Кеше Астанадағы Ұлттық музейде VII Азаматтық форум өтті. Қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара ықпалдастықты дамытуда ерекше орны бар бұл жиын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ұйымдастырылды.
Форумға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов, Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, сарапшылар, халықаралық ұйымдардың, республикалық және өңірлік ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Азаматтық қоғам дамуының жағдайы және перспективалары» тақырыбында өткен форумның пленарлық отырысында Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиын делегаттарына арнаған құттықтау хатын оқып берді. «Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейлі белесінде біз бүкіл ел болып Қазақстан жолының қорытындыларын шығарудамыз. Оның орасан мол табысының елеулі бөлігі азаматтық секторға тиесілі. Сіздердің белсенді және жасампаз еңбектеріңіз әрдайым қоғамымыздың әл-ауқатын арттыруға және Тәуелсіздігіміздің нығаюы жолына жұмсалсын!», – делінген Президенттің хатында.
Бұдан кейін сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов бүгінгі таңда күллі Қазақстан бойынша 18 092 үкіметтік емес ұйымдар тіркелгенін айта келіп, олардың ішіндегі 8 307 ұйым белсенді жұмыс істейтіндігін жеткізді. Бұл жалпы көрсеткіштің 40 пайызын ғана құрайды.
– Елдегі ҮЕҰ-ның негізгі құрылымы көп жағдайда азаматтарды толғандыратын проблемаларды сипаттайды. Бұл тұрғыда біз үкіметтік емес секторларды қуаты мен қабілеті жағынан қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші бола алатын ниеттестер қауымдастығы деп білеміз, деген И.Тасмағамбетов Қазақстан бойынша белсенді үкіметтік емес ұйымдар желісі дамыған 5 өңірді ерекше атап өтті. Олар – Астана, Алматы қалалары, Ақтөбе мен Жамбыл және Оңтүстік Қазақ-
стан облыстары.
Жалпы, қазіргі қоғамымызда осы тақылеттес ұйымдар тұрақты негізде 27 мың адамды жұмыспен қамтыса, олар ұсынатын қызметтің негізгі түрлері әлеуметтік саланың барлық бөлігін қамтиды. Атап айтқанда, жастар саясаты мен балалар бастамасы, халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобын қолдау, білім және ғылым, спорт және дене тәрбиесі, саламатты өмір салтын насихаттау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, гендерлік мәселелерді шешу, қоршаған ортаны қорғау, өнер мен мәдениетті дамыту саласында жұмыс жасайтын ұйымдар, сондай-ақ, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға, тарихи-мәдени құндылықтарды қорғауға, мемлекеттік тілді дамыту, демографиялық проблемаларды шешуге бағытталған қоғамдық бірлестіктер болып кете береді.
Десек те, Премьер-Министрдің орынбасары өз сөзінде жоғарыда аталған әлеуметтік сала сатыларының ішіндегі білім беру жүйесіне ерекше тоқталды. Оның маңыздылығына басымдық бере сөйлеген ол, қазір бұл салада жаңғыртудың жаңа кезеңі басталғанын баяндады.
– Нақтырақ айтқанда, 2016 жылдан бастап 2019 жылға дейін орта білім ұйымдары жүйесінде кезең-кезеңімен оқытудың жаңа мазмұнына көшу жоспарланған. Жаңа оқулықтар, бағдарламалар мен оқыту әдістері механикалық оқытудан функционалдық сауаттылыққа бағытталады. Яғни, өз білімі мен дағдыларын логикалық қолдануға үйрететін болады, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Сонымен қатар, форум мінберінен маман даярлау мақсатында Ұлттық біріңғай тестілеу жүйесін жетілдіру, бітіру емтихандары мен ЖОО-ға түсу емтихандарын бөлуді қарастыру жайы да айтылды. Мұнда негізгі басымдық бітірушілердің терең білімін, білімнің жүйелілігі, толықтығы, талдау, қорыту, жіктеу мүмкіндіктерін анықтайтын дағдыларды тексеруге бағытталатындығын айта кеткен жөн.
Сол сияқты, кәсіптік және техникалық білім беру саласында мамандарды даярлаудың дуалды жүйесіне көшу жүзеге асқан болса, келер жылдан бастап бұл жүйе тегін жұмысшы мамандықтарын оқыту барысында теория мен практика арасындағы кемшілікті жоюға көмектеседі деп күтілуде.
– Қазір жоғары білім беру саласында ЖОО-ның автономдылыққа көшуі және олардың академиялық, қаржылық тәуелсіздігін кеңейту жүргізілуде. Өздеріңіз байқап отырғандай, барлық білім беру желісі жаңғыртылуда. Осы орайда, аталған жаңа өзгерістерді ендіруде талқылау, талдау, нақтылау процесіне өздеріңізді белсене қатысуға шақырамыз. Сондай-ақ, заман талабына сай, әлемде бірінші орынға қосымша қабілет пен дағдыларды қоятын түбегейлі трансформация жүріп жатқанын ескеріп, бұл мәселеге де қызу атсалысуларыңызды қалаймыз. Өйткені, қосымша білім берудің үлкен сұранысқа ие болуы қуантарлық жайт. Мәселен, бір ғана Астанада 271 дамыту орталығы жұмыс жасағанымен, өкінішке қарай робототехника, компьютерлік бағдарламалау және графика сияқты техникалық мамандықтар бойынша қосымша білім беру қызметі мүлдем аз болып отыр, – деді Вице-премьер.
– Сондықтан да техникалық мамандықтар бойынша қосымша білім беру қызметі мүлдем аз болғандықтан, осы олқылықтың орнын толтыруға азаматтық сектор және бизнес құрылым өкілдерін аталған қызметке жедел қосылуға шақырамын. Себебі, осы бағыттағы жобаларды әзірлеу өте тиімді болар еді деп санаймын, – деген Иманғали Тасмағамбетов келер жылдан бастап белсенді әрекет еткен ҮЕҰ-ға сыйақы берілетіндігін тілге тиек етті.
– Біз 2017 жылдан бастап Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдарға сыйақы беруді жоспарлап отырмыз. Бұл сыйақы ұйымдардың жарғылық мақсаттарына, институционалды дамуына, қызметкерлердің біліктілігін көтеруге, бірлестіктің материалдық базасын нығайтуға жұмсалатын болады. Үкіметтің атынан берілетін сыйақы қоғамдық ұсыныстар мен олардың қызметін бағалауды ескере отырып, әлеуметтік жобаны сәтті жүзеге асырған ұйымдарға ғана беріледі. Ал оған үміткерлерді іріктеу құзыретті орган жанындағы ҮЕҰ-мен іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінде жүргізіледі. Сыйақы алуға өтінім жолдаған әрбір ұйым кеңес мүшелері мен тәуелсіз сарапшылардан құралған сараптау комиссиясының бағалауынан өтеді, – деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы ҮЕҰ туралы заңның қабылдануымен «ҮЕҰ үшін грант» түсінігі енгізілген болатын. Содан бері гранттарды беруді гранттық қаржыландыру операторы ретінде – «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жүзеге асырып келеді. Ал биылғы жылда ҮЕҰ грант беру үшін 208 млн теңге қаржы бөлінген. Тамыз айында оператор 11 жоба бойынша байқау өткізіп, жеңімпаздар қазіргі уақытта жобаны жүзеге асыруда.
Осымен жетінші рет ұйымдастырылып отырған аталмыш форумдағы сөзін қорытындылаған Иманғали Тасмағамбетов атажұртқа көшіп келген шеттегі қандастарымыздың саны 6 есеге артқанын жеткізді.
– Сіздердің назарларыңызды тағы бір өзекті бағыт – Қазақстанға келген отандастарымызды әлеуметтік бейімдеу мәселесіне аударғым келеді. Алайда, мемлекет пен ҮЕҰ өз әлеуетін бұл мәселеде де дұрыс қолдана алмай отыр. Биылғы жылы елімізге 11 мың отбасы көшіп келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 есе көп. Отандастарымыз құжаттарды рәсімдеу, білім алу, әлеуметтік бейімделу тұрғысында көмекке зәру. Дәл осы мәселеде ҮЕҰ-ның рөлі ерекше маңызды деп білемін. Өйткені, оралмандарды жаңа қоғамға әкімшілік механизмдерді қолдана отырып бейімдеуге болмайды. Мұны тек оларды бірте-бірте қоғамдық құрылымдарға тарту арқылы жүзеге асыруға болады, – деді Вице-премьер.
Форум барысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов, Форум жұмысшы тобының басшысы Айгүл Соловьева, Ақтөбе облысы Үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті Айгүл Дүйсенова, Қостанай облысындағы «Перекресток» қоғамдық қорының төрағасы Алексей Куликов, Қарағанды облысы Азаматтық альянсы қоғамдық бірлестігінің директоры Наталья Вшивцева сөз сөйлеп, азаматтық қоғамның ел Тәуелсіздігі жылдарындағы атқарған қызметі, оның рөлі жөнінде айтып берді.
Мәселен, ақтөбелік Айгүл Дүйсенова 25 жыл ішінде үкіметтік емес ұйымдар тәуелсіз елімізбен бірге есейіп, белсенді азаматтық қоғамға айналғанын, көптеген жұмыстар аталған құрылымдардың көмегімен жүзеге асырылып жатқанын айта келіп, Ақтөбе облысында қазіргі кезде азаматтық сектор мен жергілікті биліктің қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілгенін сөз етті.
– Жасыратыны жоқ, биылғы жылы Ақтөбе қаласында болған оқиғалардан кейін бүкіл елдің назары бізге ауды. Бұл жағдай барлығымыз үшін үлкен сын болды. Бұл оқиғаның орын алуына барлығымыз жауаптымыз. Дегенмен, аталған жағдай бізді, Ақтөбе жұртшылығын одан әрі біріктіріп, жұмылдыра түсті. Сондықтан «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», терроризм, экстремизм індетімен қоғам болып, ел болып күресуіміз қажет. Қазіргі әлемде түрлі құбылыстар орын алып жатқан кезде, ең басты міндет – бірлігімізді сақтап, ел игілігі жолында аянбай еңбек ету. Мұны бізден Мемлекет басшысы талап етеді, мұны қоғам талап етеді, – деді Ақтөбе облысының өкілі.
Форум аясында делегаттардың орталық мемлекеттік органдар басшыларымен кездесуі өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылын және әлеуметтік қызмет көрсету сапасын жетілдіру мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, форум барысында үкіметтік емес ұйымдардың жетістіктерін көрсететін көрме ұйымдастырылды. Онда Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасуы мен нығаюындағы қоғамдық бірлестіктердің қосқан үлесі таныстырылды. Сондай-ақ, республикалық «Таным» байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Қорытындылай айтқанда, VII Азаматтық форумның делегаттары өздерінің барлық күш-жігерлерін ел дамуы үшін жұмсауға ниетті екендерін білдіре отырып, алда атқарылуы тиіс міндеттерін белгіледі.
Жолдыбай БАЗАР,
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»