• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2011

«Топдиму йуқотмадим»

720 рет
көрсетілді

(«Тап­тым, алайда жоғалтпадым») Жақында тегі түркістандық өзбек жазушысы Насыр Фазыловтың «Тап­тым, алайда жоғалтпадым» («Топдиму йуқотмадим») аталатын кітабына Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл жайында газетімізде қуанышпен хабарладық та («ЕҚ» 31.08.2011 ж.). Әдеби жолын қазақ әдебиеті классиктері шығармаларын өзбек тіліне тікелей тәржімалаумен бастаған ол бауырлас екі елдің арасындағы руханият көпірі секілді жазушы. Қаламгердің бұған дейін қоғамдық еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің татулық және келісім сыйлы­ғымен, тәржімандық еңбегі үшін Қазақстан Жазушылар одағының    Б.Майлин атындағы сыйлығымен марапатталуы да бірсыпыра жайды аңғартса керек. Енді, міне, туыс ел өзінің мемлекеттік сыйлығын даңқ­ты жазушыға екінші мәрте беріп отыр. Шығарма талқыға түскен сәтте жазушымен өзара сыйластықта жүрген әдебиет сыншысы Қ.Ергөбек арнайы мақала жазып, мақала өзбек тіліне аударылып жарияланыпты. Өзбек әдебиетімен бірге қазақ әдебиетіне де аудармашы райында үлес қосып, сырт жерде насихатшысына айналып келе жатқан жазушыны мәртебелі сыйлыққа ие болуымен қызу құттықтай отырып, жаңа туындысы кәделі сыйлыққа ұсынылған сәтте тілектестік орайында жазылған мақаланың қазақша нұсқасын жариялауды жөн көрдік. Біз, кешегі кеңестік кезеңде бүгінгі ТМД аталатын күллі мемлекеттердің жазушылары бір-бірімізбен тығыз ара­ласып, кездесіп, кеңесіп шұрқырасып жатушы едік. Газет-журналда қызмет істеген жылдары «Туысқан Айбектің туғанына сексен жыл толыпты, неге атамаймыз?», «Ғафур Ғұлам өлеңдерін қазақшаға тәржіме етуіміз керек. Өйт­кені, туысқан халықтың үлкен ақыны, үлкен сыйлыққа ұсынылыпты», – десіп қуанысып, бір-бірімізге айтып, газет бетінде мақала жазып жатар едік. Сол сияқты өзбек ағайын да ұлы Абайдың, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтің кезекті мерейтойларының ешқайсысын қапы жібермей, өзбек газет-журналдары бетінде насихаттап жатты. Олардың өзі дүниеден өткен соң 80, 90, 100 жылдық тойлары да Өзбекстанда ғылыми-теориялық конференцияға айналып өтіп жатты. Бұл жөнінен біз өзбек ағайынға дән ризамыз. Осындай кездесу, конференция өткізу мәселелерінде ұдайы себепкер болып жүретін азаматымыздың бірі – Насыр Фазылов. Бәлкім, Түркістан секілді бір қазақ қана емес, түркі халықтарына ортақ жерде кіндік қаны тамғандықтан ба, болмаса табиғатындағы бауырмалдық па, тіпті шығармашылық қадамын М.Әуезов, С.Мұқанов, Айбек, Міртемір ұнатқаннан ба – әйтеуір, әлгіндей қазақ-өзбек ұлт­тарының арасын байланыс­тырып, ұлы перзенттеріміздің шығарма­ларының туыс тілдің бірінен екіншісіне аударылуына себепкер болып жүреді. Олар дүниеден өтіп кеткен соң әдеби мұрасына арнап конференция ұйымдас­тыруды да Насыр аға ешкім міндет­темей-ақ өзі бас болып Өзбекстанда Мұқаң, Сәбең, Ғабеңдердің 100 жылды­ғын ұйымдастырып, бізге телефондап Әлішер Науаи, Айбек, Ғ.Ғұлам, Міртемір тойларын ұйымдастыртып жатқаны. Қазақ пен өзбек сынды бір тамырдан тарап, өсіп-өнген ұлттар ғана емес, түркі халықтарының кез-келгені­мен, тіпті славян текті халықтармен де арамызда әдеби байланыс дәстүрі орнықты бола­тын. Достарымыз да көп еді. Алайда, соның ішіндегі ең қастерлісі – өзбек халқымен байланыс, ең тәттісі – өзбек әдебиетімен аралас-құраластық болға­нын жасырғым келмейді. Өйткені, саясатқа иек сүйеген достық жәйі бір басқа да, бір тамырдан тараған – тамыр­ластық, бір қарыннан шыққан – қарын­дастық туыстықтың жөні бір бөлек. Біз шамамыз келгенінше әлі күнге қазақ және өзбек әдебиеті арасындағы туыс­тық­ты сақтай сөйлеп келеміз, бауырлас­тықты әдеби үйреніске айналдырып жазып жүреміз. Әсіресе, Насыр Фазы­ловтай азамат, тамаша жазушының орнық­тырған дәстүрін үзіп алудан қор­қамыз. Өйткені, ол қазақ әдебиетінен М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіре­повтің, Қ.