Облыстың 2010-2014 жылдарға белгіленген үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларына байланысты аймақта белсенді жұмыстар жалғасуда. Қазақстанның индустрияландыру картасына облыстан 514,1 млрд. теңге құрайтын 58 жоба енді. Үстіміздегі жылы 2254 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 28 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Қазірдің өзінде 10 нысан іске қосылып, 885 жаңа жұмыс орны ашылды. Алайда, бұл бағыттағы жұмыстарды әлде де ширата түсудің мүмкіндіктері барынша тиімді пайдаланылып отырған жоқ. Облыстық әкімдік тарапынан барынша қолдау-көмек жасалғанымен кейбір жобаларды жүзеге асыруда ортақ ойласып шешетін мәселелер де жоқ емес. Міне, сондықтан да облысты индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі аймақтық үйлестіру кеңесі бұл мәселені ұдайы назарда ұстап келеді. Үйлестіру кеңесінің облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалық етуімен өткен кезекті мәжілісіне мемлекеттік органдардың басшылары, кәсіпорындардың, екінші деңгейдегі банктер филиалдарының басшылары қатысты. Онда индустрияландыру картасына ұсынылатын жобалар қаралып, талқыланды, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына қолдау көрсетуі әңгіме өзегіне айналды. Мәжілісте еліміздің индустрияландыру картасына енуден үміткер, жалпы көлемі 114,8 млрд. теңге құрайтын 11 инвестициялық жоба тағдыры таразыға салынды. Олар негізінен экономиканың өңдеу секторында, металлургия, мұнай-газ, химия өнеркәсібі, медицина саласында жүзеге асырылмақшы.
«SBS STEEL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Марс Өтегенов жылына 500 мың тонна түйіршіктелген шойын шығаратын металлургиялық зауыт құрылысының жобасын ұсынды. Маманның айтуына қарағанда, мұндай жаңа технологиямен жұмыс істейтін құрылыс кешені әлемде осымен екеу ғана болмақ. Бұған дейін мұндай зауыт АҚШ-та салынған. Жо-баны «Қазақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамы қаржыландыратын болады. Қазір банктің ескертпелерін орындау бағытында жұмыстар жүргізілде. Өңір басшысы тарапынан бұл жобаға байланысты елеулі сын айтылды. Ол жобаның артықшылығын, құндылығын жоққа шығаруға болмайтынын, ел үшін керек өндіріс екеніне тоқтала келіп, бұл жобаның 2007 жылдан әңгіме болып келе жатқанын қадап айтты. Жобаны жүзеге асырушылардың әлі күнге іске кіріспегенін, банкпен арада түсініксіз жағдайлардың көптігіне реніш білдірді. Сондықтан облыс басшысы осы мәселелерді таяу арада шешуді тапсырды.
«НарГазИнжиниринг» ЖШС бас директоры Болат Сақтағановтың мәлімдеуінше, мұнайға ілеспе газды өңдейтін қондырғы жобасының тағдырын 15 қыркүйекте Қазақстанның Даму банкі шешеді деп күтілуде. Жылына 350 мың текше метр газ өңдейтін жобаның құны 9,6 миллиард теңге тұрады. Газ өңдейтін кешен Әлібекмола кенішінде орнатылатын болады.
«Ақтөбе мұнай өңдеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мұнай өңдейтін зауыт құрылысының жобасын ұсынды. Жоба іске қосылғанда жылына 300 мың тонна дизель отыны, мазут, бензин сияқты мұнай өнімдерін шығарады. Жобаның құны – 3,381 млрд. теңге. Осы жылдың мамыр айында алғашқы кезегі іске қосылды. Ол ай сайын 12,5 мың тонна мұнай өңдеп, жылына 150 мың тонна өнім береді. 2012 жылдың аяғына дейін құрылыстың 2-кезегін іске қосу жоспарлануда. Зауыттың қуатын жылына 300 мың тонна мұнай өңдеуге жеткізу көзделуде. Серіктестік директоры Дастан Қадыровтың айтуынша, кәсіпорын қазірдің өзінде мұнай өнімдерін өндіру мен сатуды жүзеге асырып отыр. Дизель отынын Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына өткізеді. Ұлыбританияға мазут экспорттайды.
«Бекарыс фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Абдул-Әшім Оқапұлы кварцтан жасанды тас жасау жобасы жайында баяндады. Бұл жобаны іске қосу үшін серіктестік бірсыпыра алғышарттар жасаған. Серіктестік «Даму» қорымен, облыстық кәсіпкерлік басқармасымен, бірқатар банктермен жұмыс жасауда.
Басқосуда бұдан басқа «Себек Агро» ЖШС-нің тұқымсепкіштер мен астық кешендерін құрастыру өндірісі, «Көктас-Ақтөбе» ЖШС қолға алған бұйымдарды орауға пайдаланылатын өнімдер шығаратын қағаз фабрикасы, Қандыағаш қаласында салынатын газ-турбиналы электр стансасы, «ФармАқтөбе» ТК жүзеге асырып жатқан дәрілік шырындар мен медициналық бетперделер өндіретін цехы, «Ақтөбе нан өнімдері комбинаты» ЖШС-нің Хромтау ауданында макарон фабрикасы, «Актобежилкомплект» серіктестігінің ет өнімдерін өңдеу цехы және «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» акционерлік қоғамының шағын жылыжайлар кешені сияқты жобалардың жүзеге асырылу жайы сөз болды.
Ұсынылған индустриялық-инновациялық жобаларды, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының орындалуына байланысты жұмыстарды қорытындылай келіп, өңір басшысы таяу уақыттағы алда тұрған міндеттерді нақтылады, тиісті орындардың талқыланған жобалардың жүзеге асырылуына ыкпал етуді міндеттеді. Қаралған жобалардың 80 пайызы жүзеге асыруға лайық деп бағаланды.
«Бизнестің жол қартасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1 520,9 млн. теңге бөлінген. Жыл басынан бері аталған бағдарлама бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерінен 60 тапсырыс қаралып, қолдау тапқан. Оның 53-і Экономикалық даму және сауда министрлігімен келісілген. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруда облыс жетекші орында. Екінші деңгейдегі банктерге қатысты мәселе бойынша Архимед Мұхамбетов өз ойын ашық айтты. Бұған бұл бағыттағы жұмыстардың тым сылбырлығы да түрткі болды. Ол кәсіпкерлік жобаларды қаржыландыруға екінші деңгейдегі банктердің бәрі бірдей қолдау көрсете алмай отырғанын, тіпті кейбіреулерінің құлықсыздығын сынға алды. Әсіресе, әлі күнге бірде-бір жобаға қаржылай қолдау көрсетпеген «Казкоммерцбанк» «Нұрбанк», «Альянсбанк», «Еуразиялық банк», «Темірбанк» облыстық филиалдары басшыларының кеңеске қатысушылар алдында қызаруына тура келді. Өңір басшысы олардан бизнес саласы бойынша Елбасы қойып отырған талапқа сай жұмыстарын жандандыруды талап етті.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.