«Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры қойылымына арнап костюмдер әзірледі. Танымал тұлғаның елордалық театрмен бұл бірлесіп жүзеге асырған сегізінші жобасы болып табылады. Әйгілі шебер өз сұхбатында балет костюмдерін дайындау ерекшеліктері мен өмірлік жеке пайымдарымен бөлісті.
– Франка ханым, Сервантестің «Дон Кихот» романы желісімен қаншама фильмдер, сахналық қойылымдар, симфониялық опералар мен поэмалар, балеттер жарық көрді. 25-26 қараша күндері «Астана Опера» театрында қойылуы жоспарланған, Алтынай Асылмұратованың жаңа хореографиялық редакциясындағы Л. Минкустың «Дон Кихот» балетінен қандай тосын сый күтуге болады?
– Балеттің кейбір тұстарына біршама өзгерістердің енгізілгені айтарлықтай жаңалық болып саналады. Мысалы, мұндағы сюжет бойынша сахнаға әуелгідей рыцарь емес, екі ғашық – Китри мен Базиль шығады. Либретто желісі бойынша, трактирші Лоренцо қызы Китриді бай дворянин Гамашқа ұзатпақшы болады. Алайда, соған қарамастан қыз әкесінің шешіміне қарсы шығады, себебі ол кедей Базильді ұнатады. Тосын сыйы – сахнаға кәдімгі тірі жануарларды шығару жоспарда бар. Ашық аспан астындағы операда арғымақ мінген сарбаздарды көрген болатынбыз, ал тірі есекті мына спектакльде сахнаға алып шығу тарихта бірінші рет орын алғалы отыр-ау. Сондай-ақ, қойылым барысында қолданылатын алуан түрлі бейнелер мен кескіндер, анимация элементтері бейжай қалдырмайды. Көркемдік-қойылымдық жұмыстарға Виктор Караре сынды танымал жан жетекшілік етсе, ал суретші сценографы көзі тірісінде аты аңызға айналған Эцио Фриджериоңыздың өзі ғой. Көрерменге мұнан асқан сый бола ма?!
– Сіздің шығармашылығыңыз үшін бұл спектакль қандай рөл атқарады?
– Спектакль испан әдебиетінің әлемге әйгілі інжу-маржаны желісінде дүниеге келгендіктен мен үшін оның орны қашанда бөлек. Сосын жалпы испандықтар жаратылысында тым байсалды халық болып саналады. Сол себепті Дон Кихот бейнесі олардың дүниетанымында ерекше тұлға. Авторға әрдайым қарапайым халыққа қол ұшын созып жүретін адамдардың басынан кешкен оқиғалары шабыт берген. Басты кейіпкер тек өз әлемімен, қиял-аңсарымен өмір сүреді, сондықтан кейде айналасындағының бәрінен үрейленеді, тіпті, қарапайым жел диірменнің өзінен аспаннан қара бұлт төнгендей қауіптенеді. Біздің тарих – тағдыры Испаниямен тамырлас, ұқсас. Бәлкім, менің өмірімнің, рухани өзегімнің ұзақ жылдар Испанияның Мадрид, Барселона, Севилья және басқа қалаларымен біте-қайнасып кеткендігінен солай болар. Тіпті, олардан өзіме сондай жақындықты сеземін. Мен үшін Испания мен Италияның екеуі бірдей қымбат. Осы атмосфераға үйренгенмін. Мұндағы «Дон Кихоттың» көпшілікке беймәлім өте сирек үлгілерін жиі тамашалап шабыттанған сәттерде сондай ғанибет. Онда мен балетті аса күрделендірмей, барынша испандықтарға тән жеңіл ырғақта көрсетуге тырысып бақтым.
– Өз еліңізден тыс жердегі «Дон Кихотпен» алғаш рет қауышып отырсыз ба?
– Солай-ақ дейін. Қайран, Рудольф Нуриев орындалмай қалған бір арман-үмітін өзімен бірге ана дүниеге ала кетті. Ондай-ондай өкініштер өмірде көп-ақ. Ол қайтыс болардың аз-ақ алдында менімен және жұбайым – суретші-сценограф Эцио Фриджериомен «Дон Кихот» балетін қоюға ниет білдірген еді. Осы жобаға қол жеткізе алмай қалғаным үшін уақыттан әлі де еселеп өшімді алғым келеді.
– Балет өнерінің бағы тек классикалық үлгідегі спектакльдермен байланып қалмай, ол кейінгі кезде небір заманауи жанрлармен жаңғырып жатқан жоқ па? Соған орай сіздің дизайныңыз да ұдайы өзгеріске ұшырап отыратын болар?
– Мұны, негізі, қоюшы-маманның қиялы шешеді. Ал «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратовамен бірге осымен екінші спектакльді дүниеге әкеліп отырмыз. Балеттің хореографиясы алғашқы нұсқадан соншалық алшақ кете қойған жоқ. Бірақ, соған қарамастан, толық қайталау емес, ол – өзіндік ережелері толық сақталған классикалық хореография. Өйткені, «Дон Кихот» спектаклі – заманауи ағымның жетегіне үнсіз еріп кете қоймайтын дәстүрлі Испания тағдыры.
Мені жұрт бояу түстеріне қарап тез таниды. Жұмысымда мұны үнемі молынан пайдаланамын. Бұл қойылымда қызыл, қара және басқа да алуан түстер мейлінше қанық түрінде көрініс табады.
– Бас-аяғы қанша костюм тіктіңіз?
– Спектакльдегі костюмдер санының ұзын-ырғасы – 200-ге жуық, бұларды біз «Астана Опера» театрының шеберханасында әзірледік.
– Матаның сапасына қаншалықты мән бересіз? Жалпы, сіз үшін қандай материалдар өте ыңғайлы?
– Дизайншы үшін бұл – қазіргі таңдағы өте өткір мәселе. Театр қойылымына лайықты көп мөлшердегі матаны табу әрекеті мені қай қиырларға сапар шеккізбеді дейсіз. Ал сырттан әкелінетін маталардың дені тікелей сән әлеміне көбірек тиімді. Италияда мұның оп-оңай шешілетін себебі, әлі күнге дейін балетке лайықты жібек тоқитын фабрикалар жұмыс істейді. Керегіңізді тез тауып ала қоюыңызға, тіпті, өзімізге қажетті матаға алдын-ала тапсырыс беруімізге де ыңғайлы.
Елордалық театр қойылымына біз негізінен табиғи маталарды пайдаландық: балериналарға жібектің сан алуан түрін таңдасақ, ал миманс орындайтын көпшілік үшін мақтаны місе тұттық.
– Театр ұжымы туралы не айтасыз?
– «Астана Опера» театрының балет труппасымен біраз жылдан бері таныспын, әрине. Олардың маған осылай шексіз сенім артқанына қуанамын. Мұндай түсіністіктің түбі – әрдайым жетістік. Мен өзім өнер адамдарының бір-бірін демеп, қолдап жүргендерін қалаймын. Олай болмаса, біз ортақ табысқа қол жеткізе алмаймыз. Жастармен тіл табысқан, сырласқан қандай әсерлі! Қысқасы, «Астана Опера» театрында жұмыс істей жүріп өмірдегі көп нәрсеге көз жеткіздім. Сол үшін ұжымды үйімдей ұнатамын. Мен бұлармен бірге өнерді солай шынайы бағалай алғаным үшін қуаныштымын... Ақ көңіл, таза жандармен достастым. Олар маған бауыр басты. Осы ыстық ұядан ұзап ұшып кеткің келмей тұрады.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Суретте: Франка Скуарчапино