Әбдіқадыровтың шығарма­ла­рын өзбек тіліне тікелей тәржімалап, әдеби өнеге көрсетті, жаңа дәстүр туғыз­ды кезінде. Өмірде де, әдебиетте де жоқ, бұрын болмаған нәрсені жасау – қиын, ал оны жоғалтып алу оңай. Әдетте әдебиет өмірден туады. Өнерге (әдебиетке) құбылыстар өмірден ауысып жатады. Насыр Фазылов жағда­йында кейбір жаңалықтар, жақсылықтар алдымен әдебиетте туып, соңынан өмірде орнығып қалып жатады. Айта­лық, ол алдымен С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, Қ.Әбдіқа­ды­ров шығармаларын өзбек тіліне тәржі­малады. Сосын олардың өзімен қоян-қолтық араласып, оларды өзбек әдебие­тінің жанашырына айналдырып жіберді. Қазақ әдебиетінің алыптары қайтыс болған сәттері Насыр аға қауымдасып келіп топырақ салып, дұға оқыды. Бір қызық бар. 1973 жыл. Сәбит Мұқанов қайтыс болды. Қазақ қара жамылды. Халық жазушысы құлады. Міне, осындай сәт­те Насыр Фазылов пен Нә­­зір Сафаров өзбек ағайындардың аты­нан келіп қабір басында сөйледі. Онда: «Біз Сәбит ағаның қайтыс болғанын естіп қатты қайғырдық. Өмірде қимас досына айналған Ғафур Ғұламға барып, Сәбит досының дүниеден қайтқанын естірттік. Сөйттік те Ғафур ағаның қабірінен топы­рақ алуға рұқсат сұрадық. Ол кісінің рұқсатымен (құран оқыған ғой – Қ.Е.) зиратынан топырақ алып келіп, соны Сәбит досының топырағына салғалы тұрмыз», деп сөйледі. Өзбек ағайын аты­нан арнайы келіп сөйлеген екі жазушының сөзіне сол жолы қабір басында жыламаған адам қалмаған еді. Тіпті өзге республикалардан келген делегациялар: «Қап, мына жай біздің есімізге неге келмеген?» деп өкініп қалып жатты. Алайда, өзге республика жазушылары қолынан келмейтін тапқырлықты өзбек жазушылары, оның ішінде осы Насыр аға жасады. Қолынан келмейтіні – біріншіден, өзге елдерде ақи­реттік досы санарлық Сәбеңнің Ғафурдай досы жоқ еді, екіншіден, қапияда тауып кетер Насыр Фазыловтай ұшқыр жазушы­лары жоқ еді. Сол күні-ақ «Қазақ әдебиеті» газеті өзбектің екі жазушысының сөзін қазақшаға аударып, тасқа басып сол замат­та-ақ жариялады. Қазақ қайғысы ортай­ғандай болды, өзбек ағайынның мәртебесі биіктеді. Мұның баршасын айтып отырған себебіміз – Насыр Фазылов өмірде осындай бауырлас екі халық жазушылары арасын тығыз байланыстыратын игі қадамдар жасап жүреді. Сонымен қатар, өзбек, қазақ­тың аға буын жазушыларынан алған өнегесін кейінгі буынға, әсіресе әлі қалып­тасып жетпеген балаларға әуезе етіп, әңгіме, хикаятқа айналдырып әңгімелеп бе­ріп жүреді. Оның «Таптым, алайда жоғалтпадым» («Топдиму йуқотмадим») аталатын туындысы да осындай тақырып­та туған кітап. «Таптым, алайда жоғалтпадым» кіта­бының жанры не? Бір қарағанда, өзбек, қазақ әдебиетінің әр кезеңде жасаған аға буыны жайында естелік деуге болар еді. Расында өзбек әдебиетінің Шолпан, Фитратынан тартып Айбек, Абдолла Қаһар, Саид Ахмад сынды өзбек, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев сынды қазақ жазушылары өмір өнегелері жайында әңгімеленеді. Кезең-кезеңде тіршілік кешіп, өмірден өткен ақын-жазушылар жайында Насыр аға жазған