Қостанайдағы татар-башқұрт ұлттық-мәдени орталығының мүшелері әсерлі кеш ұйымдастырды. Кеш небәрі 30 жасқа жетер-жетпес жасында қапияда қаза болған тарихшы ғалым Батыржан Кенжетаевтың туғанына 45 жыл толуына арналды. Батыржан Қазан университетінде білім ала жүріп, ғылыммен айналысады. Беделді, тарихы мол білім ордасының аспирантурасына қалады. Кандидаттық диссертациясын жазады. Бірақ 1996 жылы ғылыми еңбегін қорғайтын күн жақын қалғанда Мәскеу қаласында бір қаныпезердің қолынан қапыда қаза болады.
Батыржан тек Қазан қаласы ғана емес, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы сияқты ірі орталықтарында да көз майын тауысып, архивтерде отырып, халқымыздың өткен ғасырлардағы мәдениетін зерттеді. Ол қазақ даласының реформатор ханы Жәңгір туралы материалдарды, оның Қазан университетімен, сол уақыттағы ірі тұлғалармен байланысы туралы деректерді Қазан қаласы архивінен тауып, ғылыми айналысқа қосты. Батыржан Кенжетаевтың өзі қайтыс болғаннан кейін оның ғылыми еңбегін Қазан қаласындағы сыйлас ағасы Сағит Жақсыбаев пен досы Сергей Засыпкин «Казанские учебные заведения и процесс формирования казахской интеллигенции в середине ХІХ – начала ХХ вв» атты кітап етіп шығарды.
Батыржан шетте жүрсе де еліміз тәуелсіздігін қуанып қарсы алған жастың бірі еді. Ол 1991 жылы Татарстанда шашырап жүрген екі мыңдай қазақтың басын қосып, қазақ диаспорасының мәдени-ұлттық орталығын ашқан болатын. Оны «Қазақстан» деп атады. Және 1992 жылы өткен дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайына жап-жас Батыржан Татарстанның бұрынғы президенті Ментимер Шәймиевпен бірге Татарстандағы қандастарымызды бастап келген еді. Осы кешті ұйымдастырған Қазан университеті журналистика және социология факультетінің бесінші курс студенті Ильнара Ахатова:
– Қазан қаласындағы қазақ диаспорасының «Қазақстан» ұлттық-мәдени орталығы тек қазақтардың ғана емес, Қазақстаннан барған барлық ұлт өкілдерінің бас қосатын орнына айналған. Солардың көпшілігі Батыржанның көзін көрген. Ал жастар, студенттер Батыржанды пір тұтады. Соның бірі өзіммін, – деді.
Батыржан Кенжетаевтың туған жерінде оны еске түсіруге арнап тоғызқұмалақтан жарыстар өткізу дәстүрге айналып келеді. Осы кезге дейін 3 облыстық, екі республикалық турнир өтті. Батыржанның атындағы мектепте спорттың осы түрінен спорт шебері де шықты. Жақында өткен республикалық турнирде Қызылорда, Ақтөбе, Қостанай тоғызқұмалақшылары бас қосты. Бұл да жақсының шарапаты.
Жақсы адамның жұлдызы сөнбейді. Батыржан да өзінің артына қалдырып кеткен аз да болса саз еңбегімен, үлгі-өнегесімен тәуелсіз елінің ұрпақтарына қызмет ете береді. Яғни, Батыржан ортамызда.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.