Сәрсенбінің сәті, 13 қаңтарда Вена қаласындағы тарихи орындардың бірі – Хофбург сарайының концерт залында Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету жауапты қызметіне кірісу салтанатына арналған Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті болды. Концертті Австрияда тіркелген шетелдік елшіліктердің басшылары мен қызметкерлері, Австрияның көрнекті тұлғалары, Еуропаның бірқатар елдерінде тұрып жатқан қазақ қандастарымыз, сондай-ақ Вена қаласының талғампаз тұрғындары тамашалады. Мерекелік айтулы шараны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен Австрияның Еуропалық және халықаралық істер жөніндегі министрі Михаэль Шпинделеггер сөз сөйлеп ашты.
Гала-концерт алдында
Қазақстан өнер шеберлері гала-концертінің басталуы кешкі сағат 19.00-ге белгіленген еді. Концерт басталуға тура бір сағат қалғанда осы Хофбург сарайының Антекаммер залында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың австриялық нұсқада жарық көрген “Қазақстандық жол” кітабының тұсаукесер рәсімі болды. Рәсімде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты кітаптың мазмұнымен, Қазақстан Президентінің басшылығымен елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстармен таныстырып өтті. Рәсімде, сондай-ақ бірқатар австриялық тұлғалар да сөз алып, Қазақстан Президентінің “Қазақстандық жол” кітабына жоғары баға берді және Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету қызметіне кірісуімен құттықтап, табыстар тіледі.
Тұсаукесер рәсімі аяқталған соң, оған қатысушылар кең де жарық Фест концерт залынан орын ала бастады. Бұл кезде зал іші қалың қауымға лық толып тұрған еді. Сағат тілі дәл 19.00-ді соққанда, концертті жүргізушілер жиналған қауымға қазақ және ағылшын тілдерінде Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету қызметіне кірісу салтанатына арналған Қазақстан өнер шеберлерінің концертіне хош келгендерін хабарлап, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевқа сөз берді.
Бүгін Қазақстан үшін жұлдызды сәт туды, деді Қанат Саудабаев гала-концертті ашардағы сөйлеген сөзінде. Тәуелсіздік алғанына 18 жыл толған еліміз беделді халықаралық ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету қызметін бастап отыр. Тарих үшін он сегіз жыл онша ұзақ уақыт емес. Осы жылдар ішінде Қазақстан саяси-қоғамдық және әлеуметтік-экономикалық реформаларды табысты жүзеге асырды. Ұлттық көшбасшы ретінде танылған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген саясатының нәтижесінде Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың сенімді әріптесі болып танылды.
Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрінің атап өткеніндей, Елбасының саясаты мен әлемге танымал беделінің арқасында Қазақстанды 2007 жылы ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің барлығы бірауыздан қолдап, Ұйымның 2010 жылғы төрағалығын сеніп тапсырды. Төрағалық Қазақстанға зор жауапкершілік жүктейді. Еліміз төрағалық ету барысында бұған дейінгі төрағалардың қолға алған іс-шараларын жалғастыра отырып, Ұйымның қызметін дамытуға күш салатын болады. Австрия біздің елімізді Ұйымға төрағалық етуі кезінде де қолдау білдіреді.
Сөзінің соңында Қанат Бекмырзаұлы қазақтың “Қонаққа сыйлықпен бар” деген мәтелін келтіре келіп, қонақтарды қазақстандық өнер шеберлерінің концертін тамашалауға шақырды. Ал Австрияның Еуропалық және халықаралық істер жөніндегі министрі Михаэль Шпинделеггер Қазақстан мен Австрия арасындағы байланыстарға тоқталып өтіп, ЕҚЫҰ төрағалығы қызметіне кіріскен Қазақстанның бұл жауапкершілігі зор міндетті ойдағыдай атқаратынына және екі елдің өзара байланыстары алдағы уақытта да дами беретіндігіне сенімді екенін білдірді.
“Көңілашардан” “Сарыарқаға” дейін
Қазақтың өнер шеберлері гастрольдік сапарлармен алыс-жақын шет елдерге шығып жүр. Әсіресе, соңғы жеті-сегіз жыл бедерінде қазақстандық өнерпаздардың шет мемлекеттер сахналарында өнер көрсетулері жиілей түсті. Мысалы, өткен жылдың желтоқсанында қазақстандық өнер шеберлері Берлин қаласында болып, неміс жұртын өз өнерлерімен тәнті етіп қайтты. Енді, міне, Кәрі құрлықтағы іргелі елдің бірі – Австрия астанасына арнайы келіп отыр. Бұл келістің орны да, жөні де бөлек. Бөлек болатын себебі, жоғарыда атап өткеніміздей, бұл жолы олар еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығы қызметіне кірісу салтанатына арналған концерттік сапармен келді. Сонымен...
