• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
20 Қыркүйек, 2011

Апта айшықтары

281 рет
көрсетілді

Өндірісті өңірдің рекордтық   өнімдері Бұл күнде облыста күзгі жиын-терін жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Екпе өсімдіктердің қай түрінен болсын біраз жылдан бері  қол жеткізіліп көрілмеген  жоғары өнімдер алынуда. Осы істе, әсіресе, Абай ауданы диқандары мен көкөнісшілерінің еңбектері жемісті. Өңірдегі «Астро Агро» шаруа қожалығы егіннің әр гектарынан 30-35 центнерден астық жинаса, картоптың шығымдылығы да берекелі, гектарынан 400 центнерден  айналуда. Аймақтың басқа  аудандарында да ауыл еңбеккерлері мол табысқа кенеліп отыр. Астықты  Нұра, Осакаров өңірлерінде  жауапты науқан аяқталуға жақын. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы.   Облыста бірінші болып аяқтады Облыс әкімі Сергей Дьяченко Атбасар ауданындағы «Шұң­қыркөл» ЖШС директоры Берік Төлебаевтың атына құттықтау жеделхатын жолдады. Онда: «Шаруашылық диқандары егіншілік мәдениетін жақсартудың, жаңартылған машина-трактор паркінің озық технологияның, егістікті өңдеу құралдарының қуатын тиімді пайдаланудың нәтижесінде жауапты науқанды ойдағыдай аяқтады. Барлық 7900 гектар алқаптың әр гектарынан 14,3 мың тонна астық жиналды. Әр гектардан орташа есеппен 18,1 центнерден өнім алынды. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз  Президент Н.Назар­баев­тың еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру тапсырмасын орындауға қосылған елеулі үлес болып табылады», делінген. Қазір шаруашылық ұжымы 2012 жылдың берекелі қам-қарекетіне кірісіп кетті. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.   Үгіт топтары диқандар арасында «Нұр Отан» ХДП Мамлют аудандық филиалы үгіт-насихат тобын ұйымдастырып, күзгі астық орағын қызу өрістеткен диқандар арасында болды. Оның біріне филиал төрағасы, аудан әкімі  Қанат Қалиев жетекшілік етіп, Меңгесер, Қызыләскер елді мекендерінде орналасқан серіктестіктерді аралап шықты. Күндік нормаларын асыра орындаған озат комбайнерлер мен механизаторларға алғыс хаттар мен ауыспалы вымпелдер тапсырды. «Өнер» мектебі мен аудандық мәдениет үйінің көркем­өнерпаздары әннен шашу шашты. Филиал төрағасының орынбасары  Рапия  Нұрмұқанованың басшылығындағы екінші топ  Новомихайлов, Воскресенов ауылдық округтеріне атбасын тіреп, уақытпен санаспай жұмыс істеп жақтан еңбек адамдарына құрмет көрсетіп, марапат жасады. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.   Үкіметтік емес ұйымдардың да үйретері  бар Бүгінгі таңда облыста алты жүзден астам үкіметтік емес ұйым бар. Олар өңірдің маңызды әлеуметтік салаларын толық қамтыған. Бейсенбі күні өткен ҮЕҰ облыстық 5-ші форумында ҮЕҰ міндеттері сөз болды. Форумға қатысқан облыс әкімі Қ.Бозымбаев облыс кәсіпкерлерінің әлеуметтік жауапкершілігін орнықтыру, ҮЕҰ-лармен әріптестікті жаңа деңгейге көтеру және әлеуметтік маңызды жобаларды игеруде ашықтық пен мөлдірліктің қажеттілігін айтты. Облыс басшысының ойынша, «үшінші секторды» қаржыландыру тек мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстармен шектелмеуге тиіс. Қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру үшін жергілікті бизнестің де қаржысын тарту қажет. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.   Дөңгелек үстел арқауы – «Ақбілек» Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде қазақ прозасының атасы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романына байланысты дөңгелек үстел өткізілді. Онда осы туындыға әдеби-ғылыми тұрғыдан терең талдаулар жасалды. Сондай-ақ, дөңгелек үстелге қатысушылар «Қазақ прозасы және ұлттық идея» тақырыбы төңірегінде де тың ой-пікірлер өрбітті. Арнайы ұйымдастырылған виртуалды кітап көрмесі шараның мәні мен маңызын аша түсті. Шара кезінде «Ақбілек» романының электрондық нұсқасы да жасалғаны айтылды. Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.   Жазушы шығармашылығы ұлықталды Кезінде «Дөң асқан», «Жанартау», «Шалқар», «Айқайтас», «Қыз­бел» және «Асау арна» роман-повестерімен танымал болған қазақ­тың көрнекті жазушыларының бірі Ғабдол Слановтың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай өткен аптада жазушы есімімен аталатын облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «Дархан дарын» атты конференция ұйымдастырылды. Шарада библиограф А.Қартбаева «Есімі елге қастерлі» деген тақырыппен жазушының шығармашылығына арналған виртуалды кітап көрмесін таныстырды. Сондай-ақ, облыстық мұрағаттар басқармасының бастығы З.Сүйінішев дарынды жазушы туралы естелігімен бөлісті. Өлкета­нушы А.Әміржанұлы шалқар шабыт иесінің «Дөң асқан» романы жайлы тұщымды баяндама жасады. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.   Аймақтық баспасөз форумы өтті Өңірдегі  бұқаралық ақпарат құралдарының форумы алғаш рет өтті. Бұл шара  Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды.  Жергілікті жерлерде әлеуметтік  сауалдама жүргізгенде оқырмандар мен  көрермендер жергілікті  бұқаралық ақпарат құралдарына  көп маңыз беретіндігін айтқан. Форум облыстағы барлық  басылымдар мен  электронды ақпарат құралдарының басшыларын жинады. Форум шеңберінде  жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының көкейкесті мәселелері жөнінде дөңгелек үстел мәжілісі  болды. Пікірталас алаңына айналған мәжілісте редакторлар басылымдағы менеджмент, маркетинг және кадр мәселелерін, газетті оқырмандарға уақтылы жеткізудің балама түрлерін талқылады. Сондай-ақ, форум шеңберінде өткізілген байқау нәтижесі шығарылып, үздік басылымдар марапатталды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.