Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев палаталардың бірлескен отырысында Парламент алдында тұрған заң шығармашылық міндеттің төрт блогын атап көрсеткен еді. Сол міндеттердің ішіндегі бірінші блокқа жататын электр қуатының шығыны 20 пайызға дейін барады дегенді Президент тектен-тек айтқан жоқ. Шынтуайтына келгенде, біздің тұрғындар жылуды, суды және электр қуатын үнемдеуге үйренбеген. Соның салдарынан ел бойынша осыншама ысырапшылық байқалып отыр. Сондықтан да «Энергия үнемдеу және энергияның тиімділігін арттыру туралы» заң жобасын қабылдау – дұрыс бастама, қолдауға әбден лайықты идея. Қарапайым лампаларды энергия үнемділеріне ауыстыру да осындай қажеттіліктен туындап отыр. Бұл қадам еліміз әл-ауқатының артып келе жатқанының бір көрінісі десе де болады.
Сондай-ақ Елбасы «Индустриялық-инновациялық қызметтерді мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасын қабылдау қажеттігін айтты. Аталған заңдық құжат Мәжіліске келіп түсті де. Ендігі мәселе инновациялық үдерістерді ынталандыратын тетіктерді заңнамалық қамтамасыз ету болып табылады. Мен осы ретте «жобалық қаржыландыру» амалын дұрыс деп есептеймін. Өйткені мұндай тетік мемлекет қана емес, жекенің де қаржысын жобаларды жүзеге асыруда жұмылдыруға мүмкіндік береді. Оның бір тиімді тұсы жобалардың жүзеге асырылу барысында қымбаттап кетпеуіне септігін тигізеді. Міне, осындай тиімді тетіктер заң жобасынан көрініс тапса деймін.
Сонымен қатар, отандық кәсіпорындардың пайдалы өнімдер шығаруы, олардың шетелдерде сатылуы үшін барлық жағдайларды қарастыратын нормалар заңдық құжаттан орын табуы тиіс. Биылдың өзінде 200-дей кәсіпорын ашылса, солардың өнімдері шетелге шығатындай деңгейде болғаны жөн. Әрине, олардың барлығының жұмысы қадағаланып отырғаны орынды.
Қайрат ИЩАНОВ,Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы.