• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2017

Қостанайда медициналық қалдықтарды залалсыздандыратын цех ашылды

279 рет
көрсетілді

Қостанай облысында медициналық қалдықтарды отқа жағатын қондырғының орнын енді автоклав алмастырады. Ол қоршаған ортаның  органикалық зиянды қалдықтармен ластануын азайту бағытындағы БҰҰ даму бағдарламасы, Әлемдік экологиялық қор және  ҚР Энергетика министрлігінің бірлескен  ПРООН жобасы шеңберінде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде мүмкін болды. Медициналық қалдықтарды қысымның күшімен заласыздандыратын автоклавтың қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ, өйткені өңдеу кезінде медициналық қалдықтар бұрынғыдай улы заттар бөлмейді. «Қазақстанда медициналық қалдықтарды қауіпсіз ету жүйесін қалыптастыру қалдықтарды азайту, оларды өңдеп, екінші рет пайдалану мақсатында қолға алынды. Жаңа технологияларды пайдалану елде өндірістің өсуімен бірге қоршаған ортаны таза ұстап, адамдар денсаулығын сақтай отырып, дамуды қамтамасыз етеді», деді ПРООН-ның Қазақстан Респуликасындағы тұрақты төрайымы Мунхтуи Алтангерел. Қазір барлық медициналық қалдықтардың 90 пайызы пешке жағу арқылы жойылып отырылады. Ал қалдықтар жанған кезде одан өте улы диоксин бөлінеді. Диоксин  адамдардың эндокриндік, жүйке, иммундық жүйесін әлсіретіп, қауіпті аурулар тудырады. Жоба өкілдерінің айтуына қарағанда, автоклав қондырғысы әзірге Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары мен Астана қаласында орнатылады. «Біз автоклав қондырғысын  қолайлы ғимаратқа орнаттық. Жобамен бірлескен жұмысымыз өзінің жемісін беретін болады. Бұл облыс өңірінде экологиялық тазалықтың сақталуына батыл қадамның бірі болды», деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Сергей Карплюк. Қостанай облысында жыл сайын 300-400 тонна медициналық қалдық өртеледі. Олардың бір килограмын жағуға 200 теңге шығын кетеді. Әңгіме шығыннан бұрын зиянында болса керек. Облыста алдағы уақытта 4 автоклав жұмыс істейтін болады. Олар мүмкіндігінше облыс  өңіріндегі ауруханалардан шыққан медициналық қалдықтарды заласыздандырады. ҚР Энергетика министрлігі Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Жан Нұрбеков медицинадық қалдықтарды заласыздандыратын мұндай үздік қондырғылар алдағы уақытта облыстардың барлығында болуы керектігін айтты. Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан»