• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
26 Қараша, 2016

Ердің атын еңбек шығарады. Фахриддин Қаратаевпен сұхбат

1883 рет
көрсетілді

Оны татқан адам қор болмайды Ердің атын еңбек шығарады. Әрбір адам еңбегінің арқасында ғана биік белестерді бағындырады. Соның бір дәлелі – біздің бүгінгі кейіпкеріміздің еңбек жолы. Фахриддин Қаратаев еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, Парламент Мәжілісі депутаттығы деңгейіне көтерілді. «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Фахриддин Қаратаевпен біздің бүгінгі әңгімеміз де еңбек тақырыбы төңірегінде өрбіді. – Фахриддин Әбдінабиұлы, адам қандай жетістікке де еңбек арқылы жете­тіні сөзсіз. Өзіңіз еңбек жолын қашан бастадыңыз? – Оңтүстік Қазақстан облысының Сай­рам ауданы, Көлкент ауылдық округінің Ақсуабат бөлімшесінде дүниеге келдім. Оңтүстікте адамның еңбекке деген құш­тар­­лығы бала кезінен басталады десем, артық айтқандық емес. Әже-әпкеле­ріммен бірге ең алғаш рет мақта теруге шыққаным есімде. 4-5 жастамын. «Мен де мақта теремін, маған да мақта салатын қап беріңдер» деп жыла­ғанымды үлкендер әлі күнге дейін айтып, күлдіріп отырады. Жастайымнан өзімнен кіші іні­леріме қамқор болдым. Кейін менің жолымды іні­лерім жалғастырып, олар да кішіге қамқор, еңбекқор болып өсті. Қазір олар ауыл шаруа­шылығы саласында, әртүрлі қыз­метте еңбек етіп жүр. Бала кезден еңбектің дәмін татқан адам өмірде қор болмайды деген осы. Үйде он бала болдық. Көкем мен анам­ның тапқан айлығы жете бермейді. 7 сыныпты бітірген соң, жаз бойы шөп жинауда жұмыс істедім. 14 жаста болсам да үлкен жігіттермен бірдей еңбек еттім. Өзі­міз­дің 7-8 сотық кішкентай учас­­кеміз болды, бау-бақшамен айна­лыстық, жинаған өнімдерді қысқа дайындаймыз, артығын сатамыз. Одан түскен ақшаға ата-аналарымыз бізге киім-кешек, азық-түлік са­тып алады. Азын-аулақ малымыз да болды, солар күнкөрісімізге жарап тұрды. – Қай жоғары оқу орнын бітір­діңіз? – Оқудағы жетістігің де еңбекпен келетіні белгілі. Соған орай бір мысал. Біз өз­бек мектебін бітірдік. Әдетте, біздің мектеп­тің түлектері Ташкентке оқуға түсе­тін еді. Ал мен мектептен кейін Жамбыл тері зауы­тына жұмысшы болып орналастым. Оқы­сам, қор болмайтынымды, табысқа қол жеткі­зетінімді де білдім. Жұмыс орнымнан жолдама алып, екі айдан соң Жамбыл технологиялық жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтының (қазіргі таңда – университет) кешкі факультетіне оқуға түстім. Күндіз жұмыс істеп, кешке оқып жүрдім. Ол кезде сырттай оқып жүріп, брига­дир, өндіріс шебері қызметіне тағайын­далғандар да болды. Бірақ, мен оқуды бітіріп, туған жеріме, аудан орталығындағы тері илей­тін өндірістік комбинатта еңбек еттім. Шопан­дарға тон тігумен айналыстық. Бір жылдан кейін басшылар еңбегімді және қабілетімді бағалап, бригадир, одан кейінгі жылдары аға шебер, жабдықтау және өткізу бөлімінің бастығы қызметтеріне тағайындады. КСРО тарап, нарықтық экономика бастал­ған тұста тағы да қиындыққа кез болдық. Өндіріс орны тоқтап қалды. – Сол тұста еңбек жолым басқа арна­ға бұрылды десеңізші... – Иә, бала кезімде еңбек еткен Фрунзе атын­дағы кеңшарға бас инженер болып бардым. Жаңа жұмыстың қыр-сырын меңгеру үшін тыным таппадым. Оқып, іздендім. Ұйымдастырушылық қабілетімізді таныта білдік. Трактор, машина, комбайндардың құрал-жабдықтары, қозғалтқышы туралы кітаптарды оқыдым. Бір механизатор тракторын жөндеп жатса, жанына барып, қалай жөндейтініне қарап тұрдым. «Мен инженермін» демей, жөндеу жұмыстарына кірісіп кететін едім. Соның арқасында ауыл шаруашылығы техникасы орақ науқанына сақадай-сай тұратын. Ұйымшылдықтың нәти­жесінде кеңшарымызда еңбек өнім­ділігі де артып, аудандағы үздік шаруа­шылықтың біріне айналды. 