала бозбастанбай еңбекке араласты. Әуелде тракторшы, сосын бағаналардың басына өрмелеп байланыс монтері болды. Туған ауылына радио, телефон желісін тартуға қатысты. Өстіп жүріп өмір көрді, тәжірибе тоқыды. Техникаға әлі күнге дейін құмар досымыздың сондағы үш аяқты “Иж-Юпитер” мотоциклімен Зерендінің тау-тасын шарлайтынымыз да, кеңшардың картобын терісуге думандатып баратынымыз да өзінше бір дәурен екен. Шағалалы ауыл шаруашылығы техникумында сырттай оқып жүргенде болашақ жары, бұл күнде тәтті немере-жиендерін сүйгізіп отырған екі қыз, бір ұлының анасы Күлзағиламен танысты. Сондағы аудандық газет ұжымы Зерендіден Әлжан ауылына Ғосман Төлеғұлұлының үйлену тойына жүк мәшинесімен барып, айлы түнде әуелете ән шырқап қайтқанымыз әсте естен кетер ме. Соның алдында Петя Фидченконы үйлендіргенбіз. Ғ.Төлеғұлдан кейінгі кезек бізге келген.
Орысшадан ешкімге де оңайлықпен дес бермес досымның бағын ашқан қазақ тілі деуіміздің себебі де жоқ емес. 1991 жылы Компартия құлар шақта партком хатшысы Төлеғұлов жолдасты жебеуші қанатымен көтеріп алып бөлім меңгерушілік қызметін ұсынған өзге емес, облыстық қазақ тілді “Көкшетау” газеті болатын. Осыдан бастап оның дарын-қабілеті барлық қырынан жарқырап көріне бастады. Ұйымдастырушылық дейсіз бе-ау. Шығармашылық дейсіз бе-ау. Қайсысынан болсын қамшы салғызбады. Бұдан кейінгі жиырма жылдық еңбек жолы облыс көлеміндегі жауапты қызметтермен тікелей байланысты. Ал 2004 жылдың сәуірінен дәл бүгінгі таңға дейін облыстық тілдерді дамыту басқармасын аса бір байыптылықпен басқарып келеді.
Әлбетте, біз қазақ тілді “Көкшетау” газеті Ғосман Төлеғұлұлын көтерді деген сөзді әсте де мансап тұрғысынан айтып тұрған жоқпыз. “Көкшетау” оның азаматтық толысу, шығармашылық дарынын ашу баспалдақтарына жол ашты. Ең бастысы сол, биліктің бір шетінде жүрген ол халқының кәдесіне жарай білді, ұлттың мұрат-мүддесіне қарлығаш қанатымен су тамызғандай септесуден жазбады. Әсіресе егемендіктің алғашқы жылдарында тіл майданында орыс тілділер дейтіндердің өкілдерімен толып жатқан мәселелер бойынша талай-талай пікірталастар мен айтыс-тартыстарды бастан өткерді. Мінезі орнықты, білімі терең, өмірлік тәжірибесі бай, парасаты мол Ғ.Төлеғұл сондай сындарлы шақтарда ұстанымына берік болды, өзінің наным-көзқарасын қорғауда табанды күрескерлікпен қатар, жан дүниесінің зор мәдениетін де танытты.
Осы ретте біздің досымыз туралы қарсы майданның қас-қабағын білу артық болмас еді. Көкшетауда шығатын тәуелсіз “Курс” газетінде белгілі жазушы, публицист Виктор Терещук былай деп жазды: “...Тілдер проблемасы жөнінде басты қарсыластар облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ғосман Төлеғұлұлы және мен болып шықтық. Қарсыласым, былайша айтқанда, бірден шабуылға көшіп, облыс халқын мемлекеттік тілді үйренуге тезірек әрі белсендірек икемдеу орайындағы ойларын ортаға салды. Мен болсам айдан анық нәрсені жоққа шығармай, әйткенмен, осы қарбаласта орыс тілінің шетке қағылмауын ізерледім. Сол пікірталас бірнеше сағатқа созылды. Кейіннен газет бетінде жалғасты. Пікірталас еркін, ашық, тартысқа толы, тіпті, кей реттерде қытымыр, қатаңырақ болса да, оған қатысудан өз басым шынайы ләззат алдым. Мәселенің маңыздылығынан ғана емес. Оның тағы бір себебі сол, қарсыласымның әншейін сықиған шенеунік емес, өз ісіне адал берілген, өресі биік кәсіпқой екенін бірден сезіндім. Ой өрбітуші аса мәдениетті, зиялы адам еді. Пікірталастың ең бір шиеленіскен тұстарының өзінде де қарсыласым сабырлы, байсалды қалпынан жаңылмады, бірде-бір намысқа тиерлік ауыр сөз айтпады. Ол тек балталаса бұзылмас “темір” дәлелдерді келтірді де отырды. Сонысымен бәрімізді ұстамдылыққа, мәдениетіміздің үлкен саласы – тіл туралы айтысқанда үлкен мәдениеттілікке шақырғандай болды. Шынын айтқанда, осы пікірталасты және сондағы қарсыласымды әлі күнге дейін бір жылы сезіммен еске аламын. Сол жекпе-жектен кейін Ғосман Төлеғұлұлы екеуміз жолыққан сайын құшақтасып амандаспай өткен жеріміз жоқ. Мұндай үлкен жүректі адаммен басқаша болуы мүмкін де емес”.
Міне, идеялық қарсыласы болған орыс азаматының біздің досқа берген бағасы. Өзін мемлекеттік қызметтегі қазақ ұлтының өкілі ретінде өзгелерге сыйлата білуі, халқының мүддесін көздеген өз пікірімен санастыруы, ұятқа қалдырмас биік өреден көрінуі Ғ.Төлеғұлдың қай деңгейдегі қайраткер үшін де үлгі боларлық өнегесі дер едік. Және де осындай жәйттердің бәрі Ғосман Төлеғұлұлының мемлекеттік қызметтегі шенеунік шекпеніне әсте сыймас қайраткерлік тұлғасы мен азаматтық бітім-болмысын ажарландырып, айшықтай түсетіндей. “Мәдениет қайраткері” және “Қазақ тілінің жанашыры” төсбелгілерімен марапатталуы осы сөзіміздің және бір айғағы.
Мақаламыздың соңына қарай сары майдай сақтап отырған тағы бір жайға келер болсақ, Алаштың алып жазушысы Мұхтар Мағауин: “Алыс Көкшетауда жатқан зиялы азамат Ғосман...” деп ілтифатына алыпты. Талабы қатты, талғампаз Мұхаңның аузынан сирек шығатын лебіз. Тіпті, ауызша да емес, шығармалар жинағының 11 томының 431-бетінде тасқа басып тұрып айтқан. Атақты жазушының алғысына Ғосман Төлеғұлұлы елді елең еткізген “Қазақ тарихының әліппесі” кітабын орыс тіліне тамаша тәржімелеп шыққаны үшін бөленіп еді. Қазақша қанық бояуды, астарлы да ажарлы мағынаны орысша айқын таңбалап жеткізе білген тілектес аудармашы өз ықыласымен құдай беріп табыла кеткеніне Мұхаңның мейірлене қуанғанына сол кезде ол кісінің қасында “Жұлдыз” журналында жүрген өзіміз де куә болғанбыз.
Қаншама жауапты қызметтер атқара жүргендегі Ғ. Төлеғұлдың бір дара қасиеті – шығармашылықтан бір сәтке қол үзген емес. Қазақша, орысша бірдей жазады. Бұл күнге дейін қазақшадан орысшаға аударған үлкенді-кішілі оннан аса, орысшадан қазақшаға қотарған бес кітабы жарық көрді. Редакторлық еткен, құрастырған кітаптарының бірқаншалығы да біраз сырдан хабардар еткендей. Ол кімдерді аударды десек, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Қойшығара Салғараұлы, Әлібек Асқар, Дүкенбай Досжан есімдерінің алдан шығуының өзі-ақ еңбектің толымдылығын танытқандай. Сонымен бірге, көкшетаулық қаламгер, марқұм Нұрмұханбет Ысқақовтың “Кенесары ханның жорықты жолдарымен” атты өте құнды тарихи-танымдық кітабын орысшалауы да оның ұлттық рухқа адалдығын және бір паш еткендей.
“Әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады” дегендей, әлемдік ақыл-ой алыптарын қазақша сөйлетті. Бұлардың ішінде орыс ғалымы К.Циолковский, ағылшын философы Б.Рассель, әлемдік марқасқалар Роберт Оуэн, Карл Клаузевиц, Артур Шопенгауэр бар. “Әлемдік саясаттану антологиясының” сегізінші томын мұздай қып аударып бергені үшін Ғосманға белгілі баспагер ағамыз, талғам-талабы Мұхтар Мағауиннен артық болмаса, кем емес Нұрмахан Оразбектің де ризашылығы мол көрінді.
Ғ.Төлеғұл айтады: “Жалпы, орыс тіліне аударудағы басты мақсатым – егемендіктің алғашқы жылдарында қаулап жарық көре бастаған қазақ тарихын, оның бұған дейін беймәлім болып келген аса көп ақтаңдақтарын, қазақи өр рухты төлтума мәдениетті көрсететін тамаша кітаптарды орыс тілді оқырманға жеткізу болды. Мұны өмірлік мұратыма баладым”. Олай болса, біздің досымыз мұратына жетті деп есептейміз. 1991 жылы Көкшетауда Абылай ханның 280 жылдығы өткізілейін деп жатқанда осынау ұлы тұлға туралы көрнекті тарихшы Рамазан Сүлейменовтің көлемді еңбегін орыс тіліне тезінен тәржімелеп, облыстық “Степной маяк” газетінің табаны күректей он нөміріне жариялатып еді. Осылай басталған өмірлік мұраттың бастау-бұлағы бірте-бірте кеңейе берген. 2008 жылғы қарашаның соңғы күндерінде “Егемен Қазақстанда” Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың “Елбасы” атты айтулы мақаласы жарық көрді. Келесі күні “Казахстанская правда” дүйсенбіге қарамастан арнайы нөмір шығарып, жаңағы мақаланың орысшасын “Лидер нации” деген атпен үлкен екі бет етіп берді. Осыны сонау Көкшетауда отырып ұзақты күн орысшаға аударып, Астанаға “электронды поштамен” жеткізіп берген де Ғосман Төлеғұлұлы болатын. Абылай ханнан тартып, Кенесары ханға жалғаған, одан қазақтың арғы-бергі тарихын адақтай келіп, бүгінгі ел Президентінің толағай еңбегін орыс тілді оқырманға жарқыратып жеткізуге септескен, біздің ғана емес, “Егемен Қазақстанның” да абзал досы, тілектесі Ғ.Төлеғұлды өзінің осындай өміршең қанаттары биік мұраттарына самғата бергей.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.