ірілі-ұсақты әдеби дүниелерді оқып отырып, мәңгі бақилық болған жарықтық­тардың сырт түр келбетін көзіңе елестетіп, олардың адами өнегелі істерін ойыңа түйіп сүйсініп отырасың. Алайда, жазушы олар жайында қалыпты естелік айтудан аулақ. «Таптым, алайда жоғалтпадым» кітабы қарапайым естелік емес. Енді не? Домбырада тартылатын Құрманғазы­ның адуын күйлерімен бірге Тәттімбеттің шертпе күйлері бар. Сол сияқты дутарда үні көкке кететін дауылпаз музыкамен бірге жүрек қылын шертетін жанға жайлы саз да ойналады. Жанрына қарап шығарманы қолдан асқақ­татып немесе кемсітуге жол жоқ. Оның екеуі де керек халыққа. Әсіресе, әрбір ұлт өкілдері, әрбір халық өз ішіне үңіліп, «қайтсек ел боламыз?» деп отырған қазіргі таңда жүрек қылын шертетін сазды күйлер жанға жайлы шығатын бол­са керек. На­сыр Фазыловтың қаламынан шыққан мөлтек-мөлтек дүниелер де әлгі музыкалық шы­ғармалар секілді жүректен шығып жүрекке сіңіп кетіп бара жатады. Олар кімге арналған? Аға буын жазушылар даналығы егер «аудиториясы» табылмай сөйленсе – адамы табылмай айтылған гәп секілді болып шығар еді. Соны өзбек әдебиетінің кәнігі қарт шебері жақсы білген. Ол аға буын жазушылар өнегесін шын жүрекпен қабылдайтын балаларға арнап әңгімелеп отыр. Балаларға арнап туынды тудырмақ оңай ма? Жалпы әлем әдебиетінде балалар әдебиеті деген ұғым келте жатады. Әсіресе біздің түркі халықтарында. Тақырыбы ашылмаған туынды болса, балаларға арналған болып шығады. Көркемдігі көңілдегідей болмаса, балаларға арналған ғой дей саламыз. Ол дұрыс емес. Ел боламыз десек, ең асылымызды бала­ларға арнауымыз керек. Ең көркем жазылған дүниемізді балаларға арнап жазуымыз керек. Өйткені, бүгінгі бала – қоғамның ертеңгі келешегі. Келешегіне енжар қараған елдің болашағы кемел дегенге сенуге болмайды. Осы тұрғыдан алғанда аға буын жазушылар өнегесін (өмірін) тақырып етіп алған Насыр Фазылов тәтті сөзін өзбек балаларына арнап айтып отыр. «Таптым, алайда жоғалтпадым» аталатын кітаптағы туындылар балалар әдебиетінің еншісінде, олар балалар әдебиетінің жанрлық шарттарына сай жазылған. Балалар әдебиеті жанрлық шарттары деп қалып жатырмыз... Иә, балалар әде­биеті туындылары ересектерге арналған шығармаларға қарағанда сыртқы тұлғасы қарапайым, ал ішкі мазмұн байлығы кең көсілген дүниелер болуға тиісті. Соның баршасы балалар жазушысынан айтар идеяңа қарапайым оңтайлы пішін тауып (балалар киімі секілді), айтар ойыңды бала былдырына салып еркелетіп жеткізуді талап етеді. Ал олай ету, олай ете алу – қиынның қиыны, асқан шеберлікті талап етеді. Насыр Фазылов – балалар әде­биетінің кәнігі шебері. Ол балалар психологиясын жетік біледі. Не айтса да, не жазса да бала қабылдауына (восприятие) лайықтап жаратады. «Балалар әдебиеті үшін қалыптасу қиын, балалар жазушысы болып туу керек» (В.­Г.­Бе­лин­ский). Ол үшін әр сөзді қолына ұстап көргендей, аузына салып дәмін алғандай (бәрі де бала әрекеті емес пе?!) аса сақтықпен пайдалану шарт. Насыр Фа­зылов – солай ететін, балалар үшін туған жазушы. Балаларға нені айтуды, қалай айтуды жақсы білетін айтулы шебер, өзбек балалар әдебиетінің байырғы өкілі. Біз Насыр Фазыловтың «Қарға жа­зыл­ған хат» повесін (қазақшаға өзбек тілінен тікелей тәржімаланған тамаша туын­дысын) оқығанда бұған анық көз жеткізгенбіз. Біз оның «Түркістан хикая­ларын» оқығанда Насыр Фазылов­тың кәнігі балалар әдебиеті шебері екеніне ден қой­ғанбыз. Біз деп көп­ше сөйлеп отыруда мән бар. Насыр Фазы­ловты өзбек жа­зушысы ретінде кезінде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев жақсы көрді. Олар баспасөз бетінде өздерінің сүйсіністі пікірлерін айтумен өтті. Әбен Саты­балдиев, Көбей Сейдеханов сынды аяулыларымыз да Насыр Фазы­ловты шын жүрегімен сүйді. Досына айналды. Олар да бірінің аузынан бірі іліп алып, «Біздің Насыр» атап мақала жазған кезінде. Осы жол­дардың авторы мына біз де Насыр Фазылов туралы «Егемен Қазақстан» (№67 (25464) 18.02.2009 ж.), «Жетісу» (№168-169 1983 ж.), «Қазақ әдебиеті» (1985 ж.) газеттері, «Жұлдыз» (1986) журналы беттерінде, өзіміздің «Түркі­стан жинағы-1» (2010 ж.), «Түркі­стан жинағы -2» (2011 ж.) аталатын елеулі еңбек­терімізде дүркін-дүркін арнайы ма­қала жазып, қазақ арасына өзбек балалар жазушысы һәм тарлан тәржіман ретінде жеткізе насихаттап келе жатқанымызды айта кетелік. Бұған ең соңында тіпті қаламгер Жанболат Аупбаевтың «Президент сыйлы­ғы­ның лауреаты» атты талдамалы-та­ным­дық дүниесін қосыңыз. Сонда бәрімізге Насыр Фазы­ловтай өзбек жазушысы қандай қалам­герлік ерекшелігімен ұнайды? Ол та­қы­рыбын біліп жазады, кейіпкерлерін сү­йіп жазады. Біліп жазғандықтан тақыры­бын еркін игереді, еркін игерген тақырыпта сүйіп жазғандықтан кейіпкерлерін әдемі әдіптеп сүйіспеншілікке орап сүйсінтіп жазады. Міне, осындай сүйкімді қадірмен қарт жазушымыздың «Таптым, алайда жоғалт­падым» аталатын шығармасын оқып сүйсіндік. Шығармаларында кәнігі ба­йырғы өзбек әдебиетінің шебері алды­мыздан шықты. Кітапқа енген туын­дылар екі жақты құнды: бірі – бірімізге-біріміз салқын тартып суысып бара жатқан бүгінгі таңда Насыр Фазылов өзбек, қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларын ұлтын сүйген, халқы үшін күйген ғажайып адам райында көрсетеді. 1937 жылы шәкірті ғайыптан тайып адасып ұстазының үстінен арыз жазып көрсетіп (НКВД-ға), соңынан жан азасын бастан кешіп, кешірім сұрайтын бір сәт бар. Ұстаз ойланып отырып шәкіртін «адас­тырған уақыт қой» деп кешірім етеді. Оны жазушы «Кеңшілік» атайды. Көрдіңіз бе? Тақырып қалай ашылған? Ол өткен күннің әңгімесі ғана емес, ұлт тұтастығын, ынтымағын ойлайтын бүгін­нің де, ер­теңнің де әңгімесі деп білемін. Насыр қаламының мақсаты – бауырлас екі ха­лықты суыс­тыру емес, туыстыру! Әйтпесе, қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов өмірінен жазылған новел­лаларды алып қараңыз. Бірде Сәбит Мұқановтың өзі сөйлейді. Енді бірде Сәбеңе қатысты жеке штрих, деталь­дарды сөйлетеді. Сөйтеді де қазақ жа­зушысының кісілік сырын, қаламгерлік қырын ашады. Қысқа, қара­пайым, ойлы дүниелер. Қазақ жазушысы тағдырына өзбек жазушысының көзімен қарау да ұтымды, қызықты екен. Сондай-ақ, ұзақ жылдық қаламгерлік еңбектің қорытындысы сынды туынды­ларын жазушы өзбек балаларына арнап отыр. Туындыларда өзбек балаларының жас ерекшелігі, психологиясы, олардың қабылдау мүмкіндігі... бәрі-бәрі ескерілген. Өзбек баласы – өзбек халқының келешегі. Өзбекстанның үлкен жазушысы өзінің шығармашылық жолын, бәлкім, өзбек балаларына арнап кітап жарату арқылы әдемі, ақылды түйіндегелі отыр! Өзбек әдебиетін бір кісідей білетін маман сыншы ретінде Насыр Фазылов­тың «Таптым, алайда жоғалтпадым» аталатын еңбегін Өзбекстан мемлекеттік сыйлығына әбден лайықты туынды деп білемін. Ол – халықаралық өреде таны­мал тұлпардың жаңа туындысы, жаңа қалам тынысы, атақты жүйріктің тың шабысы. Тіпті алдағы уақытта туын­дыны өзбек тілінен қазақ тіліне тікелей тәржімаласам ба деген де ой келіп отыр.

Құлбек ЕРГӨБЕК.

Түркістан.