1996 жылы Сайрам ауданы әкімдігіне шақырды. Аудан басшысы: «Еңбек жолың­­ды көрдік. Ауыл әкімі болып қыз­мет атқара аласың ба? Бізге өзіңдей жастар керек», – деді. Маған сенім білдір­геніне рахметімді айтып: «Аянбай еңбек етуге даярмын. Бірақ, бастапқы кезде сіздер де көмектессеңіздер екен», – дедім. Осылайша, Қарабұлақ ауыл­дық округінің әкімі қызметіне тағайын­далдым. Әуелі үш ай әкім қызметін уақытша атқардым. Не керек, ауыл әкімі болып 9 жыл қызмет жасадым. Ол кезде аудан бойынша ауылдың ең жас әкімі едім. Ол бір ең қиын кезең болатын. Үнемі халықтың арасында болып, Елбасының саясатын же­т­кізіп, олар­дың ертеңге деген үміт-сенім­дерін ояту үшін бар күш-жі­­герімізді жұмсадық. Ұйым­шыл­­дық­пен еңбек етсек, барлық қиын­дық­тарды жеңе білетінімізді түсін­дірдік. – Қиындықтарды жеңу үшін қандай істерді қолға алдыңыздар? – Көп жұмысты асарлатып іске асырдық. Мұсылман қауымында қиналған адамдарға қамқорлық жасау сауапты іс болып саналады. Бұл – өзбекте де, қазақта да бар дәстүр. Асар жасау – халықтық қағида. Ел­дікті білдіретін іс. Сол тұста біз де асарлатып көп адамдарға тұрғын үй салып бердік. Қаншама мұқтаж адам ел қатарына қосылып, бүгінде бәрі де өсіп-өніп, үлкен бір әулетке айналды. Ауылда 60-тан астам соғыс ардагері болды. Шағын кәсіпкерлікті дамыту арқы­лы ардагерлерге қолдау көрсеттік. Шағын диір­мендер алып, ауылдағы жігіттерге жұмыс та-уып бердік. Мал бағатын орындар аштық. Ет, сүт өнімдері өзімізде өндіріле бастады. Еңбегіміз де жанды, тұрғын­дардың алғысын да алдық. Осы орайда, Елбасымыздың «Қай қоғамда да адам өз еңбегімен қадірлі» деген сөзі тілге оралып тұр. Еңбектің көзін таба біл­­сеңіз, қоғамға да, елге де қадірлі болаты­ныңыз ақиқат. – Өз ұрпағыңызға қандай ақыл-кеңес беріп жүрсіз? – Балаларыма: «Біз сендерді адал еңбек, маңдай терімізбен тапқан табысымызға бағып келеміз. Сендер де жетістікке еңбек­пен жетуге болатынын ұғыныңдар», деп айтып отырамын. Енді бүгінгі таңда ұл-қыз­дарымыз еңбек етіп, тәрбиелі адам болып шыққандарына қарап, Аллаға тәубе деймін. Қазір немерелерімізге де ізгі тәр­бие беруге атсалысудамыз. Елбасының «Тегін дүние мен жатып­­­і­шерлік құндылықтардың бәсін түсіріп, еңбектің мәнін кеті­реді, адамды босаңсытып, оның өміршеңдігін төмендетеді» деген ой-толғамын әрқа­шанда есте ұстағанымыз жөн. Сондай-ақ, ұлт­тық салт-дәстүрлерімізді, құн­ды­лықтарымызды бағалай білуге, мәде­ниетіміз бен өнерімізді құрмет­теуге үйретуіміз керек. Сонда ғана отаншыл, патриот азамат болып қалыптасады. Міне, Мәң­гілік елді құратын азаматтар осындай болуы тиіс. Елдің тыныштығы, бүгінгі бақытты заманымыз – бәрі халықтың ерен еңбегінің арқасында жүзеге асып отыр. – Ерен еңбек демекші, Елба­сымыз да еңбек мәселесіне баса ма­ңыз беріп отыр емес пе. Бұл жөнін­де не айтасыз? – Еңбек адамды тәрбиелейді, жақсы­лыққа бағыттайды. Еңбек әр адамды болашаққа бастайтын жол десек, қателеспейміз. Елбасы­ның өмір жолына көз салсақ, қаншама қиындықты жеңе білгенін, өз ортасында көшбасшы бола жүріп, болашаққа деген сенімі өте зор болғанын көреміз. Ол жастық ша­ғында Теміртау магниткасында жұмыс жасап, бет қаратпайтын мың градустық пештің түбінде темір балқытып, аянбай еңбек етті. Бір сөзбен айтқанда, Елбасымыз – от пен жалынның ішінде шыңдалған адам. Сол кезде қалыптасқан еңбекқорлық қасиет оны үлкен дәрежеге жеткізді. Мемлекет басшысының өмір жолы – бәрімізге де үлгі-өнеге. Өмір­ден түйгені мол Елбасының «Еңбек – өмірдің ұстазы. Ерен еңбектің терең сабағын алған сайы­н елдің әл-ауқа­ты артып, қуаты күшейе береді» деген тұжы­рымды ойы бар. Ерді азамат қылатын да, елді дамытатын да еңбек екені Елбасымыздың осы қанатты сөзінен көрініп тұр. Еңбекқор адам бастамашыл келеді. Шынымен де, Елбасының өмір­шең бас­тамалары өте көп. Соның бірі – Мәңгілік Ел идеясы. 2050 жылға қарай Қазақстан дамы­ған 30 елдің қатарында болуы керек. Елбасы мемлекет алдына осын­дай асқаралы міндет қойып отыр. – Өзіндік өмір жолы­ңыздан сыр шерте отырып берген сұхба­тыңызға рахмет. Де­пу­­тат­тық қыз­ме­тіңізде табыс ті­лей­міз. Әңгімелескен Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»