• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
17 Наурыз, 2017

Алаяқтық азаймай тұр

461 рет
көрсетілді

Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, әркімді алдап пайда табушылардың саны азаймай тұр. Біреудің мүлкін заңсыз иемденіп, алаяқтықпен ақша тауып, көзбояушылықпен кекіре тойып жүргендердің жолын кесу мақсатында Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті нақты шараларды қолға алды. Аз күндік жұмыстың нәтижесінде алаяқтық қылмыспен айналысқан екі адам құрықталған. Осы наурыз айының басында полицияға қала тұрғыны шағымданады. Жәбірленуші өзінің танысы жоғары жалақысы бар жұмысқа орналастырамын деп 150 000 теңгесін алып, сол бойы ізім-қайым жоғалғанын айтады. Осы іске қатысы бар деген күдікпен полицейлер 30 жастағы азаматты қолға түсірді. Бүгінде оған қатысты Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалды. Сонымен қатар, соңғы уақыт­тарда құндыз тондарды сату, сатып алуға қатысты алаяқтық фактілері де көбеюде. Мәселен, ақпан айының соңында әлдебір азаматша 50 жастағы қала тұр­ғы­нының құндыз тонын сатып алуға келісіп, отбасымен ақылдасу үшін тонды үйіне алып кетеді. Алайда, жәбірленушінің сенімін теріс пайдаланып, 250 000 теңге тұратын құндыз тонын да, ақшасын да қайтармайды. Наурыз айында жәбірленуші ішкі істер басқармасына арыз­данады. Сол күні сезікті азамат­шаның үстінен тағы 2 арыз келіп түседі. Барлық қылмыс бір жүйемен жасалғаны, яғни екі жәбірленушінің де құндыз тондарын сатып алатынына сендіріп, бөтеннің меншігін заңсыз иемде­ніп кеткендігі анықталады. Біріне 200 000 теңге, енді біріне 250 000 теңге материалдық шығын келтірілген. 3 факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті ішкі істер басқармасына жеткі­зілді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыс­тары жүргізілуде. Айта кетерлік жайт, осы жыл­дың 2 айында облыс көлемінде 168 алаяқтық қылмыс тіркелгенімен, ол өткен жылдың есепті мерзімімен салыс­тырғанда 20,4 пайызға азайған. Енді тіркелген алаяқтық қыл­мыс­тарды аз-кем талдасақ. Қа­рызға ақша немесе зат алып қайтар­мағандар – 34, несие алуға көмектесемін дегендер – 127, кезексіз жер алып беремін де­гендер – 131, кезектен тыс үй алуға кө­мек­тесемін дегендер – 124, интернет желісі немесе ұялы телефон арқылы сенімге кіріп, есепшотына ақша салдырғандар саны 71 қылмысты құрап отыр. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан»