• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
20 Қыркүйек, 2011

Тағы да басшы беделі туралы

610 рет
көрсетілді

Газетіміздің биылғы көктем айларындағы нөмірлерінің бірінде әріптесіміз Сейфолла Шайынға­зы­ның «Жауапты шақтың жүгі ауыр немесе біз тәуелсіздікті қа­лай тү­сінеміз?» атты толғаныс­тар­ға толы материалы жарияланды. Онда автор тәуелсіздік халық ал­дында, тарих алдында ұятқа қал­мау жауапкершілігін жүктейтіні, алайда бүгінгі күні қолдарында азды-көпті билігі мен байлығы барлар осы жауапкершілікті жете сезіне бермейтіні жөнінде ой-түйіндер жасаған болатын. Сондықтан да оның бүгінгі бас­шы беделіне қатысты тұжы­рым­­­дарын құптай отырып, осы мәселе жөнінде көкейде жүрген кейбір ойларымызды қоса айтқан­ды жөн көрдік. Иә, әріптес атап көрсеткендей, қазір пайдасы мен жақсылығы өздерінің қара баста­­ры­нан артылмайтын лауазым ие­ле­­рінің көбейіп бара жатқаны жа­сы­рын емес. Солай бола тұра өз­дерін ел мен халықтың қамын жеп жүр­ген кейіпте көрсетуге ұмтыла­тын­дарын қайтерсің. Бұл олардың моральдық-адамгершілік бейнелерін төмендетпесе өсірмейтіні белгілі. Мұндай топтағы жергілікті шенеуніктердің көпшілігі бірінші кезекте бар ой-мақсаты мен күш-жігерін өзінен жоғары тұрған ла­уазым иесінің көңілінен шығуға жұмсауға тырысатынын да көріп жүрміз. Бұл елдік, мемлекетшілдік мінезбен мүлдем қабыспайтыны тағы да шындық. Бұлардың халық алдындағы беделі де, салмағы да жоқ. Мүмкін олар өздерін тағайындаған, бекіткен, өздерінен жоғары тұрған бас­шы­ның тілін тауып та жүрген шы­ғар. Бірақ бұдан қоғамдық орта мен қарапайым тұрғындарға келетін ешқандай пайда болмаса, олар­дың мұндай жағымпаздық іс-әре­кетінен не үміт, не қайыр. Ең бас­тысы, олар өздерінің алдына бар­ған адамдардың мұң-мұқтаж­да­рын, ең қарапайым деген талап-тілектерін орындауға дәрменсіз. Не бұған мүлдем құлқы бола бермейді. Мұндай сырдаң басшылар жө­нінде халық бары не, оның жоғы не, бәрібір ештеңе шешпейді, отыр ғой, әйтеуір деген ойда. Басшы беделі мен жауапкершілігі жөнінде әңгіме қозғаған кезде айналып өтуге болмайтын тағы бір мәселе бар. Бұл олар­дың ой-өрістері мен кәсі­би дең­гейлерінің бү­­­гін­гі уақыт пен кезең та­лабына сәйкес келе алмай жатқа­ны­нан ту­ындайды. Осы­ның алдын­дағы жыл­дарда республи­каның кейбір өңір­лерінде тұтас бір рухани саланы, ішкі саясат бөлімдерін, өнер мен мә­де­ниет ошақ­тарын мал ма­мандары, дене шынық­тыру пәнінің мұ­ғалімдері басқа­ра­тын тәжі­рибе пайда болды. Әрине, мұны айтқанда мұндай мамандық иелері тікелей адамдармен жұмыс істейтін, жо­ға­ры саяси сауатты­лық сынға түсе­тін орындарға келмесін дегенді мең­зеп отырға­ны­мыз жоқ. Керісінше, қоғамдық қарым-қаты­нас­тарда аталмыш са­лаға өзге ма­мандықтар арқылы келіп, өзіне мүлдем бейтаныс істі ойдағыдай басқарып кеткен іскер жетекшілер жиі кездеседі. Әрі бұған мысалдар да аз емес. Дегенмен, о бастағы мал маманы, агроном немесе дене шы­нықтыру пә­нінің мұғалімі дең­гейі­нен аса алмай қалған, өзінің ой-өрісін да­мытуға, интеллекту­ал­дық деңгей­ін өсіруге жеткілікті түрде көңіл бөлмеген бастық­сы­мақ­тар да жетерлік. Тәуелсіздік пен қоғам­дық-саяси даму көшіне өздерінің қара бастарын әзірлей алмаған мұндай өресі тайыз жетекшілерге аталған сипаттағы өте жауапты ведом­ство­ларды басқару­ды жүктеу басшы кадрларды сұ­рыптау ісіндегі теріс қадам бол­масына кім кепіл?! Өмірдің өзі көрсеткендей, олар халықпен бетпе-бет келуден, қа­жетті жағдайда өзара үнқатысудан бой тасалап жүреді. Қызмет ба­бында ел алдында сөйлеуге тура келген