Зал толы жұртшылыққа байқатпаған кейіпте қарап қоямыз. Талай дүлдүлдер мен бұлбұлдардың әнін тыңдап, өнеріне куә болған дипломатиялық миссиялардың өкілдері мен талғампаз Вена тұрғындары сахна төріне жайғасқан қазақтың ұлттық киімдерін киіп, қолдарына музыкалық аспап-құралдар ұстаған өнерпаздарға қызыға қарайды. Қарайды да, бір-бірімен күбірлесе сөйлеседі. Ал біз болсақ, қайта қараймыз. Сол көрініс...
Гала-концерт Түркештің “Көңілашар” күйімен басталды. Оны Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібайдың дирижерлік етуімен Қазақ мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің ұжымы орындады. Домбыра үніне неше түрлі аспаптың үні қосылғанда, кереметтей әсерде боласың, көңіл-күйің бірте-бірте көтеріліп, шабыттана, шаттана түсесің. Күй шетелдік қонақтарға да кереметтей әсер еткен болуы керек, дирижердің таяқшасы жоғары көтеріліп барып тоқтағанда, зал толы көпшілік дуылдата қол соғып, оркестр ұжымына зор қошемет көрсетіп жатты.
Келесі кезекте Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің “Абай” операсындағы “Тойбастарын” танымал әншілер Азамат Жылтыркөзов пен Айгүл Ниязова және Құрманғазы атындағы академиялық оркестр мен Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының хоры орындады. Екі әнші де қазіргі кезде нағыз бабына келіп, ән өнерінің шыңына өрлеп бара жатқандарын осы жолы тағы бір көрсетті. Оркестр де, хор мүшелері де Азамат пен Айгүлдің тебірене айтқан әніне қажет жерінде қосыла кетіп, “Тойбастардың” көпшілік көңілінен шығуына барынша демеу көрсетіп отырды. Бұл қойылымның сәтті шыққаны соншалық, ән аяқтала салысымен дуылдата қол соғылып, өнер шеберлеріне барынша ризашылық танытылды. Кейбір шетелдік қонақтардың орындарынан тұрып, оларға ерекше құрмет көрсетіп жатқандарын да көріп қалдық.
“Абай” операсындағы “Тойбастар” ариясының Еуропа төрінде, оның ішінде ЕҚЫҰ-ның штаб-пәтері орналасқан Вена қаласында орындалуы жайдан-жай болмаса керек. Біздің пайымдауымызша, “Тойбастардың” бұл жерде орындалуы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету тойының басталғанын білдіріп тұрғандай. Белгілі күйшілер Ғалым Ахмедияров, Айтолқын Тоқтаған және Нұркен Әшіров нағыз нәшіне келтіріп орындаған “Күй шашу” да қалың қауымға үлкен әсер қалдырды. Әсіресе, күйшілердің бірінің тартқанын екіншісі жалғастырып әкетуі көпшілікті ерекше қызықтыра түсті. Ал Айгүл Қосанованың орындауындағы Мұхиттың “Айнамкөз” әні де әсерлі әрі тамаша шықты.
Өнер атаулыны бағалай білетін, оны қадір тұтатын талғампаз Еуропа жұртшылығына орындалу мақамымен даралана түскен әннің бірі – Біржан салдың “Айтбайы” десек, қателесе қоймаспыз. Оны орындаған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы халық әні кафедрасының студенті Ахат Кенжебаев келешегінен үлкен үміт күттіретін жастың бірі екен. Қазірдің өзінде ол республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты атанып үлгеріпті. Осы жолы оның дауысының кеңдігі мен саздылығына концертті тамашалаушылар әбден-ақ тәнті болды. Жасыл желек жамылған Көкшетау өңірі, қаз-үйрегі ұшқан сексен көл, жұпар иісі аңқыған сайын дала көз алдыңа келіп, кеудеңді сағыныш пен мақтаныш кернейді. Жалпы, Асхат Кенжебаев шырқаған атақты әнші Біржан салдың “Айтбайы” еуропалықтарды қазақтың нағыз өнерлі де өнерпаз, кең тынысты халық екенін мойындатқандай болды.
