• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2017

«Қазақстан киберқалқаны» жүйесін құрудың маңызы зор

741 рет
көрсетілді

Күнделікті өмірімізде киберкеңістік жылдан-жылға мейлінше кең қанат жаюда. Біздің өмір сүріп отырған ортамыздың өзі шапшаң әрі елеусіз түрде киберкеңістікте болып жатқан оқиғалар және құбылыстармен тығыз байланысып кетті. Біз қажетті заттарды өзіміз ешқашан болмаған, көрмеген дүкендерден ала бастадық, тіпті, олардың ғимараттарының бары не жоғы біз үшін бәрібір. Диспетчерге қоңырау шалмай-ақ немесе билет кассасына бармай-ақ, қолымыздағы смартфон арқылы ақысы төленген авиа­билетке ие боламыз. Әлеуметтік желілердің арқасында саяқ немесе шалғай жерлерде тұратын адамдар үшін де әңгімелесуші иә болмаса пікірлес жан табу оңай шаруаға айналды. Жалпы, киберкеңістік біздің өмірімізге жағымды үрдістермен қатар, түрлі тәуекелдер мен қауіп­терді де ала келді. Бұрын ком­пьютерлік желілерді бұзу және олармен манипуляциялар жа­сау деп түсіндірілетін кибер­қылмыс ұғымы өзінің бастап­қыда айқындалған анықта­масынан басқаша сипатқа ойы­сып кетті. Дәлірегі, қазіргі таң­да киберкеңістік адамдардың қаты­суынсыз жүзеге асуы мүм­кін емес түрлі террористік идея­лар, есірткі саудасы және басқа да жағымсыз әрекеттер жасы­рын­ған баламалы әлемге айналды. Киберкеңістік пайда болғалы бері көптеген қылмыстар жаңа­ша серпін алып, бір-екі емес, жүздеген, мыңдаған жанның жүрегін жаралап, өмірлерін құрбан етуде. Ол бұрынғыдан да қауіптірек бола түсуде және оны әшкерелеу қиындық туғызуда. Компьютер мониторы қыл­мыскер үшін мыңдаған шақы­рымдарды, мемлекеттік шекаралар мен сағаттық белдеулері секілді кедергілерді жоятын терезеге айналды. Қазір қоғамда балаларды нысанаға алған суицидтік бағыт­тағы интернет-қауымдастықтар жай­лы ақпарат дүрбелең туғы­зып отыр. Өзінің қатыгездігі мен бұқаралық сипаты жағынан естен тандырарлықтай бұл қылмыстық әрекеттің киберкеңістіктен тыс жасалғанын елестету мүмкін емес. Ақпараттың орасан зор кө­лемін цифрлық форматқа көші­ру киберкеңістікте бопсалау мен қорқытып ақша алу, жеке өмірдің құпиясын бұзу және өнеркәсіптік шпионаж жасау секілді келеңсіздіктердің көптеп орын алуына әкеліп соқтырды. Сарапшылардың баға­ла­у­ынша, әлемдік экономикаға интернет-қылмыстың тигізген зардабы тек 2016 жылы ғана 500 миллиард АҚШ долларынан асып түскен. Алдын ала болжамдар бойынша, бұл көрсеткіш таяудағы жылдарда өсе бермек. Былтырғы жылы алғаш рет беделді Allianz Global Corporate & Specialty нұсқасы бойынша киберқылмыстар бизнес жүргізудің басты қауіптері мен тәуекелдерінің үштігіне кірді. «Касперский лабораториясы» қазіргі уақытта интернетке қосылған әрбір үшінші дербес компьютер зардап шегеді деп санайды. Киберқылмыстардан ке­летін қауіптер пен қатерлер ау­қымы туралы түсінік біздің мем­лекетімізде бүгін ғана қалып­тасқан жоқ. Мемлекет басшы­сының 2011 жылғы 14 қара­шадағы №174 Жарлығымен Қазақ­стан Республикасының ақпа­раттық қауіпсіздігінің 2016 жыл­ға дейінгі тұжырымдамасы бекітіл­гені белгілі. Сол кезден-ақ, ақ­параттық қауіпсіздікті қамта­масыз ету негізгі екі тарап­та – техникалық және әлеумет­тік-саяси тұрғыдан жүзеге асы­рылатын шаралар кешені ретін­де қарастырылған болатын. Тұ­жырымдама міндеттерін іске асыру мынадай үш бағыт бо­йынша дамуды талап етті: – заңнамалық және нор­ма­тивтік-әдістемелік; – ұйымдастырушылық-бас­қарушылық және ұйым­дастырушылық-техникалық; – кадрлық. Тұ­жырымдаманы бекіт­кен­нен бергі аралықта осы бағыт­тардың барлығы бойынша нә­тижелі жұмыстар жүргізілді. Бұ­дан құқық қорғау жүйесі