сәтте көбіне алдын-ала жазбаша әзірленген мәтінді оқып берумен шектеледі. Әрине, ешкім де басшы болып тумайды. Басшы болып қалыптасады. Басты мәселе осы қалыптасу үдерісінің тым ұзақ­қа созылуында. Осы үдеріске мемлекеттік қызметтегі бірқатар лауазым иелерінің өздерін-өздері әзірлей алмауында. Бүгінде акциялар пакеті мемлекеттікі болып табылатын АҚ, ЖШС құрылымдарын өзінің жеке бас пайдасының ұпайын түген­деу­ге пайдаланып қалғысы келетіндер де жоқ емес. Бұл тағы да мемлекетшілдік мінездің жеткіліксіздігінен туындайды. Мұндай топ­та­ғы­лардың басты мұраты – қай­т­к­енде де пайда табудың ебін келтіріп, екі асаудың көздерін іздестіру. Осы мақсаттарын қайт­кенде де заңға қайшы келе қой­май­тын ұр­ым­тал тұстарға сәй­­кес­тен­діру. Сол үшін жанталасу. Осы арқылы өзіне зәулім сарай соғып, ең қымбат деген шетелдік автокөлік­терді тақымда­ры­на басу. Жұпыны өмір сү­ру дағ­ды­сы олардың ұғы­­мы­на жат. Осы орайда олардың ішкі пси­холо­гия­лық көңіл-күйі мен жү­рек­­терінің түбін­де­гі ойла­ры­нан хабар беретін бір мы­салды оқыр­ман­дарға ай­та кеткіміз келеді. Өткен айлардың бірінде Батыс Қазақстан об­лыс­­тық мәслихатының хат­­шы­сы, «Парасат» орде­нінің иегері Мәлік Құл­шар жергілікті баспасөз беттерінде өзінің өткен жылғы табыс дек­лара­ция­сын жариялады. Сонда оқып білгеніміз, оның өткен жыл­ғы табы­сының жал­пы мөлшері 3 миллион теңге­нің о жақ бұ жа­ғында екені. Орал қаласында жекешелендірілген үш бөлмелі пәте­рі бар. Басқа жылжи­тын дүние-мүлкі мен табысы жоқ. Сонан соң біз оған хабарласып дүние-байлық қууды мұрат тұт­па­ған сайланбалы орган басшысына ризашылығы­мызды біл­діргенбіз. Өз кезегінде ол да осыған бай­ла­нысты туын­да­ған телефондар мен қоңыраулар төркіні жөнінде айтып өтті. Сон­дағы олар­дың естігені «Өзіңіздің еште­ңе­ңіз жоқ екенін баспасөз бетінде айтудан, кедей­ші­лігіңізді көр­­се­ту­ден ұялмайсыз ба, сол да мақ­та­ныш болып па?» деген сияқты сөз­дер екен. Мәкең болса: «Неге ұя­ламын, сендердің хан са­райын­дай қос-қос коттедждерің мен ба­ғасы удай жеке меншік шетелдік авто­көліктерің айлық жала­қыла­ры­ңа алынбаған шығар, сол үшін мен емес, сіздер ұялула­ры­ңыз керек еді ғой», деп жауап қайта­рып­ты. Міне, Мәлік Иманқұлұлы тара­пы­нан байлық пен билік қуған лауазым иелеріне осындай қисын­ды жауап қайтарылған. Әрине, бұл жерде журналистік этикаға сәл қиғаштау келетін жәйт үшін ол кісіден кешірім өтінген болар едік. Өйткені, мәслихат хатшысы бізге бұл жәйтті баспасөзге шы­ғару үшін айтқан жоқ еді. Әрі біз осы арқылы сайланбалы орган басшы­сы мен оған қоңырау шалған­дарды бір-біріне қарсы қою ниетінен де аулақпыз. Кешегі коммунистік партияның саясаты қара табан кедейшілікті насихаттады. Өмірбаяндық пара­қ­шаға социалистік құрылыстың ал­ғашқы жылдарында кедей шаруа мен жалшының отбасында туып- өстім деп жазу мақтаныш бола­тын. Бүгінгі қазақстандық қоғам­ның мұ­­раты мұндай көзқараспен сый­ыс­пайды. Бүгінгі басты мақ­сат, тәуел­сіз­дік мақсаты барша қа­зақ­стан­дық­тардың әл-ауқаты мен тұр­мыс­тық деңгейін көтеру болып отыр. Осы­нау әлеуметтік ілгерілеу ақ-адал еңбекпен, маңдай термен әр адам­ның жеке қарым-қабілетін да­мы­та алуы арқылы келгеніне не жетсін. Халықтан биік ешкім жоқ. Халыққа қызмет жасау, түптеп келгенде, мемлекетке қызмет жасау бо­лып табылады. Сондықтан ел мүд­десінің жеке бас мүд­де­сі­мен тепе-тең тұрғанына не жетсін. Тәуел­сіздіктен туындайтын бас­шы жау­ап­кершілігінің басты мә­нісі де осында болса керек. Темір ҚҰСАЙЫН,  Батыс Қазақстан облысы.