Гала-концерттің бірінші бөлімінде көпшілік қауым, сондай-ақ қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі орындаған И.Брамстің “Венгр биі” мен осы оркестрдің орындауындағы Құрманғазының “Сарыарқа” күйін және белгілі әншілер Айгүл Ниязова, Бибігүл Жанұзақ пен Жәмила Жарқымбаеваның орындауындағы Латиф Хамидидің “Қазақ вальсін” қызыға тыңдады. Оркестр де, аталған үш әнші де өз нөмірлерін жоғары деңгейде асқан жауапкершілікпен орындап шықты. Әсіресе, жиналған қауым “Сарыарқа” күйінің орындалу мәнеріне тамсанып отырды. Бибігүлдің, Жәмиланың, Айгүлдің кең тынысты ашық дауысы да оларды тәнті етті. Бұған концертті тамашалап отырған көпшіліктің қол соғып, құрмет көрсетулері нақты дәлел болады.
“Қазақ елінде жүргендей сезіндім”
Осы гала-концертке кезінде түрлі жағдайлармен Еуропада тұрақтап қалған біраз қандастарымыз да арнайы келген екен. Сәті түскенде олардың бірнешеуімен әңгімелескен едік. Солардың бірі – қазіргі кезде Голландияның астанасы – Амстердам қаласында тұратын Қабай Қыран деген азамат. Таныстықтан соң ол өзінің жүрекжарды қуанышын былайша жеткізді:
– Вена қаласында Қазақстан өнер шеберлерінің концерті өтеді дегенді естігенде тағат тауып отыра алмадым. Ұшаққа алдын ала билет алып, кеше осы Вена қаласына келдім. Міне, бүгін өзіміз күн сайын сағынатын атажұртым – Қазақстаннан келген әншілер мен күйшілердің концертін тамашалап, марқайып жүрген жайым бар. Жаңа “Сарыарқа” күйін тыңдап отырып, көзіме жас келді. Өзімді Қазақ елін, қазақ даласын аралап жүргендей сезіндім. Австрияның мына тарихи орнында қазақтың әні мен күйін тыңдатқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа зор алғыс айтамын. Сол кісінің арқасында Қазақ елін бүкіл дүние жүзі таныды. Енді Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуді бастады. Бұл биік мәртебе – атажұрттан алыста жүрген біздерге өте үлкен мақтаныш.
Тағы бір жолыққан қандасымыз осы Вена қаласында тұратын Қызырхан Шолпан болды. Елуді еңсеріп қалған Қызырхан Вена қаласындағы Қазақ қоғамының төрағасы екен.
– Сыртта жүрген қазақтарға бұл – аса үлкен қуаныш, мереке, – деді ол қуанышты көңіл-күйде. – Концерт тамаша өтіп жатыр. Байқаған шығарсыз, оған жиналғандар қазақтардың өнеріне тамсанып, қайта-қайта қол соғып отырғанын. Бұл біз үшін бақыт, зор қуаныш. Жаңа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандық жол” кітабының тұсаукесеріне де қатыстым. Оншақты данасын алдым. Оны осы қалада тұратын қазақтарға таратып беремін. Оқысын, таныссын. Атажұртымыздың қандай дәрежеге жеткенін білсін.
Қызырхан Шолпанның айтуынша, тек осы Вена қаласында 30-дан астам қазақ отбасы тұрады. Барлығы жұмыс істеп жүрген көрінеді. Австрияның жоғары оқу орындарында оқып жатқан балалары да баршылық екен. Сондай-ақ ол осы жылдың мамыр айында, Венада Еуропа қазақтарының құрылтайын және футболдан турнир өткізуді жоспарлап отырғанын айтып қалды. Ондағы мақсат – Еуропада тұратын қазақтардың бір-бірімен танысып-білісулеріне жағдай туғызу. Бұрын Еуропаның 10 елінде қазақтардың қоғамы бөлек-бөлек жұмыс істеген екен. Өткен жылы олар бір орталықтан басқарылатын Еуропадағы қазақ диаспорасының федерациясы болып қайта құрылыпты.
Өнердің биік шыңы – опера
Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету қызметіне кірісу салтанатына арналған Қазақстан өнер шеберлері гала-концертінің екінші бөлімі Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының симфониялық оркестрі мен хоры және Қазақстан опера шеберлерінің өнер көрсетулерімен әрі қарай жалғасты. Алдымен аталған театрдың симфониялық оркестрі композитор Тілес Қажығалиевтің “Қыз қууын” Алан Бөрібаевтың дирижерлік етуі бойынша орындап, көпшілікке қол соқтырды. Бұл да бір сәтті орындалған шығармалардың бірі болды.
Осы тұста айта кетейік, дарынды дирижер Алан Бөрібаевтың дирижерлік етуі ерекшеленіп тұрды. Қимыл-қозғалысы, барлығы бір-бірімен астасып, толысып шығып отырды. Қазіргі кезде Алан Бөрібаев Қазақстанның, қазақтың атын алыс-жақын шетелдерге шығарып жүрген өнер шеберлерінің бірі саналады. Жас та болса жеткен жетістіктері мен бағындырған биіктері аз емес. Қазақтың дарынды дирижерінің өнері алдында Швеция, Нидерландының симфониялық оркестрлері бір көргеннен-ақ бас иіп, оның дарындылығын мойындаған. Бүгінде ол Швецияның Норчепинг симфониялық оркестрінің және Нидерланды Корольдігіндегі Барабант симфониялық оркестрінің бас дирижері болып істейді.
Қазақстандық өнер шеберлерінің алыс-жақын шет елдердегі мәдени шаралары Қазақстанның халық әртісі Әлібек Дінішевтің қатысуынсыз өтуі өте сирек. Біртуар әншіні көпшілікке таныстырып жату шынында да артықтау. Оған қазақстандықтар ғана емес, шетелдік тыңдарман қауым да баяғыда бағасын беріп қойған. Бұл жолы Әлібек Дінішев екі ән орындады. Алғашқысы қазақтың халық әні “Ақбақай”, ал екіншісі италиялық Л.Денцаның “Алтыбақанда” әні. Екі әнді де Әлібек Дінішев асқан шеберлікпен, шыңына жеткізе орындап, жиналған қауымға ұзақ қол соқтырды. Тіпті, біраз уақытқа дейін сахнадан жібермей тұрып алды. Әннің, оны орындаған әнші дауысының құдіреттілігі болса керек бұл.
Кезінде ұмытылуға шақ қалған байырғы ұлттық музыка аспаптарымыздың бірі – қобыз үні қазіргі кезде қайта жаңғыра бастады. Дәлірек айтқанда, қасиетті қобыз үні қайта естіле бастады. Онымен қобызшыларымыз еліміздің ғана емес, шетелдердің де сахналарында шығармалар орындап жүр. Қолдарына қобыз ұстап, қазақтың бүрмелі көйлектерін киген үш қыз – қобызшылар триосы Гүлзия Стамбек, Әсел Нұркенова және Эльмира Ахмедиярова сахна төріне шыға келгенде, қол соқпаған адам қалмады. Олар орындаған қазақтың және Еуропаның танымал аспаптық әуендері композициясын жиналған қауым аса зейін қойып, зор ықыласпен тыңдады. Осылайша, еуропалықтар қазақтың қасиетті қобызының ғажайып үнін көздерімен көре отырып тыңдады, қобыз сарынына елтіді.
Қобызшылар триосымен қысқаша таныстыра кетсек, артық болмас. Ол – халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттарынан құралған бірегей ансамбль. Оның құрамына прима-қобыз аспабында ойнайтын жоғарыда аты-жөндері аталған қобызшы-әртістер енген. Прима-қобыз – қазақтың ежелгі қылқобыз аспабының жаңартылған үлгісі. Ал ұжымның репертуарында отандық және батысеуропалық классиктердің шығармалары бар.
Бұдан кейін көпшілік баритон дауыстағы танымал әншілер Талғат Мұсабаев пен Жаннат Бақтайдың орындауында Дж.Вердидің “Трубадур” операсынан Граф ди Луна мен Леонараның дуэтін тыңдады. Қос әншіге де тыңдармандар тарапынан ерекше құрмет көрсетілді. Жаннат Бақтай да, Талғат Мұсабаев та К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі. Театрдағы қойылымдардың барлығы осы екі әншінің қатысуынсыз өтпейді. Жаннаттың репертуарында қазақ композиторларының туындылары мен халық әндерінің алатын орны бөлек. Ал Талғаттың шығармашылығында опера жанры ерекше маңызға ие. Оның есімі бүгінде қазақ опера өнерінің жарқырап келе жатқан жарық жұлдыздарының бірегейі саналады.