де тысқары қалған жоқ. Атап айт­қанда, діни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттауды анықтау мен оның жолын кесу мақсатында интернет-ресурстарға тұрақты түрде мониторинг жүргізу өзінің нақты әрі жоғары тиімділігін көрсетті. Соның нәтижесінде, 2011 және 2016 жылдар аралығында мем­ле­кеттік органдар 771 ақпа­раттық материалдың таратылуы­на сот арқылы тыйым салуға қол жеткізді. Терроризм мен діни экстремизм идеяларын орна­лас­тыруға тырысқан 1073 интернет-ресурс анықталып, ерекше бақылауға алынды. Мұндай идея­ларды насихаттау үшін құрыл­ған сайттар бұғатталды. Мұндай шаралар 2013 жыл­ғы қыркүйекте қабылданған Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламада да көрі­ніс тапты. Мемлекет басшысының «Қа­зақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында да діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресті басты назарда ұстау атап көрсетілді. Бұл мәселе, яғни интернетте зиянды идеяларды насихаттауды бейтараптандыру ісі Жолдауда айтылғандай, қазіргі таңда дайындалып жатқан 2017-2020 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризм­ге қарсы әрекет жөніндегі мем­ле­кеттік бағдарламада да көрініс табатынына еш күмән жоқ. Киберқылмыстарға қарсы тұру тәжірибесі уақыт өткен сайын тиісті заңнамалық қам­та­масыз етуді талап етті. 2014 жылғы сәуірде Қазақстан Рес­пуб­ликасының «Байланыс туралы» Заңы «Байланыс желілері мен (немесе) құралдарының жұмысын тоқтату тәртібі» туралы 41-1-баппен толықтырылды. Со­нымен қатар, 2014 жылғы 23 сәуір­дегі заңмен Қылмыстық ко­­декске «Көрінеу жалған ақ­па­рат тарату» атты 242-1-бап ен­гізіліп, онда сараланатын бел­гілердің бірі ретінде ақпа­рат­­тық-коммуникациялық же­­лі­­л­ерді пайдалану тікелей көр­се­тілді. Аталған заңнамалық то­лық­­тыруларға 2014 жылдың ақ­панында үш қазақстандық банктің банкрот алдындағы жағдайда тұрғаны туралы жал­ған ақпаратты тарату фактісі себепкер болғанын еске салған артық емес. Бұл жалған ақпарат клиенттер арасында дүрбелең туғызып, банктердегі шоттардан ақшаны жаппай алу мен аудару мәселелерін туындатты. Ақпараттық-байланыс же­лі­леріндегі арандатушылық, жалған ақпарат үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу және тыйым салынған ақпаратқа қол­жетімділікті тұйықтау тетігін заң­намалық тұрғыда белгілеу – «Қазақстан киберқалқаны» жүйесінің маңызды элементтері болып табылатыны сөзсіз. Олар киберқылмыстардың әрқилы көріністеріне қарсы тұруда өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді. Мәселен, терроризмді наси­хат­тайтын сайттарды тұйық­тауда қолданылатын «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабы негі­зінде, 2015-2016 жылдары бала­ларды суицидке итермелеген 318 интернет-қауымдастық әреке­тінің жолы кесілді. Сонымен қатар, Мемлекет бас­шысының бастамасымен «Қазақстан киберқалқаны» сияқ­ты жүйені құру, оның қызметін құ­қықтық қамтамасыз етуге жаңа талаптар қоя отырып, бізді заман талабына сай алға басуға жетелейді. Бұл ретте, құқықтық қам­та­масыз етуді нормативтік-құ­қықтық базаны құру деп қана түсінуге болмайды. Дегенмен, нормативтік-құқықтық базаны құрмай жүйенің қызмет етуі мүмкін емес. «Қазақстан киберқал­қа­нының» қалыпты жұмыс істеуі үшін құқық қорғау жүйесінің арнайы дайындықтан өткен және жоғары білікті қызметкерлерінің саны жеткілікті болуы қажет екені түсінікті. Мұның отандық киберкеңістікті техникалық қорғау жүйелерінің заңдық қондырғыларын реттеуге ғана емес, кінәлілерді анықтап, жауапкершілікке тарту бо­йынша кейінгі атқарылатын әрекеттерге де қатысы бар. Халықаралық ынтымақ­тас­тыққа да жаңаша көзқарастар қажет. Өзара сындарлы іс-қимылы қалыптасқан елдер­дегі әріптестермен бірге кибер­қыл­мыстарға қарсы тұрудың заманауи, кері байланыстың жылдамдығына сай алгоритмін жасауға әбден болады. Осы орайда, отандық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасаудың тәжірибесі назар аударарлық. Құқыққа қайшы контентке қарсы тұру бойынша сенім телефондарының халықаралық желісі, айталық, контентті сақтау орны бойынша ҮЕҰ-ны анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай ҮЕҰ ұлттық құқықтық тәртіп органдарына өзіндегі қыл­мыс жасалуы мүмкін нақты сер­верін көрсете отырып қана жүгінеді. Өзара іс-қимылдың мұндай жүйесі балалар порнографиясын таратуға қарсы күресте өзінің тиімділігін дәлелдеді. Алайда, оның киберқылмыстардың алдын алудағы әлеуеті әлі де то­лық пайдаланылып отырған жоқ. 2015 жылғы тамызда сыбыс таратушылардың бірін соттау отандық медиакеңістікте кеңі­нен жария етілді. Мұндай қыл­мыстарды тергеудің әдістемесі, әдеттегідей, қоғам назарынан тыс қалдырылды. Соған қара­мастан, қылмыстардың ки­беркеңістікке көшуі құқық қорғаушылардың жаңа, бұрын қолданылмаған жұмыс әдістерін игеруін талап етеді. Тиісті оқытулардың маман­дандырылған жоғары заң оқу орындарында жүйелі түрде жүр­гізілуінің қажеттігі анық. Соған орай, бірінші кезеңде оқыту әдістемесінің өзін сапалы түрде әзірлеу міндетті шарт болып та­былады, онсыз кейінгі күш-жігер текке зая болуы мүмкін. Ашығын айтқанда, құ­қық қорғау органдары пси­хо­логиялық және әдістемелік тұр­ғыдан киберкеңістіктегі қыл­мыс­тарға қарсы тұру жөніндегі белсенді жұмысқа әлі де жеткілікті даяр емес. Егер кө­шедегі қылмыстылықты анық­таған жағдайда соған байланысты барлық тиісті шараларды қабылдайтын патрульды-бекеттік қызмет бар болса, киберкеңістік үшін мұндай тәжірибе әлі қалыптаспаған. Бұл арада террористік және экстремистік идеологиясы бар сайттарға мониторинг жүргізу, порнографияны қадағалау және суицидке шақыруды бақылау тәжірибесін ғана айта аламыз. Интернетте кең тараған есірткі саудасы, жеңгетайлық, кри­миналды интернет-қауым­дастықтар және басқа да түрлі қылмыстық көріністер көп жағдайда біреу көрсеткенде ғана құқық қорғау органдарының назарына ілінеді. Сондықтан «Қазақстан киберқалқаны» жүйесінің идеясы құқық қор­ғау­шылар тарапынан неғұрлым белсенді және табанды әрекетті талап етеді. Әлбетте, алда тұрған ау­қым­ды жұмыстың жауапкершілігін түйсіну үшін тіпті, жоғарыда атал­ған және алғашқы әсерден туын­даған мәселелер де жет­кілікті. Бұл – «Қазақстан кибер­қал­қанының» құқық қорғаушылық құрамының тұжырымдамасын анықтау, қажетті нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру барысындағы тергеу мен оперативті жұмыстың мүлде жаңа әдістері болып табылады. Әрине, барлығын болжап білу мүмкін емес, өмір алға бас­қан сайын алдымызға жаңа міндеттер қоятын болады. Ең бас­тысы – өзіміз көп уақы­ты­мызды бөлетін киберкеңістікке де заңдылықты орнықтыру. «Қазақстан киберқалқаны» идеясын барынша толық іске асыру мемлекетімізді өркениетті дамудың жаңа деңгейіне сөзсіз шығарар еді. Өйткені, сын-қатерлерге қарсы тұруда ки­бер­кеңістікті мемлекет пен жеке азаматтың мүддесіне сай келетіндей техникалық және құқықтық қорғауды мейлінше үйлестіруге әлемнің бәсекеге қабілетті мемлекеттерінің өздері де әлі қол жеткізе алмай келеді. Бір сөзбен айтқанда, алды­мызға осындай концептуалды және суперзаманауи міндетті қоюдың өзі мәдени-өркениеттік жетістік болып табылады. Алексей КАЛАЙЧИДИ, Президент Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі