Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов ұлтының ұлылығына, халқының қадір-қасиетіне сүйсінген бір тұста: «...Шалқайса – тарих шыңы бар, еңкейсе – иен елі бар», деген екен. Шынында, бізді төрткүл дүниеге танытып отырған сол тарих пен тәуелсіздік. Санамызға күн сәулесіндей шуақты шұғыласын құйған егемендігіміздің 20 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігі: қалыптасуы мен даму көкжиегі» деген тақырыпта алғаш рет желі тартқан тарихшылардың тұңғыш конгресі кеше елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тұңғыш Президент залында өтті.
Бұл алқалы жиынға ұйытқы болған Білім және ғылым министрлігі екенін, соңғы кездері бұл лауазымды мекемеде осындай рухани құндылықты сөз ететін зиялылар қауымының жиі бас қосып жүргенін атап айта кетсек дейміз.
Қазақ елі тарихшыларының алғашқы конгресіне Парламент Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, тарихшылар, ғылыми зерттеу институттарының басшылары, өзге де ұлт руханиятына өз үлестерін қосып жүрген азаматтар қатысты.
Алғашқы сөзді Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев алып, тұңғыш рет өтіп отырған тарихшылар конгресіне қатысушыларды Әкімшілік атынан құттықтады. Бүгінгі бұл конгресс ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Тақырыбы айтып тұрғандай, еліміздің қалыптасуы мен алдағы көкжиегі туралы мазмұнды әңгімелер, салиқалы пікірлер қозғалады деген сенімдемін. Жалпы, еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі тарих ғылымына біраз мүмкіндіктерді ашып берді. Кеңестік кезеңде тарих көбінесе коммунистік идеологияның ықпалында болып, көп нәрсе сол тұрғыда жазылды. Егемендігімізбен бірге біз өзіміздің шынайы тарихымызды қалыптастырып жатырмыз, дей келіп, Мәулен Сағатханұлы Қазақстан тарихы, еліміздің тарихы сан ғасырлар қойнауынан тамыр тартатынын тілге тиек етті. Сақ, ғұн дәуірлеріне бойлап, Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Соңғы 20 жылдың өзі жеке тарих екенін, оның ішінде елдік шекарамыздың халықаралық құжат деңгейінде бекітілгенін, Ата Заңымыздың қабылданғанын, Арқа төсінен елорданың бой көтергенін, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, Астана Саммитін абыроймен жоғары дәрежеде өткізгенімізді таратып айтып, тарихты білу арқылы тарихи сана қалыптасады, тарихи сана арқылы ұлттық сана өсіп жетіледі, ұлттық санамыз биік деңгейге көтерілсе, егемендігіміз мықты болады, деп сөз аяғын түйді.
Ал Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мамандығы математик болса да тарих ғылымының өткені мен бүгініне тереңдеп барып, оны білім беру ісімен ұштастырап, мәнді баяндама жасады. Ол өзінің баяндамасында 20 жыл көне тарих үшін қас-қағым сәт екенін, алайда, Қазақстан аз уақытта ғасырға бергісіз даму жолынан өткенін, Отанымыз экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалардың нәтижесінде еңселі мемлекетке айналғанын айтты.
Тәуелсіздіктің тұғырын бекітіп, еліміздің даму жолын айқындап берген Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатын бүкіл әлем мойындады. Тарихи сананы қалыптастыру, тарих ғылымын жетілдіру Елбасының көреген саясатының басым бағыттары болып келеді, деген ол одан әрі Президенттің бастамасымен 1995 жылы «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы» қабылданғанын, 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жарияланғанын, ал 2004 жылғы 13 қаңтарда «2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы өмірге келгенін жеткізді.
Министр бұдан кейін кеңестік дәуірдің тар шеңберінде қалған тарихымызды әлемдік биікке көтеру мәселесін қозғап, Қазақ елі көшпелілер өркениетінің орталығы, түркі халықтарының атажұрты ретінде әлемге таныла бастағанын, осындай жағдайда өткен тарихымыздың шынайы бейнесін жасау ұлттық идеямыздың құрамдас бөлігіне айналуы қажеттігін назарға сала отырып, ұлт бірлігі мен отаншылдыққа тәрбиелеудің басты факторларының бірі тарих екенін, оның халықтың зердесі, қайнар күші екенін атап көрсетті. Әр халық өз тарихынан қуат ала отырып, жасампаздыққа бастайтын шабыт алады, деді ол.
Б.Жұмағұлов жаһандану мен әлемдік бәсекелестік қазақстандық тарих ғылымына да бұрын-соңды болмаған міндет жүктегенін: «Қазақстан қандай бағытта дамуда?» «Біз қандай қоғам құрдық?» деген мәселелер күн тәртібінде тұрғанын айтып, бірінші кезекте ұлт тарихын зерттеу методологиясын жетілдіру қажеттігіне тоқталды.
Методология – тарихи шындықты дәйектеуге арналған заңдылықтар мен әдіс-тәсілдер жиынтығы екені белгілі. Тәуелсіздік тарихының методологиясын қалыптастыруда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі зор. Президенттің «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Қазақстан жолы» еңбектері жаңа дәуірді түсінудің, зерттеудің негізін қалыптастырды. Елбасының бастамасымен жүзеге асқан ірі саяси оқиғалар ел тарихының жаңа кезеңдеріне негіз болды, деген министр келесі іргелі мәселе – Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу кезеңдерін дәйектеу екенін алға тартты.
Бұдан кейін Қазақ тарихын дәуірге бөлу туралы әртүрлі пікірлердің барын, бұл тұрғыда кәсіби тарихшылар қауымы нақты деректер негізінде ортақ тұжырымға келгені жөн екенін, мұндай қадамның болашақ үшін маңызы өте зор деген байламын көлденең тартты.
Ол тағы бір өзекті мәселе – ұлттық тарихты оқыту жайын қозғады. Оқу материалдары мен оқыту әдістері өзгеріп отыратыны белгілі. Бірақ тарихты оқытудың басты қағидасы – фактілерге сүйену өзгермейді. Сондықтан, оқулық пен мамандарды дайындауда тарихшылар бірігуі тиіс. Бұған ғылыми әлеует те, материалдық мүмкіндік те жеткілікті. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, Ә.Марғұлан атындағы Археология және этнография, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану, сондай-ақ Мемлекет тарихы ғылыми-зерттеу институттарында беделді тарихшылар еңбек етуде. Енді осы орталықтар ұлттық университеттермен бірігіп, Қазақстан тарихы бойынша іргелі еңбек дайындаса, нұр үстіне нұр болар еді.
Тағы бір ерекше назар аударатын мәселе – тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеу және оқыту десек, бұған негіз болатын тәжірибе елімізде бар екенін, Мемлекеттік егемендік туралы декларациядан бастап, «Жол картасына» дейінгі аралық тұтас бір тарихи кезең екенін алға тартты.
Б.Жұмағұлов Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен ұштас келіп отырған өзге де атаулы күндерді жұрт назарына салды. Тарихты зерттеумен қазір 4 институттың айналысып жатқанын, оның үшеуі егемендік жылдары ашылғанын, бұл ел тарихын зерттеуге деген ерекше қамқорлық болғанын да жеткізді. Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша біраз елдерге, оның ішінде Қытай, Моңғолия, Иран, Түркия, Египет, Батыс Еуропа елдеріне экспедициялар ұйымдастырылғанын, Каирде Бейбарыс бабамыздың мешіті, медресесі, кітапханасы қалпына келтіріліп жатқанын еске салды. Осының бәріне жаңа қабылданған «Ғылым туралы» Заң өз септігін тигізіп отыр. Осы құжат аясында ендігі жерде тарихшы ғалымдар елдік істе үлкен қадамдарға баруы қажет.
Қазір тарихқа байланысты кітаптар шығып жатыр, оны болашақта жүйелі сараптаудан өткізу керек, әрбір деректі тиімді пайдаланған жөн. Әсіресе, жас ұрпаққа білім беріп жатқан оқулықтар мен әдістемелерді жазғанда екіұшты пікірге жол бермеу керек, ондай жағдайлар кездесіп жатса, жас ұрпақты адастыратынымыз анық. Сондай-ақ министр жоғары оқу орындарындағы ғылыми зерттеу жұмыстарын жетілдіру жайына келгенде, алдыңғы толқын аға ғалымдар кейінгі жастарды ғылымға тартса, бұл игілікті іс күні ертең өз жемісін беретініне нақты дәлел-дәйектер келтірді.
Министрлік тарих ғылымының дамуына қамқорлық көрсетуге қашан да әзір. Егер сүбелі жобалар түсіп жатса, оған бірінші кезекте мүмкіндік жасалады. Менің мамандығым математик болғанмен, ел тарихы, Отан тарихы, Тәуелсіз еліміздің бүкіл болмысы қашан да жадымда жаңғырып тұрады. Қай мамандық иесі болса да ел тарихын жетік білуі тиіс, патриоттық сезіміміз, ататегіміздің түп тамырын, жеткен жетістіктері мен алға қойған мақсаттарын білмейінше, еліміздің кез келген саласында қызмет істеу әсте мүмкін емес. Сондықтан да ғылыми мектептердің базасын нығайтып, үздік кәсіби тарихшыларды көтермелеу – басты міндет. Сол секілді жұрт көңілінен шыққан, сауатты жазылған монографияларға, жас ғалымдардың еңбектеріне бағалы сыйлықтар берілетін болады. Бұл тарихшылар конгресі бір реттік науқан емес, алдағы уақытта жалғасын тауып отырады, деді министр.
«Тәуелсіздікке – 20 жыл және Қазақстанның тарих ғылымы» деген тақырыпта сөз алған Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркітбай Аяған тәуелсіздік жылдары отандық тарихнамада ізденістер мен зерттеулер мазмұны түбегейлі өзгергенін, осылайша мемлекет саясаты елдің негізі болған қазақ халқының тарихы мен билік дәстүрін сақтаған Отан тарихын жазуға зор мүмкіндік бергенін айтты. Ол, сонымен қатар, конгресте үш мәселені көтерді. Оның біріншісі –Отан тарихы методологиясы, екіншісі –тарихты дәуірлеу, үшіншісі – тарихты оқыту мен зерттеу.
Ал Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Ханкелді Әбжанов Отан тарихының методологиялық мәселелерін қозғады. Ғалымның бұл мақаласы газетіміздің кешегі, 16 қыркүйек күнгі нөмірінде жарияланған еді. Сондықтан оған тоқталуды артық көріп отырмыз.
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Меруерт Әбусейітова тарих ғылымы туралы әңгіме қозғағанда, Қазақстанның ұлттық басым бағыттар жайлы ой өрбітіп, дәл қазір Отан тарихын жазуда тарихшыларға жүктелген міндеттің зор болып тұрғанын, егер мұны абыроймен атқарған жағдайда мәртебелері артып, мерейлері өсіп, келешек ұрпақ алдында жүздері жарқын болатынын алға тартты. Ол, сонымен қатар, әлемдік тарихи ақыл-ойдың үздік жетістіктеріне ден қойып, озығынан алсақ, ұтылмайтынымызды да қаперге салды.
Пленарлық мәжілістен кейін бір топ ғалымға Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері төсбелгілері тапсырылды. Одан соң тарихшылар дөңгелек үстел басында оқулық мәселесін, ел тарихын түбегейлі зерттеу бойынша тәжірибе алмасып, ой бөлісті.
Сүлеймен МӘМЕТ.
-------------------------------------
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.
* * *
Конгреске қатысушылар сөз алады
ТАҒЫЛЫМ АЛАРЛЫҚ БАСҚОСУ БОЛДЫ
Ерлан СЫДЫҚОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, профессор.
Азаттығымызды алып, елдігімізді төрткүл дүниеге танытқалы да 20 жылдың жүзі болып қалды. Бұл айтулы кезең – отандастарымыздың қай-қайсысының болса да жүрегінен елеулі орын алатын айтулы мереке.
Қазақ елінің тарихы сонау арғы ғасырлардың қойнауында жатыр. Біз оны кеңестік кезең кезінде танып-біле алмадық. Енді барымыздың бағасын арттырып, жоғымызды түгендеген кезде қарасақ, қазақ өркениеті баяғыда қалыптасқан екен. Археологиялық қазбалар кезінде табылған қыруар құндылықтардан ұғатынымыз, біздің бабаларымыз осынау даланы тегін мекендемепті. Тіпті ой-санасының биік, талғамының жоғары болғанына көз жеткізгенде бұл неткен ғаламат халық деп таңқаласың.
Осындай халықтың, береке-бірлікке ұйыған жұрттың тарихын таразылау барысында еліміз бойынша атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз екені күмәнсіз. Жарияланып жатқан том-том кітаптар, зерттеу еңбектер, мемлекетіміздің түп қазығы тереңде екенін сездіріп қана қоймайды, мерейіңді өсіреді.
Ендігі жердегі бізге жүктелген мақсат пен міндет осы алтын арқаулы құндылықтарымызды жүйелей келіп, тәуелсіздік тарихымен ұштастыру болса керек.
Осы жұмысты кең отырып кеңесіп, алқалы жиында ақылдасып орындау мақсатында ұйымдастырылған Қазақстан тарихшыларының тұңғыш конгресінен алар тағылым аз болмайтыны анық. Бұл – тарихшылардың тәуелсіздіктен кейінгі тұңғыш басқосуы. Осы жиында ел тарихын зерттеп, зерделеу мәселесі жан-жақты әңгіме болды. Өткенімізді түгендей отырып, бүгінімізді сараладық, болашағымызға көз жібердік. Әсіресе, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың тарихшылардың басын қосатын бір ғылыми үйлестіру орталығын құру жөніндегі пікірі өте орынды деп білеміз. Бұл айтылған ұсынысты біздің университеттің аумағында жүзеге асыру тапсырылып жатса, оған әзір екенімізді жеткізгім келеді. Сонымен қатар, болашақта шығатын тарихи еңбектерге оқу орындарында қызмет жасап жүрген ғалымдарды, әсіресе, ой өлшемі биік жас ізденушілерді тартып жатсақ, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, бұл жиынның тарихшылар үшін берері мол деуге негіз бар.
* * *
МАҚСАТТАР АЙҚЫНДАЛЫП, МІНДЕТТЕР БЕЛГІЛЕНДІ
Бүркітбай АЯҒАН, Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор.
Тарихымызды таразы басында теңшеп, кейінгі ұрпаққа тапсыру бүгінгі біздерге жүктелген міндет деп ойлаймын. Әсіресе, тәуелсіздік жылдарынан басталатын тарихты жазу мәселесінде зиялылар қауымы кең отырып кеңесуі керек деп жүретін едік. Міне, сол жүзеге асып, бүкіл Отанымыздан келген 99 ғылым докторы мен 103 ғылым кандидаты Еуразия университетінде алқалы жиын өткізді.
Иә, қазіргі кезде ғылыми айналымға түскен зерттеулер санының еселенгені сонша, қағазға жазып үлгере алмай жатқанымыз байқалады. Бұл міндетті шешу үшін тарихты жүйелі зерттеуге мән берген дұрыс. Соған сәйкес инновациялық технологияны жетік меңгерген, бірнеше тілдерді білетін, ғылымға бейім кадрларды дайындау міндеті тағы бар. Жалпы, қазақ тарихын жергілікті халық өкілдерінен артық зерттеушілер болмайды деп есептеймін.
Қолда бар дүниелерге ерекше ілтипатпен қарау керек. Әсіресе, алыс-жақын шетелдерден қыруар ақшаға қайтарылған жәдігерлерімізге сәт сайын жанашыр болғанымыз ләзім. Осы арада менің ойыма Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біздің алдымызда осы жылдары табылған мұраларды кешенді түрде жан-жақты зерттеп, зерделеу міндеті тұр. Бүгінге дейін шетелдерден қазақ тарихына қатысты 5 мыңға жуық көшірмелер әкелінген екен. Шетел архивтерінде шаң басып жатқан мұрағаттарды қыруар қаржыға сатып алып, енді өз елімізде қайтадан шаңға көміп тастау ешбір қисынға келмейді», деген сөзі оралып отыр. Осы сөзден сабақ алуымыз керек.
Ел тарихы – жер тарихы. Жер тарихы – мемлекет тарихы. Қазақстанның біртұтас тарихын жазу ісінде, конгресте айтылғандай, бірлікте жұмыс істеуіміз керек. Менің тағы бір айтайын деген пікірім, тәуелсіз жас мемлекеттің жаңа тарихы 1991 жылдан басталады. Бұған келтірер дәлел-дәйектерім баршылық.
Отан тарихының сауатты жазылуы, бір ізге түсуі келешек үшін керек. Әр тарихшы өзінің дәйегін алға тартуымен шектелсе, онда ел тарихы даңғыл жолға түсе қоймайды. Тарихшылардың алғаш рет өткізіліп отырған мына конгресі де осыны негізге алған болуы керек. Қолдауға ие болған бір ғылыми орталық құру туралы пікірге мен де қосыламын. Мұны елдік іс деп білетін барлық азаматтар ұйымдасып жатса, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарса, еңсесі тік Отанымыздың ата тарихы ешқандай күмән туғызбай, артық сөзге бел алдырмай қалыптасатынына иманым кәміл.