Жалпы, еуропалықтар операны ерекше бағалап, ұйып тыңдайтындары Қазақстан өнер шеберлерінің концерті барысында тағы байқалды. Мысалы, Симфониялық оркестр мен театр хоры ұжымдары ұсынған Р.Вагнердің “Тангейзер” операсынан көріністер мен Қазақ мемлекеттік консерваториясының түлегі, бүгінде Германияда өнер көрсетіп жүрген үздік пианистердің бірі Әмір Тебенихин орындаған Ф.Шопеннің “Вальс Es dur op. 18” туындысы көпшілікті барынша тәнті етті. Сондай-ақ белгілі дирижер Абзал Мұхитдиновтің дирижерлік етуімен танымал әнші Нұрлан Бекмұхамбетов орындаған Г.Донецеттидің “Махаббат сусыны” операсындағы Неморино романсы да концертті тамашалаушылар тарапынан жылы қабылданды. Әншінің айтулы шетелдік сахналардан жиі көрініп жүруі осы жолы да айқын аңғарылды.
Концерттің соңына таман Әмір Бисенғалиев, Шернияз Мұсахан, Ержан Күлібаев, Нұрия Кәрімбаева және Инара Жұмабекова скрипкамен К.Сен-Санстің “Рондо каприччиозо” туындысын орындаған болатын. Олардың орындауындағы шығарма да тыңдаушылар тарапынан ризалықпен қабылданды. Бұл бес скрипкашы қазіргі кезде Англияның, Ресейдің, Испанияның, Германияның өнер ордаларында шығармашылықтарын шыңдап жатыр екен. Олардың бесеуі де мемлекеттік “Болашақ” бағдарламасы бойынша әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында білім алған жастар. Болашақта олар ұлттық өнерімізді әлемнің озық туындыларымен үндестіріп, оны дүние жүзінің халықтарына танытады деген сенімдеміз. Алдағы уақытта бұл жастар Марат Бисенғалиевтің, Айман Мұсақожаеваның ізін әрі қарай жалғастыратын өнер шеберлері болатындарына сенім артқан жөн шығар.
Талғампаз Еуропа жұртшылығы, сондай-ақ баритон дауысты Азамат Жылтыркөзов, Андрей Трегубенко және Олег Татамировтің орындауындағы Дж.Россинидің “Севиль шаштаразы” операсындағы Фигаро каватинасына қол соғып, ықылас танытты. Бүгінде қазақ операсының жарық жұлдызына айналған, Париждің атақты сахналарында өнер көрсетіп, қазақ халқын әлемге танытып жүрген Майра Мұхамедқызы орындаған И.Кальманның “Чардош ханшайымы” операсындағы Сильва ариясы мен қазақтың халық әні “Гүлдерайым” жиналған жұртшылыққа ерекше әсер етті. Көпшілік әншіні қол соғып, сахнадан түсірмей біраз тұрды. Ал Еуропа төріндегі гала-концерт Ескендір Хасанғалиевтің “Атамекен” әнімен қорытындыланды. Соңынан қазақстандық өнер шеберлеріне ЕҚЫҰ төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың атынан ықылас гүлі ұсынылды.
Жалпы, Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету қызметіне кірісу салтанатына арналған Штраус пен Моцарт еліндегі қазақстандық өнер шеберлерінің гала-концерті асқан ұйымшылдықпен табысты өтті деп айтуымызға әбден болады. Ол концерттің өту барысында оны тамашалаған көпшілік қауымның көңіл-күйінен, шығарманы орындаған әнші-әртістерге көрсетілген құрметтен айқын көрініп тұрды. Екіншіден, концертке келушілердің қатары мол болғаны соншалық, отыратын бос орын болмады. Орын жетпегендіктен, адамдардың бірқатары тұрып көрді. Солардың қатарында елшіліктің қызметкерлері мен біздер, журналистер де бармыз.
Ал гала-концерттің ойдағыдай өтуіне атсалысқан, оны ұтымды ұйымдастыра білген Мәдениет және ақпарат министрлігіне, оның құрамындағы “Қазақ әуендері” акционерлік қоғамына, Құрманғазы атындағы оркестрдің, К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының, тағы басқа өнер ұжымдарының басшыларына алғыс айтқан орынды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.